Медициналық сақтандыру туралы не білеміз?

Мемлекет басшысы  Қазақстан халқына арнаған Жолдауында  міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу қажеттілігін айта келе, ҚР Үкіметіне МӘМС жүйесіне барлық санаттағы азаматтардың тең құқықта қатысуын қамтамасыз етуді, медициналық көмекке қолжетімділік және «өзін-өзі қамтамасыз ету» санатындағылардың мәселелерімен айналысуды  тапсырған болатын. 

Алдымыздағы 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі толы­ғымен іске қосылмақ. Бұл еліміздің әрбір азаматына қатысы бар реформа болмақ. Осы орайда жұртшылық тарапынан медициналық сақтандыру деген не, оның тиімділігі мен берер мүмкіндіктері қандай? МӘМС қалай қатысуға болады деген сауалдар жиі туындап жататыны белгілі. Бұл жөнінде азды-көпті ақпаратымызбен бөлісуді жөн көрдік. Ең алдымен, әлеуметтік санаттың қай тобында екеніңізді анықтау қажет. Оны egov.kz порталы арқылы білуге болады.­ Егер белгілі тұлға жұмыссыз болса, Жұмыспен қамту орталығына немесе әкімдікке барып тіркелуі керек. Келесі шарт – емханаға тіркелу. Бұл тұрғылықты мекенжай ­бойынша жүзеге асырылады. Азамат жалпы практика дәрігерін немесе тіркелген емханадағы учаскелік дәрігерді таңдайды.
Жұмыс берушілер 2017 жылдың шілде айынан бастап қарамағындағы қызметкерлер үшін жалақының 1 пайызы мөлшерінде жарна аудара бастады. Жарна жұмыс берушінің қаражаты есебінен аударылатынын айта кетейік. 2019 жылы аударым мөлшері 1,5 пайызды, 2020 жылы 2 пайызды, 2022 жылдан бастап 3 пайызды құрайды. Жалдамалы жұмыста қызмет істейтіндер үшін жұмыс беруші 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық табысының 1 пайызын, 2022 жылдан бастап 2 пайызын қорға аударып отырады.
Республикалық маңызы бар қалалар, Елорда мен облыстық деңгейдегі шаһарларда БЖТ 1 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) немесе 2 525 теңге, ал басқа елді мекендерде жарты (0,5) АЕК немесе 1 263 теңгені құрайды. МӘМС пакетін пайдалану үшін БЖТ 3 ай қатарынан төленуі тиіс.
Фрилансерлер, яғни азаматтық-құқықтық келісім негізінде қызмет көрсететін жеке тұлға немесе жеке кәсіпкерлер 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап өзі үшін жарна аударады. Мемлекет балалар, мүгедек жандар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, үш жасқа жетпеген баласын бағып жұмыссыз отырған аналар, студенттер, жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар, бірінші топтағы мүгедек бала күтімімен үйте отырғаны ата-аналар, зейнеткерлік төлем алатындар, тергеу изолятырында және сот үкімімен қылмыстық-атқару орындарында жазасын өтеп жатқандар үшін жарна төлейді.
Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар табысы мен төлеген жарнасының көлеміне қарамастан, мемлекет кепілдік берген барлық медициналық қызмет түрлерін пайдалана алады. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне – жедел медициналық көмек және санитарлық авиация; Әлеуметтік маңызы бар аурулар; бастапқы медициналық-сани­тарлық көмек маманының және профилдік мамандардың жолдамасы бойынша консультациялық-диагностикалық көмек; стационарлық көмек, профилактикалық егулер және т.б. жатады.
Тұрғындардың медициналық көмекке деген қажеттілігі өсіп жатқан жағдайда әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу денсаулық сақтау саласын дамытуға қосымша ресурстар тартуға, бюджет шығындарын азайтуға, сондай-ақ қаржы тәуекелдерін сақтандыру тетіктері арқылы тұрғын­дардың сырқат түріне қарай жеке төлем жасауын азайтуға мүмкіндік беретінін атап өткен жөн.

Қ.ҚАЖЫКЕНОВА,
Фтизиопульмонология орталығы
директорының орынбасары
Алматы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.