Құндыз Қаламбаева, ҚР Еңбек сіңірген артисі, қобызшы: ҚОБЫЗ – МӘҢГІЛІКТІҢ САРЫНЫ

Құндыз Жаппасқызы Қаламбаева – белгілі қобызшы Жаппас Қаламбаевтің жолын қуған перзенті. 1982 жылдан Құрманғазы ұлт-аспаптар оркестрінің қобызшысы. Әкесінің «Жұман» күйін домбырадан қылқобызға түсірген кәсіби маман. Қорқыт пен Ықыластың күйлерін қылқобызда ойнаудың хас шебері. Бүгінгі қобыздың сыр-сипаты мен әкеден мұраға қалған өнердің жай-күйін сұрап-біліп, көне мен жаңаға жалғасқан, халық кие тұтқан үннің тереңіне бойлауға тырыстық…  

Жаппас Қаламбаев
Жаппас Қаламбаев

– Қазақтың көне тарихымен бірге жасасып келе жатқан қасиетті қобыз аспабын қайта жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосқан, Қорқыт пен Ықыластың өнерін насихаттап өткен Жаппас Қаламбаев – сіздің әкеңіз. Әңгімені осыдан бастасақ. Әке өнегесі, әке тағылымы қандай болды?
– Шаңырақта күй шалқып тұрған, өте керемет отбасыда дүниеге келдім. Маңдайындағы жазуы сол шығар, әкем екі әйел алған адам. Үлкен анамыз көзінен зағип болып қалып, үйдегі шаруаға көмектесетін тағы бір адам керек болып, әкеміз біздің шешемізді алыпты. Қос әйелден 12 ұрпақ өрбідік. Бұл біздің тағдырымыз, үпір-шүпір бала бір отбасында, шуласып, шұрқырасып өстік…
Сіз білесіз бе, әкем әу баста ­Алматыны жатсынған сияқты. 1934 жылдары үлкен сахнаға шығып, кіндік шаһарда қалуы керегін, қазақ өнерін насихаттауы тиіс екенін ­жанымен, жүрегімен түйсінсе де, өзінің салқар сахарасын сағынды ма екен, әлде Алматының қоңырсалқын ауа райы жақпады ма, тамағы ісіп, қатты ­ауырып қалыпты. Жанашыр достары емшіге апарса «көз тигенін» айтыпты. Ем-домын жасап, «тәбеті тартқан асын алып беріңдер» деген екен. Әкемнің әңгелек жегісі келген. Содан әңгелек өскен алқапқа апарып, әкем қауынға армансыз бас қойыпты. Біраздан соң жүрегі лобып, құсқанда, тамағындағы ірің жарылып, содан аман қалған екен. Есесіне, әкем содан бері үлкен сахнада ән айтпаған. Әйтпесе, әкем ән де айтқан ғой. Иә, әннен мүлде безінген жоқ, үйде ән салатын. Алайда­ әкем әлденеге ренжігенде, көңілі қалғанда ғана ән салатындықтан, ондай сәтте біз ол кісінің мазасын көп ала бермеуге тырыстық.
Перзенті ретінде әрқайсысымыз­дың да жүрегімізде әке бейнесі ерекше жылылығымен, айрықша мейірімімен қалғаны анық. Мені «алдамыш қызым» деп өтті. Себебі мен өмірге келген кезде, ол кісі іссапарда жүріпті. Жолдастары «ұлды болдың деп» қалжыңдап сүйінші сұраған екен. Перзентханадан мені шығарып алуға келгенде дәрігерлер қолына қызылшақа қыз баланы ұстатады. Әкем: «Маған ұлды болдың деген, мынау қыз ғой» деп ренжіпті. Менен кейін ұл сүйді. Ал мені еркелетіп, «алдамыш қызым» деп, бетімнен қаққан емес. Бір үйде бірнеше бала үпір-шүпір бірге өстік дедім ғой. Сонда­ үйдің астаң-кестеңін шығарып ойнаймыз. Анам кейіп, ұрсып, қуып ала жөнеледі. Сонда әкем мені бауырына басып алып: «Басқаларға ұрыссаң да, осы алдамыш қызыма тиіспе» дейтін…
– Ахмет Жұбановтың басшылығымен Құрманғазы ұлт-аспаптар оркестрінде қыл­қобыз тобы ашылып, оған Жаппас­ Қаламбаев жетекшілік етті. Оркестр құрылғанда қанаттас жұмыс істеген өнер көшінің мамандары туралы естеліктер жадыңызда ма?
– Ахмет Жұбанов – әкемнің досы еді. Ахмет аға оған музыканы үйретті, әкемнің музыканттарды іздеу жұмысын сеніп тапсырды. Әкем Сүгір күйшіні айрықша құрмет тұтыпты. 1934 жылы Алматыда өткен халық таланттарының Бүкілқазақстандық слетіне қатысып, жан-жақтан келген Дина Нұрпейісова, Оқап Қабиғожин, Лұқпан Мұхитов, Қали Жантілеуов, Дәулет Мықтыбаев, Әбікен Қасенов, Ғарифолла Құрманғалиевтарды кездестіреді. Осы бір айтулы өнер мерекесінен кейін әкемнің өнеріне тәнті болғанда, оны Алматыға алып қалып, Ахмет Жұбановтың тікелей жетекшілігімен ұйымдастырылған Құрманғазы атындағы ұлт-аспаптар оркестрінде қобызшы ретінде жұмысқа қабылдайды. Қазақстанның Еңбек сіңірген өнер қайраткері Қамбар Қасымов әкем шалған қылқобызды негізге ала отырып, төрт шекті қобыз жасап шығарады. Оны алғаш рет әкеме шалдырып көріп, үнін байқайды. Міне, әкем осы қобызбен Ықыластың күйлерін орындайды. Әкем музыканы­ бар-жоғы үш-ақ ай оқыған. Сөйте тұра, тума талант болды. Ол балаларды қобызға көптеп баулып, үйретуге ­тырысты. Фатима Балғаева – домбырашы еді. Ол әкемнің қобыз тартқанын көріп, үйренгісі келген. Әкем бас тартқан жоқ. Сөйтіп, Фатима апай осы саланың алғашқы профессоры атанды. Әкем де әуел баста домбырашы еді. Қобызды қолына анда-санда алатын…
Құрманғазы оркестрін құрған алғаш­қы уақыт пен әріптес­терін әкем әркез қадір тұтты. Қобызы­мен Қазақстанның ғана емес, әлемнің сахналарында да өнер көр­сетті. Өз заманының маңдайалды қаламгерлерімен, өнер қайраткер­лерімен дос-жар болды. Бір-бірін құрметтеді, бірінің қадірін екіншісі түсірген жоқ…
Әкем ешқашан дауыс көтеріп сөйлеген емес. Ұлт-аспаптар оркес­трінде бірге қызмет еткен әріптестері де әкемнің осы мінезін құрметпен еске алып отыратын.
– Биыл Жаппас Қаламбаевтың туғанына 110 жыл. Әкеңіз жайлы әлі де айтылмаған, қозғалмаған тақырып бар деп ойлайсыз ба?
– Әкемнің алғашқы шәкірттерінің бірі Фатима Балғаева ол туралы: «Жаңадан құрылған ұлт-аспаптар оркестрінде ол кезде бір ғана қобызшы – Жапекең болса, қазір олардың саны жиырмадан астам. Жаппас ағаның ерекше беріле, сүйсіне орындайтыны көбіне Ықылас күйлері. Мүмкін оның орындау техникасының күрделілігінен шығар. Әлде қайғыдан гөрі қуанышқа, қапастан гөрі жарыққа ұмтылған өмірге, тіршілікке құштарлығынан болар. Мейлі, мұңды, сырлы, «Аққу» күйі болсын, тіпті ойнақ салған жорға жүрісті «Жезкиік» болсын, екпінді, жарқын үнді «Қазан» не нәзік сезімге, тұнық лирикаға құрылған «Қамбар» күйлері болсын, бәрін де ерен жүйрік қобызшы кереметтей шеберлікпен, бабына келтіре орындайды» дейді. Бұл әкем жайлы шәкіртінің пікірі. Мұндай пікірмен шәкірттерінің барлығы келіседі.
Бұрын қылқобызды емшілер ғана қолына алатын. Сол аспапты әкем сахнаға алып шықты. Әлемнің сахна­ларында қобыздың үнін таратты. Қобыз – көпшіліктің көңілін бірден баурап алды.
Әкем қылқобызда да, алть-қобызда да, прима-қобызда да ойнады. Ол кісі өмірден қайтқан соң, көп уақыт оның аспабын қолыма алған жоқпын. Себебі ол уақытта қылқобызда емес, прима-қобызда ойнайтынмын. Бірақ үйде, оңашада әкемнің қылқобызын анда-санда қолыма ұстайтынмын. Байқасам, қабы ескіріп қалыпты. Анаммен ақылдасып, жаңасын ­жасататын болдық. Шеберді шақы­рып,­ қабының астарын ашсақ, дайын шектерді тізіп қойған екен. Ішінде біреуі ерекше аппақ. Сөйтсем, қармақ жібін қосып, шек дайындапты. Бастапқыда оркестрге не үшін қылқобызшыларды отырғызбады деп ойлайсыз? Себебі қылқобыздың құлақ күйі тез өзгереді. Қатты жарық түссе, тым суық болса, тіпті қасынан адам жүріп өтсе болғаны, оның құлақ күйі ауысып кетіп отырады. Міне, әкем қылқобыздың осы ерекшелігін біліп, оның шектерін жаңартқысы келген секілді. Өзі гастрольдермен­ ше­телдерге көп шыққан ғой, ­Қы­тайға барған сапарында сапасы жақсы қармақ жібін іздестіріп жүріп ала келген­ сыңайлы. Мен де қазір қылқобызға сондай шекті пайдаланамын.
Әкем соғыс жылдары, маман тапшы­ болған кезде дирижер болып, көптеген шығармаларды жаздыртқан еңбегі де орасан.
Әкемнің шығарған әндері де көп еді. Ол әндер де кәдеге асар күн келетініне сенемін.
Әкем болғаны үшін ғана емес, қобызшылармен араласып жүрмін ғой, барлық қобызшылардың сөзі бірдей: «әкем ойнағандай ешкім қобыз шала алмайды» деген сөзбен бәрі де келіседі. «Еуропа білімі бұрынғыдай ойнауға кедергі келтіреді» дейтіндер де бар. Әкем де сауатты болды ғой. Ол кедергі емес деп ойлаймын. 1968 жылы Алматыдағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерватория­да алғаш рет қылқобыз класы ашылып, ­жастарды үйрету қолға алынады. Бір жылдан аса уақыт көп ізденіспен еңбек етіп, қобыз класын аяғынан тік тұрғызамын деп жанталасып жүргенде, денсаулығы сыр беріп, қайтыс болды. Әкемнің ­жолын әріптестері Дәулет Мықтыбаев, Болат Сарыбаевтар абыроймен жалғастырды.


– Құндыз Жап­пас­қызы,­ қобыз үні бала кезіңізден құлағыңызға сіңісті болғаны бел­гілі. ­Қо­­быз­­­­­ды­ таң­дауыңызға не ­себеп – әке амана­ты­ ма, әлде өз ар­ма­ныңыз осы қо­бызбен байла­нысты ма еді?
– 1969 жылы әкем­нің алпыс жасқа толған мерейтойы өтті. Кенже ­бауырымыз Мәлік сахнада әкемнің қасында отырды. Біз көрермен ­залындамыз. Әкемді құттықтауға келген­ Пернебек Момынов Жұбанов мектебін басқаратын. Бізді көрді де: «Жапеке, мектеп жасына жеткен балаларыңыз барын білмеген едім. Бұлардың біреуін неге бізге бермейсіз? Жолыңызды жалғастырар еді» ­деген тілегін білдірді. Содан әкем мені А.Жұбанов мектебіне жетелеп апарды. Қобыз класында оқыдым. Өмірімде темірқазық секілді бір тілек, бір сөз жетелеп отырды: «Әкең айтты» дейтін сөз бар ғой. Әкем «қызым осы мектепті бітіріп, консерваторияда, одан әрі аспирантурада оқиды. Кейін Құрманғазы оркестріне жұмысқа тұрады. Еңбек сіңірген артист болады»­ дейтін. Яғни әкемнің арманы мен сөзі менің өмір жолымды алдын ала сызып қойған секілді. Әкемнің менен үлкен қыздары ертерек тұрымысқа шығып кетті. Ұлы жастайында қайтыс болды. Оған арнап жазған «Жұман» деген күйі де бар. Иә, бәріміз де музыкалық білім алдық. Әпкем Жаңылдың жолдасы Генерал Асқаров та республикаға кеңінен танылған күйші әрі сазгер. Алайда әкем дәл мені қобызшы ретінде көргісі келген екен. Мен де қатты қарсыласпадым. Әйтпесе, негізінде дәрігер болғым келетін.
Алайда қобыз үні де қатты ұнайтын. Әкем қобызын шалғанда көрші-көлем жиналып, көбі көздеріне мөлдіреп жиналған жасын орамалмен сүртіп отыратын. Баламын ғой, «неге жылайды?» деп уайымдайтынмын. Әкем қобызын шалмаса, олар да жыламайтын шығар деп, әкеме «қобыз тартпашы» дейтінмін. Сөйте тұра қобыздың үні естілсе, қалт тұра қалып, сиқырлы әуенге елтитінмін.
– Қобыз қазақ үшін музыкалық қана аспап емес, зор мәні бар қастерлі дүние. Осы орайда бұл аспаптың тылсымын түйсіне алдым деп есептейсіз бе?
– Дұрыс айтасыз, қобыз – қасиетті аспап. Қобыз – тамам бақсының тері сіңген қасиетті аспап. Ол мәңгіліктің сарынын толғайды.
Қобыздың үні адамның санасын өткірлейді. Оқу оқып жүргенде жатақханада тұрдым. Дайындалып, қобыз шерте бастағанда қыздар келіп, тыңдап отырады. Кейінірек шүйіркелесіп, шай ішеміз. Сөйтсе, әлгі қыздар тығырыққа тіреле қалса, қобыз тыңдауға келеді екен. «Қобыздың үні зейінімізді ұштай түседі» дейтін олар. Әкеміз де бізді дәрігерге апарған емес. Өзі емдейтін. Тісім, ішім ауырса, қолын қояды да, сүресін оқиды. Ауырған жер демде басылады.
Бірде анам әкем көз жұмарының алдында шошынып оянатынын еске алды. Мамам не болғанын сұраса, ақ киінген бір кісі «осы жолды ұстан» деп кететінін айтыпты. Кеңес одағының уақыты ғой. Қобызбен емдеуді ұстанудың ақыры неге апарып соғатынын бәрі де түсінеді. Әкем қобызын ғана тартып жүре берген. Әлгі ақ киімді ақсақал бірнеше рет түсіне енген…
Консерваторияда болмаса, мектепте сабақ бермеймін. Тек аспапты көрсету үшін ойнау керек. Сонда­ балалардың бәрі сиқырланып қалғандай болады. Келесі күні қобыз үйренгіміз келеді деп келетіндердің қатары көбейеді. Балаларға қобыз үні ұнайды. Бірақ үйреніп кету қиын.
Ақыры қобыздың киелілігін айтып отырмыз ғой. Сізге бір әңгіме айтайын. Ол кезде жатақханада тұрамын. «Еңбек сіңірген артист» атағын алдым. «Құрмет» орденінің иегерімін. «Мен де осы салада жеке бір тұлғаға айналдым ғой» деп ойладым. «Иә, әкем үлкен тұлға. Бірақ менің де өз өнер жолым бар емес пе? Ендеше, неліктен әкемнің қылқобызын тастамаймын?» деген ой жетегіне еріп, өзімнің де жеке, әдемі аспабым болуы керек деп шештім. Арнайы тапсырыспен жасаттым. Әсем, айшықты. Өзіме қатты ұнады. Екі аспапты бөлмеге, терезенің алдына қойып қойдым. Түннің бір уағында қылқобыздың үні оятты. Оятты деймін, ұйықтап жатқанымды біле­мін, түсінемін. Бәлкім көзімді ашқым келмей ме? Ал қылқобыз күйі тоқтар емес. Жүрегіңді суырып алардай ойнайды. «Кім ойнап жатыр?» деймін өңімде әлде түсімде екені белгісіз. «Қандай керемет орындау, не деген шебердің күйі?» деп сұрақ берсем де, көзім ашылар емес. «Бұл жатақханада екі-ақ қылқобызшы бармыз. Біреуі – мен. Екіншісі бесінші қабатта тұрады. Алайда ол ойнап жатыр деген күннің өзінде, екінші қабатқа үні жете ме? Ол гастрольде еді ғой?». Осылай ­жатып ұйықтап кетіппін. Таңертең ерте ояндым. Бөлмелес көршім – жаңа ғана босанған, скрипкашы келіншек еді. Жаңа туған нәрестенің кіндік шешесімін. Соларға кірсем, көршім­нің қабағы қатулау. «Не болды?» деймін. «Құндыз, екеуміз де, музыкантпыз ғой, бәрін де түсінемін. ­Шабыт деген де болады. Алайда кішкене сәбиді неге ұмыттың? Оны енді ұйық­тата бергенде, сенің қобызыңның үні шығып, түнімен көз ілмедік» дейді көршім. «Кешір, қобызда ойнаған мен емеспін» деймін мен жайбарақат. Өзі ұйықтамаған көршім тіпті өкпелей түседі: «Дәл терезенің түбінен естілді. Сен ғой» деп күйіп-піседі. Оның жолдасы отыз ­жастай үлкен, Борис Сатылғанов ­деген музыкант еді. «Түсіндім, демек, күй шал­ған аспаптың өзі. Ондай ­болады деп естіген едім. Әрбір аспаптың өз иесі болады. Демек, ол аспап әлі де керемет әуен төгілте алатынын дәлелдегісі келіп, ширыға күй төксе, бірдеме түсіндіргісі келгені» деді. Мен бөлмеме жүргіріп бардым. Өзімнің аспабыма дөңгелете көз жасатқанмын. Солар сыпырылып түсіп қалыпты. Ойнауға жарамайды. Сол уақыттан бері әкемнің аспабын қолымнан тастаған емеспін. Ешкімге бермеймін, өзім ойнап жүрмін. Иә, сыйлыққа берген аспаптар бар. Осында,­ ­үйде тұр. Студенттер үйге келгенде солардың қолына ұстатамын. Дайындалып болған соң, қайта орнына­ қойып кетеді.
Қобыз – жауапкершілігі жоғары аспап. Оны қазір қыздар көп ойнайды. Ол дұрыс емес. Ұлдар ойнауы керек. Себебі қобыз шалған қыздар өз тағдырын өзгертіп алып жататын тұстар көп. Жоқ, мен қобызды киелі аспап деп санамайтындар туралы, оны жай ғана шалатындар жайлы айтып тұрған жоқпын. Қобызды ­жанымен, жүрегімен беріле ойнайтын нағыз мамандарды мысалға келтіріп айтамын. Қобызшылардың көбінің тағдыры күрделі, шырғалаңға толы. Ұлдардың дәті беріктеу, сондықтан қобызға ұлдарды алуға тырысамыз. Бірақ ұлдар қобызға емес, домбыраға көптеп келеді. Қазіргі оркестрде қылқобызда да, прима-қобызда да кілең қыздар.

Қобыз – жауапкершілігі жоғары аспап. Оны қазір қыздар көп ойнайды. Ол дұрыс емес. Ұлдар ойнауы керек. Себебі, қобыз шалған қыздар өз тағдырын өзгертіп алып жататын тұстар көп. Жоқ, мен қобызды киелі аспап деп санамайтындар туралы, оны жай ғана шалатындар жайлы айтып тұрған жоқпын. Қобызды ­жанымен, жүрегімен беріле ойнайтын, нағыз мамандарды мысалға келтіріп айтамын. Қобызшылардың көбінің тағдыры күрделі, шырғалаңға толы. Ұлдардың дәті беріктеу, сондықтан қобызға ұлдарды алуға ­тырысамыз. Бірақ ұлдар қобызға емес, домбыраға көптеп келеді. Қазіргі оркестрде қылқобызда да, прима-қобызда да кілең қыздар. 

– Сонда ер балалар бұл аспапқа қызықпай ма?
– Ұлдар оны қыздарға тән аспап деп есептейтін шығар. Шындығында, керісінше. Ер-азаматтар мүлде жоқ демеймін. Саян Ақмолда деген аса талантты қобызшы бар.
– Ұзақ шалмасаңыз, қобызды сағынасыз ба?
– Әрине! 1996 жылы Қытайдың Құлжа қаласына бардық. Жарты жыл қобыздан сабақ бердік. Тұяқ Шаменов, Қуаныш Әжімұратов үшеуіміз бұрын скрипкада ойнаған музы­канттарға қобыз үйреттік. Ол кезде прима-қобызда ойнайтын кезім, қылқобызды сирек шаламын. Алайда біраз уақыт қолға ұстамаған соң, қылқобызды қатты аңсадым. Қасымдағылардың қылқобызын сұрап аламын. Соны ­шалып, ішкі әлемімді тазалаймын. ­Сосын жақсылап жұмысыма кірісемін.
– Бүгінгі қобызшылар туралы пікіріңіз қандай? Келсін-келмесін, қобызды шалып, оны сәнге айналдыруға қалай қарайсыз?
– Жақында Димаш та сахнаға қобызшылармен шықты. Бәрі талғаммен шықса, өте дұрыс деп есептеймін. Табиғаттың кез келген дыбысын қобыз ғана бере алады. Иә, скрипка бере алады дейді. Бірақ скрипка – квинта, ал қобыз – кварта. Кезінде, 1997 жылдары прима-қобызды джазға қосқанмын. Сол кезде де бірақ адам өре түрегеліп, «бұл дұрыс емес» деп еді. Ұстазым Фатима апай ғана: «Бұлай да болады екен ғой» деп арқамнан қаққан.
Алайда мен дәстүршіл адаммын. Қобызды киелі, қасиетті аспап деп ­санаймын. Сондықтан оны сән қуалап, сахнаға орынсыз шығаруға қарсымын.
– Әкеңіз қобызбен күй шығарды. Сіз ше?
– Бір кездері шығарған едім. Сағынғанда, мұң тербегенде тылсымнан күй жүрегіңе құйылады… Алайда кәсіби маман ретінде мен бір нәрсені анық білемін. Мен – орындаушымын. Сондықтан ол туындыны көрсетуге болатын-болмайтынын да өзім үшін жақсылап елеп-екшедім де, көпшілік назарына ұсынбағаным дұрыс деп шештім.
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелесен
Қарагөз СІМӘДІЛ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.