Таутеке жайлы не білеміз?

d182d0b0d183d182d0b5d0bad0b5Қазақ аттың құлағында ойнаған жігітті ортекеге теңеген. «Ортекедей орғыған оңға-солға» деп басталатын бұл ойнақы әнді ертеректе Роза апамыз жиі айтушы еді, қазір Бағдат Сәмединованың орындауында естіп жүрміз. Сол ортекеміз қазір халыққа таутеке деген атпен мәлім. Кей кезде ғалымдар тау ешкісі деп те атайды. Ресейде Сібір тауешкісі деген атқа ие.

Тау шатқалдарында жиі кез­десетін бұл аңның құрметіне Алматы облысындағы үлкен елді мекен Текелі деп аталады. Таутеке Оңтүстік Сібір, Орта және Орталық Азия тауларында, оның ішінде Қазақстанның Жоңғар, Кетпен, Теріскей, Күнгей, Іле Алатауларында 2500-5000 м. биіктікте кездеседі. Саны азайып, Қызыл кітапқа енген, ерекше қамқорлықты қажет етеді.
Таутеке – ешкі тұқымдасына жататын аша тұяқты жануар. Денесінің ұзындығы – 160 см., биіктігі – 100 см., ал салмағы 100 кг.-ға дейін жетеді. Мүйіздері қы­лыш тәріздес қайқы. Текесінің мүйізі жуан әрі ұзын – 130-150 см., ешкісінің мүйізі 40 см.-ге жуық. Де­несінің алдыңғы бөлігі, мойын тұсы қоңырқай, екі бүйірі мен баурайы ақшыл сұр түске боялған. Аша тұяқтылардың ішіндегі ең биікке көтерілетін жануардың ұзын, сүйрік сақалы бар. Небір табан тұрмас тайғанақ құздарда тастан тасқа 3-3,5 м. биіктен емін-еркін секіреді. Өздері өте ақылды және сақ келеді. Үйірімен 35-40 басқа шейін жайылғанда біреуі биік тастың басында күзетте тұрады, қауіп төнгенде аяғын тасқа ұрып, шақылдатып, «қашыңдар» деп белгі береді. Таудың биік жартас­ты аса қиын жерлерін мекендейді. Қарлы шыңдардың патшасы Қар барысының негізгі жемтігі. Қар барысы Тауешкілердің күзетшісі іспетті, оларды бағып жүреді. Жырт­қыштың тырнағына тек қартайғандары, аурулары не жас лақтары ғана ілігеді. Тұтқиылдан баспаса, бұл жануардың жыл­дамдығына шаң да ілеспейді.
Күз айларында еркектері «ұр­пақ жалғастыру мәртебесіне» ие болу үшін қызыл қанға боялған­ша мүйіздеседі. Әдетте ең мықты, дені сауы ғана бұл мәртебеге қол жеткізіп, бір үйір «гаремге» ие болады. Осы табиғи сұрыптау арқылы олар өздерін сақтап, ұрпақ қалдырады. Көкек, мамыр айларында лақтайды. Әдетте бір не екі лақ туады. Лақтары сүтпен де, шөппен де қоректеніп, бір айдан соң анасымен жайылымға шығады.
Таутеке жаз айларында Альпі, Субальпі белдеулеріндегі шағын жайылымдарда таңертең, кешке жайылады. Күндіз ыстықтан қор­ғанып, жартастардың астына жасырынады. Қыс айларында таудағы қалың қарға омбылап, тамақ табуы қиындаған кезде бөктерге түседі. Әр алуан шөптесін өсімдіктердің бүршіктерімен, жапырақтарымен қоректенеді.
Таутекенің еті адал, жеуге болады, ал терісінен тон тігеді. Мүйізін қолға түсіргендер сәндікке қабыр­ғаға іліп қояды. Сондықтан да болар, саны жылдан-жылға азаюда. Қазір Алматы қаласымен іргелес жатқан Іле Алатауында табиғи ортаның ресурстарын қорғап, ба­йыту мақ­сатында Алматы қорығынан басқа екі ерекше қорғалатын аймақ құрылған. Олар – Медеу табиғи саябағы және Іле Алатауы Ұлттық табиғи саябағы. Бұл табиғи кешендерде таутекені аулауға тыйым салынған.

А.ИманҚұлов,
Іле Алатауы Ұлттық бағының аң
танушы маманы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.