ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ

Шамалы күндерден кейін туған еліміздің басты мерекесі – Тәуелсіздік күнін атап өтеміз.
Тәуелсіздік – қастерлі ұғым. Ол тәңірдің бізге берген үлкен бақыты.
Тәуелсіздік – басты игілігіміз, баға жетпес құндылығымыз.
Ғасырлар бойы аңсаған азаттықтың ақ таңына жету оңай болған жоқ. Қазақ елінің еркіндігі, бостандығы жолында жан беріп, жан алысқан талай көтерілістер мен қантөгістер болды. Бастарын бәйгеге тіккен, бүгінгі жайма-шуақ күндерді көре алмай кеткен арыстарымыздың рухына тағзым ету, әрдайым ұмытпай, еске алып отыру парыз.
Маңдайы тасқа соғылғанымен, халқымыз алған бетінен қайтпады. Жасымайтын жігерлілік, тегеурінді табандылық арман асқарына ­жетелеп отырды. Ақыры дегеніне жетті. Бодандықтың торынан босап, егемен елдер қатарына қосылды.
Қазақстан Тәуелсіздік арқасында төрткүл әлемге танымал елге айналды. БҰҰ-ның тұрақты мүшесіміз. Атынан ат үркетін аса беделді көптеген халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығымыз күшеюде. Алтын ұя – Отанымыз дүниежүзіне бейбітшіл әрі бітімгер ел ретінде әйгілі. Осы күнге дейін бағындырған белестеріміз жарқын келешекке бастар берік іргетас.
Тәуелсіздіктің артар жүгі мол. ­Алдымызда жүзеге асырар міндеттер орасан. Көздеген мақсаттарымыз бен межелеріміз ел ішіндегі ынтымақ пен бірлікті, татулықты қажет етеді. Арзан ұранға, ұшпа сезімге берілмейік. Бақыттың қонуы бір бөлек, оны бағалай білудің жөні тіпті бөлек екенін естен шығармағанымыз жөн. Дәулетті де сәулетті болу – бәрі де өз қолымызда. Жыл өткен сайын түлеп, түрленген еліміздің егемендігі тұғырлы болғай!

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.