Қазақстан – мақтанышым

Ассамблеяның мақсаты – Қазақстан Республикасында қазақ халқының шоғырландырушы рөлі арқылы қазақстандық патриотизм, Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени тұтастығы негізінде қазақстандық ұқсастықты және бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру үдерісінде этносаралық татулықты қамтамасыз ету.

1995 жылғы 1 наурызда жаңа ­институт – Қазақстан халқы Ассам­блеясын құру туралы Қазақстан Республикасының Президенті Жарлыққа қол қойды. Бұл тарихи күн Егемен Қазақстанда қазіргі заманғы мемлекет құрудың, жаңа түбегейлі әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің, бейбітшілік идеясын іске асырудың, Қазақстан халқының бірлігі мен қоғамдық келісімін сақтаудың жаңа бастауы болды. 2007 жылы Ассамблея конституциялық орган мәртебесін иеленді, кепілді парламенттік өкілдік – ҚР Парламенті Мәжілісіне 9 депутат сайлау құқығын алды. 2008 жылғы 20 қазандағы ҚР «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңы Ассамблея қызметі мен құрылымдарын, еліміздің қоғамдық-саяси жүйесіндегі оның орны мен рөлін нормативтік-құқықтық реттеуді, конституциялық парламенттік өкілдікті жүзеге асыруды қамтамасыз етті. Ассамблеяның негізгі стратегиялық құжаттары – «Қазақстанның ел бірлігі доктринасы»,­ «Қазақстан халқы Ассам­блея­сының (2020 жылға дейінгі) даму тұжырымдамасы» қабылданды. Ассамблея 20 жыл ішінде қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісінің шешуші буынына айналды. 2015 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өтті. Осы атаулы күнге 2015 жылдың барлық іс- шаралары арналды, ал 2014 жылғы 18 сәуірде өткен Ассамблеяның ХХI сессиясында Қазақстан Республикасы Президенті, Ассамблея Төрағасы Н.Ә.Назарбаев 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жариялады.
Ұлт қауіпсіздігі және еліміздің бүкіләлемдік және өңірлік мәсе­ле­лерді шешуге қосатын қомақты үлесі үшін тынымсыз әрі нәтижелі жұмыс атқару бәріміздің азаматтық парызы­мыз. Біз, әсіресе әр этнос өкілде­рінің достығы мен ауызбіршілігі тұр­ғысында біршама жұмыс істеп келеміз.
Алматы облысындағы Достық үйі – біздің екінші үйіміз. Себебі біз мұнда әр этнос өкілдері бірге жұмыс істейміз. Біздің мақсат – бір шаңырақ астында берекелі ғұмыр кешу әрі осы достықты өскелең ұрпаққа үлгі ету. Менің ұлтым – орыс. Бірақ мен Қазақстан жерінде, оның ішінде, жер жаннаты – Жетісу өңірінде дүниеге келдім. 9-сыныпқа дейін орыс сыныбында білім алдым. Десе де, достарым, әсіресе көршілерімнің басым бөлігі қазақтар болатын. Менің тілді еркін әрі жақсы меңгеруіме сол кісілердің еңбегі зор болды. 9-сыныпты аяқтаған соң, орта білім алу үшін колледжге оқуға түстім. Бір қызығы, мұнда орыс тобы болмады. Тек қазақ жастарынан құрылған топ болды. Мен тәуекел етіп, сол топқа тіркелдім. Солайша мен өмірімнің екінші сатысын қазақ балаларымен бастадым. Еш өкінбеймін. Керісінше, тіл біліп, қазақ халқының салт-дәстүрін терең меңгергеніме, көп достар тапқаныма қуанамын. Бұл – менің жеткен биік жетістігімнің бірі.
Біз оқып жүрген кезде Талды­қорған политехникалық колледжіне Алматы облыстық Достық үйінде қызмет ететін қызметкерлер мен әр этнос өкілдері келіп, түрлі жиын өткізетін. Сол аға буынның ең көп бізге өсиет етіп айтатыны – татулық. Мен сол кезден бастап бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан әр ұлттар мен ұлыстардың достығы, татулығы туралы терең ойлана бастадым. Кейінге таман Достық үйінде өтетін әртүрлі шараларға белсене араласатын болдым. Сол кезден ­бастап, өмірге деген көзқарасымның өзі өзгерді. Мен достық, татулық, бірлік, тұрақтылық деген қасиетті де қастерлі сөздердің төркінін тереңнен түсіндім.
Алматы облыстық Достық үйінің табалдырығын аттай қалсаңыз, ерекше­ бір жылылықтың есіп тұратынын байқайсыз. Мұнда, ­шынымен, береке мен татулықтың қайнар бұлағы ағып жатқандай. Әсіресе, әр этнос өкілдерінің бір-біріне деген мейірімділігі мен жанашырлығын көргенде Тәуелсіз Қазақстан елінде дүниеге келгеніме мың қайтара қуана беремін.
Замандастарыма, осындай берекелі достықты терең түсініп, бір шаңырақ астында татулықта өмір сүрейік дегім келеді.

Сергей ИВАНОВ
Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.