«Басқарманың баласы» әке өсиетіне адалдық танытып келеді

Нұрперзент Домбай
«Ана тілі»

Сыр топырағындағы Қазалы өңірінде ­Бермахан Мәшенбаевты білмейтіндер, оның атына қанық еместер некен-саяқ. Бұл кісі сонау 1918-1922 жылдары атақты Чапаев дивизиясының құрамында ақ гвардияшыларға қарсы күреске қатысқан. Соғыста екі рет жараланып, амалсыз елге оралады.
Жаңа заманның жаршысы бола жүріп, жазықсыз түрмеге де отырып шығады. Жала жауып, тырнақ астынан кір іздегендер бұған байдың қызына үйленген деген кінә тағады. Бермаханның Уақ болыстың қызы Зейнепке үйленгені рас еді. Ақырында жақын жора-жолдастары, ағайындары Уақтың қарамағындағы малды өзінің табанақы, маңдай терімен тапқанын, ол кәмпескеге ұшыраған байлардың қатарына жатпайтынын тиісті орындарға жеткізіп, сөйтіп, түрмеден шығарып алады.
Мұнан кейін қажырлы еңбегі арқасында көзге түсіп, аудан көлемінде бірқатар жауапты қызметтердің тізгінін ұстады. Аудандық мал шаруашылығы кооперациясының бастығы, ауылдық кеңестің төрағасы болды.

Соғыс жылдары Жаңаталап, Аманкелді атындағы колхоздардың басқарма төрағасы қызметтерін атқарды. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген жалпыхалықтық ұранға үн қосып, адамдарды берекелі іске жұмылдыра білді. Өзінің жеке еңбегінен «Қазақстан колхозшысы» атты танк жасату қорына 100 мың сом ақша ­аударып, өзгелерге өнеге көрсетті. Кейін Мәшенбаев атында танк жасалғандығы жөнінде Бас қолбасшы И.Сталиннен жеделхат келді. 1943 жылы Қазалыға келген Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Әбдісәмет Қазақбаев көпшілік қатысқан жиын үстінде колхоз төрағасына Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасын тапсырды. Бұл наградадан басқа Б.Мәшенбаевтың еңбегі жоғары бағаланып, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталды.
Ардагер ақсақал 1984 жылы өмірден озды. Оған көзі тірісінде-ақ өзі қызмет еткен ауылда көше аты берілді.
Біздің бүгінгі әңгімеміз жоғарыда сөз болған танымал тұлғаның ұлы, ауылдастары «басқарманың баласы» деп атап кеткен ардақты азамат, ұлағатты ұстаз, педагогика ғылымының кандидаты Тілеулес Мәшенбаев туралы.
Тілеулес ағамыз ең алдымен қарапайым, кішіпейіл. Өзі қалаған істі адал, жауапкершілікпен атқару – басты мұраты. Қызметке, атақ-даңққа қызығу деген онда болған емес. «Бірлік» шаруашылығында партком хатшысы болып жүргенінде, бұл қызметті өзіне қолайлы көрмеген. Бұрыннан ыстық ұстаздық қызметке көңілі ауды да тұрды. Содан аупарткомның бірінші хатшысына­ келіп жағдайын айтқан. Ол кісі: «Енді бір-екі жылдан кейін кеңшардың директоры болғалы тұрсың. Ең болмаса мектеп директорлығын берсек қалай болады?» дегенде, одан да бас тартты. Сол кезде екінші хатшы болып істейтін Қарғабаевты шақырып, «Мына партком «Басшылық қызмет керек пе?» десек, «керегі жоқ, мұғалімдік болса болды» дейді. Ел директорлық қызмет сұрайтын. Бізден кінә жоқ, өзі білсін» деп күлгені бар-ды.
Сөйтіп, бұрын өзі қызмет еткен Ғани Мұратбаев атындағы №17 қазақ орта мектебіне оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі болып орналасты. Келе сала жаны сүйетін кәсіпке бар ынта-шынтасымен кірісіп кетті. Жеке жұмысынан басқа мектептің қоғамдық жұмыстарына белсене араласты. Әсіресе білім ошағындағы Ғ.Мұратбаев музейін ұйымдастырып, жолға қоюда ерекше еңбек сіңірді.
Мектепте жұмыс істеп жүргенде Алматыға екі рет қызметке шақырған. Онысын әкесіне айтуға батылы бармады. Көзі ашық, көкірегі ояу адам ғой, сұраса жіберуі де мүмкін еді. Алайда ертең әлдекімдердің алдында жерге қарап қалармын деген ой кежегесін кейін тартты. Келіншегі Зылиха Жетісу жерінің қызы болатын. «Күшік күйеу болып, келіннің ауылына кетіп қалды» десе масқара емес пе? Өзі осылай топшылаған. Кім біледі, бүйтіп айтпайтын да болар.
Тағдыр дегенді қойсаңшы. Ақырында Алматыға да жол түсті. Осыдан отыз жыл бұрын. Алғашқыда Алматы темір жол институтында, содан кейін Көлік және коммуникация академия­сында түрлі лауазымды қызмет атқарды. Ал 2001 жылдан бастап табан аудармай бір жерде – Қазақ ұлттық Қыздар педагогикалық университетінде еңбек етіп келеді. Бүгінде осы іргелі оқу орнының белгілі профессоры. Университетке сіңірген ерекше­ ­еңбегі үшін «Ұлағат» күміс медалымен марапатталды. «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері», Ресейдегі халықаралық педагогикалық ғылымдар академиясының, еліміздегі Жаратылыстану ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі секілді мәртебелі атақ-дәрежелердің иесі екендігін де айта кеткеніміз жөн. Педагогика саласы бойынша отызға жуық әдістемелік құралы, төрт оқулығы, жүзден астам ғылыми-зерттеу еңбектері жарық көрді. Бұларға қоса Сыр өңірінде кезінде Ресей отаршылдығы мен Қоқан, Бұқар, Хиуа хандықтарының озбырлықтарына қарсы күрескен дулығалы дала перзенттерінің бірі – Ақтан батыр туралы жазылған «Ақша бұлтты Ақтан батыр» және әйгілі әкесі жөнінде сыр өрбіткен «Асқар тауым» атты кітаптарды оқырман қолына тигізді.
Бір қарағанда сабырлы, салмақты көрінетін ағамыз керекті жерде қайсарлық та, табандылық та таныта алады. Ғылыми кандидаттықты қорғау кезінде он тоғыз ғылым докторы қатысты. Оппоненті Батталханов деген ғылым ­докторы. Қорғаудың кезінде екеуі сөз таластырып қалды. Ана кісі көңілден шыға қоймайтын жайтты айтты. Шыдай алмады, қарсы шықты. Ет қызуымен: «Бұл мәселені сізден артық білетінімді айта кеткім келеді» деген сөздің аузынан табан астында қалай шығып кеткенін өзі де байқамай қалды. Сол кезде әлгі отырған он тоғыз ­доктор мұны қолдап, қол соқпасын ба. Шыққасын олардың бірі: «Оппонентіне қарсы шыққан адамды осы өмірімде бірінші көруім» деп таңданысын білдірді. Қорғауда Ажес Петрович деген академик сөз сөйлеп, өте жақсы баға берді. «Мен сізді бағанадан бері докторлық жұмысты қорғап тұр екен деп ойлағам. Тап қазір сізді осы тақырыппен докторлыққа жіберуге болады» деп арқасынан қақты. Уақыт өттірмей кандидаттығын бекітіп алды. Университет кандидаттыққа дайындаған материалдарын өзгелерге үлгі есебінде көрсетті. «Ғылыми еңбек осылай дайындалу керек» деген оң пікір айтылды. Мұндай баға бойына қанат бітіріп, күш-жігерін тасытқаны рас.
Бүгінде жетпіс бес деп аталатын жастың биігіне көтерілген Тілеулес аға оңаша сәттерде басынан өткерген қызықты оқиғаларды сыр ғып шертетіні бар.
– Талай кездесулер, жүздесулер өтті ғой. Соның бір-екеуін айтып берейін, – деген еді бірде. ­– ­Студенттік жылдары курстасым Қайрош ­себеп ­болып, қазақтың талантты, дарынды қос қаламгерімен кездесіп, бірге дәм татып, сыр бөлісудің сәті түсті. Олар Зейнолла Шүкіров пен Мұқағали Мақатаев. Қайрош екеуміз институтты бітіргеннен кейін Қызылордадағы мұғалімдердің білімін жетілдіру институтына бір айға оқуға келгенбіз. Қайрош ол кезде Жалағашта. Мен болсам Қазалыдамын. Бір күні Қайрош:
– Зейнолла ағаға сәлем беріп шығайық, – деді.
Зейнолла деп отырғаны – ақын, жазушы ­Зейнолла Шүкіров. Ол кісінің Қайрош­тың қайнағасы екендігін бұрыннан білетінмін. «Жарайды» деп келісе кеттім. Бір жағынан Зекеңе сәлем беріп шығуды азаматтық парыз санадым.
…Келдік. Зекең әуежай жанындағы екі қабатты үйдің бірінші қабатында тұрады екен. Біз келгенде диван үстінде жатты. Қолында мандолин. Аспаптың үні ақырын естіледі. Қасындағы ­тумбочка үстінде ашылған коньяк. Жанында коньяк құйылған стакан. Амандастық. Сол кезде бөлмеге шешесі де келді. Ол кісіге де сәлем бердік. Үлкен кісі екен. Жөн сұрастық.
Бір кезде тамақ келді. Сол уақытта Зекең:
– Сендерге коньяк ішуге әлі ерте, – деп екеумізге басқа түстен құйды.
Бір уақытта коридордан абыр-сабыр дауыс естілді. Апайтөс біреу кіріп келді. Кіріп келді де Зейнолланы көтеріп, құшақтап, бетінен сүйіп ­жатыр.
Әлгі кісі отырғаннан кейін Зекең бізге қарап:
– Ағаларыңды танисыңдар ма? – деді.
– Жоқ, – дедік екеуміз де.
Зекең бұл жауабымызды ұнатпай:
– Әй, сендер өзі газет, кітап оқисыңдар ма? Бұл Мұқағали Мақатаев деген ағаларың ғой. Сендер неғып білмейсіңдер, – деді ренжіңкіреп.
Екеуміз де атып тұрып, «Ассалаумағалейкүм, аға» деп қайта амандастық. Әрине, Мұқағали есіміне, оның жырларына қанықпыз. Алайда, бұрын жүзбе-жүз кездеспеген адамымыз ғой. Оның үстіне айтулы ақынмен Қызылордада жолығысамыз деп кім ойлаған.
Дастарқан кеңірек жайылды. Қызу әңгіме басталып кетті. Мұқағали осында бір шаруамен келіпті. Бүгін кейін қарай қайтады екен.
Кетерде Зейнолланның анасы Мұқағалиға екі қаязды сары қағазға орап берді. Мұқағалиға «Волга» машинасы келді. Құрметті қонақты шығарып салу үшін Қайрош екеуміз де машинаға міндік.
Көп ұзамай теміржол вокзалына да келдік. Келгеннен кейін Мұқаң қалтасына қолын салып: «Жолаяқ жасау деген болатын еді. Ақша жоқ болды-ау…» деді.
– Аға, біз жасаймыз ғой, – деп едік. Мұнымызды жақтырмады.
– Сендер өзі қазақсыңдар ма? Кімсіңдер? Қай қазақты көрдіңдер өзі кетіп бара жатып, басқаларға жолаяқ жасатқан. Өзім жасаймын, – деді.
Бір кезде «Москва – Алматы» поезы келіп, вокзалға тоқтады. Вагонға көтерілдік. Вагонға кіргеннен кейін Мұқағали жолсерік орыс әйелімен сөйлесіп жатты. Сәлден соң қолында бір бөтелкесі бар купеге кірді. Сөйтсек, Мұқаң каяздың біреуін әлгі әйелге беріп, оның орнына керегін алған екен. «Сусынды» үшеуіміз қылдай бөліп іштік. Ақырында ақын ағамызбен қимай қоштастық. Бұл кездесу менің жүрегімде ұмтылмастай қалып қойды.
Мен үшін ерекше есте қалған тағы бір кездесу болды. Ол – әйгілі сазгер Нұрғиса Тілендиевпен жүздесуім.
Алматыда. Көшеде кетіп бара жатқанмын. Д.Қонаев ескерткіші жанындағы орындықта отырған Нұрғиса ағаны көзім шалып қалды. Қасына барып сәлем бердім. «Қай жігітсің?» деп сұрап жатыр. Жөнімді айттым. Туған жерімді, қызметімді айтып жатырмын.
Көңілі көтеріңкі екен. Әңгіме айтқысы келетін секілді. Сірә, тыңдаушысы табылмай жалғызсырап отырған сияқты. Мені қасына отырғызғаннан кейін шешіле бір сөйледі. Сонда айтқан мына әңгімесі есімде қалыпты.
– Мына кісі, – деді Қонаевтың ескерткішіне қарап, – КСРО делегациясын басқарып Индияға барыпты. Делегацияны әуежайда КСРО-ның Әнұранымен емес, Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнімен қарсы алыпты. Сапардан­ оралғаннан кейін Димаш Ахметұлы мені өзіне шақырды. Келгендегі айтқаны: «Шәмші Қалдаяқовты маған тауып алып кел» болды. ­Содан Шәмшіні іздейін. Бір күн іздейін, екі күн іздейін…Шәмші жоқ. Таба алмадым. Ақырында бір жігіттерден «Шәмшіні қайдан табамын?» деп сұрадым. Олар «Шәмшіні сағат жеті жарым мен сегіздің арасында «Весновкідегі» сыраханадан ұстауға болады. Одан кейін таба алмайсың» деді. Содан таңертең ертерек машинамды шақырып, жігіттер нұсқаған жаққа тарттым. Келсем Шәмші бір кружкі сыраны енді ішейін деп жатыр екен. Амандық-саулықтан соң «Жүр, кеттік, сені ­Димаш Ахметович шақырып жатыр» десем, Шәкең «Мені не істейді?» деп қарап тұр. Бару керектігін айттым. Содан үйге әкеліп, жуындырып, киіндіріп, «үтіктеп» екеуміз Димекеңе тарттық. Бізді күтіп отыр екен. Шәмшіден жағдайын сұрады. «Бәрі жақсы, жақсы» деп жауап беріп жатыр. «Үйің бар ма?» деп еді, «Бар» деді. Мен мына жақтан шыдамай: «Ол үй емес қой, ол…» десем, «Үй емей не? Болады ғой» дейді күбірлеп. Сол кезде Қонаев қасындағы адамға бұрылып: «Композиторлар одағына салынып жатқан үйден Шәмшіге үш бөлмелі пәтер берілсін деп жаз» деді. Осы кезде Шәмші Димекеңнің алдына барып: «Ағажан» деп тізерлеп отыра қалды.
– Ол үйді Мыңжасар Маңғытаевқа беріңізші. Ол әйелі, шешесімен, үш баласымен екі бөлмелі пәтерде отыр ғой.
Шәмшінің мына сөзіне таңырқап қалдым. Өзгелер болса мұндай сөзді айтпас еді ғой.
Сол кезде Димекең:
– Айналайын-ай, сені сыйғызбай жүрген осы жүрегің екен ғой. Екеуіне де пәтер берілсін деп жаз, – деп Шәмшінің маңдайынан сипады.
Нұрғисамен осылай әңгімелесіп отырғанда ­жанымыздан бір кейуана кетіп бара жатқан. Нұрекең орнынан тұрып, қариямен амандасты.
– Қазір қай үйде отырсыздар? – деді.
– Баяғы Шәмші берген үйдеміз ғой.
Нұрғиса қайтып келіп орындыққа отырғаннан кейін: «Сөзімнің растығына көзің жетті ғой. Жаңағы кісі Мыңжасардың анасы. 92-де қазір» деді.
Өмірімде осы секілді талай жүздесулер болған.
Тілеулес Бермаханұлы – шуақты шаңырақтың ұйытқысы. Зайыбы Зылиха да білікті ұстаз, ардақты ана. Көп уақыт Қазақ көлік және коммуникация академиясында қызмет жасады. «Еңбек ардагері» медалінің иегері. Ол кісі де ұлағатты ұядан тәрбиеленіп шыққан жайсаң жандардың бірі. Әкесі Оңлыбай Оңғарбаев бар өмірін темір жол ­саласына арнады. Сөйтіп, елеулі еңбегінің арқасында елімізге танымал, құрметті теміржолшы атанды. Бұл күнде кезінде өзі тұрып, еңбек еткен «Матай» стансасында О.Оңғарбаевтың есімімен аталатын көрікті көше бар.
Бақытты шаңырақтың перзенттері Әнуар, Қабыланбек, Эльвира жоғары білім алып, әр салада жемісті қызмет етуде. Олар да шаңырақ көтеріп, ұрпақ өсіріп отырған өнегелі жандар.
«Әкемнің ақыл-кеңесі әлі күнге құлағым­ның түбінде күмбірлейді. «Ешқашан да жамандық ­жа­сама. Қолыңнан келсе жақсылық істе. Жақ­сы­лығыңды сатпа. Біреудің көңіліне тиетін әңгіме айтпа. Ұрпағыңды тәрбиелеуге көңіл бөл. Ағайын-туысқа жанашыр бол» деген сөздерін ­жадымнан шығарған емеспін» деген мақаламыз­дың кейіпкері әрдайым да әке өсиетіне адалдық ­танытып, тіршілік – өмірде азаматтықтың да, адамдықтың да асқар биігінен көрініп келеді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.