Еңбек кодексінде ескерілуі тиіс

Еліміздің тұрақты дамуының басты көрсеткіштері – әлеуметтік-экономикалық және саяси жүйенің жаңғыруы мен қазақстандықтардың әл-ауқатының артуы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауында осы мәселелерге айрықша тоқталғаны жайдан-жай емес.

Қазір жұмысшылардың еңбек жағ­дай­­ларын жақсарту және олардың мәрте­бесін арттыру бойынша бірқатар іс-­ша­ра­лар қолға алынды. Бұл мәселенің ой­да­ғы­дай жүзеге асуы үшін заңдық және құ­қықтық алаңда белсенді жұмыс істеу қажет.
Жасыратыны жоқ, қазіргі Еңбек кодексіне қатысты еңбеккерлер тара­пынан көптеген сын-ескертпе бар. Соған қарағанда, Еңбек кодексін жақсарта­тын уақыт жетті. Өйткені басқасын айтпағанның өзінде, жұмысшылардың кепілдері мен құқықтарын қайтару, жүйелі әлеуметтік әріптестікті күшейту және еңбек адамдарының мүдделерін кемсітетін нормаларды алып тастау қажеттігі жайлы жиі айтыла бастады. Шетелдік инвесторлар басқаратын компанияларда жергілікті жұмысшылар­дың құқықтары мен мүдделері жеткі­лікті деңгейде ескерілмеуі салдарынан наразылықтар болып жатыр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы өзекті мәселені өз Жолдауында баса айтқаны жайдан-жай болмаса керек.
Жалпы Қазақстан еліміздегі еңбек жағдайларын жақсартуға байланыс­ты­ Халықаралық Еңбек Ұйымымен бірге белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Бұл ұйымға биыл 100 жыл толып отыр. ­Қазақ­стан­ Республикасы 1993 жылдан бері осы Ұйымның мүшесі. Халықаралық Еңбек Ұйымының конвенцияларын Қазақстанда ратификациялау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Біздің елде бүгінгі күнге дейін 189 конвен­цияның 24-іне ратификация жасалды.
100 жылдығын атап өтіп жатқан Халықаралық Еңбек Ұйымы 2019 жылы кем дегенде халықаралық еңбек нормативтері құжаттарының біреуін ратификация жасау жөнінде әлем мемлекеттерінің Үкіметтеріне үндеу жолдаған болатын. Ал осы жылдың ­наурыз айында Кәсіподақтар федерациясы Қазақстан Республикасының Үкіметіне Халықаралық еңбек ұйымының бес конвенциясын ратификациялау мүмкіндігін қарастыру жөнінде ұсыныс жасады. Оның біріншісі – «Әлеуметтік қамтамасыз етудің төменгі нормалары туралы» 102 конвенция». Бұл конвенцияда медициналық қамсыздандыру, сырқаттану, жұмыссыздық, кәрілік бойын­ша қамтамасыз ету, өндірісте ­жазатайым жағдайға душар болғанда және кәсіби ауру-сырқауға ұшырағанда отбасын қамтамасыз ету, бала туу себепті және мүгедектік бойынша, асырау­шыдан айырылып қалған жағдайда қамсыздандыру қарастырылған. Екінші – «Дамыған елдерді ескере отырып, төменгі еңбекақыны бекіту туралы» 131 конвенция». Бұл конвенцияда ең төменгі жалақы бір жағынан жұмысшылардың, сондай-ақ­ олардың отбасыларының мүддесі, ал екінші жағынан экономикалық даму мүддесі ескеріле отырып, белгіленуі тиіс екендігі көрсетілген.
Үшінші – «Ұжымдық келіссөздер арқылы ықпал ету туралы» 154 конвенция». Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде «Еңбек саласындағы әлеуметтік әріптестік туралы» тарау бар. Онда әлеуметтік әріптестік тараптарының өзара қарым-қатынас қағидалары, әлеуметтік әріптестік деңгейлері, оның түрлері мен тараптардың жауапкершілігі бойынша негізгі түсініктер мен іс-шаралар кешені анықталған. Төртінші – «Толық емес жұмыс уақыты жағдайын­дағы жұмыс туралы» 175 конвенция». Бұл конвенция жұмыспен қамтудың қосымша мүмкіндіктерін қарастырады. Жұмыс уақыты толық емес еңбеккер үшін ұжымдық келіссөз жүргізу, еңбек қауіпсіздігі мен еңбек гигиенасы, жыл сайынғы ақылы демалыс немесе мереке күндерінде жұмыс істесе ақы төлеу және басқа да құқықтары қарастырылған. Бесінші – «Ауыл шаруашылығындағы еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасы туралы»­ 184 конвенция». Бұл конвенция ауыл шаруашылығында өндірістік жарақаттанудың, жұмыс жағдайында ауру-сырқау мен өлім-жітімнің алдын алу мақсатында еңбек қауіпсіздігі мен еңбек гигиенасын тұрақты жетілдіруге жәрдемдесу үшін қарастырылған.

Ғалым АСЫЛ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.