ЖАСТАРДЫҢ ЖАРҚЫН ІСТЕРІ

Жастар жылы аясында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық универси­тетінің Жастар ісі жөніндегі комитеті мен «Жас Отан» жастар қанатының ұйымдастыруымен студенттер арасында «Екі жұлдыз» ән байқауы өтті. Оған аталған университеттің жеті институтынан 7 жұп қатысып, бақ сынасты. 

Университет оқытушылары мен студенттердің арасындағы тығыз қарым-қатынасты нығайту, талантты да өнерпаз жастарды қолдау мақсатында ұйымдастырылған байқаудың шарты бойынша әр институттан бір оқытушы және бір студент қатысуы қажет. Байқау үш кезеңнен тұрады. Алғашқы кезең – халық әні, екінші кезең – заманауи ән, үшінші кезеңде ұлттар биі.
Ортаға кезегімен шыққан жұп­тар­дың арасынан халық әнін нақышына келтіре орындап, биімен сүйсінткен қыз-жігіттер көп болды. Филология және көптілді білім беру институтының студенттері өте сәтті қойылым көрсетті. Жаратылыстану және география институтының қатысушылары ұлттық-дәстүр – қызға ұрын келуді көрсетуде жеңіл әзіл-оспақ қосудың қажеті жоқ еді. Ал Өнер, мәдениет және спорт институтының студенттері қай жағынан алсаңыз да сауатты және жоғары деңгейде өнер көрсетіп, ризашылыққа бөленді. Әсіресе, қазақтың халық әнін тамылжыта орындаған орыс қызы Олеся Хоменко, Қуаныш Алпысбаев,­ Таңшолпан Құдайберген, Гауһар Сатыбалдиева, Аида Таңатова сынды жастардың болашағы зор екеніне көз жеткіздік.
Жастардың өнеріне баға беріп, әділқазылар ортасында отырған Қа­зақ­станның еңбек сіңірген артисі, «Дарын» сыйлығының иегері Ержан Қосбармақов:
– «Екі жұлдыз» байқауы көпші­лік­ке телевизиялық нұсқасы арқылы мәлім. Оған, тіпті, депутаттардың да шыққанына куә болғанбыз. ­Елба­сының­ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген құн­дылықтарымызды қайта тірілтіп жатырмыз ғой. Жастардың өнеріне сүйсініп отырдым. Қазақ өнерінің қолдаушысы барда ұлттық өнер ешқашан жойылмайды, қайта қанатын кеңге жаятыны сөзсіз. Мұндай байқау қызықты, тартысты өтуі үшін оқу орнының басшылары қатысса деген ұсынысым бар. Бағдарламаға ұлттық құндылықтарды, қазақи дүниелерді көбірек қамту керек. Жалпы айтқанда, мен жастардың өнеріне қанағаттандым, мұны өзге оқу орындары іліп әкетсе жақсы, – деді.
Осылайша, жастардың белсенді­лігіне, өнеріне риза болдық. Студент-жастардың өз-өзін дамытуы, жан-жақты ізденуі, өмірге құштарлығы сүйсінтті.
Бұған дейін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық универси­тетінің Жастар ісі жөніндегі комитеті мен «Жас Отан» жастар қанатының ұйымдастыруымен «Students autumn – 2019» атты студенттік апталығы аясында бірқатар шара өткізілген екен. Апта соңында Жас ақындар мүшәйрасы, «Айбын» әскери, институтаралық «Үздік өзін-өзі басқару», жатақхана­ара­лық «Мен және менің үйім», «Paintstrike» пэйнтбол жарыстары, Көңілді тапқырлар клубы, «Жан жылуы» қайырымдылық кеші, «Күзгі бал» және т.б. апталық шара­лардың жеңім­паздары марапатталып, ақшалай сыйлыққа ие болды. Игі істердің басы-қасында ректордың жастар ісі жө­ніндегі кеңес­шісі Мақсат Жақауов, Жастар ісі жөніндегі комитет төра­ғасы Ділдәбек Дидарбек, «Жас Отан» жастар қанаты қоғамдық бірлес­тігінің төрайымы ­Фариза ­Құр­ман­ғалиқызы­ сынды белсенді жастардың жүргенін айта кеткіміз келеді.

Бағдагүл Балаубаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.