Тіл білімінің абыз анасы

Қазақ тіл білімінің абыз анасы атанған Рәбиға Сәтіғалиқызы Сыздықтың 95 жылдығы кеңінен атап өтілуде. Есте қаларлық игі шара таяуда Абай атын­дағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде өтті. Бұл да жайдан-жай емес. Өйткені академиктің соңында сағымдай бұлдырап қалған студенттік жылдары осында өткен.

«Рәбиға Сыздық феномені: «Қазақ тіл білімінің бүгіні мен бола­шағы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияны аталған оқу орнының басшысы Такир Балықбаев ашып, жүргізіп отырды.
Алқалы жиында сөз сөйлеген академик Ө.Айтбайұлы, қоғам қай­рат­кері А.Жағанова, А.Бай­тұр­сынұлы атындағы Тіл білімі инс­титутының ди­ректоры Е.Қажыбек, Түркиядағы Түрік тілі инс­титутының директоры Г.Гүлсевин, филология ғылымының докторы, профессор Қ.Есенова және басқа да отандық, шетелдік ғалымдар тіл саласында, түркітануда қыруар еңбек сіңірген атақты ғалым жайлы толғақты ойла­рын ортаға салды. Сонымен қатар бүгінгі тіл білімінің өзекті мәселелері де кеңінен қозғалды.
Рәбиға Сәтіғалиқызы жастай өмірдің сан қиындықтарын бастан өткерді. Әкеден ертерек айырылады. Анасының қамқорлығында өседі. Конференцияда сөз сөйлеген белгілі тарихшы ғалым Мәмбет Қойгелдиев ғалымның әкесі Сәтіғали жайлы назар аударарлық деректерді келтірді.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивінде болған ол «халық жауы» деп ұсталған Сәтіғалидың Алаш қайраткерлерінің бірі болғанына анық көз жеткізеді. Яғни байланыс, пошта саласындағы министр деңгейіне көтерілген ұлт ардақтысы деуге әбден болады. Демек, Рәбиға апамыздың бойындағы жігерлілік, өрлілік әрі ұлтжандылық әкеден дарыған қасиет деп айта аламыз.
Жиынға қатысушылар уни­верси­тетте ашылған Р.Сыздық атындағы дәріс­хананы, кітап көрмесін де қызыға тамашалады.

Нұркен Жандәулетұлы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.