ҚАСИЕТ ТҰНҒАН ТҮРКІСТАН

Бұл ойда жоқ сапар еді. Оған мұрындық болған әйгілі кенші, ҚР еңбек сіңірген кеншісі, «Кенші даңқы» төс белгісінің толық иегері Рысдәулет Есімов. Рекеңмен Жезқазғанда танысқанбыз. Кіндік қаны Түркістанда тамған. Еңбек жолын Алматыдағы политехникалық институтты бітіргеннен кейін кеншілер қаласы Сәтбаевта бастаған. Ешкім оны оңтүстіктің жігіті деп ойламайтын. Жергілікті жерге осы өңірдің төл перзентіндей әбден сіңісіп кеткен.

Сәтбаевтағы атақты №65 шахтаны он жеті жыл басқарды. Батыс Жезқазған, Оңтүстік Жезқазған кеніштеріне бас­шылық жасады. «Қазақмыстың» білдей бір департаментінің тізгінін де ұстады. Өткен жылы зейнеткерлікке шығып, қазір Алматы қаласында тұрып жатыр.
Осы Рекең өзі туып-өскен Түркістан төңірегіндегі киелі жерлерді жанына­ жақын дос-жарандарына көрсетіп, олардың тарихымен таныстыруды­ көптен ойластырып жүреді екен. Дос көңілі таза ғой. Қалай дегенмен де, түркілердің түп қазығы саналатын Түркістан бойларына қасиет дарыған әулие-әнбиелер мекені. Бір жағынан «Маған тілеулес болып жүрген жандарға киелі жерлер­дің шапағаты тисе, ­қа­не­кей» дегенді де ойлаған болу керек. Оның ­сапар ал­дындағы ақжарма, ақеділ ықылас-пейілінен осыны да аңғарған едік.
«Сапар құрамында кімдер бар?» ­десек, алдымен тілге тиек болатыны Талғат Мағзұмов. Жезқазғандық атақты кенші-инженер. Көбіне басшылық қызмет ат­қарды. Ірі кеніштерді басқарды. «Қа­зақ­мыстың» іскер басшыларының бірі болды.
Рысдәулет пен Талғаттың досты­ғынан көп адам хабардар. Бірі – Түр­кістан­ның түлегі, бірі – Арқаның азаматы. Алайда адами қатынасқа жердің еш бөгет болмайтыны белгілі. Біздің азаматтарға осындай қарым-қатынас қажет. Несін жасырамыз, кейде­ «өзіміздің жігіт», «сырттан ­келген» деп бөліп-жарып, «жіліктеп», талдап ­жататынымыз бар. Бұл жөн емес. Қайта саусақпен санарлық аз қазақтың өз жерінде, өз топырағында мидай араласып жатқаны – жақсылық.
Базар Самаликовпен сапар барысында таныстық. Базекең де еңбек жолын Жезқазғанда бастаған. Кейін Алматыға келіп, қаладағы метро ­құ­рылысына қатысқан. Қатысты дегеніміз жай, жауапты құрылыстың басы-қасында жүріп, елеулі еңбек сіңірген. Тағы бір сапарласымыз – Мұрат Боранбеков. Ол да мамандығы бойынша кенші-инженер. Жезқазған шахталарында, Ақшатау кен комбинатында жауапты қызметтер атқарған. Соңғы жылдары Алматы қаласы мен ­Алматы облысының Төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма басшылығында қызмет еткен.
Азаматтардың жандарына ерген сыңарларының да жөндері бөлек. Талғаттың жары Гүлсім – үлкен кә­сіпкер. Базардың жұбайы Сағадат болса дәулескер күйші, Құрманғазы оркестрінің белді мүшелерінің бірі. Ал Рысдәулеттің зайыбы Күләшке келсек, ол басқасын айтпағанда, әйгілі сазгер Сейдолла Бәйтерековтің туған қа­рындасы. Қатарымызда, сондай-ақ Раушан, Назира секілді жүздерінен жы­лылық ескен қарындастарымыз да болды.

БАБТАРДЫҢ БАБЫ

Түркістан – тарихқа бай көне өңір. Аңызға бай десек те қателесе қоймас­пыз. Бағзы замандардан сыр шертер ескерт­кіш-белгілер бұл аймақта жетерлік.
Түркістан дегенде, ең алдымен, ауызға ілінетіні – Қожа Ахмет Ясауи мавзолейі. Алайда бұдан да бұрын бой көтерген әрі қадір-қасиеті одан кем түспейтін ерекше орын бар. Ол – ­Арыстан баб кесенесі.
Арыстан бабтың кім екендігі көзі қарақты жұртқа жақсы белгілі. Ең ­алдымен айтылатыны – бабаның Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы болғандығы.
Ел ішінде ертеден келе жатқан ескі сөз бар: «Арыстан бабқа түне, Қожа Ахметтен тіле». Біз де осы қағиданы бас­шы­лыққа алып, киелі жерге бағыт­талған са­па­рымызды бабтардың бабы атанған ұлы тұлғаға тағзым етуден ­бастауды жөн көрдік.

Арыстан баб кесенесіне жақын орна­ласқан елді мекенге кештете жеттік. Бірақ әлі күн бата қоймаған. Заттарымызды қонақ­­үйге қойдық та иек астындағы ­кесенеге бет алдық. Кешкі уақыт қой, бес-алты адамнан басқа тірі жан көзге түспеді. Ке­се­ненің іші-сыртын еркін араладық. Құра­­нымызды оқып, баба рухына тағзым жасадық.
Кесененің дәл түбінде құдық бар екен. Суы қышқылтым. Ішуге келмейді. Дегенмен емдік қасиеті бар көрінеді. «Шарапаты тисін» деп беттерін жуып, артылғанын ыдысқа құйып алып жатқандар бар.
Арыстан бабтағы «арыстан» сөзінің мағынасы түсінікті секілді. Ол «үлкен», «зор» дегенді меңзеп тұр. Ал «баб» сөзі «қақпа», «есік» дегенді аңғартады екен. Енді бір ғалымдар «баб» сөзі ислам дінін таратушылардың есімдеріне қосылатын қосымша тіркес екенін де айтады.
Арыстан бабтың Қожа Ахметке ұстаз бол­ғанын жоғарыда айттық. Ясауи­дің «Хикметтерін» оқып отырып та бұған анық көз жеткізуге болады. Онда мынандай жолдар бар:
Жеті жаста Арыстан бабқа
қылдым сәлем,
Осы халде мың зікірін қылдым тәмем…
Құрма беріп, басымды сипап,
назар қылды,
Мектеп барып, қайнап толып,
тасыдым міне.
Осындағы құрмаға қатысты аңыз көп. Әртүрлі үлгілері бар. Солардың бірі, ясауитанушы ғалым Жақып Алтаев келтірген аңыз былайша өріледі: «Бірде Мұхаммед пайғамбарға Жебірейіл періште бір табақ құрма алып келеді. Бір құрма табақтан жерге түсіп кетеді. Жебірейіл ол құрманы алып, Пайғамбарға: «Мына құрманы өзіңізден 400 жыл кейін келетін, сіздің ісіңізді әрі қарай жалғастыратын үмметтеріңізге аманат етіп қалдырыңыз» дейді. Пайғамбар сахабаларын жиып: «Бұл аманат құрманы кім жеткізе алады» деп сұрайды. Сахабалардың ешқайсысы «Мен жеткізер едім» деп шыға қоймайды. Себебі ешқайсысы да өзінің 400 жыл өмір сүреріне сенімді емес еді және бір жағынан сынап тұрған болар деп, күдіктеніп тұрғанда мұның Алла Тағаланың әмірімен болып тұрғанын жүрегімен сезген Арыстан баб: «Егер өмірім жетсе, аманатыңызды мен жеткізер едім, бірақ ғұмырым өлшеулі әрі оны қайдан табамын» дейді. Пайғамбар разы болып: «Өміріңізді Алла Тағала жеткізеді. Үмметімді ислам діні тараған елдердің шығысынан іздеу керек. Ол баланың белгісі медреседен қайтқанда кітабын төбесіне қойып, артымен теріс қарап жүреді және аманатын сізден өзі келіп сұрайды» деп жауап қайтарады.
Мұхаммед айтқандай Қожа Ахмет жеті жасқа келгенде Арыстан бабты өзі танып: «Баба! Аманатымды беріңіз» дейді. ­Арыстан баб 400 жыл бойы тісінің қуысына сақтаған құрманы балаға ұсынады. Қожа Ахмет кідірместен құрманы аузына салып жібереді…».
Содан Арыстан баб баланы шәкірттікке алады. Арыстан баб қиялдан пайда болған кейіпкер емес. Оның өмірде болғанына осы уақытқа дейін жеткен жырлар, әңгіме­лер дәлел бола алады. Сопылық ілімінің аса көрнекті өкілдерінің бірі Сүлеймен Бақырғани былай дейді:
Бабтардың бабы Хорасанда,
Сансыз бабтар Үндістанда.
Бабалар басы баба Арыслан.
«Алпамыс» жыры көпшілігімізге ­таныс. Жырда Байбөрінің бір перзентке зар болып, молаларға зиярат қылатыны бар. Ол төмендегідей баяндалады:
Түнейді үш күн Байбөрі
Әзіретті сұлтанға.
Түркістанда түмен баб,
Сайрамда бар сансыз баб.
Отырарда отыз баб,
Бабалардың бабын сұрасаң,
Ең үлкені Арыстан баб
Әулие қоймай қыдырып,
Бабалардың бәрін қылды сап.
Реті келгенде айта кетейік, Арыстан баб есімі бірқатар ғалымдардың еңбек­терінде кездеседі. Тіпті шетел ғалымдары да өз ойларын білдіреді. Енді солардың бірқатарына кезек беріп көрелік. Француз зерттеушісі Ирене Меликоф «Ахмет Ясауи және түркілердің халықтық исламы»­ атты еңбегінде былай дейді: «Қожа Ахметтің әкесі Ибрагим Сайрамда белгілі шайқы болған. Ахмет жеті жасында жетім қалады. Сосын оны әпкесі Ясы қаласына алып барады. Ол жақта алғашқы ұстазы Арыстан бабпен кездеседі». Ағылшын ғалымы Дж.Тримингэм Ясауи меңгерген ілімді сөз ете келе: «Ахмет Ясауи – барлық түркі сопыларының бабасы. Ясауи дәстүрі таза түркілік бағытта болды. Ол түркі шайқы Арыстан баб дүние салғанша соның қолында тәлім-тәрбие алды, кейін Бұқараға аттанды» дейді.
Баба тақырыбына қазақ ғалымдары да барып жүр. Әсіресе, О.Дастанов, М.Сембин, М.Қожа зерттеулеріндегі ­деректер назар аударарлық.
Біз сол күні осы жерге түнеп шықтық. Оның алдында құрбандық шалып, аруақ­тарға құран бағыштадық. Ертеңінде шай-суымызды ішкеннен кейін тағы да ­Арыстан баб кесенесіне келіп, тағзым жасадық. Төңіректегі өзге де кесене-мазарларға зиярат еттік.
Арыстан баб кесенесі – қазақ жеріндегі елеулі сәулет өнерінің ескерткіші. Зерттеушілер кесененің баба қабірінің басына салынғандығын айтады. Кесене екі бөліктен тұрады. Солтүстік бөлігінде Арыстан баб бейіті орналасқан қабірхана және әулиенің шәкірттері саналатын Лашын баб пен Қарға бабтың, сондай-ақ кесене шырақшысы Шерімбет Әздердің бейіттері. Оңтүстік бөлігінде – мешіт. Екі ара дәліз арқылы қосылған.
Кесене бірнеше рет өңдеу-жөндеу жұмыстарын бастан кешірген. Оның қабырғасындағы «1327 Ұста Қалмырза бек Мүсәпір Түркістани» деген жазу бірден көзге түседі. Демек, бұл құрылысты жөндеуде аталған кісінің еңбегі зор болған. Һижра бойынша 1327 жыл – қазіргі күнтізбедегі 1909 жылға келеді екен.
«О баста осы кесенені тұрғызуға кім ұйытқы болған?» деген сауалға келсек, жазбаларда негізінен «Әлем билеушісі» атанған Ақсақ Темірдің есімі аталады. Ел ішінде мынандай да аңыз бар: «Қожа Ахмет кесенесінің қабырғалары қаланып болған түні алып өгіз көтерілген дуалдарды мүйізімен соғып, құлатады. Ғимарат қабырғалары қайта тұрғызылып, күмбездері қалана бастағанда бұл оқиға тағы да қайталанып, бәрі үйілген төбеге айналады. Бұл жай Әмір Темірді көп ойландырады. Түсінде бір қария келіп аян береді. Ол Қожа Ахметтің ең алғашқы ұстазы, Арыстан баб моласының үстіне мазар көтеруге әмір ететінін жеткізеді. Бұл талап орындалған соң ғана Әмір Темір Түркістандағы құрылысын ойдағыдай аяқтады».
Арыстан баб кесенесінен кейін осы маңдағы Құрбан ата, сондай-ақ ұлтымыз­дың ардақты перзенті, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі ­Жәні­бековтің мазарларына соғып, құра­нымызды бағыштадық.
Өзағаның өмір жолы бәрімізге жақсы таныс. Ұлтына қызмет ететін адам Өзбекәлі ағамыздай-ақ болсын. Қазақ бар кезде Өзаға есімі өшпейтіні анық. Құрбан атаға келетін болсақ, бұл кісінің аты-жөні, атқарған ісі жергілікті жердегі адамдарға белгілі болғанымен, сырттағыларға таңсық болуы мүмкін. Адалын айтар болсақ, нағыз құрметтеуге, мақтан етуге лайық тұлға. Жұрт оны әділетті, адал, таза ниетті адам деп таныған. Зорлық-зом­былыққа көнбеген. Тіпті жан-жағына өктемдік жасаған аға-інілерінің қиянатын қаймықпастан беттеріне айтып отырған. Мұнысы бауырларына ұнамай, бір күндері оны алдап, елсіз жерге апарып тастайды. Ол жақта қол қусырып, қарап отырмайды. Егін егеді, мал өсіреді. Үйленіп, бала-шағалы болады. Бір жылдары жұт болып, адамдар ашаршылыққа ұшырайды. Ақы­рында олар Құрбанды паналайды. Оны өлімге қиған ағалары да көмек сұрауға мәжбүр болады. Міне, ел-жұрты құр­мет­теп, бас иетін Құрбан ата тарихы осындай.

ТҮГЕЛ ТҮРКІ  ҚАСТЕР ТҰТҚАН

Түркістанның асыл топырағын басып тұрып, жер бетіндегі тарихи және сәулет ескерткіштерінің бірегейі – Қожа Ахмет Ясауи мавзолейіне соқпай кету мүмкін емес. Бұған дейін де екі-үш рет болғанбыз. Бұл жолы да маңдай тіредік.
Мавзолейдің тарихын білмейтіндер кемде-кем болар. Көп жазылып та жүр. Сондықтан қысқа қайырайық.
Расында да бұл сәулет өнерінің ғажайып ескерткіші. Сөзбен айтып жеткізгісіз ерен еңбек пен моншақтай төгілген маңдай тердің өтеуі. Әрбір сызық, әрбір нүкте жайдан-жай салынбаған. Оймен, жоспармен орналастырылған.
Әлемде сирек кездесетін ғажайып ғимараттың бой көтеруіне ұйытқы болған Ақсақ Темір де жай адам болмаған-ау, сірә. Демек, Ахмет Ясауидің орнын да, ілімін де мойындағаны ғой. Әйтпесе, мынандай көз тартар әсем де ауқымды құрылысты қолға алар ма еді.
Ұлы қолбасшы бас иген Ахмет Ясауи шын мәнінде ерекше жаратылған жан еді. Оның кейінгіге қалдырған мұралары әлі күнге дейін құнын жойған жоқ. Кемеңгер де ойшыл ақынның «Диуани хикметі» әр пендеге қажет бағдаршам іспетті. Өмірде нені үйреніп, неден жирену керек? Аталған еңбекте осы жайлы айтылады. Адамдарды адамгершілікке, ізгілікке, қанағатшылдыққа, тәубашылдыққа үндейді. Адалдық пен әділдіктің, мейірім­ділік пен қайырымдылықтың мәнін түсін­діреді. Зұлымдық пен жауыздықтың, тойымсыздық пен іштарлықтың, екіжүз­діліктің үлкен күнә екенін ескертеді. Жалпы нағыз адам болу үшін не қажет? Соның бәрі – хикметтерде соқырға таяқ ұстатқандай түзіледі.
Кесенеге оралайық. Ғимарат қазандық, Үлкен Ақсарай, Кіші Ақсарай, құдықхана, кітапхана, асхана, көрхана, мешіт тәрізді бірнеше бөліктерден тұрады.
Мавзолейге кіргенде ең алдымен көзге түсетіні – тайқазан. Қазанды жасатқан Әмір Темір екені белгілі. Оның қашан құйылғанына дейін жазулы тұр, яғни 1399 жылдың 25 маусымы.
Қазан бойынан әлі күнге өшпей, сол күйінде сақталған жазуларды байқайсыз: «жаратылыс иесі Алла», «Құт болсын». Құраннан үзінділер келтірілген. Қазанды соққан ұстаның аты-жөнімен де таныса аламыз. Ол Әділ Әзиз ибн Шарафаддин Тебрези. Қазанның салмағы – 2 тонна, биіктігі – 158,3 см, енінің көлемі – 243,4 см. Қазанға үш мың литр су сыйып кетеді екен.
Осы бөлмедегі қымбат жәдігер – екі өрнекті ағаш есік. Өздері тым биік әрі көлемді. Нағыз шебердің қолынан шыққаны байқалып тұр. Бағзыдан жеткен жәдігерлер қатарына қола шырағдандарды, шашақты байрақты атар едік.
Қожа Ахмет Ясауидің қабірхана бөлмесіне адам кірмейді. Есік сыртынан ғана тағзым жасай аласыз. Баба жанында әйелі және баласы Ибраһим шайқының жатқандары айтылады.
Мавзолейде атақты хандар, билер, ­батырлар жерленген. Олардың ішінде Абылай хан, Әбілхайыр хан, Жолбарыс­ хан, Қаз дауысты Қазыбек би және көптеген ірі тұлғалар бар. Зиратхана аталатын бөлменің өзі құлпытастарға толы. Осыған қарап-ақ мавзолейді екінші Мекке деп жайдан-жай атамағанын аңғарасыз. Қасиеттілігі ғой, қазақтың бетке ұстар айтулы жақсылары мен жайсаңдары мәңгілік мекендерінің осы жерден болуын қалаған. Демдері сырт жақта үзілсе де денелерін мавзолей жанына жеткізуді аманаттаған.
ХІV ғасырда салынған ескерткіш ­талай дүрбелеңді бастан кешірді. Патша әскерінің зеңбірегінің нысанасына да айналды. Бірнеше рет жөнделді.
Мавзолей қазақ хандарының бас ­ордасы қызметін атқарған кездері де болды. Бұл жерде елдік мәселелер талқыланған алқалы жиындар, хан көтеру рәсімдері өткен.
Мұнда сауатты шәкірттер дайындайтын медресе де жұмыс істеген. Кітапхана қоры мейлінше бай болған.
Мавзолейдің төңірегінде археоло­гиялық, сәулет және бейнелеу өнерінің үздік ескерткіштері орын тепкен. Олар Ұлықбектің қызы, Әбілхайыр ханның зайыбы Рәбиға Сұлтан Бегім, Есім хан кесенелері, жұма мешіті, шығыс моншасы, үлкен қылует және басқалар. Аңызға қарағанда Ахмет Ясауи пайғамбар жасына келген соң одан артық жер бетінде өмір сүруді қаламай әрі Пайғамбарға тағзым ретінде қалған өмірін мешіт іргесінен қазылған жер асты мекенінде (қылуетте) өткізген.
Кесене бүгінгі таңда әлемнің қамқор­лығында. Ол ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне енген. Осының өзі ескерткіштің салмағын көрсетсе керек.
Мағжан ақын: «Түркістан ер түріктің бесігі ғой» дегенде, сөз жоқ бұл жолдарды жазғанда атақты ғұламаға, оның осы жердегі кесенесіне аса мән бергені анық. Бүгінгі күні Түркістанның түркі әлемінің рухани орталығы болып отырғандығы да баба рухының арқасы десек, қателесе қоймаспыз.
Біз мавзолейді, оның төңірегіндегі ескерткіш-белгілерді аралауға бір күнімізді арнадық. Көп жайтқа қанық болып, жан дүниемізді байыттық.

УКАША ҚҰДЫҒЫ

Ендігі бағытымыз – Түркістан қаласы­нан солтүстікке қарай 55 шақырымдай жерде орын тепкен Укаша ата мазары.
Алғашқыда бұл жерде қабір орны ғана болған. Кейініректе мазар тұрғызылған. Мазар екі бөлмеден тұрады. Кіреберісі кішігірім, екінші бөлмесі ұзынша келген. Бізді таңдандырғаны – зияраттың бұған дейінгі көргендерімізге қарағанда өте ұзындау екендігі. Мұның сырын кейін білдік.
Укаша ата кім? Аз-кем осыған тоқ­талып өтейік. Аңыз-әфсаналарға сүйенер болсақ, Укаша ата Мұхаммед Пайғамбар­дың сенімді адамы әрі қорғаушысы, күзетшісі болған сахаба. Оның есімі Ш.Уәлихановтың, Мәшһүр Жүсіптің еңбектерінде де ұшырасады.
Аңыз не дейді? Укаша сахабаның ертеректе өмір сүрген бір атасы Мұхаммедтің соңғы Пайғамбар болып келетінін білген. Оның мұсылман атаулыға жәрдемші, шапағатшы болатынын сезген. Содан «Мені дініңе қабылда, мұсылман болайын»­ деп аманат-хат жазады. Міне, осы хатты Пайғамбарға тапсыру бақыты әлгі кісінің ұрпағы Укашаға бұйырады.
Укаша Пайғамбарға кездесіп, мұсыл­мандықты қабылдайды. Мұхаммед оны өзін қорғаушы, әскери қолбасшы етіп сайлайды.

Укаша ата құдығы
Укаша ата құдығы

Укашаның бойындағы бір қасиет жауы оны атса оқ, шапса қылыш дарымайды екен. Оның да сыры бар. Өйткені ол Пайғамбардың денесіндегі ешкім байқамаған мөрді және Алланың нұрын көрген, нұрға жүзін тигізген. Осы нұр бар бәледен құтқарып отырған.
Укашаның әлсіздік танытатын кезі таң намазын оқыған сәт екен. Сол уақытта денесі балқып, бар дүниені ұмытатын көрінеді. Сахабаның дұшпандары жансыз жіберу арқылы батырдың осал тұсын біліп, таң намазы үстінде қылышпен шауып өлтіреді.
Мұхаммед Пайғамбардың өмірден өтер сәтін білген Укаша сол кезде Пайғам­бар­­мен бірге көз жұмбағанына қатты өкініпті. «О дүниеге Сізбен бірге аттансам ба деп едім. Ол арманым орындалмай тұр. Сіз мені қазір өзге елге жұмсап тұрсыз. Басымның қайда қалары белгісіз» дейді. Сонда Пайғамбар оның бар ниетімен айтып отырғанын түсініп: «Уа, Алла, сахабам­ Укаша қай жерде ажал құшады, оның ­басын жердің үсті не астымен бола ма, маған жеткізе гөр» деген тілегін білдіреді.
Алла Тағала бұл тілекті қабыл етеді. Укашаның басы денесінен бөлініп түскенде періштелер оны тиіспекші болған жау қолынан домалатып алып қашады-мыс. Бір жерге келгенде әлгі жер қақ айырылып, бас жер астына түсіп кетеді. Әлгі жерде құдық пайда болады. Бас жер астындағы өзен арқылы құбылаға қарай аға жөнеледі. Ақырында Меккедегі зәмзәм сулы бұлақтың қасынан бір-ақ шығады. Сахабалар мұның Укашаның басы екенін білген. Сөйтіп, оны арулап Мұхаммедтің аяқ жағына жерлейді.
Сахабаның сағанасының ұзын болуы­ның себебі мынадан екен. Ол кісінің денесінің қаны тамған жердің барлығын серіктері аяқасты болмасын деген ниетпен таспен қалап отырған. Яғни қаны тамған жердің барлығы қабір ретінде сақталған.
Жоғарыда Укашаның басы жер астына түсіп кеткенде құдық пайда болғанын айтқан едік. Қазір бұл құдық «Укаша атаның құдығы» деген атпен көпшілікке әйгілі. Бұл жаққа жолы түскен адам алдымен Укаша атаның кесенесіне соғып, құран оқиды. Содан соң қырат басындағы құдықтан су алады. Су қасиетті саналады. Құдықтағы судың ерекшелігі, оған ­шелек салғанда шелектегі су біреуге толып, біреуге толмай, болар-болмас болып, тіпті кейбіреуге мүлде су шықпайды. Тастаған шелегі бос шыққандардың кәдімгідей көңіл күйлері түсіп кетеді екен. Осыған орай құдықтың шырақшысы болған Серік Қыстаубайұлы былай дейді: «Шелегіме су шықпады, демек, мен дұрыс ниеттегі адам емес екенмін деген ойдан аулақ болу керек. Ел ішінде «Укаша ата құдығынан тек жақсы, ниеті таза адамдарға ғана су шығады» деген әңгіме кең тараған. Ол – қате ұғым. Бұны Алланың сынағы деп қабылдаған дұрыс. Мәселен, алты адам келсе, оның біреуі тастаған шелекке су шығып, қалғанына шықпай қалуы мүмкін. Ондай сәттерде біз сол суды басқа адамдарға бөліп береміз. Мақсат – ниет етіп келген адамның құдық суынан дәм татуы».
Құдыққа шелекті біз де салдық. Әрқайсымызда да қобалжу бар. «Не ­болар екен? Су шықса дұрыс болар еді» дейміз. Несін айтасыз, бәрі де жақсы болды. Алла Тағала тілегімізді қабыл етті. Бірімізге ­толып, бірімізге аздау – әйтеуір құр қайтқан шелек жоқ. Суы аздауымыз суы көппен бөлісіп, мәз болып жатырмыз.
Қасиетті құдыққа таяу жерде Укашаның сенімді серіктерінің бірі болған, сахаба қаза тапқанда денесін жерлеуге қатысқан Ерқоян батырдың мазары бар екен. Ол жерге де аялдап, тағзым жасадық. Айта кетерлігі, Ерқоян батырдың аты-жөні де зерттеушілер еңбектерінде жиі ұшырасып отырады.

«ЖЫЛАҒАН АТА»

Жолбасшымыз Рысдәулет келесі күні таң атпай жолға шығатынымызды айтты. Бұл жолғы баратын жеріміз – Жылаған ата. Түркістаннан сексен шақырымдағы үңгір мен бұлақ осылай аталады. Ерте шыға­тынымыз – жол ауыр. Тауды бөктер­лей жүреді екенбіз.
Жеңіл машина жолға шыдамайтын көрінеді. Мінгеніміз кешегі кеңес заманындағы ескі автобустардың бірі. Жолға жарамды, ең қолайлысы осы көлік болып шықты.
Жылаған ата. Бұл да – аңыз. Аңыз болғанда да өзгеше хикая.
«Ертеде қарт Қаратаудың баурайын мекен еткен ерлі-зайыпты кісілер бір перзентке зар болады. Жатпай-тұрмай ­Жаратушыдан бала сұрайды екен.
Бір күндері олардың тілегі қабыл болады. Әйелдің құрсағына бала бітеді. Осыған қуанған ерлі-зайыптылар дүниеге келер сәбиді тағатсыздана күтеді. Күткен сәт те жетеді. Міне, қызық, нәрестелі болам деген әйел мес (қарын) ­босанады. Бұған таңырқаған әйел үлкен өкінішпен, көзінен жасы парлап тау-тасты кезіп жүреді. Күндердің күнінде әлгі мес қолынан түсіп кетіп, одан қолында асатаяғы бар кішкентай бала ытқып шығып, белес-белесті артқа тастап қаша жөнеледі. «Тоқташы» дегенге қарамайды. Қуа-қуа анасы әбден шаршайды. Осыны­ сезген бала: «Анам шөлдеген болар» деп, қолындағы асатаяғын жерге ұрып қалғанда құдық пайда болып, ішінен мөлдіреп су шығады. Сөйтеді де бала анадай жердегі үңгірге кіріп кетеді. Шақырғанға келмейді. «Анашым, менің мекенім осы жер, үйге қайта бер. Мен мәңгілік осында боламын» дейді бала. Ана байғұс қанша күткенмен бала шықпағаннан кейін үмітін үзіп, амалсыз кейін оралады».

Жылаған ата үңгірінде
Жылаған ата үңгірінде

Міне, содан бері бұл үңгір «Жылаған ата» атымен аталып кетеді. Неге олай аталған? Жұмбақ. Былай қарағанда «Жылаған ана» немесе «Жылаған бала» аталу керек сияқты, алайда талай жылдардан бері «Жылаған ата» атауымен қалған.
Жылаған атаға жету оңай емес. Даланың жолы, кедір-бұдыры көп. Әсіресе, таумен пара-пар биік жотаның басына шығу жеңіл болмады. Жол барған сайын тарыла береді. Жарқабақтың жиегінде жүргендей сезінесің. Қауіп-қатері мол. Төмен қарасаң басың айналады. Сондықтан төменгі жаққа көз салмауға тырысасың. Не керек, әупірімдеп биікке де шықтық-ау. Бұл жақ жотаның үсті емес, кәдімгі өзімізге етене таныс жердің бетіндей. Айнала жазық. Кезінде шопандар бұл аймақты жайлау ретінде пайдаланған екен. Малшылардың мұндай биікке қалай көтерілгені бәрімізді де таңдандырды.
Шамалы жүрістен соң көлігіміз тас­­­тақтау бір жерге алып келді. «Неге тоқтадық?» деп жан-жақтан сұрап жатырмыз. Жай тоқтамаппыз. Әлгі аңыздағы ­местен шыққан баланың асатаяғымен жерді шұқып қалып, су шығаратын құдығы осы жер екен. Бұл жер қазір Тасқұдық атымен әйгілі.
Су мұп-мұздай әрі тұщы. Қанша ішсең де тоймайсың. Құдықтың тағы бір ерекшелігі – мұндағы су ылғи да бір қалыпта тұрады. Қанша су алғаныңмен құдықтағы су төмендемейді. Азаймайды да, көбеймейді де. Сол баяғы қалпы. Таңдай қақтырарлық-ақ жағдай.
Аңызда айтылатын: «Құдықтың айналасынан тасқа басылған баланың ізі қалады». Бұған шүбә келтіре алмайсың. Баланың ізін біз де көрдік. Жол әрі қарай жалғасты. Ақырында терең сайдың жағасында ат басын іріктік. Жылаған ата бұл жерден қашық емес. Алайда ол жаққа көлік бара алмайды. Жаяулап бару керек.
Бәріміз қолымызға бір-бір таяқ ұстадық. Қауіпсіздік үшін. Өйткені сайды жағалай, шатқал жиегімен жүреміз.
Айналадағы табиғат ғажап. Шөптің де, гүлдің де неше алуаны жайқалып тұр. Адам аяғынан алыс жер ғой. Жан-жақтағы мың бояулы көрініске тамсана да, сүйсіне де қарай бергің келеді.
Рысдәулеттің балалық шағы осы жерде өткен екен. Әкесімен бірге мал бағыпты. «Қарақат, бүлдіргенің тұнып тұратын. Арқарың да, маралың да көп кездесетін» деп, өткен кезеңдегі қызықты шақтарын сағынышпен еске алды.
Жылаған ата бұлағы тау ішіндегі өзен жағасында екен. Тас арасындағы тесік анадайдан көрініп тұр. Сол жерден тас үстімен бермен қарай ағады. Су үнемі ағып тұрмайды. Су ағу үшін құраннан үзінді оқу керек екен. Сол уақытта су кәдімгі сарқырама секілді төмен қарай құлдилайды. Бұл бар болғаны бір минутқа толар-толмас уақытқа ғана созылады. Мұнан соң су тоқтайды. Осы құбылыстың өзі де арнайы зерттеуі қажет ететіндей.
Су аққан кезде төменде тосып тұрған­дар беттерін, кеуделерін жуады. Шарапаты тисе деген ниет.
Өзеннің арғы бетіндегі тік жартастан тамшылап су ағып тұр. Бұл баланың анасының көз жасы-мыс. «Әлгі тамшыны көзіңізге тамызсаңыз, көзіңіздің көруі жақсарады» деген де сөз бар.
Одан әрі өзенді жағалап, жиырма-отыз метрдей жүрер болсаңыз, судың түбінен жылтырап жатқан жайпақтау орынды көруге болады. Ол «Ана жатыры» екен. Осылай аталады. Бала көтере алмай жүрген жас келіншектер сол жерге түсіп, шомылса бойына бала бітеді-мыс.
Осыларды тамашалап болғаннан соң, Рысдәулет: «Мына жақта Жылаған ата үңгірі бар. Енді соны көрелік» деді.
Оған жету оңай болмады. Жол жоқ. Таудың баурайы тастақ, қалың ағаш. Осының бәрін артқа тастап, межелі жері­мізге аяқ тіредік. Үңгірдің аузы кең. Бер жақ төбесі ­ойылып-ойылып қалған. Түпкі жағы топырақпен бітелуге таяу.
– Біраз өзгеріске ұшырапты. Бұрын мына топырақ жоқ еді. Ашық болатын. Ары қарай созылып кете беретін. Үлкендер мұның шеті әлгі бала таяғын нұқып қалғанда пайда болатын құдық бар емес пе, сол жерге барып тірелетін дейтін.
Үңгірдің қилы-қилы тарихы бар. Кешегі соғыс уақытында майданға барғысы келмеген кейбір ауыл адамдары осы үңгірді паналаған. Кәдімгі үй секілді пайдаланған. Аң, құс аулап күндерін көрген. Артылғанын төмендегі ауылға жеткізіп отырған. Бірақ көзге түспей, тығылғандарымен, оларды НКВД адамдары қолға түсіріп, бәрібір де соғысқа аттандырған, – деген Рысдәулет үңгір тарихынан сыр шертті.
Сонымен, бұл көп үңгірдің бірі болмай шықты. Талай сырды бүгіп жатқан, тылсымға толы жер екен.

ҚАРНАҚ, МЫҢ ЖЫЛДЫҚ  ТҰТ АҒАШЫ…

Қарнақ деген ескі шаһардың болғанын сырттай естігенімізбен, өзінде болмаған едік. Міне, дәл қазір сол Қарнақта тұрмыз.
Алдымен бас сұққанымыз Кентау қалалық музейінің филиалы болып есептелетін Шаммат ишан музейі. Осы жерден Қарнақ тарихына жан-жақты қанығуға болады.
Қаланың іргетасы нақты қай жылдары қаланғанын дөп басып айту қиын. Әмір Темір тұсында салынған деген жорамал бар. Ал бұл жерде оғыздар мекендегені ХІ ғасырда өмір сүрген М.Қашқари еңбек­терінде сөз болады. Қаланың гүлденіп, өркен жайған кезеңі Әз Тәуке заманы, яғни ХV-ХVІІІ ғасырлар кезеңі екен.
Шаһарда кезінде өндіріс барынша қарқын алған. Қорғасын балқыту, шойын­ қорыту, оқ-дәрі жасау кәсібі жақсы дамыған. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі тайқазан осы Қарнақта жасалған. Әз Тәуке заманында Түркістанға жолы түскен орыс елшілері өздерінің еңбектерінде оқ-дәрінің Қарнақта дайындалатынын атап көрсетеді.

Көп жасаған тұт ағашы

Қарнақта медреселер көп болғанға ұқсайды. Жиырмадан астам медресе болған деген дерек кездеседі. Солардың бірі – біз тұрған Шаммат ишан мешіт-медресесі. Қазіргі таңда – музей. Мешіт-медресенің сан жылдарды артқа тастап, осы уақытқа дейін жеткені көңілге медеу. Ендігі керегі – күтім, мемлекет тарапынан қамқорлық.
Медреселерде қазаққа әйгілі зиялылар оқығаны бүгінгі күні белгілі болып отыр. Олардың ішінде Шортанбай ақын, ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпеев және басқалар бар.
Қарнақ атауының қайдан шыққандығы жөнінде әртүрлі пікірлер бар. «Қар жауатын аумақ» немесе «үңгірлері көп аймақ» яки «Қаратауға жақын қала» деген мағынаны білдіруі мүмкін дейді. Өзге де жорамалдар айтылады. Қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс – мұны уақыт көрсетер. Атаудың ғылыми этимологиясын анықтауды осы іспен айналысатын мамандардың еншісіне қалдырғанымыз жөн болар.
«Тайқазан құйылған жер белгілі» ­деген­нен кейін айтылған орынға барған­быз. Көңіліміз қалды. Үйілген құрылыс материалдары жатыр. Тазалық жоқ. Ең болмаса арнайы белгі де қойылмаған. Алдағы уақытта ескеретін жайт бұл.
Белгі дегеннен шығады, осы көшенің бас жағында қазақтың танымал сазгері Сейдолла Бәйтерековтің әке-шешесі тұрған, сазгердің балалық шағы өткен үйдің орны бар екен. Бұл жер де қамқор­лыққа алынса дейсің. Өткен-кеткен ­назар аударып өтетін бір белгі орнатылса несі айып. «Әлиядай», «Жан досымдай», «Түркістандай» ғұмыры мәңгілік әндерді өмірге әкелген Сейдолладай саңлақ сазгер енді қайтып жарық дүниеге келеді дей­мі­сің. Талантқа құрметте шек болмауы тиіс.
Қарнақтағы тағы бір бағалы дүние – осындағы тұт ағашы. Бұл ағаштың кем ­дегенде 1000 жылдық тарихы бар екен. Енді бір деректерде 1300 жылға дейін апарады.
Ағашты алғаш еккен адамның қата­рында діндар, мұсылмандықты уағыз­даушы имам Бахли есімі аталса, енді бірде Мұхаммед Пайғамбардың әскери сардарларының бірінің қадаған шыбы­ғынан өсіп-өнгені сөз болады.
«Осы жерді өзіміз жөндедік. Орын­дықтар қойдық. Мұнда келушілер көп. Тіпті шетелдерден де келіп қызық­тай­тындар бар» дейді бізді бастап келген ауыл тұрғыны Хәшірмат есімді азамат.
Көп жасаған ағаштың бұтақтары шіруге айналғанымен, түбі мықты ма деп қалдық. Бір-бірімен айқасқан бұтақ­тар арасынан жап-жасыл бүршікті де байқап қалдық. ­Демек, ағаш ғұмыры әлі жалғаса беретіндей. Көп жасаған ағаштың алыптығы сондай он үшіміз айнала тұрғанымызбен, құшағымызға ­сыймады. «Табиғаттың бұл да ғажайып сыйы ғой» деген ой түйдік ішімізден.
Жергілікті тұрғындар ағашты қасиетті санайды. Келушілер арасында дұға оқып, зиярат жасайтындар да бар екенін аңғардық. Кентау қаласының үстінен өткенде сазгер Сейдолла Бәйтереков атындағы ­балалар саз мектебіне жолымыз түсті. Білім ордасының бүгінгі жай-күйімен таныстық. Өнер қуған талантты балалардың қаулап өсіп келе жатқанына қуандық. Сонымен бірге олар өздері білім алып жатқан мектеп атын иемденген сазгердің өмірімен, шығармашылығымен етене таныс екенін байқадық. Бұл ретте Бәйтерековке арналған музейдің, ондағы бағалы жәдігерлердің ықпал-көмегі де зор.
Сейдолла тек әсерлі әндер ғана шығарып қоймады, ол көптеген кинофильмдерге, драмалық қойылымдарға музыка жазды. Ал оның симфониялық оркестрге, хор ұжымдарына арналған ­туындылары бір төбе.
Дарынды композитор өмірден өткенімен, соңында ұлтына қажет мол мұра қалды. Осының өзі медет.
Сапар барысында ел-жер тарихымен жақсы таныс, ізгі жүректі, көңілдері дарқан талай жанды кездестірдік. Солардың бірі – Нұрғали Алдабергенов.­ Бүгінде 84 жасты бағындырып отырған ақсақалдың тындырған істері елеулі. Әсіресе, Қожа Ахмет Ясауидің қызы Гауһар ананың мазарын қалпына келтіріп, күтім жасаудағы, төңіректі таза ұстап, көгалдандырудағы еңбегі ересен. Осы маңдағы суы шипалы құдыққа екінші өмір беріп, оны қатарға қосуда да біраз маңдай тер төккен. Қазіргі таңда Гауһар ана мазары­ аталған құдық Нұрекеңнің арқасында адамдардың жиі аялдайтын орнына айналып отыр. Бізді Қарнаққа бастап барған Кентау қаласындағы С.Бәйтереков атындағы музыкалық мектептің директоры Аманбек Тұрсынбеков арқылы шаһардың өткеніне біраз қанықтық. Рысдәулеттің апа-жездесі Ұлшын мен Кеңесбектің, қарындасы Сараның қонақжайлықтарына ерекше сүйсіндік. Кентауда адвокат қызметіндегі Асан Бәйтереков әкесі Әбибулланың алғашқы ғарышкер Ю.Гагаринмен кездескендігі жайлы әңгімесі бәрімізді де ұйытты. Туған жерге жанашырлық танытып жүрген Мұсабек, Алмас, ­Ерлан секілді жастардың атқарып жүрген істері де құрбы-құрдастарына үлгі-өнеге. Жалпы­ біз тілге тиек етіп отырған жандар Түркістандай қасиетті топырақта өмірге келгендеріне, осында тіршілік етіп жатқандарына дән риза. Бұл енді айтпаса да түсінікті жай.
Ер түріктің бесігі болған Түркістанда киелі жерлер көп. Біздің болғанымыз солардың шағын бөлігі ғана.
Сапардан оймен оралдық. Осындай қасиетті орындар қазақтың қай түкпірінде де кездеседі. Соларды білу, көру, танысу әрқайсымыздың парызымыз болса керек. Өйткені ол жерлер жай жер емес. Ата-бабамыздың ізі жатқан, қаны мен тері төгілген, елдік ой-толғамдары қа­лып­тасқан бірегей мекендер. Мұндай жерге аяқ тіреу ойға жетелейді, өрісіңді кеңейтіп, бойға серпін береді. Шабыттандырады, рух сыйлайды. Қазіргі айтылып жүрген рухани жаңғырудың да түпкі мәні осы.

Нұрперзент ДОМБАЙ
«Ана тілі»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.