Қазақ хандығының көрнекті тұлғалары

Жақында Түркістан қаласында Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты бірлесіп, «Қазақ хандығының көрнекті тұлғалары» атты тақырыпта дөңгелек үстел өткізді. Қазақ хандығының көрнекті тұлғаларына арналған жиынды өткізу үшін Түркістан қаласы арнайы таңдап алынды. Түркістанға жиналған ғалымдар бірнеше ғасыр бойы Қазақ хандығының ресми астанасы, түбі бір түркі әлемінің рухани орталығы болған Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етіп, онда жерленген ұлы хандарымыз бен билеріміздің, рухани көсемдеріміздің рухына құран бағыштады.

Бұл іс-шара Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласындағы: «…Ұлы дала әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс,­ Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді. Сондықтан біз, біріншіден, атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек» деген тапсырмасына орай, Тарих институты осы жылы қолға алған «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасын өзекті қылу, таңдаудың ғылыми-негізді талаптарын қалыптастыру және ақпараттық қолдау жөніндегі талдамалық зерттеу» жобасы аясында өткізілді.
Біздің институттың ғылыми қызметкерлерінің ұйымдастыруымен мұндай жиын ­Павлодар, Ақтөбе сияқты қалаларда да өткізілді. Басты мақсат – «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу, онда қойылатын халқымыздың ірі тарихи тұлғаларын ғылыми түрде анықтау, жоспардағы тізімге ­енген тұлғаларды еліміздің барлық өңірлерінің зиялы­ қауым өкілдеріне, ғалымдары мен халыққа ­насихаттау, жүргізіліп жатқан жұмыс барысымен таныстыру. Сонымен қатар аталған саябаққа ескерткіштері қойы­латын тарихи ұлы тұлғалардың қандай өлшемдер мен талаптар негізінде іріктелетінін ортаға сала отырып, ғылыми талқылаулар мен пікірталастар негізінде ортақ тұжырымдар түзу болды.
Ұлы тұлғалар дегеніміз – өздерінің ерекше тұлғалық қасиеті, қайраткерлік қарымы, көсемдігі мен шешендігі, рухани кемелдігі арқылы тарихтың сан алуан белестерінде көшбасшылық рөл атқарып, ел мүддесі жолында аянбай қызмет етіп, оның дамуы­на айтарлықтай үлес қосқан, атқарған қоғам­дық-саяси және идеологиялық қызметі арқылы өз өлкесінің аясынан шығып, әртүрлі тарихи дәуір­лер мен кезеңдерде бүкіл қазақ даласына танымал болған және мойындалған адамдар. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясында: «Біз ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруымыз керек» деп орынды атап көрсеткеніндей, тарихтан орын алған ұлы тұлғалардың өмірі мен қызметін зерттеу, ұрпаққа таныту, солар арқылы өткенді, тарихи сананы жаңғырту Ұлы дала елінің болашағы үшін аса қажет жұмыстардың бірі.
Аталған жиынға Батыс Қазақстан инно­вациялық-технологиялық университетінен профессор, алаштанушы ғалым, Ж.Досмұ­хамедов­ атындағы «Қайраткер» қоғамдық қорының президенті, Сырым ауданының «Құрметті ­азаматы» Д.Сүлейменова мен осы университеттің ­«Рухани жаңғыру» кафедрасының меңгерушісі С.Сүлейменов, Қазақ Ұлттық аграрлық уни­верситетінен профессор Д.Салқынбек пен ­магистр Е.Сырбаев, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дан профессор, «Ясауи­ орталығының» директоры, философ-теолог Д.Кенжетай, Абылай хан туралы­ монографияның авторы, археолог, профессор Мұхтар Қожа, Археология институтының ­директоры, профессор Көпжасар Жетібаев және дінтанушы-ғалым З.Жандарбек, Шымкенттен ОҚМПУ профессоры Н.Нұрпейіс, Шетел тілдері және іскерлік карьера университетінің доценті, философия докторы (PhD) А.Әбікей, Тарих инс­титутынан бөлім меңгерушісі С.Шілдебай мен докторант Ф.Лебаев, сондай-ақ кәсіби тарихшылар, мемлекеттік мекемелер өкілдері мен жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушы құрамы, ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары, докторанттар, магистранттар мен студенттер, БАҚ өкілдері қатысты.
Жиынды Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ профессоры Х.Тұрсұн сөз сөйлеп ашып, «Қазақ хандығының көрнекті тұлғалары» атты ғылыми басқосудың мақсаты мен міндеттерін айтып өтті. Ғылыми тұжырымдар талқыға салынған басқосуда сөз сөйлеп, пікірлерін ортаға салған профессор М.Қожа Абылай ханға қатысты тың деректерін жария етті. Ол өз сөзінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленген Абылай ханның сүйегіне жасалған ғылыми-сараптамалық зерттеулерінің нәтижелерін дәстүрлі деректермен салыстыра отырып, ұлы тұлғаның өміріне қатысты ой-тұжырымдарын баяндады. Қазақ хандары арасындағы Абылай ханның орны мен оның тарихи рөліне қатысты пікірлерін білдірді.
Дінтанушы-ғалым Зікірия Жандарбек Қазақ хандығының тарихын Ясауи тариқатымен байланыстыра зерттеудің жаңа концепциясын ұсына отырып, қазақ хандары билігінің мықты немесе әлсіз болуы олардың осы тариқаттың құндылықтарын қаншалықты ұстануына байланысты болғанын жеткізді. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» заңдар жинағының қазақ дәстүрлі қоғамын модернизациялаудағы оң және теріс ықпалдары туралы өз ойын шежірелік және жазба деректермен дәйектеді.
Университеттің «Ясауи орталығының» директоры, философ-теолог Досай Кенжетайдың пікірі отандық тарих философиясының мәселелеріне арналды. Ол тарихтағы ұлы тұлғалардың қоғамдығы орны мен атқарған рөлін бағалауда жаңа теориялық-методологиялық ұстанымдар орнығуы керек екендігі туралы нақты ұсыныс жасады.
Әрбір халық үшін өзінің дана, өр мінезді, алып тұлғалы көшбасшы перзенттерінің өмір сүру үлгісі маңызды. Халықтың халық болуы, мемлекеттілігі, тарихы мен мәдениеті, өнері мен өнегесі озық көшбасшылардың қызметінің арқасында қалыптасады. Сондықтан Елбасы айтқан энциклопедиялық саябақты ғылыми негізде дұрыс жасап, оны кейінгі ұрпаққа қалдыра алсақ, тарихшылар ретінде біздің парызымыздың орындалғаны болмақ.

Сәбит ШІЛДЕБАЙ,
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының «ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихы» бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымының кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.