БАЙҒАНИННІҢ БАЛАСЫ

«Ақтөбеде ақын Нұрпейіс Байғаниннің баласы тұрады екен!» Бұдан біраз бұрын осындай хабарды естігенде өз құлағымызға өзіміз сенбей, аң-таң қалған едік. «Қалай? – дегенбіз ішімізден күбірлеп. – Жамбылдың замандасы, Доскей мен Шашубайдың қатарласы бұл талант иесінің тұяғы осы күнге дейін тірі болғаны ма?» «Рас, сіз айтқан адам атақты ақынның туған баласы болып шық­ты. Аты – Момын» деді біздің берген тапсырмамызға орай хабарласқан сол өңірдегі әріптесіміз Сатыбалды Сәуірбай. «Жасы қай шамадағы кісі екен? Денсаулығы…». «1937 жылы өмірге келіпті. Сөзі әлі тың».
Мына сөзді естіген соң, Ақтөбеге баруға жиналдық. Бұл 2016 жылдың қысы еді. Мақсат – кейіпкерімізді көзімізбен көру, айтқандарын құлағымызбен ­ес­ту.­ Солай болды да. Ақсақалмен жүздестік. Әңгімелестік. Үй ие­сі­нің сөзінен көп нәрсеге көз жеткіздік. Сұхбат төмендегідей си­патта болды.­

Жанболат Аупбаев: – Сізді әу бас­та­­ Нұрпейіс ақынның баласы дегенде… сенгеміз жоқ.
Момын Байғанин: – Иә. Солай­ ­болатынын білгенмін. Туғанына 150 жылдан асып кеткен Нұрекеңнің немересі, яки шөбересі бар десе, сөз басқа. Ал баласы әлі тірі екен дегеннің өзі… Бұл енді түсінбестік туғызары анық. Бірақ шын мәнінде осылай. Мен ол кісінің 77 ­жасында өмірге келген перзентімін.
Ж.А.: – Дұрыс екен, ағасы! Енді бәрі түсінікті болды. Айтыңызшы, Нұрпейіс ақын қайда, қандай отбасында өмірге келген? Сізден басқа балалары болған ба?
М.Б.: – Әкеміз осы өңірдің Темір ауданына қарайтын Сүлікті деген жерінде туған. Сонда түйеші Байғана атты дәулетті адам болыпты. Нұрпейіс ақын сол бабамыздың перзенті ғой. Өлең құдіреті ол кісіге анасы Үміттен дарыған деседі көнекөздер. Себебі әжеміз айтыс ақыны әрі күйші болған адам екен. Осындай ортада өскен әкей есейіп, ат жалын тартып мінгеннен-ақ қисса-дастандарға құмартады. Сөйтіп, құймақұлақ, жыршы бала атанады.
Ол кісі тағдырдың жазуымен екі рет отбасын құрған адам. Алғашқы әйелінен Ғалым, Зылиха, Зілия атты ұл-қыздары болған. Бұл балаларының анасы­ 1927 жылы қайтыс болады да ақын он жылдай салт басты, сабау қамшылы тірлік кешеді. 1936 жылы Үкіметтің демеп, қолдауымен әкейдің аты бүкіл елге танылды емес пе. Міне, сол кезде жөн білетін замандастары: «Бұл үйде енді келімді-кетімді кісілер көп болады. Сондықтан шаңыраққа жөн білетін бір әйел заты керек» деп, менің анам Аймекен Жаниязқызына үйлендіреді. Содан бір жылдан соң мен өмірге келіппін.
Ж.А.:  – Жаңа жоғарыдағы сөзіңізде сіз: «Үкіметтің демеп, қолдауымен әкейдің аты бүкіл елге танылды» деп қалдыңыз. Мұны қалай түсінуге болады?
М.Б.:  – Ол былай. 30-жылдары­ Кеңес үкіметі жер-жердегі халық ақындарына ерекше құрметпен қарай бастайды. Ондағы мақсат партия­ ­саясатын елге солардың беделі арқылы ұғынықты, қарапайым өлең тілімен айтқызып, жеткізу болатын. Соның нәтижесінде одақта көп кешікпей Кавказдан Сүлеймен Стальский, Қазақстаннан Жамбыл Жабаев,­ Тәжікстаннан Әбілқасым Лаху­ти есімдері жарқырап көрінеді. 1936 жылы біздің республикамыз Мәскеу ерекше көңіл бөлген талант иелерінің бірі Жәкең, Жамбыл атамыздың 90 жылдығы құрметіне арналған слетке дайындалады. Ал ондай байқауға облыстардан Алматыға кімдер баруы керек? Әрине, алғашқы кезекте өңірлердегі ел аузында жүрген әншілер мен күйші, жыршылар. Бірақ оларды іздеу қажет. Сосын аймақтық жарыс өткізіп, жеңімпаздарды ғана астанаға аттандыру керек. Осындай тапсырмамен Ақтөбеге ақын Дихан Әбілев келеді. Содан не керек, облыстық партия комитетінің жауапты қызметкері Қанафия Мұстафин екеуі табандарынан таусылып жүріп біраз өнер иелерін, оның ішінде біздің әкейді де табады ғой.
Осы арада анықтап айта кететін бір нәр­се бар, қарағым. Ол: «Сол 30-жыл­дар­дың ортасына дейін Нұрпейіс ақын ел­ге онша танымал адам болмаған ба?» деген сауал. Жоқ, олай емес. Әке­міздің даңқы Кеңес үкіметіне ­дей­ін-ақ осы өңірде дүркіреп тұрған. ­Мұ­ны­ кезінде оның Абыл, Шернияз,­ Нұрым секілді дүлдүлдерден үлгі алып, Ақтан, Қазақбай ақындармен ай­тысқа түскенінен және өзінің ­«Ақ­ке­н­­же»,­ «Нарқыз» ­дастандарын өмір­ге әкелгенінен анық байқауға болады. Міне, осындай дарын иесіне Кеңес үкіметі тұсында қызметке іліккен бала­сы Ғалым: «Қазіргі ­саясатты тү­сі­ну қиын. Байқаймын, ас пен тойлар­да түрлі әңгімелер айтылады. Сол жиындардағы сөздер бірде болмаса бір­де белсенділерге жақпай қалуы мүмкін. Сондықтан базарға ­барып өлең айтқаныңызды қойып, үйде отырыңыз» деп, әкесіне тыйым салады. Со­дан шал 12-13 жыл бойы домбырасын құшақтап, ешқайда шыға алмай қал­ған ғой. Осы арада құдай айдап, ­Алматыдан Үкіметтің арнайы тапсыр­ма­сымен Дихан Әбілевтің келе қал­ға­нын көрмейсіз бе?! Содан қария қайтадан атқа мінеді. Ел аралап, жұрт алдына шығады. Жаңа өмір, жарқын болашақ туралы жыр нөсерін төгеді. Өңір­дің құрметті адамына айналады.
Ж.А.: – Өзіңіз айтып отырған 30-жылдардың ортасына дейін ақын қайда тұрған? Елде ме, жоқ Ақтөбеде ме? Сосын… Ол кісінің Алматыға жолы қашан түсіп, атақты адамдармен таныстығы қалай басталған деп ой­лайсыз?
М.Б.: – Бұл сұраққа мен анам Аймекеннің айтқандары бойынша жауап берейін. Себебі ол кісі 95 жыл өмір сүріп, әкеммен отасқан он жылға жуық уақыт ішіндегі оқиғалардың көбін құлағыма құйып кеткен адам еді, жарықтық. Шешемнің сөзіне қарағанда, ақын ауылдан Ақтөбеге 1937 жылы қоныс аударыпты. Алғашында Берсүгір көшесінде тұрыпты. Бұл қазіргі ­теле­мұ­нараның түбі. Содан соң, ­отбасымыз Герцен көшесіне көшіріліпті. Мен ес білгенде Фрунзе көшесіндегі алты бөлмелі мекенжайда едік. Ол бұрынғы қа­лалық оқу бөлімі болған ғимарат екен.
Ал Алматы сапарына келсек, әкей онда алғаш рет 1938 жылы Жамбыл шығармашылығының 75 жылдығына арналған салтанатқа орай барыпты. Осыдан кейін астанаға 1939 жылы жолы түскен. Ол Қазақстан Жазушылары одағының ІІ съезіне қатысуы еді. Сөз ретіне қарай әкейдің сол жылы Мәскеуге де барғанын айта кету ләзім. Бұл КСРО астанасындағы Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің ашылуы құрметі қарсаңындағы өткі­зіл­ген мәдени іс-шараға байланыс­ты сапар екен. Соңғы рет Алматыға 1943 жылы республикалық ақындар ай­тысына қатысуға барыпты. Міне, осындай жиын мен кеңестерде ақын басы Жамбыл бабадан тартып, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов сияқты ел ардақтыларымен танысады. Ақындар Әбділда Тәжібаев пен Дихан Әбілевтің үйінде қонақта болып, Қанабек Байсейітов, Құрманбек Жандарбеков секілді өнер өкілдерімен дос болып қайтады.
Ж.А.:  –  Солай деңіз. Сіз бен біз енді мына сауалға жауап іздеп көрсек. Ол: «Үкімет аты шығып, даңқы алысқа кеткен ақынға көзі тірісінде қандай қамқорлық жасады екен?» деген сұрақ. Атап айтқанда, әкеңізде Жамбыл ақсақалдың жеке хатшы­сы сияқты көмекші болған ба? Кітап­та­рының шығуы қай уақыттан бас­тала­ды және оны қария көзі тірісінде көре алды ма?
М.Б.: – Үкіметтің жасаған жақ­сы­лығы сол, алдымен ол кісіні шал­ғайдағы ауылдан қалаға көшіріп әкелген ғой. Содан соң үлкен үй берген. Оны жоғарыда айттым. Ал ақынның ­шы­ғар­ған өлеңдерін жазып алып, күн сайын елдегі жаңалықтарды газеттерден оқып беріп, түрлі оқиғалардан хабардар етіп отыратын көмекшісіне келсек, біздің үйде ондай адам болды. Ол Ахмет деген аға еді. Фамилиясының Ескендіров екенін кейін, ғалым Оразгүл Нұрмағамбетованың зерттеулерінен оқып барып білдім. Міне, сол кісі әкемнің жанында отырып бірдеңелерді бас көтермей жазатын. ­Са­парға шық­­­қан­­да ақын­ның жанынан қалмай, қоса ел аралап кететін.
Жергілікті қаламгер Бердібай Ке­мал­дың айтуына қарағанда, Ахмет аға сол кездегі Ақтөбе облыстық «Социалистік жол» газетінде бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеген кісі. 1938 жылдан бастап Нұрпейіс ақынның жеке хатшысы қызметіне тағайындалып, әкейдің күнделікті шы­ғармашы­лы­ғынан басқа, бүкіл мұраларын қағазға түсірумен шұ­ғылданған. Соның ішінде Ахмет Ескендіровтің «Қобыланды батыр» эпосына сіңірген еңбегі ерекше. Ғалымдардың ­айтуынша, бұл жырдың 30-ға жуық нұсқасы болған көрінеді. Соның ішіндегі ең көлемдісі, яғни 9300 жолдан тұратын Нұрпейіс Байғанин айтқан ­вариантты жазып алған – оның жеке хатшысы Ахмет аға. Сөйтіп, 1942 жылы майданға аттанғанға дейін ол кісі ақын мұраларын жинақтауға өте көп еңбек сіңірген. Ал одан кейін бұл жұмысты ақын Қуандық Шаңғытбаев жалғастырыпты. Соның нәтижесінде Нұрпейіс Байғаниннің 1939 жылы «Өрістеген өмір», 1940 жылы «Ақын ­шабыты» атты кітаптары мен 1945 жылы «Таңдамалы» деп аталатын өлеңдер жинағы жарық көреді. Осылардың бәріне әкейдің жеке хатшылығына бекітілген Ахмет Ескендіров пен Қуандық Шаңғытбаевтың еңбектері ерекше болғанын атап айтқым келеді.
Ж.А.: – Бұл күндері Ақтөбе облысында Байғанин ауданының бар екенін бәріміз жақсы білеміз. Осы атау сол өңірге ақынның өмірде бар кезінде берілген бе, жоқ әлде ол кейін жасалған ұйғарым ба?
М.Б.: – 1940 жылы әкей 80 жасқа ­толыпты. Онда мен үш жастағы баламын. Көп ештеңе есімде жоқ. Міне, сол кезде халық ақыны Нұрпейіс Байғанинге бір ауданның аты берілсін деген Үкіметтің пәрмені болыпты. Сөйтіп, бұрынғы Табын ауданы сол кезден бастап әкейдің есімін иеленген ғой. Бұл ақынның көзі тірі кезінде болған оқиға.
Ж.А.:  – Енді әкеңіздің соңғы күндері туралы бірер сөз айтсаңыз. Сіз ол кезде ес біліп қалған сегіз жастағы баласыз ғой. Ақсақал неден ауырып, қалай қайтыс болды? Зираты ауылда ма, жоқ осы қала іргесіндегі қорымда ма? Сосын… Үйлеріңізде қария ұстаған, пайдаланған жәдігерлік заттар бар ма? Бар болса, ол қандай дүниелер?
М.Б.: – Кішкентай күнімде әкемнің басы ауырып, балтыры сыздағанын көрмеппін. Өзін бірқалыпты ұстайтын. Қайтыс болатын жылы да сергек, тың еді. Анамның айтуына қарағанда, көктем шыға ол кісі тыл еңбеккерлеріне концерт­ қоятын үгіт бригадасы құрамында Ақшат деген жерге барады. Онда ыстық бұлақ бар екен. Ревматизм болуы керек, ара-тұра аяғы ауыратын әкей сондағы тұзды балшыққа түседі. Одан шыққан соң, терін баспай, сондағы ауыл тұрғындарына жыр-толғауларын айтады. Ертесінде қатты ауырып, қалаға келгеннен соң өмірден озады. Бұл 1945 жылғы 9 сәуір еді. Зираты осы Ақтөбедегі көне қорымда. Ол қазіргі әуежайдан онша қашық емес. Ал енді мына үйде қариядан қалған не бар дегенге келсек, бәрі музейде. Кезінде ақынның замандастары шешемнен ақсақалдың анау-мынау заттарын тәбәрік ретінде сұрап ала бастапты. Мұны байқап қалған билік өкілдері арнайы комиссия құрады да бәрін мұражайға өткізуге тапсырма береді. Соның нәтижесінде қарияның жеке заттары мен фотосуреттерінің біразы бүгінгі күнге аман-есен жеткен жайы бар. Оларды осындағы музейден барып көруге болады.

Авторлық анықтама.

Осыдан біраз уақыт бұрын Ақтөбеде тұратын әріптесім Сатыбалды Сәуірбайға телефон соққаным бар. Амандық-саулық сұрағаннан кейін ол: «Нұрпейіс Байғаниннің ұлы Момынды білесіз ғой, – деді. – Өзіңіздің кейіпкеріңіз». «Иә». «Міне, сол кісі биыл 82 жасында өмірден озды». «Иманды болсын» деп күбірледім ішімнен. Жақсы кісі еді. 160 күйді меңгерген, солардың бәрін ештеңеге қарамай жатқа тартатын қарияның репертуарын жанашыр шәкірттері магнитофон таспасына жазып алып қалды ма екен? Орындалу шеберлігі ғажап оларды дискіге түсірсе жақсы болар еді. Қалай дегенде де күй техникасын меңгеру жағынан өзіндік ерекшелігі бар мұра ғой бұл.

Ж.А.: – Айтыңызшы, әкеңіз сіздің есіңізде қандай іс-әрекетімен сақталып қалды? Ол кісі өзіңізге несімен қымбат деп ойлайсыз?
М.Б.: – Бір ғана нәрсе есімде. Және соның өзі менің өмір бойғы тіршілігімнің мәні мен мазмұны бола білді. Ол әкемнің бес жасымнан ­бастап домбыра ұстауға үйреткендігі еді. Қалай дейсіз ғой?.. Мен ес білгенде үйімізде әдемі қабы бар домбыра тұратын. Анамның айтуынша, оны ақын 1943 жылы Алматыға барғанда алып қайтыпты. Міне, осы аспапқа әкем мені сәби кезімнен үйір етіп, ақыры соған қызығудың арқасында жеті жасымда екі-үш күй орындай алатын жағдайға жеткенім бар.
Осы арада бір қызық жағдайға тоқтала кетейін. Ол менің сол кішкентай кезімде ұстаған аспабымның Алаш арысы Құдайберген Жұбановтың домбырасы екендігі. 1937 жылы атақты ғалым жазықсыз жазалауға ұшырағанда отбасы қатты қиналады. Күнкөрістен тарыққан сондай күндердің бірінде сол үйдегі жеңгей өздеріндегі іске жарайды-ау деген дүниелерін базарға шығарып сатпақшы болады. Оны естіген Құдайберген ағаның інісі Ахмет Жұбанов бұл хабарды күйзеле отырып, ақын Әбділда Тәжібаевқа айтады. Ақыры не керек, жеңгей заттарын базар сөресіне қояды екен деген күні Әбекең үлгеріп барып, ғалым ұстаған домбыраны 500 сомға сатып алады. 1943 жылы менің әкем республикалық ақындар ­айтысына қатысу үшін Алматыға бармай ма. Сонда ол кісі Әбділда Тәжібаевтың үйіне түседі. Өзі сыпа әрі біртоға қонақ келгеннен ­бастап кетер-кеткенше Әбділда ақынға да, анасы Айманкүлге де өте жақсы әсер қалдырады. Әкейге көңілі қатты құлаған үй иесі елге қайтарда қонағына: «Не қалауыңыз бар? Айтыңыз. Орындаймын» дейді. Нұрпейіс ақын рақмет деп, ештеңенің қажет емес екенін айтады. Әбекең қоймайды, ренжуге дейін барады. Сол кезде мейман төрдегі домбыраны сұрайды. Сөйтіп, Алаш арысының бұл мүлкі біздің үйге осылай келген екен.
Жоғарыда айттым ғой, ес білгеннен бастап әкем мені осы домбыраға үйір етті деп. Сегіз жасыма дейін ол кісінің алдына отырып алып қасиетті аспаптың пернелерін дұрыс басуға, күйді шанақты сабаламай тартуға талпындым. Кейін бұл ұмтылысым өмірімнің мәніне, тіршілігімнің темірқазығына айналды. Олай дейтінім, домбыраны дұрыс меңгеруім 1952 жылы облыстық мәдени-ағарту училищесіне алып келді. 1957 жылы Алматыда өткен республикалық І фестивальдағы күй сайысында лауреат атандым. 1960 жылдан бастап облыстық мәдениет үйінде халық аспаптары оркестрін құрып, соған жетекшілік еттім. 1971 жылы Ақтөбе музыкалық училищесіне директор болдым да, 1977 жылдан зейнеткерлікке шыққанша осындағы педаго­гикалық институттың халық шығармашылығы кафедра­сындағы ұлттық аспаптар класында еңбек еттім. Осының бар­лығын мен кезінде әкем негізін қалап беріп кеткен домбыраға құмарлығым мен күйшілік өнерді мұрат тұтқанымның арқасы деп білемін.
Ж.А.: – Жеке репертуарыңызда қазір қанша күй бар? Оларды нотамен орындайсыз ба, жоқ әлде?..
М.Б.: – Мен өзі 160 күйді меңгерген адаммын, қарағым. Олардың бәрін ештеңеге қарамай, жатқа тартқанмын. Қазір де содан жаңылғаным жоқ. Өйткені күй атаулыны әу бастан-ақ қағаздан емес, есту қабілетім бойынша үйренген жанмын ғой.

…Момын ақсақал бұдан кейін де бізге көп әңгіме айтты. Естеліктерінің бәрі қызық әрі әсерлі. «Біраз болды, көзім қатты нашарлап кетті. Сендердің бет-жүздеріңді емес, тек сұлбаларыңды көріп отырмын» деді мұңайып. Үйге кіргенде, сәлемдесіп әңгімелескенде біз мұны байқамаған едік. Өзі айтқан соң ғана барып білдік. «Оқасы жоқ. Осыған да шүкір» деді қария іле сөзін жалғап: «Ағамыз бізбен кездескенде осы күйді тартып беріп еді дерсіңдер кейін. Естеріңде жүрсін, қарақтарым» деп, Қазанғаптың «Ақжелеңінің» екі түрін орындап берді. Пернелерге қарамай, тек ішкі үндестік құдіретіне бағына отырып, бірінен кейін бірін келістіре тартқан күйді тыңдап отырған біз: «Не деген қабілет? Неткен шеберлік, шіркін?!» дедік ішімізден. Сөйттік те ақсақалмен қимай қоштасып, сыртқа қарай бет алдық.

Жанболат АУПБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Есмұханбет Смаилов

    Тамаша мақала! Нұрпейіы Байғанин атамыз туралы, осыдан 44 жыл бұрын естіген бір әңгімені жазайын деп отырмын. Мен Алматыдағы Ғылым академиясының математика институның аспирантурасын 1971-жылдың желтоқсан айының 12-күні бітірдім. Содан Жоғарғы және орта білім министрлігінің жолдамасымен Қарағанды педагогикалық университетіне, наурыз айында университет болып қайта құрылады деп, аға мұғалым етіп жіберіп еді. Айтқанындай, 1972-жылдвң наурыз айының 24-күні Қарағанды пединституты, үкімет қаулысымен, Қарағанды мемлекеттік университеті болып қайта құрылды. Ректоры болып, қазақтың біртуар азаматы, Евней Арыстанұлы Букетов бекітілді. Евней аға жан жақтан кадрларды көптеп шақырды, соның бірі оптика кафедрасының меңгеушілігіне шақырылған физика-математика ғылымыдарының кандидаты, доцент Алексей Иванович Перевертун деген,Қазақ политехника институнда жас күнінен бірге істеген, досы еді. Алексей досын Евней ағай Алматыға, Мәскеуге, т.б. жерлерге барған сапарларында ылғида жол серік етіп алып жүретінді. Сол Алексей ағамыз, 1975-жылы бір қонақта отырғанда айтып еді: соғыс жылдарында жазушы Илья Эренбургты Қазақстанға эвакуацияға жіберіпті. Ақтөбе облысының басшылары Илья Эренбургты, қасындағы жас келіншегімен, жолдан түсіріп алып, қонақ қылып күтеді. Қонақпен әңгімелесіп отыруға, Ақтөбенің сыйлы адамдарын шақырып, ішінде Нұрпейіс атамызда бар екен дейді. Облыстың партия, Совет басшылары атамызды алғашқы болып сөйлетіп қош келдіңіз айтқызады және ерекше ықыластарын білдіріп отырыпты дейді. Ильяға бұл ұнамай, «мына қаусаған шалды менің қасыма неменеге әкелдіңдер», депті дейді. Сонда Нұрпейіс атамыз «мына жас келіршегіңді менімен қалдырда, жігіттермен қаланы аралап кел. Содан соң келіншегің айтсын кімнің шал екенін» депті дейді.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.