Ұстаз ұлағаты

Ардақты ұстазымыз, қазақ тiл білімiнің көрнектi өкiлi, көптеген ғылыми еңбектердің, монографиялардың авторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымының докторы Сапархан Мырзабеков өмірде өз орны бар ардақты азамат еді.
Сапархан ағай бізге екі сабақтан дәріс оқып, семинарын да өзі жүргізген еді. Қазіргі қазақ тілінің фонетикасы туралы түсінігімізді кеңейтуге барынша күш салған ағайымыз алғашқы сабақта-ақ қазақтың табиғи сөйлеу тілінің орфоэпиялық нормаларын «өрескел бұзып жүргенімізді» бетке айтып және дәлелдеп те берді: көк алма, ақ ешкі, бір күні, көке… сияқты сөздердің айтылуы түгел сыналды. Тіпті халық әртісі Роза Рымбаева апамыздың орындауындағы «Нау-ы-рыз, нау-ы-рыз…» әні де назардан тыс қалған жоқ!.. Әсіресе, Қазақ радиосы мен қазақша телеарналардан сөйлейтін дикторлар(«Түлкі, түлкі, түлкішек…», т.б. ертегілер) мен кейбір «мүйізі қарағайдай» ақын-жазушылардың сөйлеу мәнеріне берілген Әділ баға бәрімізді бір жағынан таңғалдырса, екінші жағынан, бойымызды жинақы ұстауға үйрете бастағандай әсер қалдырды.

Содан … өлең талдау басталып кетті. Ағайымыздың аты аталғанда еске түсетін ең тамаша қасиеттері еңбекқорлығы, қарапайымдылығы және ана тіліне деген шын жанашырлығы еді! Абайдың бүкіл шығармаларын жатқа оқитыны – өз алдына бір керемет!.. «Қане, жолдаааас, келе ғой тақтаға» деп шақырғаны бір жағынан жүрексіндірсе, екінші жағынан, тәуекел етуге және сабырлылыққа шақырғандай болатын…
Алғашқы семинарда Артықова Айдынның талдаған өлеңіне және сөйлеу мәнеріне қатысты біраз «түсініктеме» берілді. «Қаланың қызы…» екенін тіл қатқанынан-ақ тануға болатыны айтылды… Бір досымыз тақтаға шығып, бір шумақ өлеңдегі бүкіл «е»-ні «ө»-ге, «і»-лерді «ү»-ге, бүкіл «қ»-ны «ғ»-ға, «б»-ларды «п»-ға «айналдырып» жібергенде ағай шыдай алмай, айғай салатын шығар деп едік… Бірақ тәжірибелі ұстазымыз сыр бермеді: «Ооооу, жолдааассс, тоқтаңызшы…». Сабырлы қалпын сақтай отырып бар «ұрысқаны»:«Түһ! Жолдассс! Мынауыңыз «Бояушы, бояушы дегенге, сақалын бояптының» кері болды ғой… Отырыңызшы!..» болып еді…
Кезек Раеваға келді. Гүлзат Мұқағалидың «Жоқ, дәрігер!» деген өлеңін зулата жөнелді… «Керегі жоқ! Керегі жоқ!..» деп шайқалып тұрғаны әлі күнге көз алдымда…. Ағай аяқтарын айқастырып, бізге қырынан қараған күйі салалы саусақтарымен үстелді сыртылдатып отырып, бөлмей тыңдады «өлөңдү»… «Түууу, жолдаааас! Бәрімізді тебірентіп жібердіңіз ғой… Әрине, өзгөнүң жүрөгі өз жүрөгіңдөй қайдан болсұн!..» деп бір қайырды сосын. Бірақ Гүлзатқа бұл өлеңде буын үндестігіне бағынатын сөз біреу-ақ екені ескертілді: Жүрөк!.. Раева да қайтар емес – «Тағы біреуін оқиын, ағай!». Ағай шәкіртінің көңілін жықпады…Раева тағы зулата жөнелді. Бұл жолы өлең шумақтары сингармонизмге тұнып тұр екен:
Жүргенде қатал тұрмыс илеуінде,
Білмеймін, сүйдім бе әлде сүймедім бе?..
Жастықта жалын атып сүйсем егер,
Түспес ем дәл мынадай күйге мүлде…
Ағай көзін жұмып, бар ынтасымен тыңдап отыр. Аудитория жым-жырт…«Өлең де» аяқталды. Ағай біраз үнсіздіктен соң «Жарайсың, жолдааас!.. Бес!» деді. Гүлзаттан бұрын біз «уһ…» деген шығармыз… Тағы біраз өлең оқылды. Әртүрлі ескертулер де айтылды. Ағай біресе жымиып, біресе қабағын түйіңкіреп қарап, бәрімізді уысында ұстайтын…
Кезек маған келді. Тақтаға шығып, Бір­жан салдың «Көкек» деген өлеңін талдадым:
Аты жоқ // құс б(п)олады //
көкек д(т)еген…
Алдында // тереземнің // секектеген.
Ойымда // үш ұйұқтасам, //
бар ма менің?..
Қалқатай // мені тастап //
кетед(і) д(т)еген…
Он бір буынды қара өлең, үш бунақтан тұрады, әр бунақта үш-төрт буыннан… Бірінші жолдың екінші бунағындағы алдыңғы сөздің соңындағы қатаң «с»-ның әсерінен кейінгі сөздің басындағы ұяң «б» қатаңданады, яғни «п»-ға айналады. Мұны «ілгерінді ықпал» дейміз…
«Таааак, жолдаааасс! Дұреееес екен… Талдауды үйреніп те қалыпсыздар… Ал енді осы өлеңді әнімен айтып жіберші…». Мен аңтарылып қалдым… «Қалай?»… «Солай, жолдас! Кәдімгідей әнімен …».«Мен ән айта алмаймын, ағай!..». «Қой, жолдааас! Мұныңызға енді ешкім сене қоймас… «Әу» демейтін қазақ болушы ма еді?.. Қане, шырқап жібер!..
Қысылғаным сондай, не дерімді білмей тұрып қалдым. Үйде жүргенде ыңыл­дағаным болмаса, көптің алдында, оның үстіне Мырзабековтың алдында «шырқап жіберетіндей» дауыс жоқ еді менде.
«Болыңыз енді, жолдааас! Әлде әуенін білмейсіз бе?». «Жоооқ, білем…». Ағай да қайтпайды екен: «Онда не тұрыс?…». Менікі сол тұрыс… Құлағымда Динаеваның даусы, көз алдымда филфактың«Мирас» ансамблі…Бекзаттың біздің топта болмағаны-ай… ­деген өкінішті ой қылаң берді… Құтқарып жіберер еді-ау…
«Жолдаааас! Сіз «әу» демей, мына сабақ бітпейді енді…». Бойымды жиып алдым…
Аты жоооқ құс болады-ай көкөк
дегеееен…
Алдындааа терезееемнің секектеген…
Дай-дай-дай-даай,
дай-даайй-дааааридаааай…
Менің даусым ағай күткен қоңыр дауыс емес еді… Ол дауысқа лайық теңеуді өзім де әлі күнге дейін тауып айта алмаймын… Бірақ шегінетін жер жоқ!.. Артымда тақта!.. Алдымда парта!..Оң жағымда терезе… Сол жағымда ағай және мен үшін «жандары күйіп» отырған тобым…Бірінші шумақ аяқталар тұстағы «дай-даймен» қабаттаса қоңырау шаааар ете қалмасы бар ма?.. Мұндай қуанбаспын… Ән кілт үзілді… Ағай бірнәрсе айтып жатыр, өзге «жолдастар» да мәәәз… Орныма қалай жеткенім есімде жоқ!..
***
Кейін екінші курста морфологиядан дәріс оқу үшін аудиторияға Сапархан ағай кіріп келгенде әкемізді көргендей қуандық… Ағай қанша қатал көрінгенімен, қанша ескерту жасағанымен, артында зілі жоқ, кең пейілді кісі еді.
«Тааак, жолдастар, армысыңдар! Аман-есен бармысыңдар!» деп қояйық… Осы қалай өзі, дұрыс амандастым ба? Ааа?.. Әлде жай «Арма!» деген жөн ба? Бұрұңғы қазақтар бір-біріне «Арма!» деген ғой, ә! Сондағысы «Арыма, шаршама, талма, қанатың талмасын» дегісі келген екен ғой, ә? Солай ма? Ооооу, жолдастааааар, ­былай арасында үн қатып отырсаңдаршы… Я қоштағандарыңды, я қоштамағандарыңды біліп отырайық та…».
… Қоооош, сонымен сабағымыз «Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы» деп аталады. Бұл – сіздер білетін морфология емес! «Неге?» дейсіз ғой…
Айтайын…
Айт дегенде өлөңдү
аңырмаймы-ы-ы-ы-н,
Көлдөн ұшқан аққудай мамырлаймын,
еркем-ааааай…
Еркем, еркем, еркем-ай,
еркелеген еркем-ай,
Еркелеген еркемді еркелетсем
екен-аааааайййй…
Түһ, әрең тоқтадым ғой… Мұны не үшін айтып кеттім, а? Ааааа!..Морфология екен ғой, фонетика емес… Әй, жарайды енді, не де болса, болары болды…
Аудитория мәз, айғайлап күлуге ұялып, іштерінен тынып отырған жұрт… ­Сонда ағайдың қайталанбас бір тәсілі екен ғой бәрімізді сабақты бастар алдында бір күлдіріп, жадыратып алатын… Қандай қарапайым, ақкөңіл жан еді…
«Бұл ғылым деген қызығы мен қиындығы моооол, ғажап дүние ғой. Ешкім туа ғалым болмайды. Сіздерге айтайын, ғалым болу үшін тума талант керек те емес, 1% ынта болса, болғаны… Қалған 99% еңбекпен келеді. Көзім жеткен соң айтып отырмын» дейтін ағай. Өзі, расында да, өте еңбекқор кісі еді…
Айта берсек, қызық көп. Тек сол бір ғажап жылдардың бір сәтке болса да қайта оралмайтыны өкінішті… Бірақ Сапархан­ ағайдай керемет кісіден тыңдаған әрбір дәрістің, алған өнегенің сол кезде жаңадан қалыптасып келе жатқан адами болмысымызға игі ықпалын тигізгені анық.
«Егер адам талантты болса, ол ­талантын барлық қырынан көрсете біледі» ­деген сөз ғылым-білім мен өнерді кісілік қасиеттерімен шебер ұштастыра білген ардақты ұстазымызға арналғандай. Біз Сапархан ағайды сол таланты мен қарапайымдылығы үшін жақсы көріп, ерекше­ сыйлаушы едік… Ардақты ұстазымызға деген сол құрметіміз жыл өткен сайын арта түспек!
Иә, ағайдың кісілігі, сөйлеу мәнері, өзін-өзі ұстауы, мәдениеттілігі, есте сақтау қабілеті, әдістемесі, тіпті даусына дейін ерекше еді. Ғылымға деген адалдығы, ана тіліне деген жанашырлығы тіпті айрықша болатын…
Адамның жас кезде алған білімі мен көрген тәлімі санасына «тайға таңба басқандай» орнығатыны рас екен. Әлі күнге дейін сабақ кезінде жаңылысып қалған шәкірттерімізді «бір ширатып алу» үшін Сапархан ағайдың «өз есімін жатқа септеу әдісін» қолданып жіберетініміз соның дәлелі іспеттес.
Жаңа оқу жылы басталған соң бұрынғы түлектерімізді еске ала бермейтініміз белгілі ғой. Бар уақытымыз бен көңілімізді жаңадан келген балаларға бөліп, жұмысқа кірісіп кеткен кезіміз. Бір күні электронды поштама студент кезінде «өздігінен қол көтеріп сабақ айта қоймайтын, оқуға енжарлау қарап, бейқам жүрген» ұяңдау мінезді бір шәкіртімнен шағын ғана хат келіпті:
«Айбек, Айбектің, Айбекке, Айбекті, Айбекте, Айбектен, Айбекпен. Осыны миымызға қалай құйып жібергенсіз, Апай?! Көп рақмет Сізге!».
Менің есіме бірден Сапархан ағай түсті. Морфологияны көбейту кестесіндей жаттатып, «миымызға құйып жіберген» сол кісінің еңбегі ғой бұл!

Ботагөз Сүйерқұл,
филология ғылымының
докторы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.