Гендерлік зерттеу және халықаралық ынтымақтастық

ҚР Білім және ғылым министрлігінің гранттық жобасының ғылыми-зерттеу тобы тың жобаны сүйіншіледі. «Екінші дүниежүзілік соғыстағы Қазақстан мен Ресейдің гендерлік аспектілері» деп аталған жобаға Қазақстан, Ресей, Қытай зерттеушілері қатысып, Екінші дүниежүзілік соғысты зерттеудің жаңа тәсілдері туралы дөңгелек үстел өткізді.

Басқосуды дүниежүзілік тарих, тарихнама және деректану кафедрасының мүшелері, профессор Р.Жарқынбаева, докторанттар А.Сүйінова мен Се Тянь ұйымдастырды. «Екінші дүниежүзілік соғысты зерттеудің жаңа тәсілдерін әзірлеуде ­Ресейде және Қазақстандағы гендерлік зерттеудің рөлі қандай?» деген тақырыпты көтерген басқосуда соғыс ­тарихын дәстүрлі көзқарастар тұрғысынан емес, гендерлік зерттеулердің жаңа әдіснамалық тәсілдері мен құралдарын талқылады. Экстремалды соғыс жағдайындағы Қазақстан мен Ресейдің әлеуметтік, экономикалық, мәдени тарихын зерделеді. Дөңгелек үстелде үш бағыт бойынша жұмыс жүрді: «Гендерлік зерттеудің жаңа әдіснамалық тәсілдері мен құралдары», «Ұлы Отан соғысы тарихының жаңа негіздерін қайта қарау», «Ауызша тарих және тарихи жад: гендерлік аспектілер». Ресейдің Иваново қаласының гендерлік зерттеулер орталығының директоры О.В.Шнырова «Соғыстарды гендерлік тұрғыдан зерттеу әдістемесі»; Г.И.Носов атындағы Магнитогорск мемлекеттік техникалық университетінің жалпы тарих кафедрасының меңгерушісі, профессор М.Н.Потемкина «Ұлы Отан соғысы кезіндегі қоныс аудару. Әйелдің күнделікті өмірінің тарихы тұрғысынан»; Волгоград мемлекеттік университетінің профессоры Н.В.Дулина «Тарихи жад және оның әлеуметтану әдістерін қолдану арқылы сақталуы»; Волгоград мемлекеттік техникалық университетінің доценттері Е.В.Ануфриева «Ұлы Отан соғысының ­тарихи жады құрылымындағы ауызша тарих: гендерлік аспект» және О.И.Ситникова «Естеліктер тарихи жадыны сақтау құралы ретінде» деген тақырыпта осы жиында баяндама жасады. ҚР Президенті Мұрағаты директорының орынбасары, профессор К.Әлімғазинов, КИМЭП университетінің халықаралық қатынастар бөлімінің профессоры­ Г.Дадабаева, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Қазақстан тарихы кафедрасының доценттері А.Жұмаділ мен А.Оразбаева, М.Тынышпаев атындағы ҚазАТК-ның Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі А.Әбдірайымова, оқытушы А.Утешова, дүниежүзілік тарих, тарихнама және деректану кафедрасының профессорлары С.Смағұлова, доцент Ф.Миманбаева және Қазақстан тарихы кафедрасының доценті Л.Хасанаева және т.б. ой-пікірлерімен бөлісіп, Еуразия мемлекеттері арасындағы гуманитарлық ынтымақтастық экономикалық-саяси ынтымақтастықтың құрамдас бөлігі ретінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Соңғы жылдары мемлекетаралық және мәдени­а­ралық өзара іс-қимыл үрдісі күшейгені де сөз болды. Жобаның мақсатын жүзеге асыру Қазақ­станда және Ресейде ұлттық бірегейлік пен патрио­тизмді қалыптастыру үшін аса маңызды. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы Қазақстан мен Ресей тарихындағы гендерлік аспектілерді зерттеу қазіргі гендерлік теңгерімсіздікті жоюға бағытталған мемлекеттік әлеуметтік саясатты дамытуға көмектеседі. Қазақстан мен Ресей әйелдерінің ­заманауи әлеуметтік-экономикалық түйткілдері кешені кеңестік кезеңде, оның ішінде Ұлы Отан соғысы кезінде қалыптасқаны, жобаның негізгі ғылыми нәтижелері ҚазҰУ-дың тарих кафедрасының оқу процесіне енгізіліп жатқаны да айтылды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ элективті курстарды әзірлеу және тестілеу, жалпы курстарға жаңа тақырыптар, курстық пен магистрлік және докторлық диссертациялардың жаңа тақырыптарын енгізуді қолға алуда. Жиын соңында жобаның кезек күттірмейтін міндеттерін көрсететін қарар қабылдады.

А.Әбдірайымова, М.Тынышбаев атындағы ҚазАКТ-ның кафедра меңгерушісі, профессор
А.Утешова, М.Тынышбаев атындағы ҚазАТК-ның оқытушысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.