Физика пәнін қалай оқытамыз?

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университе­тінің Математика, физика және информатика институтында «Физика пәнін мектеп қабырғасында оқытудағы түйткіл­ді мәселелер: инновациялық идеялар және білім беру бағ­дарламалары» тақырыбы бойынша екінші дөңгелек үстел өтті.

Физика кафедрасы ұйымдастырған бұл жолғы дөңгелек үстелге Абай атындағы ҚазҰПУ-дың оқытушы-педагог мамандарынан бөлек, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қыздар Педагогикалық ұлттық университетінің педагог ­мамандары мен Алматы қаласындағы бірқатар мектеп басшылары, шетелдік мамандар қатысты. Жиынды Абай атындағы ҚазҰПУ-дың бірінші проректоры М.Бектемісов ашты. Осы білім ордасының оқу ісі жөніндегі проректоры­ А.Сәтмұрзаев университеттегі білім бағдарламалары ­жайына тоқталса, Математика, физика және информатика институтының директоры М.Бекпатшаев дөңгелек үстел отырысына табыс тіледі.
Педагогика ғылымының докторы Д.Қазақбаева орта мектептің 9 және 10-сынып оқушыларына арналған ­физика пәні оқулықтарын қалай дайындаған тәжірибесімен бөлісіп, шетелдік тәжірибелерді де атап өтті. Оның айтуынша, жалпы білім беретін мектептің 10-сыныбына арналған оқулықта «Шығармашылық шеберхана» бөлімі оқушылардың практикалық дағдыларын дамытуға бағыттайды. Германияның Лейпциг университетінен келген, педагогика ғылымының PhD докторы М.Кенжеғалиева «Болашақ мұғалімдерді ­даярлайтын білім беру бағдарламаларындағы психологиялық-педагогикалық цикл: Германия тәжірибесі» тақырыбы бойынша жасаған баяндамасында Германиядағы білім беру жүйесі мен бағдарламаларына тоқталды. Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Математика, физика және информатика институты директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, техника ғылымының кандидаты Ш.Хамраев «ЖОО-ның академиялық еркіндігі жағдайында білім беру бағдарламаларын әзірлеу» тақырыбын қозғап, білім беру бағдарламаларын жасаудың ерекшеліктері туралы айтты. Алматыдағы №134 лицей ­директоры В.Г.Шилеев өзі басқаратын мектепте физика пәні қалай оқытылатыны туралы ой бөлісті. Оның айтуынша, орта мектептерде құрал-жабдықтары бар физикалық зертханалар оқушыларға пәндік тақырыптарды еркін, жеттік меңгеру ісіне оң әсерін тигізеді.
Дөңгелек үстел жұмысын қортындылаған физика кафе­дра­сының меңгерушісі, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, физи­ка-математика ғылымының докторы, профессор В.Н.Косов болашақ физика пәнінің мұғалімдерін даярлау ісінде нақты білім беру бағдарламасы аса маңызды екенін атап өтті.

Досан Баймолда,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың
профессоры

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. QAZAQ

    Осыдан 20 жылдай бұрын балаларымды емтихандар мен ҰБТ-ге әзірлегенде математика, физика, химия оқулықтарындағы есептердің мақсаты мен тақырыптардың кейбір сөйлемдері қазақшаға түсініксіз аударылғандықтан, кітапхандан орыс тіліндегі оқулықтарды алдыртып дайындағаным есімде. Кейін олар унверситетте оқыған кезде техникалық пәндерден «дұрыс» жауаптарды (варианттарды) жаттап тестілерінен аман-есен өтті. Мұғалімдерінің білімі тайыз. Дегенмен, сапасыз аударылған оқулықтардан алынған білім білім болып жұқпайды ғой. Жұмысқа орналасқасын қосымша орыс тіліндегі нұсқаулар арқылы мамандығын игеріп кетті. Жастарымыздың 80 пайызы қазақ тілінде білім алғандықтан, оқулықтар мен жаңа техника және технологиялар мемлекеттік тілге сапалы аударылуы керек.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.