«ҰШҚЫННАН» ОТ АЛҒАН «ЕГЕМЕН»

Осы күндері халқымыздың үніне, жүрекжарды сөзіне айналған, ұлттық рухтың ұлы ұстанымдарының бірі ретінде бағаланатын ел газеті – «Егемен Қазақстанның» 100 жылдығы кеңінен атап өтілуде.
Үлкеніміз де, кішіміз де «Егемен» атайтын Алты Алашқа айғақ басылым алғаш рет «Ұшқын» деген атпен шығып тұрғаны белгілі. Одан бері де газет аты бірнеше рет өзгерді. ­Талай ғасыр армандап, көксеген Тәуелсіздігіміз тұғырына орныққаннан кейін ғана басылым қазіргі атымен оқырманымен қауышып келеді.
Кезінде газетке басшылық жасағандар қатарында ұлтымыздың дара перзенттері, белгілі мемлекет қайраткерлері, көрнекті қаламгерлер болғанын айта кеткен жөн. Олар: Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек ­Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет ­Майлин, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ғабит Мүсірепов және басқа да ардақтыларымыз. Кейінгі уақыттары да басылым тізгіні есімдері елге танымал тұлғаларға тиді.
«Егемен» туған елімен бірге жасап келеді. Ел басына түскен зұлмат жылдарды да, ұлттың мерейін тасытқан қуанышты сәттерді де бастан өткерді. Алайда газет қай кезде­ де, қандай жағдайда да ұлтының сөзін сөйлеуден, ел-жұртты жақсылыққа, іргелі істерге ұмтылдырудан жаңылған емес. Қазіргі таңдағы алдына шырақ етіп ұстанған басты мақсат-мұраты – тәуелсіздігімізді бекемдеуге, ел ішіндегі бірлік пен ынтымақты нығайтуға қызмет ету.
Жұртшылық «Егеменді» еліміздің бас газеті санайды. Осының өзі басылымның беделін, оның салмақты да салиқалы сөзін бағалағандық.
«Егемен» барда елдігімізге сына түспес. Қазақ та, оның қайсар рухы да мәңгілік жасай беретіні күмәнсіз.

Той құтты болсын! «Егеменнің» тойы – елдің тойы.
(Газетіміздің бүгінгі санында «Егеменде» қызмет жасаған әріптестеріміздің мерей­тойлық лебіздері беріліп отыр).

БІР МАҚАЛА – БІР ТАҒДЫР

Нұртөре ЖҮСІП,
Сенатор

Тарихты оқытудың екі түрлі тәсілі бар деп еститін едім.
Бірі – бұрынғы заманнан бүгінге дейін, екіншісі – бүгіннен бұрынға дейін…
Осының бүгіннен бұрынға дейінгі түрін таңдайын. Қазір Сенат депутатымын. Мұның алдында он екі жылға жуық «Айқын» газетінде істеппіз. Оның алдында «Астана ақшамындағы» бас редакторлығымыз, сәл ілгерірек «Егемен Қазақстанда» Бас директор болғанымыз бар. «Ақ жол Қазақстан» газетін екі жылдан аса басқарғанымыз тағы бар. Алты жыл «Жас Алаштың» редакторы болғанымызды бір есептеп қойыңыз. Оның арғы жағындағы алты жыл «Егемен Қазақстанның» қабырғасында өтіпті. Еңбек жолымыздың бастауында тұрған Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетіндегі алты жылды және қосыңыз.
Сол «Қызыл туда» жүргенде Ертіс­тің Павлодар өңіріндегі жылт еткен жаңалықты республикалық газеттерге жолдап жіберетін бір дағды пайда болған. Сол жазбалар бірде «Жас Алашта», енді бірде «Егемен Қазақстан» га­зетінде жарық көріп жататын. Сирек те болса шағын материалдар шығушы еді.

Бірде өндірістік өңірдің әлеуеті туралы «Сазына дейін сары алтын» атты мақаламызды машинкаға жылдамдата тердік те пошта конвертіне салып, аузын желімдеп Алматыға жолдап кеп жібердік. Араға аз уақыт салып жазған дүниеміз «Егеменге» жарқ етіп шыға келсін.
Содан «Жас Алашта» өзіміз алдын көрген, аға тұтып еркелеген, студент кезімізден бізге ұстаздық жасаған Ержұман Смайыл ағамыз қоңырау шалып тұр. «Шерағаң сені бізге жұмысқа келуге ықтияр ма деп сұрап жатыр. Не дейсің?» деді. Ойландық. Облыстық газеттегі жұмыс та, жағдай да жақсы. Ерағаң жауапты тез бер деген. «Мақұл» деген жалғыз ауыз жауап берілді.
Алматы келдік. Шерағаңның бірден айтқаны: «Үй мәселесі қиын, өзің бір әрекетін жаса» болды. Басқасы үйреншікті жұмыс. Газеттің Экономика бөлімінде тілшіміз. Ержұман ағамның айтқаны: «Ешқандай сөзге ерме, жұмысыңды істе». Құп дедік. Пышылдап жүріп, пысылдап жүріп жұмысқа бас қойдық та кеттік. Жазғанымызға Шерағаң не дейді екен деген іште сауал бар. Тәп-тәуір материал жазған тәрізді боламыз. Шерағаң лездемеде ешкімді мақтамайды да, даттамайды да. «Апыр-ай, бұл қалай болды?» деп іштей өз жазғанымызға көңіл толмай, үстін-үстін үдете жазуға көштік. Шерағаң амандасқанда қолымызды сәл қысып, жібермей қалады. Кейде ондайы білінбейді. Келе-келе жазған мақаламыз дұрыс болса, редакторымыздың қолымызды қысатынын сезіндік. Онша болмаса, бас редактордың алақаны да салқындау секілденеді.
«Мен осы жұмысқа бір топ жасты алған сияқты едім» деп күркіреді бір күні. «Қайда олар? Бар ма өздері? Неге үндері шықпайды?».
Бізге дейінгі қалыптасқан жұмыс тәртібі бойынша лездемеде бөлім редакторлары, редакцияның ақсақалдары ғана сөйлейтін. Шерағаң «жастардың үні неге шықпайды» дегенде жастар неге талқылауға қатыспайды, неге өз пікірін білдірмейді дегенді аңғартқан екен. Басшыдан қолдау сезілгесін «үніміз» шыға бастады. Лездемеде сөйлейтін болдық.
Әдетте Шерағаң бір жиналыста бірнеше тақырыпты ортаға тастайды. «Осыны кім жазады?» деп мұртын тікірейте бір қарайды. Лездемеден шыға сала аталған тақы­рыпты жазуға жарыс басталады. Ақпарат бөлі­міндегі Қайнар Олжай – нағыз ақ­мыл­­тықтың өзі. Демде жазады да тастайды. Біз де сол қатардан қалғымыз келмей, редактор айтқан тақырыптардың оң жамбасқа келетінін зырылдатып отырып жазуға машықтандық. Сөйтіп, «сықиған «СҚ»-ға жан біте бас­тады. Кез келген тақы­рыпты қорықпай, қаймықпай жазуға ұмтылыс пайда болды. Бодандықтан бостан­дық­қа шығудың алғышарты жасалды. Ел Тәуелсіздігі бізге тың серпін берді. Арты­мыз­дағы қорғанымыз – Шерхан Мұртаза! Ал дүрілдеді газет. Күнде бір өткір мақала. Халықтың мұңы ашық айтыла бастады.
Газет жұмысын ұйымдастыруда Ержұман Смайылдың орны ерекше. Бұған дейін де бірнеше бас редактормен тіл табысып жұмыс істеген Ерағаңа Шерағаң үлкен сенім білдірді. Өзіне жүктелген міндетті Ержұман аға адал атқарды. Шын мәнінде «Егемен­нің» иесі де, киесі де Ержұман болатын.
Әлеуметтік әділет, құқықтық реформа мәселелерін Нури Муфтах қақырата көтереді. Нұрекең – екі тілге бірдей жүйрік журналист еді. Жылдам жазатын. Заң саласын бес саусағындай білетін. Редак­цияға соттан әділет таппаған адамдар Нури Муфтахты іздеп келетін. Қай жерде заң бұзушылық орын алды, Нури Муфтах сол жерден табылатын. Ол кісі Асанбай Асқаров туралы бір кезде «жамандап» жазған секілді. Асқаров ақталғанда «мақтап» жазды. Осы әрекетін Кеңесхан Зәкенов ағамыз жақтырмайтын. Партия жиналысы деген болады. Сол жиналыста Кеңкең Муфтахты «принципің жоқ» деп ашық сөге жөнелетін. Екеуі сөзбен ұстасып, біраз жерге дейін баратын. «Енді қайтып бет көріспейтін шығар» деп ойлайтынбыз. Жоқ, жиналыстан шыққан бетте ештеңе болмағандай шахмат ойнап отырады. Таң қаламыз. Жаңа ғана жаға ұстасуға дейін барған жоқ па еді?.. ­Ойпырым-ай,­ бұл қалай деп шақшадай басымызға сыйғыза алмау­шы едік. Сөйтсек, асыл ағалар адамдық қасиеттен аттап кетпейді екен ғой…
Газеттің бөлімдері көп еді. Он-он бес бөлім бар болатын. Кеңес өкіметінің тұяқ серпер алдында елдегі зауыт-фабрика­лар­дың директорларын баламалы жолмен сайлау жүріп жатқан. Бір күні Шерағаң «Біз де бөлімдерді екшеп, ірілендіріп, ашық сайлау өткіземіз» деді. Бір бөлім редакторы қызметіне баламалы жолмен бірнеше кандидат ұсынылуы керек.
Жиналыс басталды. Ашық дауыспен редакция қызметкерлері бөлім редакторларын сайлай бастады. Ауыл шаруашылығы бөлімін Мамадияр Жақып ағамыз басқа­ратын. Біз бір жыл тілші болғасын, аға тілші, одан Экономика бөлімінің редакторы болып үлгергенбіз. Егін шаруашылығы, мал шаруашылығы, әлеуметтік мәселелер, спорт дейтін бірнеше бөлім біріктіріліп, Эко­номика бөлімі деп аталатын болды. Әріптестер Мамадияр Жақып екеумізді қатар ұсынды. Сол кезде Мәкең сөз алып, «Редакторымыз жастарға сенім артып отыр, мен «самотвод» аламын, жолымды Нұртөре Жүсіпке бердім» деді. Дауысқа түстік. Бір ауыз­дан бөлім редакторы қызметіне сайландық.
Қайнар Олжай – ақпарат бөлімінің редакторы, Нури Муфтах – құқық бөлімінің редакторы, Аян Нысаналин – руханият бөлімінің редакторы, Рысбек Сәрсенбайұлы – насихат бөлімінің редакторы қызметіне сайланды. Бәріміз бірден редакциялық алқа мүшесі болып және бекітілдік.
Газеттің құрылтайшылары – ЦК, Жоғарғы Кеңес, үкімет. Шерағаң «партия қайда болса, біз сонда боламыз» деп Орталық комитетке Құдайдай сенді. Жоғарғы Кеңес бір құрылтайшы қатарынан шықты. Елде бірқатар саяси партиялар құрылды. Демократия екпіні дүңкілдей бастады. «Азат» партиясының үні қатты естілетін тұс. «Азаттықтар» Жоғарғы Кеңес үйі орналасқан ғи­ма­рат­тың маңында аштық жариялап жатып алды. Күн сайын бір оқиға. Ауылдан келген жастар қаладағы ашық жатқан жерлерді басып алып, үй салуға кірісті. Парламентте қырғын айтыс-тартыс. Бір топ «жастүркілер» жер сатуды қолдап, үндеу жариялады. Балғабек Қыдырбекұлы ағамыз жер сатуға ашық қарсы шықты. Республиканың атауын белгілеу де тартысқа түсті. Қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру мәселесі де дау болды. Орал жақтан казактар, Шығыс Қазақстанда орыстар «одақтан айрылмасқа» бекінген. Оның артынша Қарағандыда шахтерлер ереуілі бұрқ ете қалған. Әйтеуір, Қазақстан өз егемендігін жариялап, елдік туын тіктегенше талай айтыс-тартыс өрбіп жатты. Оның бәрі газеттің тігіндісінде тұр.
Партия бар кезде Мәскеуден Горбачев сала құлаш баяндама жасайды, ТАСС, сосын КазТАГ арқылы сол баяндамалар аударылады. «Түзетуге» түзету келетін кез. Газет жұмысы түннің бір уағына дейін созылады. Ержұман Смайыл ағам түннің бір уағында үйіне қайтады. Таңертең тоғызда жұмыста отырады. «Не деген жаны сірі адам» деп қоямыз. Шаршау дегенді білмейді. Партияның жібі босаған тұста орталықтан келетін баяндаманы КазТАГ аудармайтын болды. Редакцияда Ержұман Смайыл, Мыңбай Ілес және мен 40-50 бетке дейін кететін баяндамаларды үшке бөліп алып, «диктовка» жасайтын болдық. «Диктовка» арқылы аудару дегенді қазіргі жастар білмейді. Табанда мәтін қазақшаланады. Үстінен үшеуміз салыстыра бір қарап, тексеріп шыққан соң терімге кетеді. Сонда Мыңбай Ілестің аударма ісіне әбден машықтанғанына куә болдым. Кейде бір сөздің, не тіркестің баламасын таппай қиналған кезде «Мыңбай аға, мына сөздің қазақшасы қалай болады?» деп сұрай қалсақ, өзі диктовка жасап отырып, әлгі сөздің бірнеше баламасын тақ-тақ еткізіп тауып бере қоятын.
Бас редактордың бір орынбасары Әбіраш Жәмішев кетіп, оның орнына ­Сабыржан Шүкірұлы келген. Қазақы сөздің қайнарын ішкен, нағыз сөзсейістің өзі еді. Батыл жазатын. Талдықорған облыстық партия комитетінің І-хатшысы Ануфриев дегеннің қалпағын қайырып жіберген. «Кіші 37» деп партия ісіндегі келең­сіздік­терді өткір жазып еді. Кейін оның орнына Ербол Шәймерденұлы келді. Талай жыл солтүстік облыстарда, Ақмолада меншікті тілші болған, Орталық комитетте қызмет атқарған, Президенттің алғашқы баспасөз хатшысы болған Ербол ағамыз да өте сауатты жан еді.
Тәжібай Битаев, Әділ Дүйсенбек тәрізді ағалар алдымызда. Бахтияр Ерім­бетов, Қуандық Боқай, Саясат Бейісбай орта буын. Сосын желкілдеген жастар.
Газет жұмысын секретариатсыз көзге елестету мүмкін емес. Жанат Елшібек – жауапты хатшы. Газетті безендіру ісінің май­талман маманы. Шалт қимылдайды. Шера­ғаңның көңілінен шыққан азамат. Совет Шиманбай, Марат Аққұл, Жанұзақ Әлімқұлов, Әзиз Алдаберген сияқты азаматтар күнделікті газеттің бүкіл қара жұмысын арқалап жүрді. Сьезд Бәсібеков, Шүкір Шахай фототілші қызметін ұршықша үйіріп әкеткен.
Аян Нысаналин – руханият бөлі­мінің редакторы, қарамағында Қали Сәрсенбай, Қарашаш Тоқсанбай, Әмірхан Меңдекелер бар. «Жансарай» деген рухани мәселелерге арналған бет өте мазмұнды. Мәдениет пен өнердің небір мәселесі көтерілді.
Рысбек Сәрсенбайұлы да өз бөлімінің жұмысын ұйымдастыруда аз еңбек еткен жоқ. Ермұрат Бапи, Қыдырбек Рысбекұлы, Абзал Бөкен, Мағауия Сембай, Көпен Әмірбек, Ақпамбет Әліш, Гүлзейнеп Сәдір­қызы, Гүлшат Сапарқызы, Гүлсім Еңсепова, Құдияр Білал, Серік Жұмабек, Дәуітәлі Стамбек секілді журналистердің ынтымақ-бірлігі, қаламгерлік тірлігі өріс алған. Жұмысқа желпілдеп келіп, елпілдеп қайтатын едік.
Не керек, Шерағаң басқарған тұста «Егемен Қазақстанның» айдарынан жел есті. Айтқаны болды, жазғаны еленді. Егемендік пен елдіктің нағыз үнжариясына айналып сала берді.
Шерхан Мұртаза бір күнде «ов» пен «ев»-ті алып тастады. Газеттің маңдайшасына жазылатын ай аттарын қазақшалады.
Әбіш Кекілбайұлы Бас редактор болған тұста газеттегі мақалалардың мазмұнына баса мән берілді. Ол кісі азғантай ғана уақыт басшы болды. Асқан білімдарлығымен, адами ізгі қасиеттерімен ерекше сый-құрметке бөленді.
Нұрлан Оразалин ағамыз басшылық тізгінді қолына алғанда Шерағаң салған үрдісті жалғастырды. Газеттің өткірлігі еш кеміген жоқ. Нұрлан ағаның өзі мөлдірете жазатын. Мені өзіне Экономика және коммерциялық мәселелер жөніндегі орынбасар етіп алды. Нұрекең – алды кең, өте мәдениетті, салмақты басшы болды. Әлі күнге дейін алдын кесіп өтпейміз. Қатты құрметтейміз!
Тақырыпты бір мақаладан бастағанбыз. Осы «Ана тілі» газетіне қол қойып отырған бас редактор Жанарбек Әшімжанды «Ла-Скалада» жайқалған жалғыз арша» атты бір ғана мақаласын оқып, «Жас Алашқа» жұмысқа қабылдаған едім…
Бір мақала – бір тағдыр!..

«ЕГЕМЕН»  ӨТКЕН САРА ЖОЛ

Мамадияр ЖАҚЫП, ардагер журналист

«Егемен Қазақстанның» бір ғасырлық тарихы жайлы соңғы кезде айтылып та жатыр, жазылып та жатыр. Ғылыми конференциялар да өтуде. Жұртшылық оны еліміздің рухани өміріндегі айтулы оқиға ретінде қабылдап отыр. Мынау пікір алуандығы көп заманда бұл басылым жайында әртүрлі пікір айтылар. Бірақ еліміздің бір ғасырлық шежіре-тарихын осы газеттің сарғайған беттерінен табатынымыз да анық.

Әдетте кез келген басылым туралы әңгіме қозғалса, алдымен оларды басқарғандар ойға оралады. Ол да жөн. Өйткені басылымның бағыт-бағдары, оның сапалық деңгейі сол адамдарға байланысты. Газеттің алғашқы басшыларының кейбірін айтайықшы: Смағұл Сәдуақасов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ораз Исаев, Жанайдар Сәдуақасов… Еліміздің болашағын ойлаған, сол жолда бастарын бәйгеге тіккен тұлғалар, солар басқарған газеттер қандай болуға тиіс?!
Кейбір кер ауыздардың бұл басылым биліктің сөзін сөйледі, биліктегі партияның солын насихаттады деген күңкілдері де естіліп қалады. Олармен дауласып, уәж айтып жату да артықтау болар. Заманына орай әртүрлі аталып, бүгінде «Егемен Қазақстан» болған газет қашанда халықпен бірге болып, бірге ­жасасты, қиындықты бірге көрді. Бір назар аударайықшы: газеттің алғашқы он сегіз басшысының он бесі «халық жаулары» ретінде атылған екен. Биліктің сөзін сөйлегені үшін емес, халықтың сөзін айтқаны үшін ғой ол.
Газет көптің көңілінен шығуы үшін ең алдымен оны шығаратын редакция ұжымы мықты болуы керек. Нағыз редакторлар алдымен соны ойлайды. Кешегі «Со­циа­листік Қазақстан», бүгінгі «Егемен Қазақстан» басшылары бұл қағиданы қатаң ұстанды. Бұл ұжымда басшыдан бастап, редакциядағы шығармашылық қызметтегі әрбір адам, машинка басушы, әріп теруші, қате түзеуші де өздерін осы газет шығарудағы ең жауапты адам қатарында сезінді. Бұл жауапкершілік сезімі ұжымда ұрпақтан-ұрпаққа созылып, бүгінге дейін жалғасып келеді.
«Егеменнің» бір ғасырлық тарихы бар десек, соның алпыс жылына өзіміз тікелей куәлік ете аламыз. Университетте оқып жүріп, 1958-59 жылдарда осы газетте тәжірибеден өткен бізге газет ұжымы, ағаларымыз үлкен қамқорлық көрсеткен еді. Содан бері бұл газет редакциясы ұжымынан ажыраған емеспіз. 47 жыл осы газетте тікелей қызмет еттік.
Сыртта қызмет кеткен шамалы уақытқа да газеттің қатысы бар. Алматы облыстық «Жетісу» газетіне редакторлыққа адам іздегенде, «Социалистік Қазақстанның» жауапты хатшысына тоқтапты. Бірақ біздің ондағы қызметіміз ұзаққа созылған жоқ. 1,5 жылдан кейін сол «Жетісуда» желтоқсан оқиғасына байланысты қатысқандарға болған соттан материал жариялағанда, соларға «бүйректерің бұрды» деген айыппен редактор қызметінен қуылып, партиядан шығарылды. Алматыдан «жұмыс табылмай», Қаскелең қаласындағы аудандық газеттің корректоры болып екі жылдай жұмыс істеуге тура келген. Сол «айдаудан» қайтқан соң, қайтадан өзіміздің «СҚ»-ға оралғанбыз.
Бұл ұжымда небір марқасқалар еңбек етті. Басшыларды айтпағанда, ойға ұжымның берекесіндей болған ағайлар мен апайлар оралады. Оралғанда, жеке-дара емес-ау, бір-бірімен қолтықтасқандай, үлкен айдынның толқындарындай шоғырланып оралады. Бәрінің атын атап жату да қиын. Тізім ұзаққа созылар еді.
Белгілі қайраткер Балғабек Қыдыр­бекұлы ағамыздың «осында қызмет еткен 37 жыл ішінде жеті редактормен істес болдым» деп жазғаны бар. Ал біз осынау қара шаңырақта болған кезде он екі редактормен қызметтес болыппыз. Бір тізім. Бірақ бірін атап, екіншісін ­тастап кеткен орынсыз көрінеді. Түгел айтайық: Қасым Шәріпов, Кеңесбай Үсебаев, Ұзақ Бағаев, Сапар Байжанов, Балғабек Қыдырбекұлы, Көрік Дүйсеев, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Нұрлан Оразалин, ­Уәлихан Қалижан, Ержұман Смайыл, Сауытбек Абдрахманов. Жасы үлкендерінің ақылын тыңдадық, кішілеріне аға да болдық. Атап айтатын бір жайт: бұлардың қай-қайсысы да өзіне дейінгілердің жақсы ісін жалғастырып, ұжымның ынтымағын нығайтты.
Сол ұжым өз ішінен де талай тұлғаларды шығарды. «Егеменнің» мектебінен шығып, еліміздің ақпарат құралдарына басшылық жасағандар көп. Ұжым ел басшыларын да әзірлеген. Бұл ретте алдымен Балғабек Қыдырбекұлы ағамыз ойға оралады. Студент кезінен тілші болып қабылданған ол, осы ұжымнан ажыраған емес, барлық сатыдан өтіп, ақырында редактор болды. «Мені ұжымым дайындады» дейтін ағамыз Ержұман Смайыл да «Егеменнің» өз баласы. Студенттік тәжірибеден осында өткен ол жоғарыға сатылап көтерілді. Ұзақ уақыт орынбасарлықта отырып қалса да, кейбір қырын қарағандарды мойындатып барып, өз ұжымының өзінің сүйікті жетекшісіне айналды. Кеше ғана «Егеменнің» бір бетіне Сауытбек Абдрахмановтың «Азамат еткен «Егемен», Ардақтамаймын неге мен?» деп аталатын сұхбаты жарияланды. Газет ұжымын ең ұзақ уақыт басқарған азамат қазір Мәжілістің депутаты, өзінің перзенттік сезімін әдемі баяндапты.
«Егемен Қазақстанның» сар­ғайған беттерінде еліміздің, халқымыздың тарихы, шежіресі жатыр. Бас басылымымыздың да өз жолы бар, ол тайғақ кешулерге толы. Онда талай ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздікке де жеткізген жол жатыр. «Егемен» сол Тәуелсіздігіміздің жаршысы, ұраншысы болды. Алдағы уақытта да ол өз халқымен бірге сол халық үшін жасай береді.

ХАЛЫҚ ӨМІРІНІҢ ЖЫЛНАМАСЫ

Аян-Сейітхан
НЫСАНАЛИН,ақын

«Егемен Қазақстан» – еліміздегі баспасөздің флагманы. Бір ғасырда атын өзгерткенмен, затын өзгертпеген халықтың өмірінің қайнар бұлағындай болып, өмірін жырлап келе жатыр. Ол осы уақыттың ішіндегі эпопияға тең үлкен баспалдақтардан өткерді. Алғашқы бесжылдықтардың гүрсілі, Түркісібтің қалай құрылғаны даусы бәрі естіліп тұр. Сондықтан ол қай мағынада да халық өмірінің жылнамасы іспеттес.
Басылымның басында мемлекет пен қоғамның ірі қайраткері Тұрар Рысқұлов, жазушылар Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаевтың болуы – халықтың рухани өміріне үлкен әсер етті. Ол ешуақытта да әлсіреген жоқ. Осы жылдардың ішінде әлеуметтік өмірінің нақ, жан-жақты өсуіне әсер етті. Ол ешуақытта кері кеткен жоқ. Әлсіреген емес. Меніңше, 100 жылдықтан асқаннан кейін екінші 100 жылдыққа жете алатын басылымның болашағы өте зор деп ойлаймын. Еліміздің бас басылымының алдағы атқаратын жұмысы да үнемі биік деңгейде жүре беретініне кәміл сенуге болады. Өйткені газет 100 жылдығын атап өткеннен кейін, алдағы жылдарда да мәңгілікте өмір сүруге бейім. Сондықтан ақпарат айдынында еркін жүзе беруіне тілектестік білдіремін.

ТАЛАЙ ЖУРНАЛИСТІҢ ҚАЛАМЫН ҰШТАҒАН

Гүлзейнеп Сәдірқызы, журналист

Ең алдымен ,«егеменқазақстан­дықтарды», барша оқырман мен авторларымызды, қазақ баспасөзі тарихының тұтас дәуірін басынан өткізген  «Егемен Қазақстанның» ғасырлық  мерейтойымен құттықтап алайын. Әркімнің жүрегінде Өз «Егемені», «Егемен» жайлы айтар жылы естелігі бар. Өйткені бұл қара шаңырақтың киесі, рухы мен қалыптасқан мектебі болады. 

Ең бастысы – ұрпақтар сабақ­тастығы жалғасқан, үлкенді сыйлап, кішіні құрметтей білетін, ұлттық салт-дәстүрімізді берік ұстанатын, қазақы рухани орта болды. Жүз жыл ішінде газет бетінде қаншама мақала жарияланып, қаншама адам осы газеттің шығуына үлес қосты десеңші! Мысалы, аптасына бес рет шығатын басылым оқырманның қолына жеткенше қаншама адам тер төкті, қаншама жүйке тозды. Күн қатып, түн қатып жұмыс істеді. Тәуелсіз Қазақстанның іргетасы қаланып жатқан кезде, бардан жоқ көп, достан сыншы көп, халық айлап жалақы көрмей жүрген кезеңде де басылым қызметкерлері аянбай тер төкті. «Көк кептердің мойнындай қылтылдап тұрған алмағайып заманда» «Егемендіктер» ашуға басқандарға басу айтты, қаламдарын қайрап, жігерлерін жанып жұмыс істеді. Сол шақтың өзінде де басқа мамандық иелерінен, басқа ұжымдардан ерекшелігі, бұл жерде еңбек ету қызық әрі көңілді болатын. Әңгіменің майын тамызып айтатын марқұм ағаларымыздың тауып айтқан біратар сөзін, көңілге тимейтін әдемі әзілін бүгінде көзі көргендердің бәрі аңыз қып айтып жүр. Сонда, «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясына журналистер тойға келгендей келетін, кетуі қиын болатын. Себебі біздің орта пендешіліктен жоғары, сөздің қасиетін, қалжыңның қадірін білетін мекен еді. Осы күні де бұл ортаға келгісі, осы ортадан табылғысы келетіндердің қатары көп-ау деп ойлаймын. Біздің басылымға материалы шықса шын қуанатын қаламгерлерді де көп көреміз.
Жүз жылдық тарихы бар басылым талай журналистің қаламын ұштаған ұстаханаға айналған. «Егемен Қазақстан» газетінің несібесі қандай еді! Қаншама адам баспаналы болды, тіпті сол қиын кезеңдерде екі ай жұмыс істеп үйлі болғандары да бар. Құдайға шүкір! Басылым сол несібесінен әлі де айырылған жоқ. Егеменнің абырой-беделі талай адамның қызметіне баспалдық болды. Бүгінде көптеген басылымдардың басында отырған біздің әріптестеріміз, «Егемен Қазақстан» газетінен өсіп шыққан азаматтар. Қазіргі таңда заман басқа, уақыт өзгерді. Бұрындары қорғасынмен жұмыс істеп, темірді тоқпақтап машинка бассақ, қазір интернет деген жарықтықтың арқасында көп жұмыс жеңілдеді. Газетіміздің көлемі де оқуға ыңғайлы форматқа көшті. Дегенмен, қазіргі тілшілерге талап жоғары. Олар мақалаларын газетке де, сайтқа да жариялауы керек. Уақытпен бірге біздің редакцияға жаңа буын келді.
Басылымның бір ғасырлық жыл­на­масы болса, жарты ғасырға жуық шежіресіне тікелей куә болға­нымды, оған қал-қадірімше үлес қосқанымды Құдайдың маған берген бағы деп білемін. Қазақтың айтулы қаламгерлерімен, жақсы- жайсаңдарымен қатар жүріп, қызмет жасадық. Жүз жылда отыз үш редактор басылымының тізгінін ұстаса, соның тоғызымен бірге жұмыс жасау бақыты бұйырыпты. Өмірлік мектебім осы «Егемен Қазақстан» газеті. Өзіндік қолтаңбасы бар, бағыт-бағдары айқын, тәуелсіз еліміздің ақпарат айдынының көшбасшылық беделінен әлі күнге дейін айныған жоқ, әлі де қазақ журналистикасының желкені болып саналады. Қазақ деген ұлт барда «Егемен Қазақстан» мәңгілік жасай береді деген ойдамын.

ЖҮРЕГІМІЗДЕН ОРЫН АЛҒАН

Мейрамбек Төлепберген,
Жамбыл облыстық Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы

«Егемен Қазақстанның» қазақ баспасөзінің қара шаңырағы деп аталуы бекер емес. «Егеменде» 12 жыл қызмет істеген жылдарымда бұған анық көзім жетті. Бұл газет менің журналист ретінде танылуыма, азамат болып қалыптасуыма әсер еткенін үнемі айтып жүремін. «Егемен Қазақстан» өзінің тарихында талай кезеңнен өтті. Егемендіктің елең-алаңында да ел үшін, халық үшін қызмет етті.
1990 жылдардың басында, тәуелсіздік алғаннан кейін «Егеменнің» арқасында Мемлекет басшысымен де, журналистік сапармен де шетелге шықтық, ел көрдік, жер таныдық. Газеттің тілшілері шетінен сайдың тасындай азаматтар болды. Мен әсіресе сол газетте жүрген кезде бәрімізге үлгі болған Шерхан Мұртазаны ерекше атар едім. Батылдықты да, еркіндікті де, адалдықты да үйреткен Шерхан Мұртазаның мектебі. Сол мектептен дәріс алдық. «Егемен Қазақстанның» бүкіл ғұмырындағы ең аяулы сәт, ең мықты кезең деп ешқайсысын бөліп ала алмайсыз, газет өзінің алдына қойған мақсатын барлық уақытта мүлтіксіз орындады. Елдік мүддені, ұлттық мүддені қандай қиын саясат болса да жоғары қоя білді деп есептеймін. Сондықтан да «Егемен Қазақстанның» 100 жылдық жылнамасы бұл қазақтың жылнамасы деп санаймын.
«Егемен» бір кездері Ержұман Смайылов, Жанболат Аупбаев сияқты нағыз еңбек торылары жұмыс істеген жер. Адалдықпен жұмыс істеп, түн ұйқысын төрт бөліп, шын мәнінде, аямай денсаулығын да берген жер. Бұл басылымның басқа газеттермен салыстырғанда орны бөлек. Бай тарихы, тағдырлы кезеңдері бар. Қалай болғанда да жүз жыл бойы тоқтаусыз шығып келе жатқан «Егемен Қазақстан» біздің өмірімізде жүрегімізден орын алған басылым.

100 ЖЫЛДЫҚ ЖУРНАЛИСТІК ЖОЛ

Жанат Елшібек, ардагер журналист

Дәл бүгінгі таңда қазақтың мәдени, рухани әлемі «Егеменмен» тыныстап тұрғандай. Қазір бүкіл баспасөзде, теледидарда Отанымыздың бас газеті, қазақ баспасөзінің қара шаңырағы аталатын «Егемен Қазақстанның» 100 жылдығы, ғасыр тойы аталып өтіп жатыр. Мен осы қасиетті табалдырықтан аттап, бүгінгі күнге дейін газетпен бірге өмір сүрдім. Бүкіл журналистік ғұмырым баспасөзбен байланысты.

Алғашқы он жылға тақау уақытым жас қаламгерлер ұстаханасы саналатын «Лениншіл жас» газетінде өтті. 1978-79 жылдары «Социалистік Қазақстан» газетіне бөлім меңгерушісі қызметіне шақырғанда жүрексінген едім. Араға уақыт салып, үшінші жылы барып, содан бергі бүкіл саналы ғұмырым осы газетте өтті. 35 жыл қазақ баспасөзінің қара шаңырағында тер төккен екенмін.
Кейде өткен жолыңа қарап ойланасың. Қазір күн сайын газеттің айдарында «100 жылдық жылнама, 100 жылдық шежіре» деген сөз тіркесі орынды айтылып жатыр. Журналистердің ұстаханасына айналған шаңырақтың ғасырлық тойы, бейнелеп айтқанда, 100 жылдық журналистік той деп айтып жатқаным сол. Бұл қазақ мәдениетінің мерекесі.
«Социалистік Қазақстаннан» бастап «Егемен Қазақстан» атанғанға дейінгі тарихи оқиғаларды, тарихи жағдайларды жұртпен бірге көрдім десем артық айтқандық емес. Қарап отырсам, он бас редактормен, ондаған бас редактордың орынбасарларымен қызмет істеп, иық тіресіп, тізе қосып газетті шығардық. Газет жасау оңай емес. Ішкі кухнясынан бастап оқырманға жеткенге дейінгі аралықта біраз тер төккен сияқтымын. Той үстінде айта кетейін, басшы болған, ұстаз болған, журналистиканың ұңғылы мен шұңғылын үйреткен ағаларымыз Сапар Байжанов, Балғабек Қыдырбекұлы, Көрік Дүйсеев, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Нұрлан Оразалин, Уәлихан Қалижан, Ержұман ­Смайылов, Сауытбек Абдрахмановтармен бірге тер төксек, 500-ге жуық журналист, техникалық қызметкерлерді қосқанда бас-аяғы 700 қызметкермен 35 жылда осы «Егеменнің» шаңырағында бірге жұмыс жасаған екенбіз.
Бір кездері «Социалистік Қазақстан» 4 бет еді. Кейіннен Шерағаңның тұсында 6-8 бет болғанымен, ол кезде жағдай мәз емес. Қорғасынмен терілетін. Бүкіл штрихтар, безендіру элементтерінің бәрі қолмен жасалатын. Темірмен, қорғасынмен иетінбіз. Қазіргідей компьютер жоқ. Байқаусызда бір қатені жіберіп алсақ, түзету үшін машинаны қайтадан қыздыруға жарты сағат кететін.
Алғаш барғанда газетті безендіру, көркемдеу бөлімінің меңгерушісі болдым. Ол кезде мазмұны, сапасы жағынан «Лениншіл жас» көш ілгері еді. Бір жағынан ресми материал сирек беретіндіктен солай болған шығар. Бізге оқылатын газет шығару қажет деген талап қойды. Сірескен сең, сұрғылт газет деп аталатын басылым ұжымның, шығармашылық топтың арқасында оқылатын газетке айналды. Қазір, құдайға шүкір, еліміздің шежіресін жазып келе жатқан бас газет.
Кейіннен спорт, жаңалық, туризм, өнеркәсіп және экономика бөлімдерін басқардым, редакция алқасының мүшесі болдым, кейінгі 25 жыл жауапты хатшы қызметін атқарып, зейнетке шыққаннан кейін де екі жылдай қызмет атқардым.
Журналистке тән оқиғаның бірін айтып кетелік. «Газет ішіндегі кітап» деген айдармен шағын-шағын материалды немесе оқылатын мақаланың басын біріктіріп, кітапша шығардық. Алғаш рет еліміздің тұңғыш Президенті Елбасының «Әділеттің ақ жолы» деген кітабын тұтас сол газет ішіндегі кітап деп бердік. Бұл үрдіс жақсы қабылданды. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би қосымшалары да дәл солай, кітап құсап бүктеп, кішкентай форматпен берілді.
Тағы бір жаңалығымыз, Астанаға көшіп келгеннен кейін газет оқылуы үшін айына бір рет «етжеңді» нөмір шығару басталды. Ол оншақты жыл тұрақты шығып, оқырман іздеп жүретін қосымшаға айналды. Айдың аяғында сәрсенбі күні «Етжеңді «Егемен Қазақстан» 16 бет, басынан-аяғына дейін танымдық, тағылымдық, әдеби-көркем материалдың басы бірігіп, өзекті мәселелер де қамтылатын.
Газеттің 75 жылдығын мерекелейтін тұсты да айтып, оқырманды құлағдар етіп қояйын. Бұл – 1994 жыл. Ол кезде кішкентай форматта, 32 беттік арнаулы нөмірімізді шығаратын көк не қызыл бояудың өзін таба алмадық. Сөйтіп, қара бояумен әдеттегі нөмірмен шыққанымен, безендірілуі, көркемделуі өте жақсы болды. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі елең-алаң, кеңестік империяның салқыны тиген уақыт қой.
Ал қазір күн сайын бұрқырап, 16, 24, кейде жарнама берген кездері 48, 64 бет болып шығып жатады. Осындайда 4 бетті бүкіл ЦК-ның баспаханасының қызметкерлері, директорлары, инженерлері қатар жүріп, жалғыз газетті графикке іліндіру үшін таңнан-таңға дейін жүретін кезең еріксіз еске түседі. Қазір газет шығарудың қаншалықты дәрежеге өскенін осыдан-ақ білуге болады.
Бүгінгі мерекелік тұста, әр газеттің бетінде, әр газеттің ішінде біздің маңдай теріміз бар екенін айта кету керек. Кезінде Шерхан аға Мұртаза бейнелеп айтқандай, журналистің еңбегін «Көтергені алтын, жегені тікен» деп дала алыбы түйеге теңегені, қаламгер еңбегін биік бағалағаны ғой. Ал қазір ақпараттық технологияның дамыған кезінде газеттің бәсекелесі артып отыр.
Ғасыр тойын көру кез келген журналистің маңдайына бұйыра бермейді. Журналист ағайынға, өзіміздің ізімізді жалғастырушы ұжымның жас журналистеріне, газеттің адал серігі болған оқырманға айтар тілегім – той құтты болсын, қазақтың баспасөзі дамып, өзінің тәуелсіздік шежіресін жалғастыра берсін!

ҮЛКЕН МЕКТЕП

Еркін Қыдыр,
«Астана ақшамы» газетінің Бас редакторы

«Егемен Қазақстан» – қара шаңырақ басылым. Біздің қазақ руханиятында алатын орны ерекше. Менің өмірімнің 27 жылы осы «Егемен Қазақстан» газетінде өтті. 1990 жылы Шерхан Мұртаза бас редактор болып тұрған кезде Шымкент облысындағы меншікті тілшісі қызметіне кірістім. 1996 жылы газеттің орталық аппаратына бас редактордың орынбасары болып ауыстым. Ол кезде редактор Нұрлан Оразалин еді. Содан табан аудармай 2017 жылға дейін еңбек еттім.
«Егемен Қазақстан» бүкіл журналистер қауымына үлкен мектеп, ұстахана болды. Қазақтың нар тұлғалы азаматтары еңбек еткен, өзінің ізін қалдырған қасиетті мекен ғой. Біздің замандастар осы қара шаңырақта Шерағаң мен абыз Әбіштің алдын көріп, тәлім алғанына бақытты.
Бүгін 100 жылдық, бір ғасырлық мерейге жеткен «Егемен Қазақстанның» 70 жылға жуық уақыты кешегі Қызыл империяның шеңгелінде тұрған мезгіліне тұспа-тұс келді. Ол кезең күрделі, күрмеулі кезең еді. Ашығын айтқанда, газеттің редакторының, қызметкерлерінің өз ұстаған саясатын жүргізуге мүмкіндік болмады. Соған қарамастан бас газет жаңбыр-жаңбырдың арасынан жол тапқандай, елдің, халықтың мүддесін білдіріп отыруға тырысты.
Кейде сол кездегі солақай науқанға, ұлтқа кесірін тигізген жайттарға байланысты бұған бас басылымның да қатысы болды деген пікір айтылып жатады. Қазақтың үлкен азаматтарының біреуін қаралап, сол қаралаған адамға бүкіл интеллигенцияны айдап салып, әртүрлі хаттар ұйымдастырып, науқандық жұмыстардың бел ортасында бұл газеттің және сол кезде жарық көрген басқа да басылымдардың болғаны ақиқат. Оны тарих жоққа шығара алмайды. Бас басылым кешегі кеңестер империясының идеологиялық құралы болғанын ұмыт­пауымыз керек. Өзіміз өткенге салауат айтып, тәубеге келіп алмай, алға жылжуымыз қиын. Мәселен, күнделік жүргізетін адам күнде не көргенін, қандай оқиға болғанын, бәрін жіліктеп, тәптіштеп жазып отырады. «Егемен Қазақстан» да елдегі күнделікті жағдайды жазатын шежіресі, күнделігі деп айтар едім. Бұдан 50, 70, 90 жыл бұрын елде не болды, сол күйі тасқа басылып қалды. Өткен заманға баға берген кезде болашақ ұрпақ осы «Егемен Қазақстанға» сүйенеді, кітапхана, архивтерді ақтарады. Қандай шешім, қандай қадам жасалғанын, оның елге, ұлтқа зардабы мен пайдасын газет бетіндегі жазбаға қарап айтады. Ержұман Смайыл газетті жаңа елордаға бастап келгеніне де осы күндері жиырма жыл толып отыр. Қара шаңырақ басылымның Сарыарқа төсіне орнығып, дамуына ол кісі көп еңбек сіңірді. Сауытбек Абдрахманов басшылық еткен тұста оның орынбасары ретінде «Егеменнің» 8 қабатты кеңсе ғимаратын, 2 жатақхана, 2 тұрғын үй кешенін салуға жетекшілік жасағаным бас басылым дамуына қосқан бір үлесім деп есептеймін. Бас ғимаратты басылымның 90 жылдық мерейтойы үстінде Елбасы Н.Назарбаевтың өзі келіп ашқан болатын.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.