Тіл жанашырының ғибратты әңгімесі

Жақында А.П.Чехов атындағы қалалық орталық кітапханада «Ұлт бірлігі – мемлекеттік тілде» атты әдеби-сазды кеш өтті. Тілдер мерекесіне орай өткен жиынға зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, мемлекеттік тілді құрмет тұтатын өзге ұлт өкілдері қатысты. 

Мемлекеттің Әнұранымен басталған жиында жастар, әсіресе, Алматы қаржы-құқықтық және технология колледжінің студенттері белсенділік танытып, Абай, Мағжан және т.б. ұлыларымыздың өлең-жырларын нақышына келтіре, мәнерлеп оқыды. Елімізде қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, мемлекеттік тілді қастерлеп, өз тұғырына қонуына атсалысып жүрген өзге ұлттың жастарына еріксіз сүйсінесің.
«Ұлт бірлігі – мемлекеттік тілде» тақырыбымен ұйымдастырылған әдеби-сазды кешке арнайы шақырылған қонақ, қоғам қайраткері, «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері Асылы Осман сөз алып, тілдің өміршеңдігін, тілсіз мемлекет болмайтындығын, мемлекеттік тіл ретіндегі қазақ тілінің мәртебесін әрқашан жоғары қойып, Қазақстанда қанша ұлт өкілі тұрса, олардың бәрі де мемлекеттік тілді білу керектігін баса айтты.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Грамматика бөлімінің аға ғылыми қызметкері, филология ғылымының кандидаты Альфия Солтанбекова­ институттың тыныс-тіршілігімен таныстырып, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Тәуелсіз елдің ұлттық тілін дамытуда, тілдегі күрмеулі мәселені оңды шешуде, қазіргі елімізде өтіп жатқан латыннегізді жаңа қазақ әліпбиіне көшу кезінде аянбай жұмыс жасап жатқан институт ғалымдарының еңбектерін атап өтті.
Неміс, ұйғыр, орыс, татар, кәріс, дүнген және т.б. ұлт өкілдері жастарының қазақтың ұлттық құндылықтарын бойы­на сіңіріп, салт-дәстүрін дәріптеп, мақтанышпен жеткізуі – қазақ елінің болашағының зор екенін білдірсе ­керек. Мәселен, Камиля Ягофарова Абайдың он жетінші қара сөзін, Ясин Муштаков «Өлең сөздің – патшасы, сөз сарасын» нақышына келтіре орындады. Ангелина­ Легостаева,­ Арзигуль Айнидинова, Ева Самуль, Шахрибанум Тохтахунова,­ Асаләт Баба Заде, Юрий Ким және т.б. қазақтың ақын-жазушыларының еңбектерінен үзінді оқып, тілге қатысты мақал-мәтелдердің мағыналы тұстарына тоқтап, жиналғандарды сүйсінтті. Сондай-ақ шара барысында ұлттық дәстүрлердің бірі – тұсаукесер рәсімі көрсетілді.

Айнұр Балаубаева,
А.П.Чехов атындағы
кітапхананың қызметкері

АЛМАТЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.