БАУЫРЛАС ЕЛДІҢ ТІЛЕГІ БІР

Кеше Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Қырғызстан мемлекетіне барды. Қасым-Жомарт Кемелұлын халықаралық «Манас» әуежайынан Қырғыз елінің басшысы Сооронбай­ Жээнбеков жоғары құрметпен қарсы алды.
Қазақстан Президентінің сапарына орай Құрметті қарауыл сап түзеп, Президент оркестрі екі елдің мемлекеттік Әнұранын орындады.
Ресми қарсы алудан соң, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Сооронбай Жээнбековпен бірге Бішкектегі «Ата бейіт» Ұлттық тарихи-мемориалдық кешеніне атбасын бұрды. Онда мемлекет басшылары­ 1916 жылғы қайғылы оқиға кезінде қаза болғандарға орнатылған ескерткішке гүл шоғын қойды. Бұдан соң, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сооронбай Жээнбеков көрнекті қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың қабіріне барып, рухына тағзым етті.

Сапар аясында екі ел басшылары ­«Ақ­­сақал­дар» залында шағын құрамда келіс­сөздер өткізіп, Қазақстан Республикасы­ мен Қырғыз Республикасы Жоғары мемлекет­аралық кеңесінің кезекті бесінші отырысына қатысты, бірқатар құжаттарға қол қойылды.
– Сіздің қырғыз еліне мемлекеттік ­сапармен келуге шақыруыңызды зор риза­шылықпен­ қабыл алдым. Бұл соңғы жарты­ жылдағы біздің үшінші келіссөздеріміз. Осындай­ тығыз жұмыстың нәтижесінде кең ауқымды бағыттар бойынша екіжақты байланыстардың жандануы – елдеріміздің жа­қындасуына және халықтарымыздың ­әл-ауқатын жақсартуға оң ықпал етеріне кәміл сенемін. Осыған дейін шағын құрамда біз маңызды мәселелерді талқылап, бірқатар келісімдерге қол жеткіздік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кеңес қорытындысы бойынша БАҚ өкілдеріне бірлескен мәлімдеме жасады.
Қазақстан Президенті Сооронбай ­Жээнбековке қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылық білдіріп, оның қазақ-қырғыз ынтымақтастығын нығайтуға қосқан жеке үлесін жоғары бағалады. Бауырлас екі халық арасында ешқандай қарама-қайшылықтың жоқ екенін айтты. Сооронбай Жээнбековті 2020 жылы Қазақстанға сапармен келуге шақырды.
Бүгінгі таңда қос мемлекет арасында орнаған әріптестік байланыс сауда-саттық, экономикалық, мәдени-гуманитарлық және т.б. салаларда көрініс тауып отырғаны белгілі. Қырғыз елінің экономикасы да қарқынды дамып келеді. Әсіресе, энергетика, шикізат өндіру, ауылшаруашылығы, азық-түлік пен жеңіл өнеркәсіп, кіші және орта бизнес тәрізді бағыттарда оң нәтиже аз емес. Екі елдің өзара тәжірибе алмасатын тұстары да баршылық.
Дегенмен, әріптестік негізде бірлесе жүзеге асырылатын жобалардың маңыз­дылығы қашанда зор екені сөзсіз. Сол үшін де бауырлас елдің тілегі бір. Ол тілек – мем­лекеттердің өркендеуі мен гүлденуі. Жаһан­дану заманында сенім мен достыққа негізделген мұндай жылы рәуіштегі қарым-қатынастың мәні де, мағынасы да ерекше. Өйткені әлемде дамудың жоғары дәрежесіне жетуді көздейтін мемлекеттер қатары мол, олардың арасындағы бәсекелестіктің қарқын алуы, әлемдік сауда-саттық нарығында өз орнын­ иеленуге ұмтылуы өзекті болып отырған заманда тарихы ортақ, ділі бір, діні бір көршілес елдердің бір мақсат жолында үлкен міндеттерді шешуге қадам басуы құптарлық іс. Ал жоғары деңгейдегі келіссөздердің игілігі мен тиімділігін халықтарымыз көретіні анық.

Дәуіржан Төлебаев
«Ана тілі»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.