Біліктіліктің орны бөлек

Қазақ жазуын латынграфикалы жаңа әліпбиге көшіру мақсатындағы тілтанымдық реформаның сәтті жүзеге асуының басты қадамы – халықты жаңа емлені оқытатын тренерлерді дайындау. Осы орайда Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетіне қарасты Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы  2018 жылдың 6 желтоқсанында мақұлданған «Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің  ережелерін»  меңгерту мақсатында республикалық деңгейде 72 сағаттық «Жаңа емлені оқыту әдістемесі» оқыту курсын үстіміздегі жылдың наурыз айынан бері ұйымдастырып келе жатыр.

Аталмыш курстың мақсаты – жаңа әліпби мен емле ережелерін ересек азаматтарға оқыта алатын тренерлер дайындау. Республикамыздың әр облысының Тіл орталықтарынан келген тіл мамандарын жаңа емленің қағи­даларын теориялық және практи­калық тұрғыдан оқыту басты назарға алынған.
Әзірленген оқу бағдарламасы бойын­ша тыңдаушы-тренерлерге жазудың ұлттық бірегейлігі, жаңа жазудың бұқаралық сананы қа­лып­тастырудағы қызметі мен маңызы, тілдің жазба түрі мен ауыз­ша түрінің айырмашылығы, жаңа қазақ әліпбиінің графикасы мен құрамы, қазақ тілі емле ережелеріндегі дәстүрлі жазу нормалары, жаңа емле ережедегі тараулар, параграфтар және ескертулері бойынша орфографиялық білімдер беріледі.
Сонымен қатар курста орталықтың ІТ мамандары жаңа әліпбиді меңгер­туге арналған IT жобалармен жұмыс жасау­дың жолдарын меңгертеді. ­Мә­селен,«Qazlatyn.kz» ұлттық порталында және «tilalemi.kz» сайттарында орналасқан IT жобалар жайлы және латын графикасын үйренуге арналған қосымшаларды жүктеу жолдары, электронды мәтінді кириллден латынға, төтеге және керісінше аударатын «Qazlatyn көпфункционалды конвертері» жайлы құнды ақпараттар береді.
Жаңа емленің авторлары мен ­сарапшылары, әдіскерлердің бірлесуімен әзірленген «JAŃA EMLE» оқу-әдісте­мелік құралы әзірленді. Оқу құралында жаңа әліпби мен емле ережелері ­бо­йынша ұсынылған дәріс тезистері құрал­дың ерекшелігі болып табылады. Тақырыптың мазмұнына қатысты берілген қысқаша ғылыми-теориялық ақпараттар – тыңдаушы-тренердің әрі қарай емле ережелерін өздігінше оқып түсінуіне ықпал етеді.
Тыңдаушы-тренерлердің жаңа әліпби мен емле ережелері бойынша алған білімдері қорытынды тест, аралық диктант, оқу жылдамдығы негізінде тексеріледі. Сонымен қатар тың­даушы-тренерлер белгіленген тақырып бойынша өзге аудиторияда дәріс беріп, практикалық біліктіліктерін жетілдіреді.
Курс барысында жаңа емленің ғылыми негіздерін, орфографиялық нормаларын, басты нормативті қағи­даларын меңгерген және оны практикада сабақтастыра алған тыңдаушы-тренерлерге сертификат табысталады.

Айнұр Сейітбекова,
Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Әдістеме басқармасының басшысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.