Поэзия падишасы

Алматы қаласы Алатау ауданына қарасты Алғабас ықшам ауданындағы бұрынғы Ақсай көшесіне халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ақын Фариза Оңғарсынованың есімі берілді. 

Көшенің салтанатты ашылу­ рәсімі «Қазақ поэзиясының ­падишасы Фариза Оңғарсынова – 80 жас» атты еске алу шарасына­ орай­ластырыла өткізіліп, ­іс-шараға ­Нұр-Сұлтан және ­Атырау ­облыстарынан арнайы деле­гациялар қатысты. «Бүгінгі шара біздің елдігімізді білдіретін, мемлекеттігімізді көрсететін ­айтулы тарихи жиынның бірі болып отыр. Атырауда аспанмен таласқан еңселі ескерткіш қойылды, Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласынан көше берілді, енді, міне, ақын апамыздың мерейлі белесіне орай Алматы қаласында да дәл сондай шараның куәсі болып отырмыз. Көшеге атау беру бірнеше кезеңдерден тұратын, бірқатар талаптар мен жоралғылармен байланыстырылған өте жауапкер­шілігі мол шаруа. Бірақ Фариза Оңғар­сынова атына­ көше берілетін кезде барлық кезеңдері жауапты тұлғалар ­тарапынан бірауыздан мойындалып, бір кісідей қолдауының арқасында қиындықсыз жүзеге асқанын көрсетті. Себебі қазақтың поэзиясы, оның ішінде қыздар поэзиясы дегенде алдымен ауызға ілінетіні Фариза апамыздың есімі және нәзік те сыршыл ақынның шығармашылығы алдымен ойға оралады. Сондықтан Алматы ­қа­ласы әкімдігінің қаулысымен және қалалық мәслихаттың ­ше­шімімен шаһардың жүрегіндегі ең ірі магистральды көшелердің біріне Фариза Оңғарсынованың есімі беріліп отыр. Құтты болсын!»­ деді Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі Мамай Ахетов. Халықтың ілтипатын құжатпен бекітіп, аумағы абаттандырылып, келешектегі инфрақұрылымы кемел болатын көз тартар аудандағы жаңа көшенің бойында ұйымдастырылған ­жиынды қала әкімдігінің өкілдері Зенков көшесіндегі биік үйдің ­жанында жалғастырды. 1960 жыл­дардың аяғына қарай ­жазушы Шерхан Мұртазаның шақыруымен ­Атыраудан Алматыға келген­ ­Фариза ақын қырық жылға жуық өмірін осы қалада өткізгені белгілі. Міне, сол кезде Фаризаның өзі тұрған үйдің қабырғасына ілінген ескерткіш тақтаға гүл шоқтары қойылды. Еліне аяулы ақын ­туралы Нұрлан Оразалин, Ұлықбек Есдәулет, Смағұл Елубай, Ғайникен Бибатырова, Зейнолла Бейсенғалиев, Қали Сәрсенбай, тағы басқа қанаттас қаламдастары өз жүрегіндегі естеліктерін айтты. Ф.Оңғарсынованың 80 жылдығына орай ұйымдастырылған шаралар легі М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында өткен салтанатты жиынмен түйінделіп, өнер шеберлерінің концертіне ұласты.

Қ.Серікқызы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.