Орынша Қарабалина-Қазыбаева, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ұстаз: Ұстаз беделін ұстаздың өзі көтереді

«Ана тілінің сұхбаты» айдарының бүгінгі кейіпкері туралы жан-жақты толғауға болар. Бала күнінде «Халық жауының» қызы атанып, тағдырдан көп теперіш көрді. Өмірдің уы мен балын тата жүріп, қазақтың айтулы қаламгерінің бірі, мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімжан Қазыбаевпен бас құрайды. Алпыс жылға жуық уақытын бала тәрбиесіне арнап, ұстаздық етеді. «Тағдыр», «Жүрек сыры», «Ұстаз бақыты», т.б. кітаптардың авторы Орынша Қарабалина-Қазыбаевамен сұхбат төмендегідей өрбіді…

– Нақақ жаламен «Халық жауы» атанып кеткен қазақ зиялыларының қата­рынан аталатын Ұзақбай Құлым­бетов ­туралы сұрақпен әңгіме­мізді бастасақ дейміз. Ұзақбай әкеңіз тұт­қындалғанда бес жасар бала болға­ныңызды айтасыз. Есте не қалды? Одан кейінгі өміріңіз осы оқиғамен қалай байланысып жатты?
– Ұзақбай әкем ұсталғанын көзбен көрген жан – Зылиқа апам. Ол Ұзақбайдың жары Әйіш шешемнің туған әпкесі. Әкемізді қалай ұстап әкеткені туралы әңгіменің көбін сол кісіден ежіктеп сұрап, біліп алдық қой. «Тағдыр» деген кітабымды да сол кісі айтқан оқиғалардың негізінде жаздым. Зылиқа апам мен Әйіш шешем туралы кейінірек толғармын…
Иә, ол уақытта мен бес жасар ойын баласы едім. Әкеміз Қазақстан Орталық Атқару комитетінің төрағасы болғандықтан, портреті көшеде ілулі тұратын. Сол бір қиын күндері көшеде ойнап жүріп әкемнің портреті жыртылып, жерде жатқанын байқадым. Суреті бүктетіліп қалыпты. Көтеріп алып, бүктелген тұстарын жазуға тырыстым. Бетін бояумен шимайлап тастаған екен. Бояуды етегіммен сүрте бастағанда, әлдекім маңдайымнан нұқып қалды. ­Жетелеп үйге әкелді де, анама: «Қызыңды тый!» деді. Шешем: «Бес ­жасар қызбен тайталасып жүрген сен де ақымақсың» деді…
Менің шешемнің аты – Нұрым. Ұзақбайдың туған інісі Қарабаланың әйелі. Қарабала 1929 жылы қайтыс болып, Нұрым жастай жесір қалады. Келінін жылатып жалғыз қалдырғысы келмеген Ұзақбай ақылдаса келе әмеңгерлік жолмен інісі Жолмұратты көндіріп, екеуін қосады. «Ешқайсымыз Ұзекеңнің айтқанынан шықпадық» дейді шешеміз. Сөйтіп, 1932 жылы мен, кейін Болат інім дүниеге келіпті. Анамнан Жолмұрат 12-13 жас кіші екен. Өзі де жас қой, бізді балам дей қоймапты да, Ұзақбай әкемнің шаңырағында, соның баласы болып өстік. Екі-үш жылдан кейін анам Жолмұратқа рұқсатын беріп, Ұзақбай әкемнің ­баласы атанып тату-тәтті тұрып жаттық. Екі шешенің ортасында алаңсыз өстік. Біреуі туған шешем – Нұрым. Екіншісі – Ұзақбай әкемнің үйіндегі анамыз – Әйіш. Кәкеңнің жақсылығының арқасында кейін екеуі де менің қолымда дүниеден қайтты. Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленді.
Әкеміз сотталардан бұрын Евпа­торияға демалысқа кетті де, бізді Шалқарға, туған жеріміз Ырғызға жіберді. Демалыстан қайтып келе жатқанда Алматыға алып кететін болған. Демалып жатқанда әкемізді Алматыға шақырып алып, түрмеге отырғызды. Сондықтан біз Ырғызда қалып қойдық. Әйіш шешемді АЛЖИР-ге алып кетті. Қабира апам, Бостан және Маратты Сайрам жақтағы балалар үйіне жөнелтті.
Жолмұрат тәтеміз қашып, Қызылағаш деген жерге барып жасырыныпты. Кейін Ұзынағашта қызмет еткен. Ағасы Ұзақбайдың атылған хабарын естіген соң, шашырап кеткен бала-шаға мен жеңгелерін тауып, басын қосайын деп, іздеу салады. Алматыдағы үйді баяғыда алып қойған. Әйіштің туған әпкесі Зылиқаны алдымен тауып алады. Ол кісі тұрмысқа шығып, бала сүйген. Бірақ баласы да, күйеуі де қайтыс болған екен. Жалғыз қалған сол апамызбен бірге Қарақалпақстанға кетуге бел байлайды. Ұзақбай әкеміздің көмекшісі болған Бекишев деген кісіні іздеп, Алматыдағы үйіне барады. Барса оны да, әйелін де үш әріп алып кеткен. 16-17 жастағы, ­барар жер, басар тауы жоқ Мүслима деген қарындасы жылап отыр екен. Жолмұрат жас қызды аяп, оны да Зылиқа апаммен бірге ала кетеді де, Қарақалпақстанның Мойнақ деген қаласына барып орналасады. Ол жақтағы жұрт Жолмұраттың қасындағы екі әйелдің біреуін шешесі, екіншісін әйелі екен деп ойлайды. Зылиқа апамыз Жолмұратқа: «Нұрым саған баяғыда рұқсатын берген. Мына жұрт Мүслима екеуіңді ерлі-зайыпты, мені сенің шешең деп жүр. Солай-ақ болсын. Екеуің үйленіңдер» деп, екеуінің басын қосады. Біз Қарақалпақстанға барғанда Мүслимадан екі қызы бар екен. Біреуі – 1940 жылы туған Клара, жақында қайтыс болды. Екіншісі – 1941 жылы туған Роза. Ол соғыс жылдары шетінеп кетті.
Әйішті түрмеге алып кеткен соң, Кабира, Бостан, Маратты Шымкентке, Сайран деген жаққа жөнелткен екен. Сол жерде балалар үйінде жүреді. Мараттың жасы кіші. Оны кіші балаларға арналған арнайы мекемеге жіберетін болады. Үш бауыр бір-бірін қимайды. Не істерін білмей отырғанда, кішкентай Марат: «Калининге телерамма берейік» дейді. 1935 жылы Қазақ Автономиялық республикасының 15 жылдығы мерекеленеді. Мерейтойға Бүкілодақтық Атқару комитетінің төрағасы М.И.Калинин келіп, оны орналастыратын резиденция жоқ болғандықтан, біздің үйде тұрды. Сол уақытта Калинин Маратты тізесіне отырғызып, қызықтап әңгіме айтады екен. «1789 жылы француз буржуазиялық революциясы болған. Оны Марат Робес­пьер басқарған. Сенің атыңды соның құрметіне қойған» деген екен. Калинин Мараттың есінде қалған. Мараттың айтуымен ересектеу Кабира мен Бостан Калининге телеграмма беріп, ол Калининнің қолына жетіп, «Құлымбетовтің балаларын қолына алатын туыстары болса, берілсін» депті. Осы хабарды естіген Жолмұрат балаларды іздеп келеді. Кабира студент екен, оны оқуына жіберіп, екі баланы Қарақалпақстанға алып кетеді.


Ал біз ол кезде Ырғыздамыз. «Халық жауының» келіні деп, басымыздағы киіз үйімізді де алып қойған. Бірде Жолмұраттан үшбұрышты хат келеді. Ол уақыт менің есімде. Анам хатты оқи алмайды. Біреулерге оқытты. «А, Құдай, а Құдай! Бізді іздеп жатыр екен!» деді. Нағашы атам да «Сені Жолмұрат іздеген екен ғой. Сол жаққа тарт, біз шығарып саламыз» деді. Осылайша, бізді Ырғыздан Шалқарға шығарып салды.­ Шалқардан Аралға жеттік. Аралда бізді Жолмұрат қарсы алып, теплоходпен Мойнақ қаласына апарды. Сөйтіп, шашырап кеткен туыстардың басын Жолмұрат қосты.
Сол арада соғыс басталды. Жолмұратты әскерге алмайды. «Қатын-баланың арасында қалып қойдым» деп күйзеліске түседі. Қара қағаз да біртіндеп келе бастады. Жолмұрат естіртуге барады. Естіртуден келген Жолмұрат Зылиқа апама: «Маңдайымның бес елі соры бар. Жаудың інісі деп, әскерге алмайды, адамдарды жылатып, қара қағазды қашанғы оқимын» деп мұңын шағады. 1943 жылы үйге шашын сыпырып тастап келді. «Он бірінші арызымды қабылдады. Әскерге ертең жүрем. Жыламаңдар. Жеңіп қайтамыз. Ұлықсат етіңіз» деп, Зылиқа апамнан рұқсат сұрады. Нұрым да, Мүслима да, Зылиқа апам да жылады. Ертеңінде Жолмұрат бәрімізді жинады. Ауламызға отырғызып қойып әңгіме бастады. Туу туралы куәліктерімізді өртейтінін айтты. «Құлымбетов ­болып өмір сүре алмайсыңдар» деді. Болат екеумізге «сендер Қарабалин боласыңдар» деп, қайтыс болып кеткен ағасы Қарабаланың атын айтты. Ұзақбай әкеміздің балаларында «Сендер Ұзақбаев болыңдар, Ұзақбай деген фамилияны ешкім білмейді» деді.
Кабира апам соғыс жылдарында бізді іздеп келіп, Талдықорғанға көшіріп әкетпек болды. «Нұрым, екі баланы алып, сен кете бер, Әйіш босап келген соң, соңдарыңнан іздеп барармыз» деп, Зылиқа апам Бостан, Маратпен қалып қойды.
1943 жылдың жазында Ақсуға келдік. Мартукке бардық… Қайта Алматыға келдік… Бізді қудалағаны соншалықты, мен мектепті жеті жерде оқыдым. Ақыр аяғында Жаркенттегі Молотов атындағы мектепті бітірдім…
– Әйіш шешеңіз түрмеден қашан оралды?­
–1947 жылы. Мен институтты 1952 жылы бітірдім. Ақша жинап, 1953 жылы Өзбекстанға іздеп бардық. Ол кезде Бостан ағам Урсатовск деген стансада бекеттің бастығы екен. Мойнақтан сол жаққа көшіп кетіпті. Айдала, суы да жоқ, 40 градус ыстық жер. Ақтөре апам, Кабира­ апамның екі қызы – төртеуміз іздеп бардық. Қаншама жол жүрдік. Пойыз тоқтайтын болды. Ақтөре апам: «Жолда бір әже тұр, одан басқа ешкім көрінбейді» дейді. Пойыздан түссек, әлгі кемпір бізді құшақтап жатыр. Сөйтсек, түрмеден босағаннан кейін Әйіш шешем намазға жығылып, қазақша киінген екен. Бойы бұрын да ұзын емес еді, тіпті еңкіш тартып қалған. Ақ жаулығын алқымына байлай тартып, бізді күтіп тұр. Урсатовскіде бір апта жүрдік. Алып кетпекші болып едік, баласын қимады. 1956 жылы тұрмысқа шықтым. Телеграмма беріп хабарладық. Сонда ағам, Әйіш шешем Ақсуға келді. Сол жылдан бастап Әйіш жазда бізге келетін болды.
– Енді бергі уақытқа ойыссақ. Қыздар институтының тарих факультетіне оқуға түсіпсіз. «Халық жауының» қызы ретінде кедергілер кез болған жоқ па?
– Негізі заң факультетіне түскім келген. Ол кезде Заң институты бар. Халел Досмұхамедовтің қызы Қарашаш сол жерде сабақ береді екен деп естиміз. Іздеп бардым. «Мені қудалап жатыр. Қыздар институтына бар, тек кім екеніңді ешкім білмесін» деді. Заң, тарих факультетіне ұмтылуым, өзімше әділдікті орнатам деп жүрмін ғой. Құжаттарымды Қыздар институтының тарих факультетіне тапсырдым. Емтихандардан жақсы баға алдым. Бір күні факультет деканы шақырып алып: «Сізді іздеп жүрген адамдар ­тарих факультетінен басқа ­факультетке ауыстырыңыздар деп кетті. География факультетіне ауысыңыз, орын бар» деді. Сол жерде жылап қалдым. «Мені қорғаңыз, тарих факультетін бітіргім келеді» дедім. Декан үндемей қалды. Топырағы торқа болсын, жақсы кісі еді. Әйтеуір оқуда қалдырды…
– Қыздар институтында оқып жүріп Кәкімжан Қазыбаевпен таныстыңыз…
– Иә. Қысқы демалыстан соң, ­ауылдан Алматыға оқуға келе жатқан едік. Ол кезде Ақсуда тұрамыз. Вагон толған студент. Өзім көп адаммен араласпай, қашқақтап жүретінмін. «Халық жауының» қызы деген сөз жаныма ­батады. Сарыөзектен пойызға бір ақсақал мінді. Құмалақ ашады екен. Менен басқа студенттің бәрі жапырлай құмалақ аштырды. Бір кезде «Орынша қарындасқа да құмалақ ашып беріңіз, оның да ­сырын білейік» деген дауыс шықты. Жалт қарасам қараторы жас жігіт қолындағы үш сомын ақсақалдың қолына ұстатып жатыр. Ақсақал құмалағын шашып жіберді де: «Бақыт күтіп тұр, қараторы жігітке тұрмысқа шығасың… Тек судан қашып жүр, ажалың судан болады» деді. Мен дәл сол сәтте өліп қалатындай ­жылап жібердім. Жаңағы жігіт: «Ақсақал, құмалағыңызды дұрыс сөйлетсеңізші» деді де, маған жақындап келіп, «жай уақыт өткізу ғой» деп жұбатты.
Алматыдан түсуіміз керек. ­Шабадандарымызды қолымызға алып, дайындалып тұрмыз. «Қарындас, шабаданыңызды маған беріңіз, алып түсейін» деді құмалақ аштырған жігіт. «Жоқ, жоқ» деп, шабаданымның бауын бермеймін. Өйткені шабаданымның сырмасы да, топсасы да жоқ. Ашылып кетпесін деп, ортасын арқанмен шырмап байлап қойғанмын. Содан қысылып тұрмын бір жағы. Жаңағы жігіт қоймай, «Әкеліңіз, қарындас» деп, шабаданды ұстай бергенде, қолыма қолы тиіп кетті…
Қыз болған соң, жігіттер келеді ғой. Жатақхананың сыртында шақырып тұрады. Мен олардың бірде-біреуіне шықпайтынмын. Ешқашан күйеуге тимеймін деп шешіп қойғанмын. Себебі апаларым күйеуге тигеннен көз жасы құрғаған жоқ. «Халық жауының» қызы деп, жезделерім тастап кетті, тастап кетпегені өмір бойы өкініп өтті, өкінтіп өтті… Сол мінезбен ешбір жігітке шырай берген емеспін.
Ал мына жігіттің саусағының ұшы тиіп кеткенге біртүрлі толқыдым. «Жігіттердің біреуіне ыңғай танытпап едім, неге толқыдым» деп ойладым. Сөйткенше вагоннан түсіп, әлгі жігіт «такси алып келе қояйын» деп жүгіріп кетті. Ақшамыз санаулы, бар ақшаны таксиге құртқанша, тамақ, киім алғаның дұрыс қой. Сондықтан «жоқ, такси әкелмеңіз» деп, шу ете қалдық. Жігіт такси­ әкеліп, өзі ақысын төлеп, жатақханаға жеткізді. «Міне, қызыңыз, ауылдан келе жатырмыз» деп, вахтада отырған апайға тапсырып кетті. Маған: «Атым – Кәкімжан. ҚазМУ-дың журналистика факультетінде, екінші курста оқимын. Ақсудың баласымын. Сізді сыртыңыздан танимын, анда-санда келіп тұруыма рұқсат етіңіз. Мен келгенде шығыңыз» деді де, кетіп қалды.
Сөйтіп таныстығымыз басталды.
– Ол кісі сіздің «Халық жауының» қызы екеніңізді білді ме?
– Білді ғой. Төрт жыл келіп-кетіп жүрді. Оқуымызды аяқтауға жақын қалдық. Ол бесінші, мен төртінші курстамыз. Бізді жан-жаққа бөліп жатыр. Мен Ақсуға баратын болдым.
Бір күні құрбым «Кәкең жеке шығуыңды қалап отыр. Еркелігіңді таста. Қыздардың бәрі оны ұнатады» деді. Құрбым «Жеке шық» деген соң, қыздарды ертпей, екеуміз ғана қыдырдық. Саябақта отырмыз. Кәкең: «Құмалақ ашқан ақсақалдың айтқаны есіңізде ме?» деп қалды. «Есімде». «Не деп еді?». «Қараторы жігітке тұрмысқа шығасың, бақытты боласың деген»… «Сол қараторы жігітті іздеп жүрмін» дедім «ұялған тек тұрмастың» кебін киіп. Біраздан соң: «Сол қараторы жігіт қасыңызда жүргелі төрт жыл болды ғой» деді Кәкең.
Айтар сөзімді жұптап келген едім. «Халық жауының» қызымен бас қосқан сіздің өміріңіз өмір болмайды. Сондықтан обал жасағым келмейді» дедім. Ол біраз отырып: «Тағдырыңызды білгендіктен сізді ұнатқан болармын. Заман өзгереді. Сіз көп уайымдамаңыз» деді. Заманның неліктен өзгеретінін түсінбеймін. Екінші айтқан сөзі: «Күрек ұстасақ та өмір сүре аламыз». «Күрек ұстау оңай деп кім айтты?» дедім мен де. Ақыры «Дос болып қалайық, мен сізге тұрмысқа шыға алмаймын» деп қоштастым.
Иә, ол жігіт ұнайды. Жүріс-тұрысы, әңгімесі бөлек, білімі артық. Бірақ шешімімді айттым. Ішім удай ашып барады. Бір жағынан «Дұрыс істедім, арым таза, обалына қалмайтын болдым» деп, жеңілдеп қалдым. Соңғы курстамыз. Қыздар тұрмысқа шығып жатыр. Тойға барамыз, ол тойға Кәкең де келеді. Дастарқанда менімен бірге отырса да, «газетте кезекші едім» деп, «сізді жолдас­тар апарады» деп, кетіп қалады. «Суына бастаған екен ғой» деп ойладым. Оқуды да аяқтадық. Ақсу Алматыға жақын болғандықтан, алыстағы қыздарды ауылына шығарып салып, соңынан қайтатын болдым. Түнімен жастығымды сулап шығамын. Кәкең күндіз келгенде сыр білдірмеймін. Бірде қайтатын күнімді сұрады, шығарып салайын деді. Кететін күнімді айттым. Содан Қынай деген Қапалдың қызы бар еді, екеуміз пойыз күтіп бекетте отырмыз. Қынайдың ойында түк жоқ: «Кәкімжан келмеді ғой, өкпелесіп қалып па едіңіздер?» деп сұрайды. Өзім де елеңдеп, «шын суынған екен, дұрысы сол ғой» дегенмен, жүрек құрғыр күйіп тұр. Пойыз жүруге жақын қалды. Сол сәтте Кәкең үлгеріп жетті. «Сөйлесіп алыңыздар» деп, Қынай жеке кетті. Екеуміз үн-түнсіз отырмыз. Бір кезде барып: «Суретке түсейік» деді. Мен азар да безер қарсы болдым. «Бір ескерткіш қалсын да, жаманды-жақсылы төрт жыл дос болдық қой» деді. Тағы да үнсіз қалдық. «Неге сөйттім?» деп ойланып отырмын. Бір кезде барып: «Жарайды, түссек, түсейік» дедім. Түсіп алып, «суретті ешкімге көрсетпеңіз» дедім. «Ол менің альбомымда болады» дейді Кәкең. Сол арада пойыз да жүретін болды. Мені вагонға мінгізді. Пойыз ақырын қозғала бастады. Терезеден қарап тұрмын. Ол пойызбен бірге жүріп келеді. Бір кезде: «Сізді неше жыл күтейін?» деді. Үндемедім. Сөйлей алмадым, шыны керек. Бар болғаны төрт саусағымды көрсеттім. «Уәдеге берікпін, төрт жыл десең, төрт жыл күтейін» деді Кәкең. Студенттердің «Когда душа поет» деген әні бар еді. Сол өлеңді айтып, қол бұлғап қала берді…
– Неге төрт жыл?
–Неге олай дегенімді өзім де білмеймін. «Жұмыс істеп, анамның иығын бүтіндеймін» дейтінмін. Сол сөзбен төрт жыл жұмыс істеймін деген болармын. «Шын сүйсе күтеді, сүймесе өзгеге үйленеді» деп те ойлаған шығармын.
– Ақсуға келіп ұстаз болдыңыз. ­Кәкім­жан­ Қазыбаев ауылға келіп тұрды ма?
– Әрине. Сол жылдың қарашасында келді. Бірақ кездесуге шықпадым. Өйткені Ақсуда өзімнен бір жас кіші ­балаларды оқытып жүрмін. Соғыс кезінде оқымай қалған балалар ғой. Директордың орынбасары тәртіпті бұзбауымды қатаң ескерткен. Менің алдымда ғана Қыздар институтын бітірген тарихшы қыз сабақ беріпті. Сол ұстаз қыз, басқа жігіт таба алмады ма, әлде оныншы кластың баласы мықты болды ма, өзі сабақ берген оқушымен жүрген ғой. Қалғандары оны біліп қойып, ­басынып, «жеңгей-жеңгей» деп, сабақ тыңдамай қойған. Ауылда жалғыз көше, жалғыз саябақ. Біреуі болмаса біреуі көретіні анық. Кәкең бірнеше рет келді. Бірде-бір рет жеке шыққан жоқпыз. Көп ішінде көрем. Мектепке келеді, директормен, ауданның басшыларымен бірге жүреді. Кездескенде көптің көзінше амандасамын. «Кездес­пей қалғаным ұят болды-ау» деп ойлаймын. Соңымнан хат келеді. Хатында: «Білемін, махаббаттан мұғалімнің беделін артық қойдыңыз. Оныңыз дұрыс. Жел сөзге қалмайын дегеніңізді құптаймын. Менің көңілім баяғы қалпында» дейді.
Сөйтіп жүргенде төрт жыл өтті. Ол кезде Бижамал Рамазанова Талдықорған облыстық комсомол комитетінің хатшысы. Мен пленум мүшесімін. Ақсудан пленумға барып тұрамын. Кәкеңе күйеуге шығам деген жылы Бижамал апа мені Мәскеуге оқуға жібермек болды. Кәкеңе: «Бижамал ападан рұқсат алыңыз, мені Мәскеуге жіберейін деп жатыр» дедім. Кәкең барған соң, Бижамал апа райынан қайтып, «Жарайды, төрт жыл күтсең, обал болар» деп, бізге батасын берді. Уазигіне мінгізіп, Алматыға жіберді. Сол көлікпен Бауыржан Момышұлының үйіне келін болып түстік…
– Сіз – ұстазсыз. Алпыс жылға жуық мұғалім болдыңыз. Ол кездегі ұстаз бейнесі мен қазіргі ұстаз бейнесін салыстырғанда қандай ұқсастық байқайсыз, қандай айырмашылық көресіз?
– 57 жыл армансыз, өкінішсіз ұстаз атандым. Төрт жыл Ақсуда мұғалім болдым. Алматыға келіп, жұмыс табылмай, «Пионер» газетінде қызмет істедім. 1957 жылы Алматыда қазақ мектебі ашылды да, соған әрең дегенде 1961 жылы іліктім. О баста тәрбиеші болып кірдім. 77-ге келгенше, 2007 жылға дейін сол мектепте сабақ бердім. Ол уақыт пен қазіргі ұстаздың айырмашылығы аса байқалмайды. Сабақ беру методикасы ғана өзгеше шығар.
– Ал ұстаздың беделін қалай түсінесіз?
– Қазір мұғалімнің беделін көтереміз деп жүрміз ғой. Өкімет те мұғалімді қорғаймыз, артық жұмыс істетпейміз, айлығын ұлғайтамыз дейді. Ұстаз ретінде айтайын, мұғалімнің беделін мұғалімнің өзі ғана көтере алады. Ол үшін ұстаз білімді, тәрбиелі болсын. Қазір жасөспірімдер арасында суицид көбейіп кетті дейміз. Бала неліктен күйзеліске түседі? Себебі күйзелістегі ­баламен не ата-анасы, не мұғалімі дұрыстап сөйлесе алмайды. Өз баласын өзі танымай жүргендер бар. Күйзеліске ұшыраған баланың түрі белгілі. Ал қазір мұғалімнің өзі балаға әлімжеттік ­жасайды, үстемдігін орнатқысы келеді. Ақыр аяғында бала өз проблемасын өзі шешу үшін суицидке кетіп қалады. Екінші жағынан, біз баланы тым өбектеп жібердік. Міне, осы біраз уақыт болды, баламыз еден жумасын деп, біраз ата-ана шулап жүр. Айналайындар-ау, баланың аядай кластың еденін жуғанында не тұр? Еденді бір ғана бала сүртіп шықпайды ғой. Екі бала бірігіп сүртеді, қасында мұғалімі жүреді. Содан баланың белі бүгіліп, қолы бүлініп қала ма? Еңбектен қашқан бала, еңбек істеткісі келмеген ата-анаға таңым бар. Баласын өмір бойы қасында ұстамайды. Ол студент болады, отбасын құрады. Қазір ажырасу көп. Неге? Оның бәрі еңбекке үйренбеген баладан емес пе?
Зейнеткер болсам да мұғалімге жақтасамын. Мұғалімнің жұмысы ауыр. Кезінде бір күнде алты сабаққа кірдік. Бір күннің ішінде алдыңнан 180 бала өтеді. Орта есеппен әр сыныпта отыз, кейде 40 бала. Демек, күніге 180 бала көз алдыңда болуы керек. 180 баланың біреуі – еркетотай, екіншісі – енжар, тағы бірі– жалқау. 45 минутта сен ол балаға білім де, тәрбие де беруің керек. Тәртіпсіз балалар болады. Оған айғайлай берсең, басқа баланың сабаққа деген зейінін құртасың. Сондықтан мұғалім ­болып мектепте қалам десең, өз мінезіңді, жүрісіңді түзе, денеңді бақыла, киімің қонымды, үнің жағымды, артық сөзің болмасын. Әзілді, ұтқыр сөзіңді, мақал-мәтеліңді орынды жерде пайдалан. Көз қиығыңмен оқушыны тәртіпке шақыр. Сөзіңді тыңдат, айтқаныңды орындат. Сонда беделің артады. Талапты орындату қатаңдық емес. Оқушыңды жігерлендір, көзінде оты барлардың отын жақ.
– Педагог әдепті болу үшін не істемек керек?
– Ұстаздың әдебі деген – оқушымен, әріптестеріңмен, ата-анамен қарым-қатынас орната білу шеберлігі. Ол ұстаздың білімділігі, біліктілігі, тәрбиелілігі, тіпті ұстаздың мейірімділігі, ізденімпаздығы, тәжірибесінің молдығы дер едім. Балаға мейірімі жоқ, баламен санаспайтын мұғалімдер бар, өкінішке қарай. Мұғалімді айтасыз, қазір педагогтық әдептің не екенін білмейтін директорлар да бар. Мұғалімнің беделін көтеретін – директор. Бұл туралы кейін бөлек сөйлесеміз. Бала тұлға болуы үшін өзіңде тұлғаның қасиеті болсын. Шын ұстазсың ба, баланың жанын ұқ, оның досы, сырласы бол. Селқос баланы енжар тәрбиеші мен мұғалім тәрбиелейді. Ұстаз әдебі туралы да кейін сөйлесерміз.
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Қарагөз Сімәділ

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.