ЕР АТАҒЫН – ЕЛ САҚТАР

Қазір қазақ елі абыройы артқан, төрткүл дүниені мойындатқан мемлекет.
Сол тәуелсіздіктің жолында қазақ бабам не көрмеді десеңізші. Еліміздің басынан азап та, аштық та, сұм соғыс та өтті. Әсіресе, өткен ғасыр қазақ халқына ауыр тиді.
Тәуелсіздік – ұлттық тілдің, дәстүрдің, салт-сананың мызғымас тірегі. Күшті алтын діңгегі, халықтың бақ жұлдызы. Енді сол басқа қонған бақты бағалап, қызғыштай қорғауымыз керек.
Қазақ елінің тұтастығы және ұлттың дамуы мен тәуелсіздігі үшін күрес­кен тарихи тұлға – қазақ батыры­ әрі биі Сартай Байжанұлы. Туған жердің әрбір бөлігі үшін жан беріп, жан алысқан бабалар ерлігін әрдайым еске алып, кейінгі толқынға аманаттап отыру – парыз. Ұлтымыз үшін ауыр сын болған, ұлт тарихында мәңгілікке қалуға тиіс айтулы оқиғалардың бірі – Бұланты шайқасы. Егер Бұланты мен Аңырақай шайқастары болмаса, Қазақ ордасы осыдан жүз жыл бұрын мүлде тозып, құрып кеткен Ноғай ордасының кебін киері анық-ты.

XVIII ғасырдың жиырмасыншы жылдары қазақ үшін қасіретті жыл­дар болды. Жан-жақтан бөрідей ұмтылған жоңғар-қалмақтар халықты қырғынға ұшыратты. Жоңғарларға қарсы алғашқы ірі шабуыл Ұлытау аумағында Бұланты, Білеуті өзенінде болды. Бұған үш жүздің барлық әскері қатысты. Жауға алғаш соққы Сарысудың батыс жағалауында Шұбартеңізде берілді. Қазақтардың екпіні қатты еді. Жау амалсыз аттың басын кері бұрып, Білеутіге қарай шегінді. Осы кезеңде кіші жүз биі ­Байжан баласы Сартай батыр Әбілхайыр ханның жасағын іздеп шыққаны ақын жырында былай суреттеледі:
Қозы жауырын қу жебе,
Сартайдың қолында.
Дула деген ағасы
Келе жатыр оңында.
Ғайып ерен қырық шілтен,
Сартайдың тобында
Мінген аты – Шалғасқа,
Мың баласы соңында.
Қомына сауыт бөктерген,
Кимейді жаудың жоғында.
Жарқырайды сары жез
Қозы жауырынның оғында.
Анталап олар келеді,
Ұлы жорық жолында.
Әбілхайыр сол сапар,
Ақсұңқар құстай түлеген
Кілең тұлпар мінгені
Тап көз сауыт кигені
Іздегені батырлар
Үзеңгіде шіренген.
Аттың асыл әбзелі –
Алтындаған жүгеннен.
Кейде тартып ат басын
Ауық-ауық жіберген.
Неше ұдайы жол шекті
Азамат қайтпас жігермен.
Қазақтың қалың әскері
Бұланты деген бұлаққа
Осылай келіп тірелген.
Алдында қалың жау тұрды
Қара бұлттай түнерген.
Зеңбіріктер зіркілдеп
Алысқа дабыл жіберген…
Бір айта кетерлігі, жоңғарлар мыл­тықты сатып алумен, тартып алу­мен қатар, оны өздерінде жасауды қолға алған. Ал қазақтың мылтыққа, зеңбірекке қарсы қолданғаны – айбалта, садақ, найза, қылыш еді. Бұланты шайқасы бұл азаттық жолындағы Ұлы Отан соғысы болды. «Барша қазақтың әр қимылы мен іс-әрекетінде елсүйгіштіктің айқын белгісі болмаса, Отанымызды үлкен қатер күтіп тұр» деп, ­Сартай атамыз осыдан үш ғасыр бұрын ­бекерден-бекер айтпаған еді. XVIII ғасырда Каспий теңізінен Алтайға дейін жайылған Қазақ даласында ұлтымыз үшін қиын-қыстау сынақ жылдары болып, ел басына «ел болу, не табанға түскен құл болу» күні туды. Сондықтан Байжан би мен Бүкірек батыр және ел арыстары Сартайдың талабын қолдап, «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» деп, үш жүздің басын қосу үшін барлық қазақ рулары арасынан «елім, жерім, қазағым» деп жанып тұрған өжет, тапқыр, ақылды, қайратты жігіттерді іріктеп алып, қол жинап, жаттықтыруды жолға қойып, оған аянбастан тер төгіп, бірлесе атсалысқан. Байжан би Сартайдың бала кезінен ширақ, буыны қатты, атқа үйір болуына байланысты, оған «Шалғасқа» атты ақ қасқа құлынды атап, шабандоздыққа баулыған. Бұл құлын Сартаймен бірге талай ­шабыстардан өтіп, жауға шабар атына айналған. Сартай алты жасқа келгенде әкесі «Сен азамат болдың, болашақта елді қорғайтын нағыз батыр боласың» деген сеніммен шеберлерге күміспен көмкерілген ер жасатып, қамшы өргізіп берген. Қазіргі кезде бұл құнды дүние, яғни «ашамай» ер батырдың ұрпақтары Көкебай Қуаназардың қолынан өтіп, Орал қаласындағы өлкетану музейінің «Алтын орда» залында көрермендер назарына ұсынылып отыр. Әкесі Байжан ­Сартайды жастайы­нан өмірді көрсін, айналасын біліп, дербес шешім қабылдап үйренсін, аңғарғыш болсын деп, ­жанынан тастамаған. Сауатын ашсын деген ниетпен сол кездегі білім көзі – діни оқуға оқытқан, ел арасындағы халық мүддесіне қатысты өткізілетін ­жиындардан қалдырмай ертіп жүріп, ой мен тіл жүйріктігіне баулыған. Ел азаматтары Сартайдың жастайынан ересек адамдай, ақылдылығына, еңбекқор табандылығына, қарудың барлық түрін еркін қолданып, ат құлағында хас батырдай ойнайтынына таңғалып, бұл баланың болашағы зор болатынына кәміл сенген. Ел қадірлісі Байжан би үзеңгілес досы Бүкірек батырға «Сартайымыздың қасына жас біткенді топтастырып, оларды хас батыр қылып тәрбиелеуді қолға алсақ қалай болады?» дегеніне Шыңғыс хан тұқымы Бүкірек батыр «Ертең Отанымызды қорғайтын – осылар. Оларға соғыс өнерін үйретуді өзіме аламын» деген екен. Әкесі Байжан бидің даналығы: егер ұлт болашағын ойласа, жастарды дүниеге келгеннен отбасын, елін сүйетін, жан-жағын сыйлайтын адам етіп тәрбиелеу қажет. Өйткені болашақта қазақ жерінде өмір сүретін де, оны қорғайтын да – осы жастар. «Ер намысы – ел намысы», «Ел үмітін – ер ақтар, ер атағын – ел сақтар» деген сөздер жайдан-жай шықпаған» деп айтатын. «Нағашы жұрттың жақсылығына сүйенеді, жамандығына күйінеді» дегендей, Сартайдың нағашылары да тегін адам емес екені белгілі. Олар табын руынан атақты батыр Бөгенбай мен Есет батыр болатын. Сартай сол кездегі ұлтымызға төнген қауіпті, елдің даму жағдайын, бабаларымыздың жетік тәрбиесін зерттеп, ұлттың жерін аман алып қалу үшін, ең бірінші қазақ арасында татулық, бірлік керектігін, жауды толық жеңу үшін шағын топ емес, үш жүздің батырларынан құралып, арнайы дайындықтан өткізілген әскер жасақтау қажеттілігін талқыға салған.
Халқымыз ғасырлар бойы аңса­ған тәуелсіздігіне қол жеткізуге атса­лысқан Сартай батыр мен «Мың бала» ерліктерін көрсету арқылы халықты патриоттық, отансүйгіштік сезімге тәрбиелей отырып, әлем жастары бір көруді армандайтын еліміздің төрінде қазақ батыры ­Сартай Байжанұлы бастаған «Мың бала» жорығына қатысты елдің рухын көтерер ескерткіш орнатылып, бас қаламыз Нұр-Сұлтанда және Алматы, Шымкент қалалары мен әр облыстар мен қалалардың көрнекті жерлері көше атаулары беріліп, сонымен қоса білім мен тәрбие беру ошақтарында олардың ерлігі мен өмір жолдары дәріптелуі тиіс. Еліміздің тәуелсіздік алып, еңсесін тіктеуі бабалар рухына деген құрметімізді бұрынғыдан да арттыра түсуі қажет. Бұл бабалар ­рухына деген құрметімізді бұрынғыдан да арттыра түсері сөзсіз.
Сартай атамыз бір ғасыр өмір сүріп, 1818 жылы өмірден озған, бейіті қазіргі Қызылорда облысы Қазалы ауданында 63 шақырым жердегі Қызылқұмдағы діни ұстазы Қасымқожа мен Жалаңтөс батыр ұрпағы Дәулет бақсының ­жанында орын тепкен.

Орынбек ШАРИПОВ,
еңбек ардагері
Индира БАРМАҒАМБЕТОВА

АҚТӨБЕ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.