Мемлекеттік тіл туралы заң қажет

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларды орындауға арналған Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының кезектен тыс кеңейтілген алқа отырысы өтті. 

Жиын аясында Мемлекет басшысы­ның Жолдауда айтқан тапсырмаларын орындау тетіктері, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының VІ Құрылтайын өткізу бойынша дайындық жұмыстары талқыланды, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы филиалдарының есебі тыңдалды, мемлекеттік тілді дамытуға арналған арнайы мәлімдеме жасалды, мемлекеттік тілді дамытуға үлес қосып жүрген тіл ­жанашырлары қоғамның 30 жылдық ­мерейтойы құрметіне «Ана тілі» медалімен және құрмет грамотасымен марапатталды.
Алқа отырысын Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті, филология ғылымының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Ерден Қажыбек ашты. Негізгі баяндаманы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, ҚР ҰҒА академигі Өмірзақ Айтбайұлы «Қазақ тілі» қоғамы мен жалпы қоғам үйлесімі» тақырыбында жасады. Баяндама газетте жарияланып отыр.
Жиын модераторы Ерден Қажыбек «ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың халыққа Жолдауы хақында» тақырыбында ­баяндама жасап, Жолдауда көтерілген мәселелер мен міндеттерге жан-жақты тоқталып, оны орындаудың жолы мен тетіктеріне қатысты өз ой-тұжырымын негіздеп берді. «Жолдауда халықтың көкейіндегі мәселелер көтерілді деп ашық айтуға ­болады. Тығырыққа тіреліп тұрған, шешімін күтіп, қордаланып қалған мәселенің бәрі жан-жақты келтірілген. Ол мәселені орындау мерзімі мен міндеті де нақты қарастырылған. Ел Президентінің билікке келгеніне күні кеше ғана жүз күн толды. Осы уақыт аралығында әжептәуір жұмыс жасалды. Екінші бір дүние, сол есеп беру үлгісін біз өзіміз қолдана алып отырмыз ба – осыған келіп тіреледі. Өздеріңіз білесіздер, Президенттен бастап, күллі министрлер кабинеті, мемлекеттік қызметкерлер халықпен әлеуметтік желі арқылы ашық байланыс орнатқан. Бізге де байланыс мәселесін үйлестіру қажет. Ол үшін қоғамның сайты керек. Ал жеке сайт жасалғанша, жұмыстарымызды әлеуметтік желілерде кеңінен көрсете білуіміз қажет. Күллі қаржылық, есептік жұмыстарымыз жария түрде көрсетіліп тұрса, әрбір жұмысымыз, бастамамыз сайтымыз арқылы көпшілікке жетсе, оның өзі де үлкен жұмыс. Иә, қоғамның бастамасымен қоғамның қалыптасуына қатысты бірқатар тың қадамдар жасалған, жасала да бермек. Президент те өз Жолдауын­да бізде жұмылған бір халық, бір саясат барын айтады. Ендеше, сол бір халық, бір саясат негізінде Жолдауда көрсетілген айрықша міндеттерді орындауға күш ­салуымыз ­керек» деп сөзін түйіндеген Ерден Қажыбек қоғам жұмысының болашақтағы жоспарлары ­туралы да кеңінен әңгімелеп өтті. Мәселен, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының кезектен тыс құрылтайын өткізудің мерзімі мен өтетін орны анықталу үстінде екен. Нақты шешім шыққан уақытта қоғам мүшелеріне ол туралы арнайы ескертілмек.
Ерден Қажыбек мемлекеттік тілді ­насихаттау мен сіңірген еңбегі үшін қоғам президенті атынан бірқатар зиялы қауым өкілдерін марапаттады. Атап айтсақ, қоғам қайраткері, меценат Амангелді Ермегияевке, ақын Шөмішбай Сариевке,­ «Қазақ үні» газетінің бас редакторы Қазыбек Исаға, қоғам қайраткері Орал Шәріпбаевқа, филология ғылымының докторы Уәлихан Қалижанға, «Ана тілі» газеті Бас редакторының бірінші орынбасары­ Нұрперзент Домбайға, Білім беру ісінің­­ үздігі Ғалия Қайдауылқызына, «Мұзарт» тобының мүшелері Мейрамбек­ Бесбаевқа, Сәкен Майғазиевке, Кенжебек­ Жанәбіловке және т.б. «Ана тілі» төсбелгісін тапсырды. Сондай-ақ қоғамның ең белсенді мүшелері: профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Фаузия Оразбаева, қоғамның Қызылорда облыстық филиалының басшысы Сәдуақас Әбдіқадырұлы сынды тұлғаларға Құрмет грамотасын тапсырды.
Жиын барысында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жауапты хатшысы Бауыржан Жонкешов қоғам жарғысы туралы хабарлама жасады. Сондай-ақ Қоғамның белсенді мүшелері қол қойған «Мемлекеттік заңды әзірлеу» туралы мәлімдеменің мәтіні таныстырылды.
Бұдан әрі филиал басшылары есеп берді. Қызылорда облысынан келген Сәдуақас Әбдіқадырұлы кезекті құрылтайдың Нұр-Сұлтан секілді бас қалада өтуі, сол арқылы қазақ тіліне қатысты атқарылып жатқан жұмыстар кіндік шаһардағы ­лауазымды тұлғаларға жан-жақты таныс болуы керектігі жөнінде ой толғаса, Нұр-Сұлтан қаласынан келген өкіл ­филиал басшысы Берік Әбдіғалиұлының бастамасымен қолға алынған жұмыстарды санамалап өтті. Ал қоғамның Шығыс Қазақстандағы филиал басшысы Орал Шәріпбаев қоғам мүшелерінің бастамасын жергілікті басшылар ұдайы қолдап отыратынын тілге тиек етті. Мәселен, қоғам мүшелерінің араласуымен қазір ол өңірдегі ономас­тика мәселесі біршама жолға қойылған. Атап айтсақ, Зырян ауданы Алтай ­ауданы ­болып, ал «Өскемен» телеарнасы «Алтай»­ телеарнасы болып өзгерген. Семейге жақын маңдағы елді мекендерде екі қазақ мектебі, Шығыс Қазақстан облысында ­латын әліпбиін үйрететін кабинет ашылған. Қазақтың ұлы тұлғаларын ұлықтау мақсатында «Абай» спорт аренасы бой көтеріп келеді. ШҚО өкілдері Татарстанға барған сапарында Тайқазанның көшірмесін жасап, осындай қадамдар арқылы тіл мен рух кеңінен ­насихатталуда.
Жиын соңында қоғам президенті Өмірзақ Айтбайұлы сөз алып, Халық­ара­лық­ «Қазақ тілі» қоғамының президенті міндетін атқару қызметіне ­Ерден Қажы­бекті тағайындайтынын, қоғам пре­зидентінің міндетін атқарушыға жақын арада кезектен тыс құрылтай өткізуді тапсыратынын міндеттеген шешімін оқыды.

Қ.Серікқызы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.