Киелі жерлер қасиеті

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен бір топ журналист Жетісу өңірінің киелі жерлерін аралады.  Біздің алғашқы сапарымыз «Есік» Мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайынан басталды. Аталмыш музейдің директоры­ Тасқын Тойбаев мұражайда және Есік қаласының маңында атқарылып жатқан игі істерге кеңінен тоқталды. Бұдан кейін журналистер ауданның көптеген қасиетті де көрікті жерлерімен танысты.  

Киелі бұлақ – Ассы тауы Түрген орманшылығында орналасқан. Бұлақ туралы ел аузында жүрген аңыздар бар. Бұл бұлақтың киесін көп адамдар біле бермейді. Бұлақтың басына барсақ, осы аңыздың мәнісін көрсететін сурет бейнеленген. «Ертеде, ақсақал мен кемпірі бір бұлақты көріп, сол жерді қонуға ыңғайлы деп, бір күнге паналайды. Кемпірі сол бұлақтың суына шомылады. Ертеңінде тұрса, кемпірі жасарып, әдемі сұлу келіншекке айналыпты. Соны көрген ақсақал да бұлақтың суына шомы­лып, жасарып кеткен екен». Бұл жердің тұрғындары осы аңызбен қоса, бұлақтың емшілік қасиеті бар екенін айтады. Түрген шатқалы – Алматыдан шығысқа қарай 70 шақырым жерде орналасқан, Іле Алатау табиғи паркінің көрікті жерлерінің бірі саналады. Шатқалда 7 сарқырама бар. Адамдар жиі баратыны: біріншісі – «Аюлы» және екіншісі – «Қайрақ». Алғашқы сарқырама (биіктігі – 30 метр) жасыл шыршалар және шыңдар арасындағы бейнелі орында орналасқан. Шатқалдағы шыңдар жер сілкінісі кезінде бөлініп, мұзды кезеңге дейінгі іздерді сақтаған. «Жер жаннаты – Жетісу» деген сөз тіркесін жиі естиміз. Дегенмен, оның мағынасына үңіліп, бұл өңірді неліктен жер жаннаты атайды, Жетісу деген сөз қайдан шыққанын көпшілігіміз біле білмейміз. Ғалымдар өңірдің Жетісу аталуын жеті түрлі өзенмен байланыстырады. Алайда нақты қай өзендер дегенде олардың пікірлері сан тарапқа бөлінеді. Мысалы, А.Гейнс жеті өзенге: Лепсі, Басқан, Сарқан, Ақсу, Бүйен, Қаратал және Көксу өзендерін жатқызса, А.Влангали Басқан, Сарқан өзендерінің орнына солтүстік-шығыстағы Аягөз, оңтүстік-шығыстағы Іле өзендерін атайды. Ал кейбір географтар өңірдің шығу тарихы нақты өзендермен емес, жалпылама алғанда, өзенге бай өңір болғасын және қазақта жеті санын киелі санауымен байланыстырады.
Жетісу жайлы сөз қозғасақ, оның ерекше табиғаты жайлы айтпай өту мүмкін емес. Алматы облысының аумағы солтүстіктен оңтүстікке дейін 900 шақырым және шығыстан батысқа дейін 800 шақырымды алып жатыр. Осындай ұлан-ғайыр алқаптың табиғаты да әртүрлі. Таудың етегі ауасы ылғалды, салқын болса, енді бір жерлерде көк майсаға бай, кішкентай өзендер мен тау бұлақтары көп, егін егіп, мал жаюға өте қолайлы жерлер кездеседі. Жетісу өңірінің біраз жерін аралап көрген қаламгерлер көп әсер алды. Шетелге бармай-ақ өзімізде де көптеген табиғаты сұлу жерлердің мол екендігін байқадық.

Нұрлан ҚҰМАР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.