Тәртіптің адамы

Ұлан-байтақ елімізде әр аймақтың өзіндік ерекшелігі бар. Аймақ басшылығында лауазымды қызметке тағайындалған немесе сайланған адам сол өңірдің өзіне тән сипатын, тұрғылықты халықтың түсінік- пайы­мын, қанға сіңген мінез-құлқын зерттеп, орынды пайдалана білсе, ұтары хақ.

Ақтөбе облысында Темір, Мұғалжар,­ Шалқар, Ойыл, Атырау­ облысының Қызылқоға, Жылыой, Маңғыстау облысының Бейнеу аудандарымен, Қарақалпақстан Республика­сымен шектесетін, 61,4 мың шаршы шақырым аумақта орналасқан Байғанин ауданында негізінен Байұлының Адай, Жетірудың Табын тайпаларының, алты ата Әлімнен Қаракесек тайпасының және Назар аталығының ұрпақтары тұрады. Сағи Жиенбаев, Бәкір Тәжібаев, Есенбай Дүйсенбаев, Өтежан Нұрғалиев, Қажығали Мұханбетқалиев, Мәди Айымбетов және басқа сөз зергерлері туып-өскендіктен «Қазақстан Жазушылар одағының филиалы»­ деп аталатыны және бар.
Кешегі Кеңес Одағының тұсында аймақтың бірінші басшылығына кадр таңдау қатаң тәртіппен жүргізілгенін аға буын өкілдері ұмыта қойған жоқ. Тоқсаныншы жылдардың соңына қарай Байғанин аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына баламалы әдіспен екі азамат ұсынылды. Бұл орынтақты осыған дейін иеленген замандас өзгеге жамандық ойламайтын, сенгіштігі басым, иі жұмсақ жан еді, кейбір пысықайлардың осындай көңілжықпастықты еркін пайдалануы салдарынан бірқатар тұста шаруаның қыры кете бастаған. Обкомдағылар шұғыл бетбұрыс қажеттігін сезінген болар, баламалы әдіспен сайлауға сол тұстағы қызмет иесімен бірге аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы Түрікпенбай Айжарықовтың кандидатурасын мақұл көрді.
Біз сөз еткелі отырған кейіпкеріміздің бір артықшылығы – сол Байғанин өңірінің перзенті, әкесі өлке жұртшылығына ісімен де, сөзімен де кең танылған азамат, ауылшаруашылығы өндірісінің шебер ұйымдастырушысы Жұбанның тәлімін бойға сіңіре білген. Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын мал дәрігері мамандығы бойынша бітірген соң, облыстық ауылшаруашылығы басқармасында, өз ауданындағы «Ақжар» және Байғанин кеңшарларында, Ырғыз ауданында жауапты қызметтерде болып, тәжірибе жинақтады.
Халық қашан да сыншы, үнемі өз қалпынан ауытқымай, айналасындағы құбылыстарға сергек қарайтын Айжарықов аудандық партия конференциясында делегаттардың көпшілік даусымен бірінші хатшылыққа сайланды. Ауданның ­облыс бойынша алдыңғы қатардан көрінуін қамтамасыз етті. Екі жыл өткен соң, ел егемендігімен енгізілген әкімдік басқару институтының құрамына қабылданып, Байғанин ауданының әкімі қызметін үзіліссіз жеті жыл атқарды.
Іскер, алдына қойған игі мақсатқа жету жолында табандылығымен ауызға іліккен Т.Айжарықов Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ақтөбе облыстық аумақ­тық басқармасында, кейін облыстық кәсіподақтар орталығында – әрқайсысында он жыл басшылық етті. Қай салада да ізденгіштігін көрсете білді. Негізгі қызметін атқара жүріп, Қазақстан экономика және жобалау институтында (КИМЭП) сырттай оқып бітірді, ауылшаруашылығы ғылымының кандидаттығына диссертация қорғады. Қазіргі күнде Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің аға оқытушысы, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде саяси-әлеуметтік шаралардың бел ортасында жүреді. Қол жеткізген табыстары үшін әуелі ата-анасына, мектеп пен институттағы ұстаздарына қарыздармын деп, кішілік танытады, байырғы партия қызметкерлері, ауылшаруашылығының танымал тұлғалары Сматолла Беркімбаевтан, Мәжит Тәжіғұлов­тан, Дәулетжан Елеусізовтен алған тәлімін аузынан тастамайды. Мінсіз қызметі мен ел-жұрттан алған батасының қайтарымы – омырауындағы «Құрмет» ордені, «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалі және бірнеше мемлекеттік мерекелік медальдары. Кейіп­керіміз зайыбы, «Қазақстан Республикасы «Білім беру ісінің үздігі» атағының иегері Күләймен жарасты ғұмыр кешіп, үлкен әулет тірлігін оң жолға бағыттап келеді. Тек бірге туған бауырлары Ләйла мен Әліби жалғанның көшімен мәңгілік кете барды, шүкірлік етері – соңында өрісті ұрпақ бар.
Ерлі-зайыптылар отбасынан өрбіген Әлжан мен Гүлмира Мексикада тұрады, бірі ұлтаралық «Vitol» компаниясында аумақтық директор, екіншісі – әлеуметтанушы; Миржан – Қашаған кенішінде «NKOK» консорциумында үйлестіруші, келіншегі Сәндігүл – дизайнер; ал Гүлфайрус отағасы Әлібекпен Ақтөбеде тұрады, бірі – қаржыгер, екіншісі – кәсіпкер.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,
Қазақстанның Құрметті
журналисі
Ақтөбе

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.