Бәрі мәдениеттен басталады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына арнаған алғашқы Жолдауын­да көптің көкейінде жүрген көкейкесті мәселелерді көтерді. Соның бірі – мәдениет қызметкерлерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына байланысты. 

«Біз мәдениет саласында жұмыс істейтін азаматтарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз. Бұл, ең алды­мен, кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатысты мәселе. Олардың еңбекақысы соңғы жылдары мүлде көбейген жоқ. Соның салдарынан мәдениет қызметкерлері, әсіресе жас мамандар жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алмайды. Мұндай ахуал осы кәсіптің беделін түсіріп, лайықты кадрлардың тапшылығы айқын сезілуде. Келесі жылдан бастап Үкімет мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысын көбейтуі тиіс» деді Мемлекет басшысы.­
Осы сала қызметкерлерімен қоян-қолтық жұмыс істеп жүргендіктен, Қазақстан Президенті көтерген мәселе бізге жақсы таныс. Олармен әр жүздескен сайын алдымен айтатыны – еңбекақының аздығы. Жас маман­дарды айтпағанның өзінде, зейнет ­жасына жақындаған қызметкерлердің айлығы шайлығына жетпейді. Көбінің басында баспанасы жоқ. Ұрпақтарын лайықты тұрғын үймен қамтамасыз етуге­ мүмкіндігі бола бермейді. ­Жасырып қайтеміз, шиеленіскен әлеу­меттік мәселенің салдарынан мәдениет саласы қызметкерлерінің шаңыра­ғы шайқалады. Бұл өте өзекті мәселе. Президенттің осыған баса назар аудар­ғанына ризашы­лығымызды білдіреміз.
Зейнет жасына жақындаған ­хореография және балет артистерінің еңбекақысын көтеру, жеке және ведомстволық тұрғын үйге қол жеткізу, зейнетақы төлемдерін жасау мәселелерін біз әлеуметтік саладағы әріптестермен бірге республикалық және аймақтық деңгейде ұдайы көтеріп келеміз.
Соңғы бір жылдың өзінде ­ве­домстволық мәдениет пен спорт мекемелерін оңтайландыру мен қызметкерлерінің еңбекақыларын көтеру бойынша бірнеше кеңес өтті. Осы жиынның қорытындысына орай Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігіне, Мәдениет және спорт министрлігіне, Еңбек және әлеуметтік қорғау министр­лігіне, Кәсіподақтар федерациясына, Қазақстан Республикасының Пар­­ламентіне және Қазақстан Респуб­ликасының Президентіне мынадай ұсыныстар жіберілді:
– базалық лауазым еңбекақысын көтеру;
– салалық 1,72 коэффицентін қайтару мүмкіндігі;
– техникалық қызметкерлерге еңбек демалысы мен төлемді көбейту;
– еліміздің мәдениет саласына арналған жоғары оқу орындарының базасында цирк өнері бөлімін ашу және балет пен хореография қызметкерлерінің зейнетке ертерек шығу мүмкіндігін қарастыру.
Соңғы тармақ бойынша айтарым, жақында ғана Парламент Мәжілісі балет артистері туралы заң жобасын құптады, осы жылдың соңына дейін жүзеге асатын болады.
Сондай-ақ біз Мәдениет және спорт министріне Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 139 тарауының 9 тармағына өзгерістер мен қосымшалар енгізу жөнінде ұсыныс бердік. Бұл ұсыныс ауылдық елді мекендерде жұмыс істейтін барлық мамандардың еңбекақысын кем дегенде 25 пайызға көтеру жөнінде. Осы ұсынысымыздың қолдау тапқанына қуаныштымыз.

Светлана Иманқұлова,
«Республикалық мәдениет, спорт,
туризм және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.