КӨП БОЛДЫ ЖАЙЫҚ-КӨҢІЛ САРҚЫЛҒАЛЫ…

Асантемір ҚАРШЫҒА

Жанарымды тамшыларға толтырып,
Арманымды орға жықтым өлтіріп.
Іңір түссе айға қарап ұлиды,
Көңілдегі қыңсылаған бөлтірік.

Жабысып ап жүрегіме жалбыз-мұң,
Жалбыз-мұңды жұлып әрең алғыздым.
Адамдардың ортасында жүрсем де,
Адамдардың арасында жалғызбын.

Жарты көңіл, жарты бақыт, жарты үміт,
Жанға серік бола алмады жарты құт.
Жанға дауа таппаған соң жандардан,
Жолға шықтым мұң-қайғымды артынып.

Жолға шыққам қара түнде жолықты ай,
Содан көңіл көтерілді торықпай.
Көзді жұмып, ұмыт қылып барлығын,
Сені ғана сүйгім келді қорықпай…
Не дейсіз?

***
Күн салқын, сезім салқын, салқын бәрі,
Көп болды Жайық-көңіл сарқылғалы.
Көп болды бір жылылық іздегелі,
Жылыта алмадыңыз Сіз де мені.

Мен сізге өкпелемен, кінәламан,
Салқындық бауыр басқан, сірә, маған.
Өтінерім болмаңыз бұған алаң,
Жылылықты өзгеден сұрап алам.

Мен сөйтіп жылынармын, қамықпаңыз,
Серісін салқындықтың танытқан күз.
Салқындыққа үйренген жан-тұмарым,
Десем де, «е, ишақай» қалтырадым.
Жылытыңызшы…

***
Түн қараңғы,
Екеумізге жүрер жол бұрмаланды.
Айсыз түнде адасып кетпейік деп,
Жата кеттік көрпе ғып гүлді алаңды.
Үлбіреп жүрегімнен жыр үзілді,
Ал, сенен сырға қалды.

Бақты айналып,
Сырғаңды іздегенмен таппай қалдық.
«Шешем байғұс шашымды жұлады» деп,
Жылап тұрып кеткен ең қатты ойланып.
Есімде жұбатуға тырысқаным,
Сен сосын тынышталдың, бақты айналып.

Жаным-күнім,
Дедің сосын бастаймыз бәрін бүгін.
Сырғам үшін баспайды жанымды мұң.
Сен менің бола білсең сүйенерім,
Ойланбай-ақ боламын қалыңдығың.

Деген едің,
Нықтап тұрып сөзіңді шегеледің.
Менде панаң боларлық емен едің.
Таң атпауын Тәңірден тілеген ек,
Көрейік деп, бұл түннің не берерін.
Білмедік-ау көз жастың себелерін.

Аппақ таңда,
Аппақ таң көзге шелді қаптатқанда,
Көршінің бәйбішесін көріп қалып,
Арымызды аяққа таптатқанда.
Дүрлікті ауыл біз жайлы әңгімелеп,
Анаң тұрды «оңбаған әлгі ме?!» деп…

Байғұс анаң,
Сөзіне елдің жүдеді-ау, әй, құсадан.
Күрсінді әкең кешкілік тай тұсаған.
Сол күні қимағанмен некемізді,
Түсінді ғой ата-анаң екеумізді.
Жандарын жылатқанмен қайғы-сараң.

Сараң-қайғы,
Шырағын шаттығымның жаға алмайды.
Біздегі оттан да ыстық махаббатты,
Өзгелер өсек қылып амалдайды.
Қайтем енді, көңілдің бәйтерегі, көктемеді,
Күллі ауыл маған ғана өкпеледі.

Қайдан білсін! Сені сүйетінімді…

Сен кінәлі емессің…

Саған деген көңілдің құлпы сынды,
Бұған дейін өзіне берік ед (і) тым….
Ұмытып мүлде сенің түр-түсіңді,
Жалғыздықты жаныма серік еттім.

Өкінбейтін боламын, қайғы ішпейтін,
Демеймін жалғыздықтан
жан шыңғырад (ы).
Ала таңға көз ілмес байғұс кейпім,
Жанарымнан жатса да тамшы құлап.

Жасымды сүртіп қойсам абайламай,
Осалдығым емес қой сертке менің.
Жүрегім ұмтылғанда саған қарай,
Өзіңді аяп, өзімді жек көремін!

СЕН КІНӘЛІ ЕМЕССІҢ….

***
Бес саусақтай білесің сыйымды анық,
Ақын деген негізі қиын халық.
Сүйген қызға сөзімді ұқтыра алмай,
Кетіп барам көшеде күйіп-жанып.

Жарға жығып кей сәтте жат ақылы,
Таңдайымның кілең тұз тататыны.
Қоштаспадым иіскеп маңдайыңнан,
Сол ғой менің жаныма бататыны.

Алаң болма сен енді ағаң жайлы,
Бұл ағаң саған ғана алаңдайды.
Ләйліге қолын созып жынды болған,
Білесің ғой Мәжнүн бабаң жайлы.
Менің одан нем артық?….
***
Ұмтылып еді арманым айға,
Жұлдызға басым соғылды.
«Ағатай» дейтін ардағым қайда,
Мен күтіп жүрмін сол күнді?

Сүйгім келгенмен ана бір айды,
Бермейді түнім рұқсат.
Шашымның көбін тарақ ұрлайды ,
Ашылды маңдай жылыстап.

Жасымның сөйтіп ұлғайғандығын,
Айнаға қарап аңғардым.
Өтіп барады нұр жайған күнім,
Асықтың кімге? Таңғалдым….

Өмірдің адам бір қонағы екен,
Қонақ боп келіп алдандым.
Жоқтаушысы кім болар екен,
Әдірә қалған арманның?!
***
Қара жолмен жүріп келем… Үнсізбін,
Кең кеудемді түрткілейді тілсіз мұң.
Жүрегімді жұлмалаймын тартқыштап,
Еске түсіп, «қош» дегені бір қыздың.

Кездескенін қарсы алдымнан күн-айдың,
Сол сұлудың бейнесі деп мұңайдым.
Сынық сәуле түсірмесең сен маған,
Неге ғана кезіктім деп жылаймын.

Көздерімнен тамшыласа ақ жаңбыр,
Ақ жаңбырға жаурап тұрып таңдан бір.
Жүрегімнің жаны кеткен жан сәулем,
Ұсынайын, қолыңа ал да, жандандыр.

Деме, сосын жаным маған ұмтылма,
Жан біткенде құлпырады түр-тұлға.
Іштей оқып, көңілге түй, аяулым,
Жүрегімнің жазуы бар сыртында.

***
Қайырлы түн, не тілейін сізге мен
Көңіл кемем айдынында жүзбеген.
Бейшараның біреуімін, өмірден,
Шын бақытын іздеген.

Қайырлы түн, қара торы қымбаттым,
Хош иісін сен деп білем гүл-бақтың.
Сен ұйқыңды қандырып ал, алаңсыз,
Мен, ұйқымды ұрлаттым.

Қайырлы түн, жақсы демал, жарай ма,
Шаттық нұрын шашып өтсін шарайна.
Ойларыңнан кетпеу үшін жиіркеніп,
Тек мен жайлы ойланарда абайла.
Қайырлы түн, қарағым!

***
Ұйықтап жатып түс көрдім, ғаламат, керім,
Атпен шауып алысты аралап келдім.
Атыраудан әрірек, аэропортта – анау,
Арасында жүр екем самолеттердің.

Көкке ұшуға талпынған самолеттерім,
Қауырсыны қайырылған бала-кептермін.
Мені өмірде шаршатқан адамдарменен,
Алысып жүрсін дедіңдер ме, ала кетпедің.

Көкке созған қанатын самолеттерім,
Қоғамдағы қайырымсыз қарабеттердің.
Былш еткізіп бетіне түкіретін біреу,
Керек дедіңдер ме, әйтеуір ала кетпедің?!
Қош, қайран самолеттерім!

***
Гүлденіп келеді көңілімнің пәк көктемі,
Гүлденген сайын батырды ойға көп мені.
Басынан өткен Жұмекен, Мұқағалидың,
Дүние шіркін, менен де тұрсың өткелі.
Дүние шіркін, жанарды жасқа малдырып,
Қажытып болдың,
қылықтарыңмен әңгүдік.
Сезімім семіп, өлетін болды-ау арманым,
Тәңірден нәсіп тілеп жүретін таңғы үміт.

Өлетін болса, таңғы үмітім азулы,
Осы деп оқы.маңдайыңдағы жазуды.
Қайт кейін қайран, адасып жүрген ақ сұңқар,
Қайда барсаң да Қорқыттың көрі қазулы.

***
Ей, өлең-қарт,
Мен сенің немереңмін!
Бірақ бүгін белгісіз не берерім?.
Құдайдан жарлық келіп жаңбыр жауса,
Әйтеуір көгерермін,
Әйтпесе, мен өмірге неге келдім?

Жазам жырды құйылтып, жауындатып,
Дүркіретіп, құйғытып, дауылдатып.
Ертең менің жырыммен көгереді,
Биыл болмағанымен ауылда түк.

Солай… жазып барлығын қарқ қылам,
Өлең құдіретіңді таныттырам.
Ей, өлең-шал сені біреу өкпелетсе,
Быт-шыт қылып бауырыма алып тынам.
Өйтпесем, боламын ба алып қыран?!

Ей, өлең-шал
Мен барда жұтпа қайғы,
Келер, кетер, көшеді бұлт талайғы.
Көзімде нұр, өзімде құдірет бар,
Мендегі мықтылықты жұрт қалайды.
Маған сен!

***
Өтінемін шақырма үйіңе мені,
Мен сүймеймін, ал сен де сүйме мені.
Тәңір жалаңаштаған теректей боп,
Оған да етің сенің үйренеді.

Сүйме мені, есіңнен өшір мәңгі,
Қаламаймын жанымыз қосылғанды.
Неге маған құмарттың, сені сүйген,
Қолын бұлғап артыңда досың қалды.

Сен соны сүй, соны сүй, соны аймала,
Мендей құлан қажет қой тоғайға да
Үз, қане, менен мүлде үмітіңді,
Оңаша қалсаң-дағы мені ойлама.

Өтінемін шақырма үйіңе мені,
Мен сүймеймін, ал сен де сүйме мені
Тәңір жалаңаштаған теректей боп,
Оған да етің сенің үйренеді.
Үйренесің… Мен сені сүймегесін…

Атырау

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.