ЖАҢАРҒАН, ЖАҢҒЫРҒАН АРЫС

Бүкіл ел назарын өзіне аударған оқыс оқиғадан кейін еліміздің барлық азаматтары, мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, өңірлер, отандық бизнес және бірқатар шетелдік инвесторлар материалдық және моральдық қолдау көрсеткен Арыс қаласы тұрғындарының бүгінде үй-жайы, қора-қопсысы қалыпқа келтіріліп, тұрмыс-тіршілігін жалғастыруда. Қалада оң өзгеріс өте көп, кіреберіс қақпадан басталатын сәулеттік жобалар көз қуантады. Көптің көмегімен бой көтерген жаңа келбеттегі нысандар мен жарықтандырылған көшелер, тұрғын үйлердің жаңартылған қасбеттері қаланың көркін аша түскен. Жаңа кейіпке енген шаһар тұрғындарының көңіл күйі көтеріңкі. Бүтін бір қаланы қалпына келтіру мақсатында жұмыла жүргізілген жүйелі де нәтижелі жұмыстардың арқасында Арыс қаласы аз уақытта жасара-жаңара, келбеті ажарлана түсті. Бүгінде жер-жерден келіп, қайта қалпына келтіруге атсалысқан құрылысшылардың барлығы дерлік алғыс арқалап, елдеріне қайтқан.

ҚАЛА ДАМУЫНЫҢ ҚАРҚЫНЫ БӘСЕҢДЕМЕЙДІ

Иә, қала тұрғындары жуырда аяқталған тағы бір игі істің салтанатты рәсіміне, Арыс шаһарындағы сәулетті туындылардың біріне айналған кіреберіс қақпаның ашылуына қатысты. Құрылыс жұмыстарын мойнына алып, қаржыландырған – еліміздің Кәсіподақтар федерациясы. «Өңіріміздегі сәулеттік жобалардың ұлттық нақышта болғаны құба-құп. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған аумақты айшықтайтын нышандар жаңа жобаларда көрініс тапқанына назар аудару өте маңызды. Маусымдағы қайғылы оқиғадан кейін қолға алынған Арыс қаласын жақсылыққа бастайтын берекелі қақпа болады деп сенемін» деді ашылу салтанатында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев. Сонымен қатар аймақ басшысы өз сөзінде қақпаның құрылысын қолдап, көмек берген еліміздің кәсіподақтар федерациясы басшылығына алғысын білдірді. Арыс қаласының көркейіп, гүлденуіне бір кісідей жұмыла кірісу бүкіл елге ортақ іс болды. Қаланың бас қақпасы соның тағы бір көрінісі болса керек. Салтанатты жиында Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің кеудесіне төсбелгі тақты. «Халықтың қамы үшін сіңірген еңбегіңіз ерен. Оны бүкіл жұртшылық біліп отыр. Арыстағы апат орын алғанда 50 мың тұрғынды қауіпсіз жерге көшіріп, қаңырап қалған тұтас бір қаланы аяққа тұрғызу қыруар іс. Сіз сын сағатта сабыр сақтап, ерен еңбектің үлгісін көрсеттіңіз. Бүкіл халық бір адамдай жұмылып, еңбек етті. Еліңіздің алдында абыройыңыз асқақтай берсін» деді Ералы­ Тоғжанов. Сондай-ақ Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстарына атсалысқан бірқатар азаматтар Премьер-Министрдің және республикалық Кәсіподақтар федерациясының «Алғыс хатымен», «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Жалпы Арыс қаласын қалпына келтірушілердің еңбегі елеусіз қалған жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы нәтижелі істер халқымыздың береке-бірлігінің арқасы және тұтастығымыздың көрінісі екенін атап, игі іске атсалысқан барша жұртқа ризашылығын білдіргенін еске сала кетелік. Президент Ақордада өткен салтанатты жиында Арыс қаласында болған төтенше жағдай кезінде және қару-жарақ қоймасындағы жарылыстың салдарын жою барысында ерекше көзге түскен еліміздің азаматтарына мемлекеттік наградалар тапсырған болатын. Салтанатты ­жиында 40 адам марапатталды. Президенттің 24 маусым халқымыздың тағы бір сынақтан сүрінбей өткен күні ретінде тарихта­ қалатынын, Арыс тұрғындарының тыныштығы бұзылғанымен, елдің рухы түспегенін айтқаны ел жадында. «Қайғылы жағдай ешкімді бейжай қалдырмады. Арыс қаласын бүкіл ел болып қалпына келтірдік. Бұған Қазақстанның әр тұрғыны үлес қосты. Арыс оқиғасы халқымыздың қиын-қыстау кездегі бекем бірлігі мен ынтымағын көрсетті. Патриотизм мен ­шынайы көмектің осындай жарқын үлгісінің негізінде жастарымызды тәрбиелеуіміз керек» деді Мемлекет басшысы. Алғыстар мен түрлі марапаттар өңірлерден көмекке келгендер құрылыс жұмыстарын аяқтап, пайдалануға берген кезде де табыс етілген болатын.
Ынтымақ пен бірліктің арқасында жарылыстан зақымданған 7634 тұрғын үйді қалпына келтіру, оның ішінде тұруға жарамсыз деп танылған 474 үйді қайта салу жұмыстары жылдам әрі сапалы жүргізілді. Қазіргі таңда 330 үй тұрғындардың игілігіне пайдалануға берілген, ал толық сүріліп, қайта көтерілген 144 үйдің құрылысы да аяқталуға жақын. Яғни 36 мың тұрғыны бар жаңа қала, 3 мыңдай тұрғыны бар жаңа ауылдық округ пайда болғандай. Оның ішінде көпқабатты 3 үй бар. Барыс шағын ауданында әрқайсысы 2 пәтерлі 50 үйдің құрылысы аяқталуда. 67 әлеуметтік нысан толықтай жаңғыртылды. Олардың 54-і білім саласында: 17 мектеп, 2 колледж, 36 балабақша, 8 денсаулық сақтау мекемелерінің екеуі, 4 спорттық нысанның екеуі жаңадан тұрғызылуда. Күрделі жөндеуден өткен білім ұяларында акт залы мен спорт алаңдары жаңарып, робот құрастыру кабинеті ашылды. Аталған мектептер заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, компьютер, физика-химия кабинеттері мен интерактивті тақта және оқушыларды еңбекке баулитын арнайы кабинеттер талапқа сай жабдықталған. Мәдениет ­сарайы күрделі жөндеуден өтті. Автобекет,­ халыққа қызмет көрсету орталығы және әкімдік ғимараттары жөнделді. 509 кәсіпкерлік нысандарын қалпына келтіруге көмек көрсетілді. Қаланы көркейту жұмыстарының ауқымы кеңейе түсті. Орталық алаң мен батырлар аллеясы жаңғыртылды. Әбдіразақов, Байтұрсынов көшелеріндегі үйлердің аумағы абаттандырылды. Қалада «Арбат» салынуда. 2-Арыстағы Жастар үйі атанып кеткен 2 қабатты екі үй сүріліп, орнына жаңа нысан бой көтеруде.
Сондай-ақ қаладағы инфрақұры­лымды реттеу барысында кәріз жүйелері толық жөндеуден өтіп, автоматтандырылды. Бүгінде Арыс жылыту маусымына да толық дайын. Зақым келген көшелер де жөндеуден өтті. 16 көшенің аяқжолдары салынып, жарықтандыру бойынша жұмыстар жалғасуда. ­Жарылыстан бергі үш айдан астам уақыт аралығында арыстықтардың баспанасын қалпына келтіру жұмыстары тынымсыз жүргізілді. Жалпы Арыс қаласындағы құрылыс алаңдарында бас-аяғы 134 құрылыс компаниясы жұмыс істеп, 3,8 мыңнан астам жұмысшы және 200-ден астам арнайы техника тартылды. Апаттан айтарлықтай зақым келген «Арыс-1» теміржол вокзалының ғимараты да толық жөндеуден өтіп, алдына саябақ салынды. Осы арада айта кетелік, жуырда «Қазақстан темір жолы ҰК» АҚ-ның төрағасы Сауат Мыңбаев Арыс теміржол стансасындағы көлік инфрақұрылымы ­нысандарын қалпына келтіру жұмыстарының нәтижесімен танысқан болатын. Шойын жол нысандарында жүргізілген барлық жөндеу жұмыстары мерзімінде аяқталған. Жарылыс салдарынан теміржол торабында орналасқан 60-тан астам қызметтік-техникалық ғимараттар, көптеген тұрғын үйлер зақымдалған еді. Қысқа уақыт ішінде толық қайта жөндеуден өткен, қала өміріндегі тарихи да маңызды нысан, көне теміржол вокзалы құрылысын «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры жүргізді. Арыс – Орта Азия қақпасы, тоғыз жолдың торабы атанған теміржолшылар кенті. Халқының басым көпшілігі де шойын жол саласында қызмет етеді. Биыл Арыс қаласының 1-теміржол вокзалына 115 жыл толып отыр. Іргетасы 1904 жылы қаланған көне ғимараттың іші-сырты толық жаңартылды. Ең бастысы, ғима­рат­тың тарихи сәулеті сақталған, яғни көне жәдігерлердің бірі болып қала бермек.
Жалпы алғанда тоғыз жолдың тора­бын­дағы шаһарды қалпына келтіру жұмыс­тары жүз пайыз орындалуға жақын. Таяу күндері қалған жұмыстарды толықтай аяқтауға күш салынып жатыр. Дегенмен, Арыста атқарылып жатқан жұмыстар мен жол, кәріз жүйесі және құрылыстың құжаттандыруы жайлы соңғы мәліметтер талқыланған жиында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев қаланың дамуы құрылыс жұмыстары аяқталған соң да қарқынды жалғасатынын мәлімдеді. Қайта сараптаудан өтіп, толық сүріле жаңадан салынатын бірнеше үйдің құрылысын жүргізуді облыс өз міндетіне алды.

ҚИЫН СӘТТЕ БІР КІСІДЕЙ ЖҰМЫЛЫП…

Маусымдағы мазасыз күндерді талдап-сараптаушылар жарылыстан кейінгі алғашқы сәттерде қабылданған шешімдердің дұрыстығы мен іс-әрекеттердің ұтымдылығы жайлы айтқан болатын. Иә, алғашқы қадамның дұрыстығы қай істе болсын маңызды. Ал қиын-қыстау кез бен уақыт күттірмейтін сәттерде оның маңызы еселеп арта түседі. Бұл орайда Арыстағы жарылыстан кейін облыс әкімінің бастамасымен Арыс 17 секторға бөлініп, оған еліміздің облыстарынан бөлек, өңірдің барлық аудан-қалалары тартылды. Атқарушы билік өкілдері ғана емес, халықтың өзін еңбек майданына тарту керек ­деген шешім қабылданды. Ол үшін облыс әкімі Ө.Шөкеев жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін енгізуді ұсынды. Осылайша, әр он үйге бір адам жауапты­ болып белгіленді. Осы жүйе бойынша «онбасы», «жүзбасылар» іске кірісті. Арыс қаласында сегіз мыңнан астам тұрғын үй бар, яғни сегіз жүздей қоғам белсендісі жұмысқа тартылды. Қаладағы қоғамдық ұйымдар, жергілікті мәслихат, «Nur Otan» партиясының қалалық ­филиалы бастаған үштік біріктіріліп, арнайы штаб құрылды. Жарылыстан бас сауғалаған 20 мыңға жуық арыстық тұрғын Шымкент қаласындағы 56 эвакуациялық базаға ­орналастырылды. Алғашқы гуманитарлық көмек әкімдік, халықтың өз ішінен шыққан өкілдері мен еріктілердің көмегімен халыққа үлестірілді. Жалпы Арыс тұрғындарына еліміздің барлық ­облыстарынан қолдау көрсетілді. Барлық өңірден гуманитарлық көмек тиелген көліктер Арысқа қарай ағылды. Арнайы ашылған қорға қарапайым тұрғындардан, кәсіпкерлер мен ұйымдардан, мемлекеттік мекемелерден түскен қаржы қаншама!
Арыс қаласы әкімдігі қызметкерлері жарылыс басталғанда алдымен мектеп пен балабақша, денсаулық сақтау мекемелерін көшіруді ұйымдастырды. Ұялы байланыс арқылы тұрғындарға қауіпсіз жерге, қырға қарай қашу керектігі айтылып, хабарландыру таратылды. Тұрғындардың снаряд пен оттың ортасында қалып кетпеуін ойлаған қызметкерлер, қырға ілінсе, әрі қарай Ақдаланың жолы арқылы қауіпсіз аймаққа көшіру қажет деп шешкен. Ми қайнатар ыстықта еріндері кезерген қарттар мен бүлдіршіндер ауызсумен қамтамасыз етілді. Сол күні Арыс пен Шымкенттің ортасында халықты тегін тасыған таксилер мен еріктілердің еңбегі ерен екенін айтушылар да көп. Иә, сол бір күнді бүгінде еске алудың өзі жүйкеге салмақ салары анық. Өкінішке қарай, 24 маусым күні таңертең Арыстағы әскери бөлімшедегі оқ-дәрі қоймасында орын алған оқиға салдарынан үш адам қаза тапты,­ 170-ке жуық адам зардап шекті. ­20-ға жуық үй, 9 қора-қопсы ­жанып, ­далалы аумақта 14 ошақ тұтанды. Түркістан облысына арнайы келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жарылыстан зардап шеккен тұрғындармен кездесіп, қаланың қалпына келтірілетініне уәде етті. Бүгінде ол уәде толығымен орындалды да. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­ Арыстағы жағдайға алаңдаушылық білдіріп, Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Арыс қаласындағы ахуал талқыланды. Ал Үкімет отырысында Премьер-­Министр Асқар Мамин жарылыс салдарынан көз жұмғандардың туған-туыстарына көңіл айтып, тұрғындарға барлық көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Келтірілген залалдың көлемі есептеліп, Үкімет резервінен қаржы бөлінді. Кейіннен Үкімет басшысы апта сайын Арысқа келіп, қалпына келтіру жұмыстарын тікелей бақылауына алды. Тұрғындармен кездесіп, мұң-мұқтаждарын тыңдап, мәселелерінің оң шешімін табуына ықпал етті. Жарылыстың орын алуына кінәлілер анықталып, тиісті жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ қауіптілігі жоғары нысандарға тым жақын жерге құрылыс жүргізуге рұқсат берген, яғни жауапсыздық танытқандардың жазалануы тиіс екендігі айтылды. Үкіметтік комисия құрылды. Қосымша әлеуметтік қолдау шаралары­ ретінде қаланың әрбір тұрғынына бірмезеттік 100 мың теңге көлемінде өтемақы төлеу, Арыс қаласынан 4 мың ­баланы сауықтыру лагерлеріне жіберу сынды 10 кешенді шара қабылданды. Оның ішінде, сондай-ақ қала кәсіпкерлеріне 5 млн теңгеге дейін жеңілдікпен несиелер беру, жыл соңына дейін салықтық каникулдар ұсыну сынды көмектер де бар.
Сол бір күндері жергілікті билік пен зиялы қауым, дін өкілдері ортақ тіл табыса көпшілікті сабырға шақыра алды. Шұғыл әрі дұрыс шешімдердің қабылдануының нәтижесінде зардап шеккендер далада қалмады. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің жұмыс кабинетін уақытша Арысқа ауыстыруы да жұмыстардың жүйелі жүргізілуіне септігін тигізгені анық. Жасыратыны жоқ, тұрғындардың қиын сәттегі құбылмалы көңіл күйін теріс бағытта пайдаланып қалғысы келетіндер де табылды. Елді арандату, жалған ақпарат тарату, заңсыз шеруге шығу деректері бойынша 10 адам ұсталып, түсіндіру және тергеу жұмыстары жүргізілді, 4 қылмыстық іс қозғалды. Өкінішке қарай, біреудің қайғысынан пайда тапқысы келетіндер де бар болып шықты. Үйіне қайтқан тұрғындар мүлкі жоғалғаны туралы 85 арыз түсірген. Алайда­ оннан астам арызды иелері қайтарып алған. Пенделікпен жасалған жаңылыс әрекеттер ұмытылар, ал бауырмал қазақ халқы осынау қиын сәтте бір кісідей жұмылып, мейірім мен бірліктің асқақ үлгісін көрсеткені ұмытылмай, ұрпаққа үлгі болары анық.

«ТҰРҒЫНДАРҒА ТІКЕЛЕЙ ҚАУІП ЖОҚ, ҚАЛА ТОЛЫҒЫМЕН ТАЗАРТЫЛҒАН»

Арыс аумағында орналасқан қойманың құпиясы 2006 жылы алғаш рет бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ашылған болатын. Сол жылы тарихы сонау 1930 жылдан басталатын қоймадағы сақтауда жатқан оқ-дәрі, егер теміржол вагонына тиелетін болса, шамамен 230 шақырым қашықтыққа созылатындай көлемде екені мәлім етілді. Қорғаныс министрлігінің оқ-дәрілерді реттеу бойынша жұмысы 3 кезеңнен тұратыны, біріншісі ­1997-2004­ жылдар аралығында жүргізіліп, барлық оқ-дәрілерді тізімдеу-жүйелендіру жұмыстары аяқталғаны, 2004-2007 жылдары сақтау жүйесі жетілдірілетіні де айтылған-ды. 1997 жылға дейін сақтау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілмеген. Қойма қауіпсіздігін сақтауға қажетті техникалар мен жабдықтар алу үшін 2006 жылы 143 млн теңге бөлінген. Алайда­ қаржы бөлініп, қауіпсіздік ­талаптары күшейгенімен, 2009, 2014, 2015 жылдары­ қоймада снаряд жарылған қазалы оқиғалар орын алды. Биыл маусым айындағы жарылыстан кейін Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев қалған оқ-дәрілер арсеналдан шығарылып, қауіпсіз қоймаларға таратылатынын мәлімдеді. Өкінішке қарай, күні кеше снарядтарды залалсыздандыру жұмыстары барысында әскери қызметкер қаза болды. Қорғаныс министрінің мәлімдеуінше, қазіргі уақытта Арыстағы жағдайды ретке келтіру үшін тәжірибелі де нағыз маман әскери қызметшілер жұмылдырылған. «Жоғарғы Бас Қолбасшының бізге берген тапсырмасы бар. Оқ-дәрілерді тезірек алып шығу мақсатындағы мемлекеттік қажеттілік, Арыс қаласы тұрғындарының талаптары баршылық. Біз бұл бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. Біз ол жаққа мерзімді әскери қызметшілерді тартпаймыз. Онда біліктілігі жоғары, дайындалған саперлер, инженерлер мен әскери полицейлер ғана барады. Барлығы да келісімшарт бойынша­ қызметтегілер. Бұл, әлбетте, қауіпті жұмыс. Арыс қаласының тыныштығын сақтап, тапсырманы орындау үшін әскери қызметшілер саналы түрде тәуекелге ­барып жүр. Әскери қызметшілерден басқа ешкім бұл жұмысты атқара алмайды. Бұл үшін, тағы да айта кетейін, дайындығы мығым әскери мамандар тартылған. Дәл қазіргі уақытта қала тұрғындарына тікелей қауіп жоқ. Қала толығымен тазартылған. Негізгі жұмыс жарылыс болған әскери бөлім аумағында жүргізілуде» деді ­министр күні кеше журналистерге берген сұхбатында.

АРЫСТЫҚТАРДЫҢ АЙТАР АЛҒЫСЫ ШЕКСІЗ

Қаланы қалпына келтіруге тікелей атсалысқан, қолдау көрсеткен, тілеулес болған ел халқына арыстықтардың айтар алғысы шексіз. Ризашылықтарын тұрғындар бізбен әңгімелесу барысында да айтып жатты. Мысалы, Арыс қаласындағы ауқымды жұмыс көлемі Түркістан облысы мен Арыс қаласының өз еншісінде болған 7-секторда 100 үй бұзылып, қайта салынды. Бұл жұмыстарға 600-ден аса құрылысшы жұмылдырылды. Мұндағы 14 көшеде 478 тұрғын үй мен 6 көпқабатты үй болды. Жұмыс ауқымы үлкен болғандықтан, көмек ­беруге жұмылдырылған құрылысшылар саны да берілген міндетті мерзімінде орындауға оң ықпалын тигізді. «7-сектор құрылысшыларына, қала әкімдігіне ­рақмет! Үйімізді салып берді, қазір ішкі әрлеу жұмыстары аяқталуға жақын» дейді қала тұрғыны Бахытгүл Меңгілбекова. «Бүкіл Қазақстан халқына рақмет! Үй жағынан болсын, қаржылай болсын көмектесіп жатыр. Алғысымыз шексіз» дейді Оңғар Төлебеков. Жайлы­ да, жаңа үйдің тағы бір иесі Дәнібек Тоқтыбаев «Біз өте ризамыз. Біздің үй 1965 жылы салынған, төбесі шифермен жабылған ­саман үй еді. Мен сол үйде туып-өстім, балаларымды өсірдім, немере сүйдім. ­Жарылыс кезінде үйіміз қатты бүлінді. Келген кезде қабырғалары жарылған, есік-терезесі жоқ, шатыры тесілген үйді көріп шошып кеттік. Алғашында бізге күрделі жөндеу жүргізілетіні айтылды. Оған келістім. Бірақ кейіннен комиссия келіп көріп, үй сүрілетінін айтты. Екі айға жуық уақыт ішінде құрылысшылар жаңа үй салып берді. Өте ризамыз. Жаңа үй бұрынғыдан кең де биік, әйелім екеуміз және үш баласы бар ұлымның отбасы бірге тұрып жатырмыз. Қазір үй кәріз жүйесіне қосылған, жылыту жүйесі де, барлық жағдай жасалған. Барлық жұмысты тез әрі сапалы атқарған шымкенттік құрылысшыларға айтар алғысымыз шексіз!» дейді.
Қала тұрғындарына зиялы қауым өкілдері, өнер жұлдыздары алғашқы күннен бері қолдау көрсетіп келеді. Жуырда Арыс қаласындағы орталық «Әл-Фараби» алаңында еліміздегі өнер жұлдыздарының қатысуымен «Жаса, жайна Алашымның Арысы» атты концерт өтті. Халыққа мәдени-рухани серпіліс сыйлап, мерекелік көңіл күйді тарту ету мақсатында ұйымдастырылған шараға «Дос-Мұқасан» ансамблінің әншісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Арыс қаласының Құрметті азаматы Ақжол Мейірбеков, ҚР халық әртісі, Арыс қаласының тумасы Нұржамал Үсенбаева, композитор-әнші Нұрлан Еспанов, Жанболат пен Жазира, Ләззәт Байырбекова, Бейбарыс Серікбаев, Мақсат Айтжанов, Әлден Жақсыбеков, Фархат Ескенеев сынды Арыстан шыққан сахна саңлақтары мен «Фараб» би ансамблі қатысты. Шара аясында Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек қиын-қыстау сәтте қолдау беріп, көмек қолын созған барша қазақстандықтарға алғысын білдірді. Туған жерге келіп, перзенттік парызын көрсеткен өнер майталмандарына облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің арнайы Алғыс хаты мен сый-сияпаттары табысталды.
Сондай-ақ Арыс қаласында көпбалалы және тұрмысы төмен медицина­ қызметкерлеріне арналған «Қысқа дайындық» қайырымдылық акциясы өтті. Облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен «Densaulyq» денсаулық сақтау ұйымдары жұмыскерлерінің жергілікті кәсіподағы ұйымдастырған шарада медбикелер мен тазалық қызметкерлеріне азық-түлік себеті мен ақшалай сыйлықтар табысталды. Акция барысында Арыс қалалық орталық ауруханасында жұмыс істейтін 20 қызметкерге көмек көрсетілді.
Жарылыстан кейін қала жаңарып, жаңғыра қалпына келтірілді, дегенмен, апаттан соң үреймен басталып үмітке ұласқан, ел қолдауы ертеңге деген сенімді нығайтқан, халқымыздың қиын-қыстау кездегі бекем бірлігі мен ынтымағын көрсеткен айлар ұмытыла қоймас.

Е.ӘБДІЖАППАРҰЛЫ
Түркістан облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.