БІЗ ҚАНДАЙМЫЗ?

Күллі Алаш жұртының даңқты перзенті, күрескер тұлғалы кемеңгер ақыны – Мағжан Жұмабаев. «Ақынның ақыны» атанған ойшыл қалам иесі болашақ жайлы жиі ой қозғайтын. Бар болғаны қырық бес жыл ғұмыр кешкен ұлт перзенті барлық тақырыпта өлең мен ой-толғаулар жазған аса көрнекті дауылпаз азамат екені даусыз.

Тар заман, тайғақ кешуде ғұ­мыр кешкен ұлы бабамыз бар­лық арман-тілегін келешекке артып, болашақ жастардан ғана үміт күткен секілді.
«Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Қырандай күшті қанатты –
Мен жастарға сенемін» деген өлең жолдарынан үлкен ғұлама­лықты байқаймыз. Біздің ойымызша, өлмес өлең жазып, айлар, жылдар өтсе де құндылығын жоймайтын жырларды ескерткіш етіп қалдыру нағыз ақынның бақыты болса керек.
«Жұмсақ мінез жібектер,
Сүттей таза жүректер,
Қасиетті тілектер –
Мен жастарға сенемін!». Ақ ниетті, пәк тілекті жалындаған жастар қауымы ұлтымыздың кемел келешегінің иесі екендігін әрдайым есте ұстау қажет екенін ескертеді. Мағжан келешек жастардың мейі­рім­ мен қайырымға бөленген тамаша мінезін, ананың ақ сүтінен нәр алған кір шалмаған таза жүрегін, жеке мүдде мен жалқы пенделіктен аулақ қасиетті тілегін армандайтынын аңғартып өтеді.
«Алаш – айбынды ұраны,
Қасиетті құраны,
Алаштың олар құрбаны,
Мен жастарға сенемін!». Көріп отыр­ғанымыздай, М.Жұмабаев ке­лешек ұрпақты тар өрістіліктен аулақ болып, қазақ халқының, алаш жұртының айшықты азаматы болуға бағдар көрсетеді. Алланың хақ ­жолынан адаспай, қасиетті Құранды қорған етіп, имани жолдан таймауға үндейді. Керек десеңіз, ұлттың ұлы мұраты жолында басын бәйгеге тігіп құрбан болудан да қаймықпауға шақырады. Не деген азаматтық һәм қайраткерлік! Бұл – елін, Отанын жүрекпен сүюдің шынайы үлгісі.
Алдыңғы буынға мұрагер, кейінгі буынға бұйдагер болу ұлт тұ­тастығының үзілмес арқауы. Алаш ардагерлерінің балдырған жас кездерінде-ақ әлемдік ойшылдармен тең тұрған биік тұлғасы уақыт өткен сайын асқақтай түсетіні бізді таңғалдырады.
ХХІ ғасырда өмір сүріп, дамыған өркениеттің қайнаған ортасында жүрген біз секілді жастарды ­«Ба­балар­ бағындырған биіктің, олар жеткен тереңдіктің қай деңгейінде жүрміз?» деген сауал мазалайтыны­ шындық. Күрмеуі көп күрделі қоғамда алдымен ел қамын ойлау – бізге сын.
Мағжан жырларын оқып оты­рып,­ «Біз қандаймыз? Алдамшы­ сезімнің жетегінде кетіп, ұлттық рухтан көз жазып қалмадық па?» деген­ ауыр оймен қамығып қаламыз.
«Мен сенемін жастарға,
Алаш атын аспанға,
Шығарар олар бір таңда,
Мен жастарға сенемін!» деген бабалардың асыл мұратын ту етіп көтеріп, замана ауанын қапысыз меңгеріп, Алаш жұртының мақтан етерлік ұлағатты ұрпағы бола алсақ қана, Алаш қайраткерлерінің бізден күткен үмітінің ақталғаны деп білемін. Жас достарға айтарым, елі үшін еңбек етер, мұратқа талмай жетер, балғын бала шақтан нұрлы болашаққа жарқын қадам жасайтын егеменді ел ертеңі біздер екенімізді әрқашан жадымызда сақтайық, тәуелсіз елдің ұландары!

Шуақ ҚАЙРАТҚЫЗЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.