ҚОС КІТАПТЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

Жуырда ҚР Ұлттық кітапханасында Халық жазушысы, Мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығына орай қос кітаптың тұсауы кесілді. Бұл ҚР Ұлттық кітапханасы дайындаған Ә.Кекілбаевтың библиографиялық көрсеткіші мен «Арыс» баспасы құрастырып, дайындаған Әбіш Кекілбаев энциклопедиясы. Тұсаукесерге белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен жазушылар қатысып, қос кітап туралы ойлы пікірлерін ортаға салды.

«Арыс» баспасынан жарық көрген Әбіш Кекілбаевтың библиографиялық көрсеткіші – 1955-2019 жылдар аралығындағы қаламгердің төл туындылары мен ол туралы жазылған материалдардың жалпы тізімін қамтыған. Аталмыш библиографиялық көрсеткіш үш бөлімнен құралып, оның бірінші бөліміне – қазақ, екінші бөліміне – орыс, үшінші бөліміне – әлемнің өзге тілдеріндегі әдебиеттері жинақталған.
Көрсеткіштің маңыздылығы сол, ғылыми қызметкерлер мен әдебиетшілерге, жазушы еңбегін зерттеушілер мен студент жастарға таптырмас көмекші құрал болмақ.
Екінші кітаптың мәні мен маңызы ұшан-теңіз. Аталмыш энциклопедияны дайындаудағы басты мақсат – қаламгердің сан қырлы шығармашылық лабораториясын айқындау. Маңғыстау облыстық әкімдігінің қаржылай қолдауы нәтижесінде, «Арыс» баспасында басылып, оқырман қауымға жол тартқан еңбектің «бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дейтін тұстары да бар.
Энциклопедия даярлау – үлкен ізденіс пен еңбектің жемісі. Энциклопедия әзірлеуде ескі сүрлеумен жүре беру – жан рахаты болғанымен, «бөгеней бөлек» еңбек өмірге келуі екіталай. Сондықтан да бұрын-соңды жарық көрген энциклопедиялардың кейбір «әттеген-ай» тұстарын қайталамау үшін Ә.Кекілбаев энциклопедия­сын дайындауда үлкен ізденістің болғаны байқалады. Соның нәтижесінде, жалпы көпшілік оқырман қауымға қолжетімді еңбек әзірленген деп айтуға негіз бар. Сиясы­ кеппеген Әбіш энциклопедиясы қаламгердің «Өмірі мен ортасы» деп аталып, әліпбилік жүйемен тізбектеліп жасалған.
Кітап ойшыл қаламгердің телегей теңіз шығармашы­лығын, мол мұрасын жанр-жанр бойынша талдайтын 7 тараудан тұрады. «Поэзия» тарауында Ә.Кекілбаевтың 147 төл өлеңі мен 2 шағын поэмасы және 19 аударма өлеңі талданған. «Проза» тарауында 13 әңгімесі, 10 повесі мен 3 романы зерделенсе, «мақалалар» тарауында Ә.Кекілбаев­тың әр жылдардағы баспасөз бетінде жарық көрген мақала, эссе, сын, сұхбаттарын қамтитын 660 туынды сөз етілген.
Кітаптың жарыққа шығуына ф.ғ.д., профессор, «Арыс» баспасының директоры Ғарифолла Әнес көп еңбек сіңірген. Бұл еңбек – Әбіш феноменін жалпы көпшілікке танытудың бір парасы. Бұл – Ә.Кекілбаевтың екінші өмірінің, яғни шығармашылық жолының бастауы. Әбіш тұлғасының асқақтай түсуі үшін жасалған тынымсыз еңбектің нәтижесі.

Құрманғазы ЖҰМАҒҰЛ,
журналист, әлеуметтік
ғылымдар магистрі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.