Төл әліпбиіміз төрге шықсын десек…

Ерсұлтан БЕКТҰРҒАНОВ,
ҚР Парламенті
Мәжілісінің депутаты

Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н.А.Назарбаев «Біз, Қазақ Елі, уақыт көшіне ілесіп, әлемдегі өркениетті мемлекеттердің қатарына қосылу үшін жалпы ұлт ретінде сақталып қаламыз десек, көп кешікпей, әліпбиімізді латын жазуына­ көшіруіміз керек. Бұл – бүгінгі күннің талабы» деген болатын. Сөйтіп, 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен латын графикасына толық көшу белгіленді. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» демекші, құрылған комиссия мемлекеттік, қоғамдық ұйымдардың, ғалымдардың, отандастарымыздың ұсыныстарын мұқият қарап, сараптап, оңды ұсыныстарына назар аударуда. Осы өте маңызды мәселеге байланысты мен де өз  пікірімді ортаға салып отырмын.

Біздің қазіргі қолданыстағы, яғни, кириллицамен алынған төл әліпбиіміз 42 әріптен тұратыны белгілі. Ал енді жаңадан ұсынылып отырған латын графикасына негізделген әліпбиімізде 32 әріп бар. Сонда 10 әріп жоқ. Енді келіп бұрыннан қалыптасқан жазу, оқу және айтылуға бейімделген ережелер, заңдылықтар түгел өзгерейін деп тұр. Сөздер, дыбыстар жазылу барысында қиындықтарға ұшырайды. Жалпы, қандай әліпби болса да, ол тілдің заңдылығын сақтап, бір жүйеге негізделіп жасалуға тиіс. Әр дыбыстың мағынасы мен мәнін, ұлт тілінің терең байлығын бере білуі қажет. Буын мен тасымал, сөйлеу ырғағын бұзбай қолдануға қызмет етуі керек. 42 әріптен 32 әріпке түсіп қалған соң, қазақ тілінің сөйлеу, жеткізе білу жағы қиындап кете ме деген қауіп бар. Мысалы, жыр-толғауларда, әндерде әріптердің жетіспеуінен олқылықтар орын ала ма деп ойлаймын. Бұл мәселе тек мені ғана емес, көпшілікті алаңдататын сияқты.
Екіншіден, латын графикасына­ кейінгі жылдары көшкен көрші елдер бар. Айталық, Әзірбайжан, Түркіменстан, Өзбекстан мемлекет­терінде жаңа әліпбиге көшуде әлі де болса сұрақтар бар екені белгілі. ­Мысалы, Өзбекстан тәуелсіздігін алған жылдардың басында-ақ латынға көшті. Содан бері біраз жыл өтсе де, алфавиттеріне көптеген өзгерістер енгізумен келеді. Өткен жылдар ішінде Өзбекстан билігі латын әліпбиіне көшуді 2000 жылға, одан кейін 2005 жылға, кейін тіпті 2010 жылға дейін қалдыруға мәжбүр болды. Яғни бұл өткен уақыт ішінде жаңа графиканы енгізуде біраз тәжірибе жиналғанымен, оны бір жүйеге келтіруде шешілмеген сұрақтардың болғанын көрсетеді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев «Әліпбиді латын қарпіне көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына екі жылға жуықтады. Бірақ қарпімізде әлі де олқылықтар бар. Тіл мамандары жаңа әліпбиді жетілдіруі керек. Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұловаға тиісті тапсырма бердім. Алдымызда ауқымды жұмыс тұр» деп, латын графикасына көшудің маңызды мәселе екендігі туралы айтқан болатын. Бірақ осы істі қолға алған ­жауапты азаматтардың жұмыстарына әлі де халықтың көңілі толмай отыр.
Қазір латын графикасына негіз­делген әліпбиді түрлі-түсті бояумен шығарып қойды. Кабинеттерімізде іліп қойдық. Ал бірақ оны қолданып жазайын десеңіз, жазуға келмейді. Үстіне нүкте қойып жазатын әріптерді компьютерде терудің де қиындықтары бар.
Бізге ұсынылған жаңа әліпбиде 6 әріптің үстінде нүктесі бар. Ол әріптер компьютерде жоқ. Егер Қазақстанда 5 млн-нан астам компьютер бар деп есептесек, оның бәріне орналастырғанша, біраз уақытты жоғалтып алатын сияқтымыз.
Қысқарып кеткен әріптердің ішіндегі ш, ч әріптері екі таңбамен белгіленеді. Ал кейбір жерде с деген әріп с болып оқылады. Һ деген әріп әрі х, әрі һ болып алынған. Латын графикасында бар Х әрпі мүлдем енбей қалған. Сонда кейбір сөздерді жазуда ала-құлалық пайда болады. Бөлек әріппен алуға қалай болмағанына таңғаламын. Жалпы, екі әріппен жазылатын бір әріптің мағынасы барлық уақытта да қиындық туғызатыны – ақиқат! Ү әрпі ретінде үстіне нүкте орнатып, бұрынғы и-ді алған. Ұ әрпін бұрынғы и-мен белгілеген. У әрпінің үстіне нүкте қойылған.
Бастапқы нұсқада апостроф қою арқылы әліпби жасалған кезде, мен жазуға да, қолдануға да оңай болуы үшін қазіргі әліпбидегі 7 (ә, ғ, ұ, ү, қ, ө, ң) әріпті осы латын әліпбиінде де қалдырсақ қалай болады деп өз ұсынысымды айтқан едім. Біздің латын әліпбиіміз өзге елдің әліпбиіне сәйкес келмейді. Бәрібір өзбектің не түріктің әліпбиіне ұқсамайтыны сөзсіз. Әр елдің, әр халықтың өзіндік ерекшеліктері ескерілуі тиіс қой. Олар өздеріне қалай ыңғайлы болса, солай алған. Осы орайда, атап өткен төл әріптерімізді қалдырсақ, одан ұтпасақ, ұтылмаймыз.
Сонда біз көптеген проблеманы бір-ақ шешеміз. Біріншіден, латын әліпбиіне көшу процесі оңай болады. Екіншіден, біздің қолданысымыздағы компьютерлерде мен атап өткен әріптер орнатылған. Әрі ол әріптерімізді осы кезге дейін қазақ тілімен таныс болған өзге елдердің азаматтары да біледі.
Егер апострофтарды қолданылатын әріптерді түсіндіретін болсақ, жаңа әліпбиді халықтың қолданысына енгізу үшін көптеген қиындық болуы мүмкін.
Қысқарған он әріптің ішінде я да бар. Қазақтың дария, қария деген сөздері енді алты әріппен жазылмақ. Ю әрпі де жоқ. Аю, ою сөздері де үш әріппен берілмек. Э әрпі де түбегейлі жоқ. Енді элеватор, экономика деген көздерді е әрпімен айтып, қате дыбысталатын болды. Ц әрпі де жойылғалы тұр. Сонда циркуль сөздері, сондай-ақ Цхай, Цыбенко, Цирульник деген адамдардың тегін жазғанда екі әріппен белгілеуге тура келеді.
Әліпбиімізді осы күйінде алар болсақ, қиындық туындайтыны айқын. Мұның «жыры» көп жылға созылып кете ме деген қаупім бар.
Үстінде нүктелері бар әріп жасағанымыз көңілімізге орнықты болып тұрған жоқ. Кездесулер кезінде сайлаушылар да осы мәселені қозғап, тіліміздің байлығын толық жеткізе алатын әліпби қажет екенін алға тартады.
Бүгінде қалаларда мекемелер, ғимараттар мен сауда орталық­тарының, мейрамханалар мен дәмханалардың атауларын әркім өзінше латын әріптерімен жазып жатыр. Жарнамалар қаншама? Олардың жазуына қандай құжатпен рұқсат берілгенін ешкім білмейді. Бұл жерде бір жүйе жоқ. Әркім өз білгенінше жазып қойған, қате жазулар да баршылық. Біраз адам солай жазуға бейімделіп қалады да, кейін өзгерістер енген кезде, бұрынғыша жазып, қателіктерге ұрынады. Сондықтан бұл мәселеге үстіртін қарамай, егжей-тегжейлі, жүйелі түрде көңіл бөліп, бір тоқтамға келу қажет. Ең соңғы нұсқасы жасалып, ол халықтың талқысына ұсынылуы керек. Ең бастысы, халықтың көңілінен шығатын әліпби жасауымыз керек.
Осы орайда, жақын арада Еліміздің Президенті Қ.Тоқаевтың осы әліпбиді қайтадан қарап, жетілдіру жөнінде тапсырма бергені өте орынды болды.
Қазір осы істі жүзеге асыру үшін мемлекеттен қомақты қаржы бөлінуде. Сол себепті жетілдірілген әліпби жасауымызға ешқандай кедергі жоқ. Шетелдерде орын алған жайттарды терең зерттеп, тұжырымдама жасау қажет. Сонымен қатар көрші елдердің жіберген кемшіліктерін қайталамай, олардың тәжірибелеріне жан-жақты мән бергеніміз абзал.
Бір ғасырдың ішінде бірнеше әліпби ауыстырдық. Әуелі төте жазуға бейімделдік. Одан кейін он жылдай латын графикасын қолдандық. Кейін кириллициға негізделген әліп­биге көштік. Сол кездерде болған кем­шіліктер мен олқылықтарды болдырмай, ең ыңғайлы әрі тиімді нұсқасын таңдап алуымыз қажет деп санаймын. Өйткені жаңа ғасырда латын әліпбиіне көшу еліміз үшін тарихи маңызы бар істің бірі екені сөзсіз.

Жаңа графиканың межелі мерзімде елімізде толықтай енуі үшін әрбіріміз, жаңа дәуірдің жаңа талаптарына сай, жаhандану кезеңінде латын әліпбиіне көшудің мемлекетімізге ауадай қажетті екендігін жүрегімізбен сезінуіміз керек.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

3 Пікір

  1. Аноним

    Келисемин

  2. Älippe

    Aa-a
    Bb-б
    Сс-ч
    Dd-д
    Ее-е
    Ff-ф
    Gg-г
    Hh-х
    İi-и
    Jj-ж
    Kk-k
    Ll-л
    Mm-м
    Nn-н
    Oo-o
    Pp-п
    Qq-қ
    Rr-р
    Ss-c
    Tt-т
    Uu-y
    Vv-в
    Ww-ў
    Yy-й
    Zz-з
    Ää-ә
    Öö-ө
    Üü-ү
    Úú-ұ
    Íí-i
    Iı-ы
    Ŋŋ-ң
    Ğğ-ғ
    Şş-ш

  3. Älippe

    Jaŋa grafikanıŋ mejelí merzímde elímízde tolıqtay eníwí üşín ärbírímíz, jaŋa däwírdíŋ jaŋa talaptarına say, jahandanıw kezeŋínde latın älípbíyíne köşíwdíŋ memleketímízge awaday qajettí ekendígín jüregímízben sezíníwímíz kerek.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.