ТҮРКІНІҢ ТЕКТІ ОҒЛАНЫ

ӘДЕБИЕТ СЫНШЫСЫ САҒАТ ӘШІМБАЕВ ТУРАЛЫ СӨЗ

Ашур ӨЗДЕМИР,
филология ғылымының
докторы (Түркия)

Өткен жылы дарынды сыншы, білімдар әдебиеттанушы Сағат Әшімбаевтың «Әдеби сын мақалалары» атты жинағы түрік тіліне аударылып, Түркияда жарық көрген болатын. Түркі мәдениеті мен әдебиетінің дамуына қосар үлесі зор бұл еңбекке бүгінгі күнде түрік ғалымдары мен әдебиеттанушылары ықылас танытып, өз пікірлерін білдіруде. Біздің зерттеу объектіміз қазақ әдебиеті болғандықтан, қарымды қаламгердің кітабын оқып, еңбегін зерттеп-зерделеп, түрік оқырманына насихаттауды жөн санадық.

Сын және пікірталас болмаған жерде даму мен ілгерілеудің болмайтыны анық. Периферияның дең­гейінен өсіп, жаһандық мәр­те­беге­ жеткен ақын-жазушылар­дың, әдебиетшілердің профессионалды сын мен дәстүрлі пікірталас ­туатын әдеби ортадан түлеп шыққаны баршамызға мәлім.
Абай, М.Әуезов, Т.Әлімқұлов, Ш.Мұртаза, Ә.Кекілбаев, ­М.Ма­ғауин,­ Д.Исабеков, М.Шаханов сынды түркі әлеміне бел­гілі ақын-жазушыларын әлемдік деңгейге көтерген қазақ әдебие­тінде сын жанры жоғары деңгейде дамыған. Қазақ әдебиетінің осы маңызды жанры қалыптасқан күннен бастап, бүгінгі күнге дейін жаңа даму кезеңіне жетті. Ал ­тамырын тереңнен тартқан бұл үлкен саланың алдыңғы қатарында тұрған әдебиеттің шебер сыншыларының бірі, сөзсіз – Сағат Әшімбаев.
Белгілі әдебиет сыншысы, атақты әдебиеттанушы, сөз зер­гері Сағат Әшімбаев – кез келген шығарманың тереңдігі мен ­фи­лософиялық мәніне үңіліп, ­тарихи, әлеуметтік, идеялық тұстарын шебер саралап талда­ған талант иесі. Оның барлық ма­қалаларында сынның үлкен мәдениетін, терең толғаныстары мен тебіреністерін байқаймыз. Өйткені ол бұл жанрға өнерді, идеяны дамытудың басты құралы ретінде қараған. Ол кез келген шығарма туралы толғаған кезінде «әдебиет – ардың ісі» дейтін үлкен жауапкершіліктің жүгін сезініп, бүкіл әлем әдебиеті­нің даму үрдісіне қарай баға берген. Соның нәтижесінде әде­биет­тегі жаңалықтар мен ізденіс­терге қатысты философиялық, әлеуметтік және тұлғалық негіздегі ойлар мен ұсыныстарын батыл жеткізген.

Осылайша, сынды өнерге айналдырған, тіпті философиялық термин­мен айтар болсақ, хикметке жеткізген десек, артық айтқан болмаймыз.
Ұлт алдындағы қарызы мен парызын телқоңырдай тең ұстаған С.Әшімбаев студенттік шағында жазған алғашқы мақалаларының бірінде әдебиет кеңіс­тігіне есімі белгілі әдебиеттанушы, ұлағатты ұстаз, сыншы Мұхамеджан Қаратаев туралы былайша толғайды: «М.Қаратаевтың терең білім, биік мәдениет, публицистикалық пафоспен жазылған эстетикалық әсер-күші мол сындары Одақ көлеміне де кең танымал. Оның сындарының бір ерекшелігі – қызықты оқылады, оқушысын пікірінің логикалық дәлдігімен өзіне баурап алады. Сыншы қандай шығарманы талдап пікір айтпасын, эстетикалық және социологиялық талдау­ды өте шеберлікпен ұштастырып отырады». Қарап отырсаңыз, С.Әшімбаевтың өзгеге берген бағасы өзіне де тиесілі сияқты. Болашақта есімі мәңгі қалар өзі туралы болжап жазғандай әсер қалдырады. Өйткені ол атақты сыншылардың ізін басып, жаңа заманның талабына сай руханият әлеміне ешкімге ұқсамайтын өзіндік үлес қосты. Ешкімді қайталамайтын қолтаңбасымен әдебиет қоржынын ­байытты. Түркі мәдениеті мен әдебиетінің жаңа деңгейге жетуіне орасан зор еңбек сіңірді. Оның еңбектерінде шығарманың кем тұстарын табу үшін сынамағандығы, керісінше, шығарманы биік деңгейге жеткізу үшін түпкі мәніне үңілгендігі айқын көрініс тапқан.
Қадірлі кейіпкеріміз әдебиет әлеміне жаңадан қадам басып, әдеби ортада ­таныла бастаған жас әдебиетшілер мен қаламгерлерге әрдайым дем беріп, қанат бітірген-ді. Осы орайда ол өзінің сын мақалалары арқылы замандастарына жол көрсетті, олардың танылуына үлкен үлес қосты. Сонау 1967 жылы жазған «Салиқалы сөз, соны із» атты мақаласында ол жазушы Ә.Кекілбаевтің «Бір шөкім бұлт» атты жинағын талдайды. «Кітап – әдебиетіміздегі кейінгі толқын, сөз өнеріне үлкен мұрат, биік талап, терең талғам, таза жүрекпен қарайтын, талантты топ, білімді жастарымыздың бірі Ә.Кекілбаевтің салиқалы прозадағы алғашқы қолтаңбасы» деп бастаған мақаласында жазушының замандастарын қолдайтындығын білдіреді және шығармашылықпен айналысып жүрген әдеби ортаға біршама жауапкершілікті жүктейді. Осылайша, қазақ әдебиетінің болашағына үлкен сенім артады. Бұл буынға сенім артуы да бекер емес еді. Өйткені Ә.Кекілбаевтің ­замандастары – қаламгерлер қауымы түркі әдебиетін, соның ішінде қазақ әдебиетін әлемдік орбитаға алып шығарды. Бұл да сөзсіз сыншының көрегендігі еді. Аталған мақаланың жалғасында үш әңгіме мен бір повесті талдай келе, сыншы С.Әшімбаев мірдің оғындай сөзді дөп басып, нақты сараптауға кіріседі.
Жазушы Ә.Кекілбаевтің 1969 жылы жарық көрген кітабын «Дала балладалары» атты мақаласы арқылы талдаған әдебиет сыншысы «Күй» повесіне айрықша тоқталады. Бұл шығарманың қазақ проза­сына жаңа леп әкелгендігін ­баяндайды. Қазақ пен түрікмен арасындағы ­тарихи қарым-қатынасты көркем тілмен жеткізген автор қазақ ұлтының ежелгі тіршілігін, сол кездегі көзқарасы мен дүниетанымын шебер суреттейді. Ұлттық тарихқа, мәдениетке және болмысқа бет бұрған буынның саңлақ сыншысы С.Әшімбаевтың сол буыннан шығып, уақыт пен қоғамның жағдайын шебер суреттей білген Ә.Кекілбаевті байқамай қалуы мүмкін емес-ті. Сыншы шығарма­ның маңыздылығын былайша жеткізеді: «Күй» – күйші тағдыры туралы шығарма. Автордың идеясы күй төгіп күн кешкен сонау кер замандағы жазықсыз жанның аянышты өлімі арқылы сол заман трагедиясын көрсету деп ойлаймыз».
Қарымды қаламгер С.Әшімбаевтың басты ерекшеліктерінің бірі – ол болашаққа үмітпен, сеніммен қарайтын. Алайда оның сенімі – құрғақ қиял емес, негізгі, тұғырлы, дәлелді болжау еді. Яғни көрегенділік. Осы сенімнің негізінде сол кезде әдебиет әлемінің табалдырығын жаңадан аттаған білімді, білікті, табанды, талантты жастары орын алған еді. 1968 жылы жарияланған «Әдебиет көкжиегі кеңейе береді» атты мақаласында автор бұл мәселені назардан тыс қалдырған жоқ: «Ақиық туындыларының алды әлемдік ұлы әдебиет төрінен ойып орын алатын, бүгінде есейіп, етек жеңі кеңіген қазақ прозасының творчестволық тынысын, даму тенденциясын сөз еткенде оның заңды жалғасы, негізгі кұрамдас бөлігі – жастар прозасының бағыт-бағдарын көңілден ада, көзден жырақ қалдырмай, жақсылық жағына қол соғып, құптап отыру қажет сияқты». Сыншының көңіліне үміт отын жаққан жас таланттар – шынында да өз-өздерінің ұлттық деңгейден планетарлық мәртебеге жеткен әдебиеттің мұрагерлері екендігін білген тұлғалар. Олардың қатарында Қ.Ысқақ, С.Мұратбеков сынды таланттарды қоспағанның өзінде, бірталай есімдерді атайды екенбіз. Олар – Қ.Жұмаділов, С.Нарымбетов, Д.Исабеков, Т.Әбдіков, Ә.Сараев. Қ.Казиев, Қ.Мұхамбетқалиев, М.Кұмарбеков, Т.Нұрмағамбетов және басқалар. Бүгінде қазақ әдебиетінің бетке ұстар жазушылары атанған сол кездегі жастардың еңбектерін талдап, жылы пікір білдірген сыншы С.Әшімбаевтың арманы орындалғандай еді. Иә, ол дәлелсіз және дәйексіз еш уақытта көзқарас білдірген емес. Ал кезінде сыншы тарапынан айтылған ащы шындықтың арқасында қазақ әдебиетінің жаңа кезеңге бастағаны, шығармаларда жаңа тыныс ашылғаны баршаға белгілі құбылыс.
1969 жылы жазған «Сырлы тол­қын»­­ атты мақаласында әдебиет сыншы­сы С.Әшімбаев қазақ поэзиясына жаңа толқын болып келген жас ақындар М.Отаралиев, С.Мұхтарұлы, Т.Медетбектің шығармашылықтары ­туралы пікір білдіріп, «Ақынның неғұрлым көргені көп, басынан өткізгені мол болған сайын көпшілік көкейінен шығуы заңды. Ендеше, анау жігіттер өлеңдеріндегі қоңылтақтық өмірбаянның жалаңдығы емес пе деген де ойға келесің. Жалаңдығына, бір жағынан, олар кінәлі де емес. Себебі енді-енді үлкен өмірге аяқ басып араласа бастады»­ деп жазады. Сыншының сәтті болып шығатын өлеңді мөлдір сезімге, өмірлік тәжірибеге және терең білімге негіздеуі де бекер емес. Әрине, мұндай негізі жоқ өлеңнің өлең болмайтындығын ешкім айта алмайды. Алайда білім мен тәжірибе болмай, ақынның одан кейінгі кезеңде сәтті өлең шығара алатындығы күмәнді. Осы мақаланың жалғасында С.Әшімбаев аса маңызды мәселеге ­назар аударып отыр. Мәтінге жан бітіріп, жырға айналдыратын – сезім. Алайда бұл жалаң сезім емес, ойдың елегінен өткен және образға айналған сезім. «Өлеңдегі басты жетістік – таңғы шықтай мөлдір сезім бар, өзіндік ой түюге ұмтылуды, талпынысты көрмеуге болмайды. Поэзия ой мен сезімнің синтезі екендігін жақсы ұғады. Ақынның шындықты көрсетудегі негізгі құралы образ екені мәлім. Яғни өмір шындығы образ арқылы беріледі» дейді автор. Яғни тек сезімге құрылған өлеңді өлең деп санамайды. Қазақ поэзиясы және социалистік реализмнің талаптарына сай өлеңде сезіммен қатар ой да болуы керек. Бұл өлеңге қоғамдық және әлеуметтік бояу қосудың, тіпті міндеттеудің нәтижесі. Алайда поэзияға осындай міндеттемені беріп отырып, әдебиет сыншысы С.Әшімбаев поэзияның өнер мен эстетика­ жағына да ылғи назар аударып отырады.
Сол жылы жарық көрген «Мұрат алды – ізденіс» атты мақаласында жас жазушы Төлен Әбдіковтің «Көкжиек» атты алғашқы әңгімелер жинағын талдап саралаған С.Әшімбаев таланттарын шыңдаған жас қаламгерлерге қанат бітіріп, оларды жігерлендіре түседі: «Өнер жолы – ол да көкжиекке қарай тура тартылған өмір жолы. Көкжиекке жету мүмкін бе?! Еш уақытта да. Тек көңілдегі шамалауың бойынша келген жеріңді қанағат тұтуың мүмкін шығар… Төленнің бұл кітабын өнер көкжиегіне шеккен сапарының басы деп білеміз». Автор бұл мақаласында құрғақ ой, жалаң қиял, көңілге қарап мақтау айтпаған. Керісінше, жас қаламгердің шығармасына әділ баға беріп, шығармашылық жолында өсіп келе жатқан жастарға бірқатар ескертулер мен кеңестер ұсынған. Ал қандай тақырыпта жазсам екен, қандай кітап оқу керек екен, көкжиекке қол жет­кізудің жолы қандай екен дейтін жас қалам­герлерге бұдан асатын байлық бар ма?!
Сағат Әшімбаев – әдеби туындыларды және әдебиетшілерді сынағандай, әдебиет сыншылары мен сын жанрында жазылған еңбектерді де талдап саралайтын және сирек кездесетін сыншылардың бірі. Қазақта «Сын түзелмей, мін түзелмес» деген сөз бар. Сын болмай даму да болмайды. Ал дамуға жол ашқан сын – сынның нақ өзі. Сондықтан бәрінен бұрын сын түзелу керек. Осы орайда 1968 жылы С.Әшімбаев сын жанрында қалам тербеткен З.Серікқалиев, Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, Р.Нұрғалиев, О.Сәрсенбаев сынды сыншылардың ұстанымдары мен сынның сол кездегі жағдайын талдап жазған «Жастар сыны туралы бірер сөз» атты мақаласын ­жариялайды. Ақын-жазушыларды батыл сынай білген С.Әшімбаев сыншыларды да сынның садағына алады. Өйткені «Ойды наркес­кендей батыл айту сыншының негізгі қасиетінің бірі. Онсыз қандай сыншы болмасын сынар қанат құс сияқты».
Әдебиет сыншысы және әдебиет­танушы-ғалым ретінде С.Әшімбаев тек қана әдеби туындыларды талдамаған, қазақ мәдениеті мен әдебиетінде маңызды рөл атқарған ғылыми еңбектерді де шебер саралай білген. Осындай таудай талап ететін жұмысқа тек ұлттық позициядан ғана емес, адалдық пен адамгершіліктің биік парасатынан кіріскен.
Жазушы М.Мағауиннің «Қобыз сарыны»­ атты туындысы – қазақ әдебиетінің тамырын тереңге тартатын «жыраулар поэзия­сы» арқылы дәлелдей түскен жаңа­лығы мол шығарма. Аталған шығарманың маңыздылығын және тарихи құндылығын өте терең ұққан С.Әшімбаев бұл жаңа­лыққа немқұрайды қарай алмаған және ол туралы «Міндетін орындаған еңбек» атты мақаланы жазып жариялаған. Мақаланың басында сол кездің саяси ­ахуалына қарамастан батыл сұрақ қоя білген: «Бүгінде қазақ совет әдебиеті түрі ұлттық, мазмұны социалистік, интернационалдық сипаттағы кең ­тынысты, іргелі де алымды әдебиеттердің бірі. Өрелі көркем туындыларының маңдай алдына әлемдік ұлы әдебиет төрінен орын тигені де мәлім. Бұл бүгінгі хал-жайы. Ал осы әдебиеттің кешегі түп тамыры XVIII ғасырда жасаған Бұқар жыраудан ­басталады делініп жүр. Сонда Бұқар жырау ғайыптан пайда болып, тандыры шыққан қу тақырға тамыр салған ба?». Ал бұл сұрақтың жауабы – шығарманың өзі емес пе?
Ғылым теория негізінде дамиды. Ал теорияның негізінде философия, яғни жүйелі ой жатыр. Тарих, дискурс, қоғамтану, әлеуметтану, дінтану, адамтану саласындағы ғылым мен тәжірибе бойынша жасалған сараптамалар ойдың елегінен өткізіледі де, соның нәтижесінде теориялар қалыптасады. Яғни ойсыз және философиялық негізсіз теорияны құру мүмкін емес. Түркияда, әсіресе гуманитарлық саладағы ғылымның тиісті дамуы мен ілгерілеуінің бәсеңдеп қалуы осыдан. Теорияның жоқтығынан, не дамымағандығынан. Ал теориясыз ғылымды қалайша елестету мүмкін болмаса, өнерді де солайша елестете алмаймыз. Философиялық ойға мән берген ортадан түлеп шыққан және осы ақиқатты өмір бойы арқалап келген сыншы С.Әшімбаев та теорияға зор мән берген. Ол өзінің еңбектерінде теориялық ерекшелікті айта келе, тәжірибелік сипатты айтып, содан кейін сынға көшеді.
Белгілі әдебиетші ғалым Ә.Қоңырат­баев­тың «Дәуір және дәстүр» деген мақаласына орай жазған «Сұлулықсыз өлең тұл» атты сараптамалық еңбегінде ­автор өлең туралы толғайды: «Өлеңнің жаны сұлулық қой. Бұл атам заманнан айтылып келе жатқан ақиқат. Ал оны қайталамасқа құдіретіңіз қайсы. Сұлулық өлеңнің ғана емес, өмірдің де мәңгілік сәні. Өлең сол өмірдің үзіліп түскен мөлдір тамшысы, бөлшегі. Олай болса, сол сұлулық қайдан шығады?». Қарап отырсаңыз, сыншы өлең мен сұлулықты тең бағалаған. Содан кейін өлеңді поэтикалық дәрежеге көтеретін факторларды талдап айтқан. Автордың ойынша, өлеңді сұлу ететін өзге өнер салаларындағы эстетикалық элементтер: «Шын мәніндегі сұлу поэзия­да искусствоның басқа салаларының элементтері қойындасып жүреді. Мәселен, сұлу өлеңдерде архитектурадағы симметрия, музыкадағы үн гармониясы, живописьтегі әрлі, нәрлі бояулар құбылысы, тағысын-тағылар болады. Бұлар өлеңге ерекше нұр, ажар береді».
Сонымен қатар С.Әшімбаев бүгінгі күнде көпшіліктің мән бере бермейтін образдылыққа назар аударады. Жай бір мәтінге өлеңнің қасиетін беретін негізінен образ, ал образ болса сұлулықтың өзі емес пе? Ұлттық поэзияның негізінде де осы ақиқат жатыр. «Сұлулық бар жерде образ да бар. Біріншісі жоқ жерде екіншісі де жоқ. Екеуі тіпті егіз ұғым, бөле-жаруға келмейді. Образдылық бір ғана елдің емес, әлемдік поэзияға тән қасиет. Бірақ оның әр халық поэзиясында сыртқы түр жағынан ғана емес, ішкі мазмұн жағынан да ұлттық ерекшелігі бар» дейді автор. Мақаланың жалғасында автор өлеңді аудару, яғни аударма мәселесі туралы бірқатар ой айт­қан. 1979 жылы жазған «Өлең – сөздің өнегесі» атты мақаласында поэзияның теория­сы туралы ой білдірген әдебиет сын­шысы өлеңнің көп жерде кездесе бер­мейтін дәл анықтамасын беріп, тілге тиек етеді: «Өлең – ой мен сезімнің образға айнал­ған көркемдік жарасымы». Бұл анық­тама – терең ойдың, әдебиеттану сала­сындағы іргелі ізденістің, ғылыми және философиялық мол тәжірибенің нәтижесі.
Ойын батыл айтатын ойшыл С.Әшімбаев роман жанрына, әсіресе тарихи романға мән берген. Оның 1982 жылы жазған «Күрмеуі мол күрделі тақырып» атты мақаласы романистиканың теориясы іспеттес. Алғашқы сөйлемінен-ақ ол өзінің терең ойлы, өрісі кең тұлға екендігін байқатады: «Қандай да болмасын халықтың қауқары мен қайратын оның материалдық және рухани мәдениетінің жасампаздығы танытса керек». Мақаланың жалғасында дүниеге келген шығарма мен уақыт арасындағы қарым-қатынасты баяндай келе, автор қандай да істің өз уақытында, дер кезінде жазылғаны абзал екендігін жеткізеді: «М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы дер кезінде жазылғандығымен де кұнды, яғни уақыт рухына сай мезгіл сауалына жауап ретінде дүниеге келгендігімен айрықша. Айталық, осы романдар циклы қазіргі кезеңде жарық көрген жағдайда онда тағдыры, талайы басқаша болар ма еді?!». Содан кейін автор М.Әуезовтің шығармашылығы жөнінде тереңінен сөз қозғайды және кей тұстарын ашық ­сынайды. Өйткені романда тарихи кезеңді, оқиғаны, не болмаса кейіпкерді көрсетіп қана қою оны тарихи жанр ретінде бағалау үшін жеткілікті емес. Автордың ойынша, шығарма қай тақырыпқа жазылмасын, ол бүгінгі күннің рухын қамту керек: «Бүгінгі таңда да М.Әуезов дәстүрі бойынша өткендегі өнерпаз жандардың өмірі, тарихи тұлғалардың тағдыры әр алуан қырынан көп жазылып келеді. Сөз жоқ, бұл құптарлық қадам, өміршең әрекет. Тек өкініштісі, тарихи тақырыптағы роман, повестердің көпшілігінде бүгінгі уақыт рухына үн қосатын, қоғамдық, адамдық құбылыстар жайлы көркемдік, философиялық жаңа концепция жағы жетісе бермейді». Осы тұста автор әдебиеттің қоғамның ­дамуына қандай үлес қосатындығын да айтады. ­Дегенмен, автор сыншы ретінде тек келеңсіз тұстарды ғана тілге тиек етпейді, сонымен қатар ол шығарманың үлгі ететін тұстары туралы да сөз етеді: «Рас, біздің әдебиетімізде де тарихи және шартты тарихи революциялық тақырыпта туған, уақыт рухына дөп келетін жаңа концепциялы романдар жоқ емес. Бұл ретте «Қан мен терді», «Қаһарды», «Махамбеттің жебесін», «Аңыздың ақырын», «Соңғы көшті» ерекше атап өтуге болар еді. Аталған туындыларда бүгінгі рухани тіршілігімізге қатысты көп мәселелер қамтылған».
Қадірлі кейіпкеріміз жас қаламгерлер­мен қатар, қазақ әдебиетінде классик атанған ақын-жазушылардың шығар­мала­ры туралы да өз ойын білдірген. Автор өзінің сын-мақалаларында бүгін­гі­ әдебиеттанушыларға қажет ететін маңызды тұстарды шебер жеткізе білген. Оның классикалық туындылар ту­ралы айтқан пікірлері шығарманың бет-бейнесін жаңадан ашқандай әсер қалдырады, сондай-ақ өзінің сыншылық қабілетін жаңа қырынан көрсеткендей болады. Осы тұста С.Әшімбаевтың сөз зергері атанған ақсақалдар мен олардың туындылары туралы сөз еткенде, сыншы есебінде ғана емес, әдебиеттегі шәкірті ретінде талдап сараптайтын­дығы байқалады. Бұл ұстаным оның сөзсіз «үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» халықшыл қағидатпен үйлесім тапқан. ­Сонымен қатар рухани­ қазынаға үлес қосқан шығарманың құнын түсірмеуді мақсат еткен. «Кемел таланттың кең тынысы»­ атты мақаласы сөзімізге дәлел. Мақала қазақ әдебиетінің сөз зергері атанған Ғ.Мүсіреповтің «Кездеспей кеткен бір бейне» атты туындысы туралы жазылған. Автор: «Жазушының аталған кітабын оқып шыққанда Э.Хэмингуэйдің атақты «Айсберг теориясы» есіңе еріксіз түседі. «Айсберг қозғалысының айбындылығы сонда, оның сегізден бір бөлігі ғана су бетіне шығып жатады. Бұл жазушының творчестволық кредосының бейнелі түрде айтылуы-тын» деп жазады. С.Әшімбаев әлемдік деңгейдегі жазушының шығармасын құр мақтау үшін мысал келтіріп тұрған жоқ. Ол міндетті түрде өз сөзін дәлелмен ғана айтады. Кез келген шығарманың түпкі мәніне үңіліп, астарында жатқан философиялық, идеялық детальдерді анық көрсетеді. Сондай-ақ ол Ғ.Мүсіреповтің аталған шығармасы туралы айтылған пікірлердің аз және жеткіліксіз екендігін жеткізеді: «Кітап жарық көрген кезде біраз пікірлер айтылғаны мәлім. Алайда­ бір мәселе ұмытыла беретін сияқты. ­Жазушы табысы көл-көсір сөз болады да, соған жетуінің сыры неде деген жай ­сырылып қалуы жасырын емес. Ғ.Мүсірепов әкелген айшықты өрнектердің мәнін, ерекшелігін ашу әзірше аз сөз болып жүр десе де болғандай. Ғ.Мүсіреповтің жаңа әңгімелеріндегі көзге түсетін, көңілге ұялайтын айрықша жайттар символикалық және романтикалық сипаттардың берік жымдасып табиғи кіріге түсуі. Осы қасиет қазіргі әңгімелерімізде жетпей жүрген жайлардың бірі».
Сыншының бұл ұстанымы оның талғампаздығы мен талантын, терең білімі мен көрегенділігін көрсетіп қана қоймай, сынға қаншалықты мән беретіндігін де айқындап тұр. Өйткені ол – пікір білдірген кезде шығарманың құнын өсіретін, ескерткенде шығар жол көрсететін, есепке тартқанда терең ой салатын, осылайша сынды қоғам мен өнерге қажетті мектеп ретінде бағалайтын парасатты сыншы. Ал Ғ.Мүсірепов сынды жазушыларға құрмет көрсетуі табиғи құбылыс. Оның шығармаларын талдап, талқылап, өзінің бірнеше мақалаларында сөз еткені қазақ оқырманына мәлім. Жазушының шығармасымен қатар, оның 1985 жылы Қазақстан Жазушылар одағында мінбеден сөйлеген сөзіне де пікір білдірген. Ұлтқа қызмет еткен, ұлттық әдебиеттің қалыптасуына үлес қосқан жазушының шығармашылығына ден қойып, назар аударып, пікір білдіруі сыншының да ұлтқа қаншалықты қызмет еткендігін анық көрсетеді. Ал жазушы Ғ.Мүсірепов мінбеде сөйлеген сөзінде қазақ мәдениеті мен әдебиетінде қандай мәселелердің орын алғанын, тіпті ұлттың болашағына қатысты пікір айтқанын көзі қарақты қазақ оқырманы жақсы біледі.
Ғұлама сыншы 1972 жылы жазған «Үлкен дарын» атты мақаласын қазақ әдебиетінің ұлы жазушысы М.Әуезовтің шығармашылығына арнаған. Шын мәнісінде бұл мақала М.Әуезов туралы жазылған ең сәтті мақалалардың бірі ретінде бағаланады. Автор халық пен әдебиетті бөліп қарауға болмайтындығын айтып, өз ойын шебер жеткізеді: «Әдебиет халықтың ар-ұжданының көркемдік бейнесі екендігі, оның эстетикалық, этикалық мұрат-мақсаттары ең алдымен әдебиетте көрінетіндігі қашаннан айтылып келеді. Бір халықты екінші халыққа кеңінен ­таныстырып, оларды өзара ­табыстыратын, бірін-бірі ақ ниет, шын пейілден құрметтеуге үндейтін, қысқасы рухани теңестіретін – өнер екені мәлім. Оның ішінде әдебиеттің көтерер жүгі, атқарар қызметі ерекше». Мақаланың жалғасында ұлы Абайдың М.Әуезовтің арқасында әлемге танылғандығын айтып, Абай мен М.Әуезовті бір-бірінен бөліп-жарып қарауға болмайтындығын жеткізеді. Бұл да сол кезде айтылған тың пікірлердің бірі еді. Осылайша, автор мақалада М.Әуезовтің ұлттық сананы оятуға, ұлттық болмыс­ты сақтауға сіңірген ерен еңбегі туралы егжей-тегжей баяндайды. Әрине, бұл ойды атақты «Абай жолы» роман-эпопея­сы арқылы қуаттайды. Шынтуайтында, аталған роман арқылы ұлттық сана мен болмысты бағамдау – қазақ әдебиеті тарихы үшін жаңа әрі тың ұстаным. Ал сол кездің қиындықтарын көз алдымызға елестеткенімізде, автордың қаншалықты батыл ой айта білгендігіне тағы да көз жеткіземіз: «М.Әуезов осындай ұлттық даму тарихымыздағы ең бір жауапты да ауыр шақта қазақты өзіне-өзін таныс­тырып, өткенімен ­табыстыруды емес, басқа «менменсіген», өзін басқалардан үстем көрсеткісі келген, мәдениетімен озықпыз деп санаған жұртқа қазақтың ешкімнен де кем емес екенін таныстыруды мақсат етуден «Абай жолын» жазуды қолға алған деп қараймыз». Автордың айтқан сөзінде бірнеше мән бар: Біріншіден, «Абай жолы» роман-эпопеясы қазақтың мәдени қастандыққа душар болған кезінде жазылған. Екіншіден, бұл роман кейбір сыншылардың алға тартқанындай, қазақты қазаққа таныту үшін жазылмаған. Үшіншіден, кейбір тәкаппар ұлттар, оның ішінде орыс ұлты қазақты мәдениетсіз және өркениеті жоқ деп санаған. Төртіншіден, аталған шығарма қазақтың өткен шақта қандай дәрежеге қол жеткізгендігін, қандай мәдениетке ие болғандығын көрсету үшін жазылған. Сондықтан бұны М.Әуезов пен «Абай жолы» роман-эпопеясы туралы айтылған ең ұтымды сөз деп бағалаймыз. Осылайша, сыншының М.Әуезов шығармашылығын социалистік реализмнің тар шеңберінен ұлттық сананың кең кеңістігіне алып шыққаны айқын байқалады.
Өткенге құрметпен, болашаққа үмітпен қараған С.Әшімбаев қазақ әдебиетінің жарық жұлдыздарының бірі Ә.Сәрсенбаев туралы да жазып, шығармашылығы жөнінде қалам тербетті. «Ұстаздар мен тұстастар» атты кітабына пікір білдірді. Сол бір мақаласында автор кітап туралы шынында да қызық ой айтады: «Біздің бұл кітап жайында осыншама пікірлерге кең орын берген себебіміз, жақсының жақсылығын көре тұра айтпау, сүйсінбеу, ерекше тоқталмау, жақсылықтың белгісі емес екендігін ерекше принцип ретінде ұс­тауы­мыздың салдары деп білуіңізге болады».
Қадірлі кейіпкеріміз Сағат Әшімбаев – қазақ халқының маңдайына біткен ірі әдебиеттанушы және ойшыл сыншы. Оның ойшылдығы терең ой айта білуінде, сыншылығы дәл айтып сынай білуінде ғана емес, ол – әдебиетке тұтасынан қарап баға бере білген, дәуір мен қоғамды, адам мен уақытты таразылай білген, ұлттық болмыс пен сананың тұрғысынан кез келген мәселені жер-жебіріне жеткізе білген талант иесі. Сондықтан оны «түркінің саңлақ сыншысы» деп атауымызға болады. Өйткені ол сынды құр мақтау, не даттау үшін қолданбаған, сынды өнер мен хикмет дәрежесіне көтерген. Шығарманың тұңғиығында жатқан інжу-маржанды теріп, эстетикалық ерекшеліктерін шебер көрсеткен. Соның нәтижесінде автордың көзқарасы мен шығарманың түпкі мәнін, қоғам мен халыққа қажетті тұстарын ашқан.
Сағат Әшімбаев – қатардағы сыншы және әдебиеттанушы емес, кез келген мәселеге кеңінен қарай білген және шешімін ұсына білген сананың сәулетшісі. Ол тек қана әдебиеттің заңдылығымен таразыламаған, философия, тарих, эстетика, тіл, археология сынды ғылымдар арқылы синтездеп өз бағасын берген. Сондай-ақ ол социалистік реализмнің тар шең­берінде қалып қоймай, өз-өзін жаңарта білетін, жаңара білетін, жаңа­лыққа ұмтылған сыншылардың қатарында көрінген. Шығыс пен Батыс әдебиетін, орыс пен қазақ әдебиетін жетік меңгерген.
Оның ең маңызды ерекшеліктерінің бірі – ол әдебиет теориясын арнайы зерттеп жазбаса да, оның барлық еңбектері әдебиет пен сынның теориясы санатына жатады. Егер оның барлық еңбектері, айтқан ой-пікірлері жинақталатын болса, тың теориялық кітап болып шығар еді. Оның әрбір мақаласы – лекция, ал кітабы – мектеп.
Осы себептен түркі әдебиетінің мақта­нышына айналған Сағат Әшімбаевтың барлық еңбектері болашақта түрік тіліне аударылады деп сенім білдіреміз. Оның баршамызға құнды ой-пікірлері түркі тілдерінде сөйлейтін болса, түркітілдес елдерінің әдебиет сынына үлкен жаңалық болары хақ.

Аударған
Мәлік Отарбаев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

7 Пікір

  1. Есенай

    Авторы кім?

  2. Кайрат

    Кім жазса да жақсы жазыпты. Рахмет. Түрік ағайындардың ықыласына мың алғыс!

  3. Aшур ӨЗДЕМИР

    Мaқaлaның aвторы – Филология ғлымының докторы Aшур ӨЗДЕМИР. Жaзуды ұмытып кеткен шығaр.
    Қосу керек.

  4. Есенай

    Айналайындар-ау! Автордың аты-жөнін жазбайсыңдар ма?! Ұят қой!

  5. Aşur Özdemir

    Yazarın adını ne zaman ekleyeceksiniz?

  6. Aşur Özdemir

    Мaқaлaғa aвтордың aтын қосқaныңызғa мыңдa бiр рaқмет!

  7. Шырын

    Авторға алғыс айтамыз!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.