ЖҰБАНОВТАН ҚАЛҒАН ЖҰРНАҚ

Қазақтың ұлттық өнері мен мәдениетінде академик Ахмет Қуанұлы Жұбановтың сіңірген еңбегі өлшеусіз екені белгілі. Сондықтан да өзіміз жиі айтатын «Ахаң қалыптастырған», «Ахаң негізін салған» дейтін дүниелер руханият саласында өте мол. Ұлттық музыкалық білімнің, оның ішінде аспаптық өнердің қарыштап дамуының түп бастауы да осынау ұлы реформатордың есімімен тікелей байланысты. Көрнекті жазушы Ғабит Мүсірепов: «Халықтың қадірменді ұлы» деген мақаласында Ахаң жайында былай деп тебірене жазған екен: «Қажырлы да қайратты, ойлы да білімді жас жападан-жалғыз өзі дерлік, қазақ халқының рухани мәдениетінің көтерілмеген тыңын игеруге, қазақ халқының үні қосылмай келген музыкалық аспаптарының басын қосып, жаңадан жан бітіруге, музыкалық мәдениетін мәңгі өркендету жолдарын іздестіруге бірден-ақ кірісіп кетті».

Иә, шын мәнінде солай. Академиктің қазақ музыка өнерінің ашылмаған кендерін, дамымай жатқан тұстарын тап ­басып көре білуі және соған сай келелі істерді қолға алуы ұлттық музыкамыздың көкжиегі мен арнасын кеңейтті. Ахаңның ерекше қасиетінің бірі ретінде ол кісінің өнерге енді ғана қадам басқан өскелең ұрпаққа, жастарға деген қамқорлығын айтуға болады. Әсіресе ел-елдегі, жер-жердегі талантты балалардың орталыққа келіп білім нәрімен сусындауы бұрын-соңды болмаған үрдіс еді.
Міне, осы үрдістің бастамасы ретінде 1964 жылы өзі негізін қалап, қазығын қаққан республикалық музыка мектебі тұңғыш рет Алматыда ашылды. 1968 жылы Ахаң дүниеден өткен соң оқу орнына ұлы тұлғаның есімі берілді. Биыл бұл тарихи сәтке де 55 жыл толып отыр. Қазақ музыка­ өнері үшін де, Жұбанов мектебі үшін де айтулы кезең, маңызды белес. Өйткені қазақтың өнері мен Жұбанов атындағы республикалық музыка мектебін бөле-жара қарау мүмкін емес. Себебі мектеп түлектері ұлт мәдениетіне мол еңбек сіңіріп, отандық және шетелдік сахналардың биігін бағындырып келеді. Уақыттың болмысын «кеше, бүгін және келешек» деп үш кезеңмен қарастыратын болсақ, Жұбанов мектебі жас дарындардың ұстаханасына ­айналып, шеберлікті жастайынан шыңдаудың алтын ұясы ретінде қалыптасты.
Аптаның сейсенбі күні Абай атындағы Опера және балет театрында мектептің 55 жылдығына арналған салтанатты кеш өткен болатын. Мерейтойлық концерттің алдында қасиетті шаңыраққа арнайы ­барып, оның тыныс-тіршілігімен танысып, біршама жаңалықтарға қанық болған едік.
Басшылық қызметке жаңадан тағайын­далған күйші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өзі де осы мектептің жарқын түлектерінің бірі Нұркен Әшіров жарты ғасырдан астам тарихқа шолу жасап, бүгінгі атқарылып жатқан жұмыстарға, келешектегі жоба-жоспарларға тоқталды.
– Ахмет Қуанұлы Жұбановтың бұл мектепті құрудағы бірден-бір мақсаты шалғай елді мекендердегі, орталыққа келіп оқуға мүмкіндігі жоқ қазақ балаларын өнерге, білімге тәрбиелеу, Еуропалық ­музыка мәдениетімен таныстыру, соларды үйрету болды. Қазақтың балалары домбыра мен қобызда ғана ойнап қоймай, сонымен қатар скрипка, фортепьяно, виолончель, флейта, габой және тағы да басқа әлемдік аспаптарды кәсіби дәрежеде меңгеруін қалады. Демек, бұл мектептің өмірге келуі – ғасырда бір болатын құбылыс. Өзі кеңестік саясаттың теперішін көріп жүрсе де, Ахаңның мұндай мектепті ашуы – үлкен ерлік іс болды, – дейді Нұркен Әшіров.


Музыка мектебінде 490 оқушы білім алады екен. Олар 6 жастан бастап қабылданып, 12 жыл оқиды. Мектеп-­интернат болғандықтан балалар күн ұзаққа осында таланттарын шыңдап, қабілеттерін дамытады. Бірнеше кішігірім концерттік залдар, музыкалық бағыттағы сыныптар, тағылымды тарихынан сыр шерте­тін музей, асхана және т.б. оқу үдерісіне қажетті мүмкіндіктер қарастырылған. Тек бір әттеген-айы, мектеп күрделі жөн­деу көрмеген екен. Бұған тиісті сала басшылары, Білім және ғылым, ­Мә­дениет және спорт министрлігі ­назар аударып, Ахаңнын ізі қалған, ұлттық мақ­танышымызға айналған тұғырлы тұл­ғаның айшықты еңбегінің бір көрінісі ретіндегі қастерлі шаңырақтың заманға лайық жарқырап-жайнап тұруына көңіл бөлінсе, ұлт мерейінің өскені емес пе? Әсіресе «Рухани жаңғыру», «Жеті қыр» бағдарламалары жүзеге асырылып жатқан қазіргідей уақытта Жұбанов мектебін қайта жаңғырту, жаңаша түлету ­керек-ақ!­­­ Рухани жаңғырудың өзегі – өнер, мәдениет десек, ал ұлт мәдениетін әрі қарай ілгерлететін, алдағы замандарға апаратын өскелең ұрпақ екені заңдылық. Осынау мәртебесі биік мектептен қаншама азаматтар түлеп ұшқанын айтсақ, түгендеп тауыса да алмаспыз. Десек те, бірқатарына тоқталайық. Олардың арасында есімдері елге белгілі азаматтар бар. Атап айтқанда, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, белгілі эстрада әншісі Мақпал Жүнісова, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерватория ректоры Арман Жүдебаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, композиторлар, дирижерлар мен әнші-күйшілер – Е.Үсенов, Б.Дәлденбаев, Б.Демеуов, Ә.Бестібаев, Д.Үкібай, А.Дүйсенов, Т.Забирова, А.Еңсепов, М.Қадыров, Р.Баймұрзин, Е.Бақтыгерей және өзге де өнерпаздар – Жұбанов мектебінің түлектері.
Мектеп ұлағатты ұстаздардан да ­кенде емес. Мұнда Ахаңның шақыруымен жұмысқа келіп, габой класын ашып, осында 55 жыл бойы табан аудармас­тан қызмет атқарып келе жатқан ­профессор Темір Тікішев еңбек етеді. Е.Мұстафаев, Л.Шуженова, Б.Бимұрзаев, Ә.Тойшыбекова, Г.Мелькова, В.Бардашов, Ы.Нұрғалиев, Д.Байжұманов және т.б. көптеген білікті мұғалімдер, кәсіби мамандар дәріс беруде.
Мектепте шәкірттерден құралған бірнеше шығармашылық ұжым бар. Оқушылардың арасында республикалық және халықаралық байқаулардың жүлдегерлері мен лауреаттары көптеп саналады. Бір сөзбен айтқанда, Жұбанов мектебі өзінің 55 жылдық белесіне зор жетістіктермен жетіп отыр. Ең бастысы, ұжым Ахаңның аманатына адалдық танытып, көздің қарашығындай сақтап, «бұлақ көрсең, көзін аш» деген сара жолды бекем ұстанып, дарынды балалардың талабын шыңдау жолында жемісті қызмет атқарып келеді.
Мерейтойлық концертке келетін болсақ, ол жоғары деңгейде өтті. Кеште Алматы қаласы әкімі орынбасарының кеңесшісі Данияр Әлиев қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың атынан ұстаздарға «Алғыс хаттар» тапсырды. ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың құттықтауын жеткізген Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Ақан Әбдуалиев мектепке еңбек сіңірген бірқатар мұғалімдерді Мәдениет министрлігінің «Құрмет грамотасымен» және «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерімен марапаттады. Салтанатты шарада көрермен назарына «Жалынды жастар» атты концерттік бағдарлама ұсынылды. Онда Ахмет Жұбановтың «Би күйі», «Көктем» шығармалары, Б.Дәлденбаевтың «Өмір жыры» күй-поэмасы, А.Жайымның «Тайшық ханның қуаныш биі» және өзге де айшықты туындылар орындалды. Айта кетейік, мерекелік кеште мектептің өз түлектері мен оқушылары, шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Асылбек Еңсепов, Нұрсұлтан Омарғазин, Ғаламат және Нұрәлі Бейсеқожа, Ақнұр Шәріпбаева, музыка мектебінің «Жез киік», «Қарлығаш», «Асыл мұра», «Ақжелең» ансамблдері және т.б. өнерпаздар көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленді.

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ
«Ана тілі»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.