ҰЛЫ ДАЛАҒА ДЮМА-ӘКЕ ҚАЛАЙ ҚҰМАРТТЫ?

Адамзатқа азаттық аңсағандардың сойынан болғандықтан ба, ол бір орында ошарылып отырып қалмай саяхаттауды жаны сүйетін. Жерлестерін жалт қаратып, өзіне табындырып, «Құдай айтты, ал мен жаздым» деп жүріп, ақыры елу алтыдағы жазушы ұзақ жолға бел байлады. Салмағы артып, денесі ауыр тартса да жеңіл екен, тез жиналды. Ескі Еуропаны қақ жарып, Шығысты көздеп, Балтық теңізімен жүзіп, Санкт-Петербургке ат басын бұрды. Жолай Ресейдің бірінші астанасына соғып, Нижний Новгородта кемеге отырып, төменге қарай қос құрлықты қапталдай Еділді бойлап, Қап тауына бет алды. Әуелі ешкім бармаған жерді аралап, Прометей бұғауланған құзардан хабар беремін деп, қалың оқырманын алдарқатты. Көзіне оттай басылып, перизаттай көрінген Париж артта қалып, өзі «итарқасы» атаған жұмыс орнына да іштей қайыр қош айтты. Азанмен оятатын Цезарь әтешінің айдарынан сипады. Әріптестері Виктор Гюго, Оноре де Бальзак пен Жорж Санд (Аврора Дюпен) та әлі тірі еді. Лев Толстой өмірбаяндық хикаяттарын жариялап енді-енді әулиехана әдебиет табалдырығын аттаған болатын.

Сонымен, 1858 жылдың маусымын­да­ көп қарбалас қарекеттен кейін Александр­ Дюма-әке үш мың лье жол жүріп, мехнат кешіп, сапар сазы билеп, бейтаныс өлкеге аяқ басты. Дәмесі көп еді. Оған ұзынқұлақ дабырайтып, лақап пен өсек-аяң ілесті. Тіпті өлді деген хабар тарады. Жүргенге жөргем ілігеді. Арман теңізіне жетіп, ой кешіп, даланың ­досына айналды.­ Бұл жоспардың жұмбағы көп…
«Мен өз сюжетімді қиялдан аламын, ал ұлым шындықтан табады. Мен көзімді жұмып, ол көзі ашық күйде жұмыс істейді. Мен бейнелеймін, ол суретке түсіреді. Александр (кішісі – А.Н.) өз пьесаларын шығармайды, бейнебір нотаға қарап ойнап отырғандай күй кешеді, оның көз алдында тұтас сырлы сызықтар» дейтін ұлы қаламгер суреткерлік ұстаныммен бейтаныс жаңа ортада да азаматтық қалпын сақтады. Кәуәпқа тәбеті тартып, арақтан тыжырынып, шұбатты ұнатып, қымыздан ұрттайды.
Ғажап ғұмырын ұдайы жер танып, соны сезім іздеп, тосын тағдырлы тұл­ғалармен танысуға құмбыл қалам­гердің іштей дайындығы мен беймәлім елдер туралы толғаған басылымдардың біреуі болмаса, біреуіне көзі түспеуі мүмкін бе?
Ол А.С.Пушкиннен кейін ширек ғасырдан соң, Еділ атырауына келген еді. Біздің баспасөздерде оқтын-оқтын Дюма-әке Қазақстанда болды ма, жоқ па деген бөстекі жаман дағды бар. Басы ашық мәселені бүйтіп бұлталақтатудың ешқандай жөні жоқ. Әйтпесе, Алтын Орданың шаһары Қажытарханнан баласына хат жазбаған болар еді.
«Қымбатты ұлым менің!
Сенің хатың Астраханьда қуып жетті. Лакура «Астраханнан оралмайсың» дейтін. Бәзбірде Лакура пайғамбардың пайғамбары ма деген ой қылаңытады. Қыс бойы мен осында қамалып, ішқұса болып қалатындай көрінді маған. Бірақ, сабыр сақта, ертең жолға шығамын. Менің саяхатым туралы білгің келе ме?» деп жазды әкесі баласына. «Нижнийде Сібірде отыз жыл болған соң, Ресейге оралған менің романым «Семсерлесу сайыпқыранының» екі кейіпкері – ­Анненков пен Луйзаны кездестіргеннен кейін… Қазанға соғып іле-шала «Ана» немесе «Әке» дейтін Еділмен төмен қарай жүздім. Сосын – Камышин. Камышиннен (назар аудар!) – мен қырғыздарға (қазақтарға – А.Н) барамын. Картадан көлді, дұрысы үш көлді тап, олардың біріншісі – Елтон. Мен онда даланың қақ ортасында киіз үйде түнеп, тамаша кісі Астрахань казактарының атаманы Беклемишев мырзамен табақтас болып, сыр-сұхбат құрдым. Астраханнан түз қойын әкелді, онымен салыстырғанда норманд қойлары түк емес… Бізге құй­рықты бөлек берді – оның салмағы он төрт фунт тартады…
Елтон көлінен менімен бірге Бас­құншақ көліне қарай ілес. Бұл өзі шеңбері екі миль келетін өте көрікті көл. Біз оны айналып өткенде менен есепте тұрған үшінші көлді көрмес пе екенсіз деп сұрады. Алайда мен бұл сәтте су мен түзге әбден мелдектеп тойған едім. Қай­тадан мен Еділмен жүзіп кеттім. Онда мен Астраханьға апаратын кемеге отырдым.
Ол жерде аялдап, Сенадағы бықып жататын бақалардай жыртылып-айырылатын жабайы қаздар, үйректер, қызыл қаздар мен түлендерге аңға шықтым».
Өстіп әке ұлын өзіне ден қойғызып ұйытып алады да одан әрі Шығыс халық­тарының салт-санасы, әдет-ғұрпы, серілік мінез-құлқы туралы тәптіштеп кетеді.
Жұрттың жорамалдап айтуынша,­ Бөкейхановтардың бірінің үйінде қонақта болып, жас Шәңгерейге (кейін­нен­ атақты ақын) «Жас ханзадаға ноян­­дық табандылықпен қызмет етуге дайын­мын» деген қолтаңба ескерткішін қалдырады. Куәлардың көрсеткені бойын­ша, кеңестік кезеңде қуғын-сүр­гінге дұшар болып, қолтаңба мен кітап ұшты-күйлі жоғалып кетеді.
Шіркін, Фатима ханшаның тұсында Жасқұс қандай еді! Бауында бұлбұл сайрап, әуіт-әуізінде балықтар шоршып, миуа майысып, алаңқайда гүлдер жайнап тұратын. Жұртшылықтың таңдай қағып, сүйсініп сүйінуіне қарағанда, жердегі пейіштей болатын.
Жәңгір ханның немере інісі Дәулет­керей Шығайұлы (1820-1887 жж.) күйдің үлкен мектебін қалыптастыруға үлес қосып, өнерге кең өріс ашып, сұлтандық пен биік лауазымды тәрк етіп, шабыт шыңына шығандауға бет алған.
1894 жылы генерал-лейтенант атағын алған Ғ.Жәңгіров әкесі өлімінен көп кейін, 1856 жылы Петербургтағы паж корпусын үздік бітіріп, Думадағы мұсылмандар қанатына, әсіресе, қазақ депутаттарына ұдайы қолдау білдіріп, барынша көмек көрсететіні жиі айтыла бастады.
Парижде болғанда Дюма-әкенің Ресейге келіп-кетуіне ықпал еткен граф А.Г.Кушелев-Безбородко қоңсы қонған (Ауыл арасы 30 шақырым). Ғабдолланың Шыңғысхан сұлтан лақап аты бар адамды­ француздың мәшһүр жазушысының көріспей кетуі мүмкін еместей көрі­неді. Қамқорлығындағы он бір жасар ­Шәңге­рей­дің (ел аузында жүргендей): «Жас ханзадаға нояндық табандылықпен қызмет етуге дайынмын»­ деп қолтаңба қалдыруы болған оқиғадай. Тек кітап төңкеріс аласапыранында жоғалып кетуі де кәдік. Әй, тағдыр-ай!
Мұндағы Беклемишев кім? Ол патшаның сеніміне кіріп алған граф Кушелев-Безбородконың адамы ­болуы кәдік, ол Еділ бойында 185966 ­десятина 778 сажен жері, мыңғырған малы, көптеген қызметкері бар көпес (Дюма-әкенің осы сапарына себепкер­ болған). Тарихи романдары мен пьеса­ларында басты оқиғалардан онша алыс ауытқымайтын суреткердің жолжазбаларының кей тұсында қиял-ғажайып жайттарды қосып, әсірелеп оқушысын қызықтыру үшін түрлі бейнелеу тәсілдеріне барып, қалам тербейді. Дала дастарқанынан дәм татып отырып, тарту-таралғы сый табақтардан тасбақа етін жедім деп бөседі. Қазақтар ешқашан құдайы қонағына (ашаршылықта болмаса) ­харам ас ұсынбаған. Жылқы етін әсіппен бірге қойғанда, бәлкім, қазы-қарта бұжыр-бұжыр, иір-иір болғандықтан мимиырт мақұлықтың мойнына ұқсап кетуі де ықтимал.
Парижден Астраханьға дейінгі ­саяхатында сый-сияпат өз алдына, ұсақ-түйек жайлар да қонақ көзінен қағыс қалмағандай. Батыс оқырманы үшін бәрі қызық, бәрі тосын, бәрі таңсық. Дюма-әке­ соны былай тап басады: «Сол сәтте керемет көрініс ашылды. Арқыраған асау аттарды құрықпен ұстау басталды. Жайдақ аттар әлекедей жалаңдаған ­шабандоздармен бірге тура Еділге қарай самғады. Он, жиырма, елу сәйгүлік суда құтырынып, құмда аунап шатқаяқ­тады. Жер тарпып тістесті, оқыранып кісінеді: атшабарлардың сұмдық нөпірі жұлдыздай ақты: оны көрмегендер осынау көріністі еш көзге елестете алмаған болар еді.
Біз Еділді жүзіп өтіп, аққуларға сұңқар салғанға қатыстық. Бұның бәрі – аңшылық, үлде мен бүлдеге оранған сарай ханымдары бейнебір орта ғасырлардағыдай әсер етіп, сен қанша бір осы заманға құлдық ұрсаң да қатты қайран қалдырар еді. Содан соң дастарқанға отырдық. Біздің Сент-Ассиздегі кешкі асымызды еске салатын құс сорпасынан дәмауыз тидік: ол құзғыннан пісірілсе де ұқсастығы толық болар еді. Одан басқа тамақтар, тасбақа мен әсіптелген жылқы шекесін қоспағанда, Еуропа асханасынан алыныпты…
Сен сенесің бе, мен жасыл жуамен қосып жылқы етін жедім, ол сондай тіл үйіретін дәмді екен. Бұны қымыз хақында айта алмаймын.
Келесі күні таңертең біздің әрқайсы­сымызға төсектен тұрмай жатып, аш­қарынға үлкен саптаяқпен шұбат әкелді. Өзімді Буддаға тапсырып, сіміріп салдым».
Александр Дюма-әке патшалық Ресейге­ әзірейілдей еді. Демократия­мен «ауыратын» үлкен дарын иесі шонжарлар құлдығындағы шаруалар құқын қорғап, іш тартты. Бұратана халық өкілдерімен пікірлесті. Ол қайда да жандармерия тыңшыларының бақылауында болып, еркін жүріп тұра алмады. Отанына оралысымен өзін толғандырған тақырыпқа қалам тартып, «Парижден Астраханьға дейін» атты жеті кітаптан тұратын қол­жаз­басын бастырды. Өкінішке қарай, олардың жеке-жеке тараулары ғана орыс тіліне аударылып, айналымға мүлде түскен жоқ. Ал қазақша нұсқасы тіпті кездескен емес. Бұл алдағы күндер құзырындағы күттірмейтін шаруа.
Ала-құла жазса да көп тындырған ­сарабдал суреткер бірде былай, бірде олай шалқиды. «Тарих деген не? Ол – менің романдарымды ілетін мық шеге».
Буырқанған уақыт бұл лебізді растап келеді. Даламен құштар дидарласып, көп тебіреніп Қап тауы жағындағы жағада қарт Каспиймен қимай қоштасарда ол ағыл-тегіл ақтарылып, бүкпесіз сыр ашады:
«Каспий теңізімен жүздесіп, мен жаңа дос таптым. Біз бір айдай бірге болыппыз; маған оның тек қана тулаған толқындарын көрсетуге уәде етіп еді, ол күлімсіреген рай танытты. Дербентте бір-ақ­ рет қасын сүрмелеген еркетотай­дай керген кең кеудесін ақ көбік шілтерімен жапқансып еді, алайда келер күні одан сайын сұлуланып, тартымды бола түсіп, моп-момақан мөлдірей қалыпты.
Беу, Иркании (арман) теңізі! ­(Кас­пий­дің бұрмаланған бір аты болуы мүмкін. Өте ертеде оның оңтүстігін Гиркания елі («Қасқырлар қонысы») мекендеген. Гиркани (парсыша). Сені ат төбеліндей ғана ақындар көрді: ­Орфей Колхидада аялдады; Гомер (Өмір – А.Н.) саған жете алмады; Аполлоний Радосский ешқашан Лесбостан асқан жоқ; ­Эсхил өз Прометейін Қап тауына­ бұғаулады; Вергилий Дарданеллы дарбаза­сына тоқтады; Гораций Август пен Меценатты жырлау үшін төтесінен Римге­ оралды; Овидий Понт Эвксинскийге жер аударылып, әрең есін жиды; Данте, Ариосто, Тасс, Ронсар, Корнель сен туралы тіпті түсінігі болған емес; ­Рапин Авлидегі өз Ифигениясында мінбер орнатты; ал Гимон де ла Тушь Тавридада – өз Ифигениясында ғибадатхана тұрғызды; Байрон Константинопольда зәкір тастады; Шатобриан Әулие Людовик мұрагерінің жүзін шаюға Иордан суын қотарды; Ламартин сапарын Христ емес, Азия шекарасындағы айқыш етегінде аяқтады; Гюго мызғы­майтын жартас құздай буырқанған кезде теңізге шығып кетіп, бірақ жолда кездес­кен тұңғыш тосқауылда тұрып қалды; Сені көріп, сүйіп қалған алғашқы ақын Байкөл сеңінен шыққан Марлинский көзіне оттай басылдың, ол да мен сияқты сенен ажырасқан сәтінде қиналып, жоқтады; сенің жағаларың қонақжайлық көрсеткен соң, ол сүйіп тұрып, мұңайып, Ольга Нестерцованың қабіріне жас толы көзбен қарады; маған ұқсап сенімен мәңгі қоштасты; ол өлуге бел байлады. Бәлкім, мәйіті табылмаған Адлер орманында тазаланғысы келді ме екен, кім біледі?
Сен, Аттиланың (Еділ) Шыңғыс хан, Темірланның теңізі, Петр I мен Нәдір шаһтың теңізі, оның қасіретті қоштасу сөзін еске түсіріп сақтай алдың ба? Мен қазір оны сен сирек есітетін тілде қайталап айтып беремін. Өйткені бізге белгісіз ақын лебізі болғандықтан қайыра айтып беремін».
Бұдан әрі Дюма-әке А.А.Бестужев-Марлинскийдің «Каспиймен қошта­суын» французшалап тәпсірлеп кетеді. Ақын деп атайды. Ол кім болатын? Бауырлар Николай, Александр, ­Михайл мен Петр Бестужевтар декабристер қозғалысына қатысып, Солтүстік қоғамның белсенді мүшелері болып, шен-шекпеннен айырылып, Сібірге айдалғандар. Соның ішінде ақын-жазушы А.А.Бестужев-Марлинский (1797-1837 жж.) «Полярная звезда» аль­манағының негізін қалап шы­ғарушы. Француз қаламгері оларды мүсір­кеп аяды ма, әйтеуір, Александр Алек­сандровичтің очеркін француз тіліне аударып, оқырманға ұсынады.

Аян-Сейітхан НЫСАНАЛИН

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.