«ҚАЗАҚ ТІЛІ» ҚОҒАМЫ МЕН ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫ – ЕГІЗ ҰҒЫМ

Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ,
академик, Халықаралық
«Қазақ тілі» қоғамының президенті

ҚОҒАМ БАСТАУЫНДАҒЫ ТҰЛҒАЛАР

Биыл Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрылғанына 30 жыл ­толып отыр. Содан бері бұл ұйым бес Құрылтайын өткізіп, бес белесті артқа тастады. Ел Тәуелсіздігі қарсаңында дүниеге келіп, елімізбен бірге талмай қызмет етіп келеді. Бірде қарқынды, бірде бәсең әрекет етсе де, әрдайым елмен бірге, әрқашан елдік жолында болды. Енді осы қоғамның негізін қалаушылардың бірі, оның жетекшісі ретінде отыз жылдық биіктен көз ­тастап, қызметімізді бір түйіндейтін кез жеткен секілді. «Өткен күнде белгі бар» дегендей, артымызға қарасақ, ауыз толтырып айтарлық біраз дүние жасалған екен.
Бұл қазақ қоғамының өзі тудырған, заман сұранысынан, жұртшылық қажеттілігінен өмірге келген қоғам. ­Бастауында барша қазаққа қадірлі, көрнекті тілші ғалым, қайсар қайраткер тұлға, академик Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдар тұрды.
Ерлік тек майданда ғана жасалмайды. Ерлік күнде, бейбіт өмірде де жасалады. Қадірлі Әбекең қан майданда да, бейбіт күнде де, ғылымда да ерлік жасаған нағыз қаһарман еді ғой. Елге тұтқа, жұртқа қалқан болады деп жүрген көп зиялы мықтыға жалтақтап, жайлы тұрмыс, билік ұсынар атақ пен сөлкебайдың соңында жүргенде, Әбдуали Туғанбайұлы ел мүддесін биік қойып, туған тілдің туын жоғары көтеруге белсеніп шықты. Тіл майданын бастады. Сырт көзге момын, қарапайым көрінгенімен, Әбекеңнің ішкі жігері мықты, рухы асқақ, алған бетінен қайтпайтын қайсар, ұстанған принципіне адал, табанды еді. Қара бастың қамынан ұлт мүддесін жоғары қойып, елдік ұйым құрмақ болған бұл тұлғаның қасынан біз де табылдық. Содан бері Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының көшін тоқтатпай, ілгері жүргізіп келеміз.
Қоғам құрғандағы басты мұратымыз – ұлттық сананы ояту болатын. ХХ ғасыр басындағы Алаш ардақтысы Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» ұранын заманға сай қайта жаңғыртып, қазақ баласының санасына сілкініс туғызуды көздедік. Өйткені сана сілкінсе, ой түлесе, бәрі де өзгереді. Жоғымыз түгенделіп, өшкеніміз ­жанып, бүлінгеніміз қал­пына келеді. Сана түкпіріндегі ұлттық құндылықтарымыз бен жауһар жәді­герлеріміз қайта жаңғырады.
«Қазақ тілі» қоғамының тағдырлы туған тілімізді лайықты тұғырына қондырайық деген ұранына барша­ қандастарымыз үн қосты. Елдің ішіндегісі бар, сыртта мекендеп жүргені бар, бар қазақ ана тілі туының астынан табылды. Қолдауын білдірді, тілегін қосты, жәрдем қолын созды. Қоғамға мүше болып кіріп, жер-жерде, ел-елде өздері ұйымдасып, Қоғам қанатының астында әрекет етіп, төл тіліміз бен ұлттық құндылықтарымызды түлетуге кірісті. Әйгілі ақын Мағжан Жұмабаевтың «Қазақ тілі» өлеңіндегі:
Жарық көрмей жатсаң да ұзақ,
кен-тiлiм,
Таза, терең, өткiр, күштi, кең тiлiм,
Тарап кеткен балаларыңды бауырыңа
Ақ қолыңмен тарта аларсың сен,
тiлiм!
деген сәуегейлігі іске асты. Ұлтым деген осынау жандардың барлығына ерекше ықыласымды білдіріп, Тәңір жарылқасын айтамын.
Осы жерде біздің Қоғам құрамыз деген талабымызға қолдау білдіріп, сөз жәрдемін де, қол жәрдемін де аямаған бірнеше тұлғаны ерекше бөле-жара атағым келеді. Олардың басында Өзбекәлі Жәнібеков, Нұрсұлтан Назарбаев,­ Заманбек Нұрқаділов, Балташ Тұрсынбаев, Иманғали Тасмағамбетов секілді тұлғалар бар.
Қазақ мәдениетінің үлкен жанашыры, қайраткер тұлға Өзбекәлі Жәнібеков біздің «Қазақ тілі» қоғамын құрсақ деген ұсынысымызды барынша қолдап, тілекші болды. Еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қоғамның ІІ Құрылтайына арнайы қатысып, ­баяндама жасады. Қоғамға Құрметті мүше болып кірді. Содан бері Қоғамға тұрақты қамқоршы болып келеді.
Белгілі саясаткер, мемлекет қайрат­кері Заманбек Нұрқаділов Алматы қаласының әкімі болып тұрған кезде­ ұлтқа жанашыр қайраткер азамат ­Балташ Тұрсынбаевпен бірге Қоғамның бас кеңсесі мен оның үні «Ана тілі» газеті отыратын үй-жай бөліп, қол ұшын созғаны әлі күнге есімізде.
Сөйлеп кетсе – шешен, бастап кетсе – көсем, қазақтың маңдайы жарқыраған арда азаматы Иманғали Тасмағамбетовтің де Қоғамымызға тигізген шарапаты, ұлт руханиятына сіңірген еңбегі зор. Мұның сыртында ана тіліміз бен ұлт керегі ­жолында үндемей ғана үлкен істер бітіріп жүрген (Мұхтар Құл-Мұхаммед сынды тұлғаларға да тәнтіміз) жандар қаншама.
Бұлардың барлығы да туған тіліміз алдындағы азаматтық та, перзенттік те парызын терең түсініп, өздеріне жауапкершілік алған абзал жүректі, кең пайымды асыл азаматтар деп білеміз.

ҚОҒАМ ТАРИХЫН ТАРАЗЫЛАҒАНДА

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы ұлттық сананың күміс қоңырауы болды. Құрылған күнінен бастап елдің де, Елбасының да назарын тілдік, елдік мәселелерге ұдайы аударумен келеді. Бүкілқоғамдық, бүкілұлттық қозғалыс қалыптастырды. Дүниедегі бар қазақты қамтып, ана тілі мен ата жолын ұстауларына жол сілтеді. Сонымен бірге, тәуелсіздіктің елең-алаңында үкіметтік емес ұйым құру, үшінші секторды дамыту бойынша сіңірген еңбегі зор. Жалпы елде азаматтық қоғамның пайда болуына Қоғам бірден-бір бастамашы болды деп айтуға негіз бар.
Ең бастысы, Қоғам елдің санасына серпіліс әкелді. Мемлекеттік тілдің өз мәртебесіне сай қызмет етуі үшін оған мемлекеттік қолдау, мемлекеттік пәрмен керек екендігіне тиісті билік органдарының көзін жеткізіп, арнау­лы ресми мекеме – Тіл комитетінің дүниеге келуіне бастамашы болды. Қоғам көтеріп жүрген мәселелерді мемлекеттің өзі қолға алып, әрбір облыста, қалада, аудандарда мемлекеттік тіл мәселесімен айналысатын арнаулы ресми мекемелер ашылып, тілдік, ономастика, терминология мәселелерімен жүйелі айналыса бастады. Осының арқасында ел аумағында тілдік инфрақұрылым қалып­тасты. Мемлекеттік бағдарламалар ­қа­былданып, іске асырылуда. Тарихи атау­лары бұрмаланған қаншама жер-су, елді мекен атаулары қалпына келтірілді. Қазақ тілінде білім беретін мектептер саны артты. Жоғары оқу орындарының барлығында бүкіл мамандықтар бойынша қазақ тілінде білім беретін бөлімдер ашылып, қазақ тілді кадрлар даярланып келеді.
Ал Қоғам осы шараларға қоғамдық бақылаушы, қоғамдық бастамашы, қоғамдық кеңесші қызметін атқаруға көшті.
Нарықтық қатынастарға орай ­Қо­ғам­ның бірде қарқынды, бірде бәсең жұмыс істегені рас. Бұл өңірлік ұйым­дарымыздағы белсенді азаматта­ры­мыздың іскерлігіне, табандылығына да байланысты. Ақтөбе, Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстарындағы филиалдарымыз жақсы нәтиже көрсетіп келеді.
Түйіндеп айтқанда, Қоғам осы кезең ішінде қазақ тілі бойынша қомақты сандық нәтижелерге қол жеткізді. Ендігі кезеңде қазақ тілінің сапалық тұрғыдан дамуына, сапалық нәтижелерге қол жеткізуге көңіл бөлгені жөн деп есептеймін.
Жалпы тіл мен ұлтты бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Бұлар бір-бірімен ажырамас етене, егіз ұғымдар. Басқаша айтқанда «Қазақ тілі» қоғамы мен қазақ қоғамы – егіз ұғым. Қазақ тілі бар жерде қазақ ұлты бар, қазақ елі бар жерде қазақ тілі бар.
Сондықтан қазақ қоғамын толған­дыратын, ойландыратын мәселелердің барлығы да Қоғамның мәселесі болуы керек.
Осы кезге дейін Қоғам тілдің ғана жоқшысы емес, ұлттық құнды­лық­тардың да іздеушісі, жоқшысы болып келді. Ең басты мәселе – қоғамның санасы үнемі сергек болуын, үнемі ояу болуын ескертіп отыру. Қоғам осы бағытта талмай жұмыс істеп келді, ары қарай да жұмыс істей береді.
Біз тек артқа қарап емес, бүгінмен және болашақты көздеп те қызмет етуіміз керек.
Қоғамның алдағы қызметі қалай болу керек дегенде, мына мәселелерге басымдық беру керек деп есептеймін.
Тәуелсіздік алған кезде қазақтың елдегі үлесі 39 пайыз еді. Қазір 73 пайызға жеттік. Этнодемографиялық жағдай түбегейлі өзгерді. Бірақ елдегі тілдік саясат, тіл туралы заң сол күйі қалып отыр. Сондықтан «Мемлекеттік тіл туралы» заңның қабылдануын талап ету керек деп санаймын.
Сонымен бірге, Қоғамның Жар­ғы­сы­на өзгерістер енгізу немесе түп­кілікті жаңасын қабылдаған жөн. Өйткені қазір заман да, қоғам да өзгерді. Тіпті ел Конституциясына да бірталай өзгеріс енді ғой. Осынау сұраныстар мен өзгерістерді ескере отырып, жаңа Жарғы қабылдау – заман талабы. Қоғамның алда өтетін кезекті Құрылтайында қаралатын маңызды құжаттардың бірі де осы болар деп ойлаймын.
Сондай-ақ Қоғамның алдағы кезең­­дерге арналған тұғырнамалық бағдарламасын да қайта әзірлеу маңызды. Қоғам құрған кездегі негізгі құндылықтар мен стратегиялық бағыттарды сақтап, ел дамуының қазіргі ахуалына сай жаңа концептуалдық идея­ларды тұжырымдау қажет.
Осынау жаңа тұжырымдамалық-бағдарламалық құжаттар негізінде Қоғам қызметін жаңғыртуға жол ашылады деп ойлаймын. Ең бастысы, ұлттық ұпайымыздың түгендігі.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.