Анамның көңілі

Бәрібір… бәрібір. Әкенің орны бөлек ­десек те, қыз бала боп жаратылғаннан кейін бе, жүрегіміз анаға қарай елжірей соғып тұрады. Себебі ананың махаббаты ғаламда жоқ қол жетпес қазына. Әттең, біз оны кейін түсінеміз ғой. Алланың қалауымен ертең алып шаһар Алматыға оқу, білім деп аттанатын күнім. Биыл мамандығымның екінші курсына қадам бастым. Енді бұрынғыдай өзіңді қол сөмкеңмен бірге жатақхана табалдырығына дейін жетектеп әкелетін анаңның еркелетуі артта қалған. Осы жолы керек-жарағыңды қолыңа ұстатып: «Ал, жақсы. Бос жүрмей, сабағыңды оқы» деуінің астарында: «Қызым, қызым, жалғызым» деген жүрегіңді елжіретпей қоймайтын жылы сөздер тұрады. Менің анам сол жылы сөздерді жиі айта бермейтін, қатқыл мінезді, көп дүниені ішінде сақтайтын адамдар қатарынан болуы керек еді, бірақ ондай емес.
Білесіз бе, бүгін оның көңіл күйі жоқ. Жасар әрекеті мен сөйлер сөзінен мән қашқан. Күн ұясына кірер уақыт болды-ау дегенде маған келіп: «Сен кетсең үйде түк қызық емес. Жұмыстан үйге жетуге асық болмаймын. Өзіңді кетпей тұрып сағына бастағандаймын ба, қалай?..» демесі бар ма?! Жүрек қойнауындағы жанартаудың атқылауына себеп болатын осындай сөздерге ұзақ ойланып қалғаным болмаса, аса аяушылық таныта алмадым. Себебі мінезімнің қаттылығынан көп нәрсеге жібіп, махаббат, сезім деген түсініктерді ұғына бермейтінім бар. Кейін, кейін… Күн ұясына қонып, ай нұрын төккен уақытта сыртқа шықтым. Жалғыз отырып, ертеңгі күніме ойша жоспар құра бастадым. Кенет, төбемнен жай түскендей селк ете қалдым. Анамның бүгінгі сөздері миымды торлап алды. Асықпай ойландым. Әлі баламыз ғой. Алды-артымызды аңғармай, айтылған сөзге тоқталмай жүре береміз. Сөз астарын ұғынбау, жете түсінбеу балалығымыздың салдарынан шығар, сірә?!
Сөйтсем, біз алысқа кетсек анамыздың жарты жүрегін өзімізбен бірге ала кетеді екенбіз де, алаңдау мен уайымға салып қояды екенбіз. Осыны ойладым да, үнсіз қалдым. Жүрегім сыздап қоя берді. Анамның сол айтқан бір-екі ауыз сөзінен бір томдық кітап түйінін түсінгендей болып, есімді лезде жиып алдым. Көз жасымды ешкімге білдіртпей сығып алдым. Сол уақытта іңгәлап тұрып, құшағына неге кіріп кетпедім деген сұрақ өзегімді өртей түсті. Қанша жерден қыңыр болсам да ол менің аяулы анам, ол менің періштем. Жылы сөзіне еріп сала беруім керек еді. «Сен кеткен соң қызық жоқ» деді, ойлаңызшы… Яғни оның бар қызығы да, қуанышы да мен екенмін ғой. Менің әр басқан қадамыма риясыз шаттанып, алыстан ақ тілеуін жаудыртатын ғазиз анамның шексіз махаббатының иесі мына мен, өзіммін. Олай болса, алысқа кеткенімді қаламайтын, кетсем артымнан құстай ұшып жетуге дайын тұратын маған өмір сыйлаушы анамның жүрегі ауырғанда өзімнің егіліп ­жылауым былай тұрсын, ыстық құшағыма қысып, бар перзенттік сүйіспеншілігімді білдірсем де артық етпес. Осы бір сәтке ой көзімен зер салсам, бұл ғаламда менен асқан бақытты адам, өміріне разы болатын менен басқа қыз баласы жоқтай. Мен дәл осы пікірді жол жүрмей тұрып түсінгенім үшін өз-өзіме іштей шексіз риза болдым. Себебі анамның жанында өткізетін бұл бір ғана түннің өзім үшін үлкен мәнге ие екенін ұғындым. Тыста отырып, көп нәрсені ой елегінен өткізгеннен кейін, үйге кіріп анамның мойнына асылдым. Езуім жиылмай, еркелей бергім келді. Иә, мен анамның қызымын. Әлемде жоқ ананың…

Диана ІЗБАСАР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.