ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР – КӨРКЕМ ЖЫР

Елу жыл. Иә, бір шаңырақтың шаттыққа толы жылдарының куәсі қос ақын – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов пен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметованың отау құрғандарына елу жыл толыпты. Қазақ мұндайда «Алтын той» деп қуаныш иелерін құттықтап жатады. Бүгінде ақын Күләш Ахметова жырлағандай құт қонған мекен Әулиеата өңірінде, «Тақ Тараздың» төрінде ғұмыр кешіп жатқан ақындар әне бір жылы Алматыдан осында біржолата қоныс аударғанда, сол әсем Алматыдан әдебиет көші көшіп келгендей әсерде болдық. Өйткені Қайырбек аға мен Күләш әпкенің шаңырағында қашан болмаңыз – қонақ үзілмейді. Бірі ақындарға сәлем бере келсе, енді бірі немере-шөбересінің тұсауын кескізіп, ақ батасын алуға ниеттеніп кеседі. Ал әдебиетке, өлеңге ғашық жастар қарлығаш жырларын жатқа оқып, бал жүздері алаулап тұрғаны… Мұндай сәт, балауса бал күй қос ақынға бейтаныс емес. Бозбала Қайырбек те, тұлымы желбіреген Күләш та өлеңге бала кезден ғашық болды… Өткен күндер, жалынды жастық шақ, поэзия әлеміндегі екі ақынның жүрек үндестігі – бір адамның ғұмырына келетін уақытпен теңесті.

Бірі Сыр өңірі – Сырдариядан, бірі Жамбылдың Үшаралы – Таластың ­бойынан арман қуып Алматы асты. Әсем қала қиялы қияға қанат қақтырған, ­поэзия әлеміне жаңа ғана аяқ басқан екеуінің махаббаттарының куәсі болды. Расында, ҚазМУ-дың журналистика факультетіне емтихан тапсыруға келген екі жас дәл сол қас-қағым сәтте ғұмырлық махаббатын кездестіреді деп кім ойлады екен?!
1968 жылдың тамылжыған тамыз айы. Толқынды шаштарын артқа қайырған көркем жігіт Қайырбек кіммен болсын емен-жарқын сөйлесіп, жараса кететін мінезімен, ақжарқын көңілімен көпке бірден ұнады. Ал Күләш бұл кезде өлең өлкесінде өресін танытып үлгерген ­инабатты да ойлы бойжеткен еді. Алматыға келгенге дейін жамбылдық ақын Өкім Жайлауов ағасының қамқорлығын көрген Күләштің өлеңдері республикалық бірнеше басылымдарда басылып та үлгерген-ді. Қайырбек қыздардың арасынан аққұба ақын қызды бірден ұнатты. Емтиханның нәтижесі ілінген күні де оқуға түскендердің тізімі арасынан Қайырбек Күләшті іздесе, Күләш та іштей «ел мақтаған жігіттің» оқуға түсіп кетуін тіледі. Екі жастың мұндай ойда жүруі, екі жүректің бір-біріне ­деген ыстық ықыласын білдірсе керек. Сөйтіп, Қайырбек пен Күләш емтиханнан мүдірмей өтіп, журналистика факультетіне оқуға түсті.
Бұған дейін екі жыл қатарынан келіп, емтиханнан өте алмай қалған Қайырбек үшінші жылы Күләшпен бірге оқуға түскенін жақсылыққа жорыды. Жігіт Күләшті қатты ұнатып қалған болатын. Дегенмен, жас жігіттен ыстық ықыласты бірден аңғарған қыз сымбатты жігітті іштей ұнатса да, өзін алшақ ұстады. Ішкі әлемінен сыр алдырмай, дала қызына тән қаталдығы мен ұяңдығын қатар ұстанған Күләш әжесі Молшаның өнегелі тәрбиесін көрген еді. Ауылда өскен еркін жігіт Қайырбек те қыз жүрегіне жол табу үшін бірде жыр оқып, бірде гүл сыйлап, тектілігін танытуға тырысып бақты. Тіпті қалампыр гүлін Күләшқа сыйлауды әдетке айналдырды.

Екі жылдан соң, 1970 жылы қаңтардың 25 күні Күләш Қайырбекке тұрмысқа шықты. Құдалар бар салт-дәстүрімен Үшаралға барып, Ділдә тұңғышы Күләшті ұзатты. Тереңөзекке келін болып түскен Күләш та қайын жұртының көңілінен шығып бағуға тырысты. Сөйтіп, ауылда аунап-қунап, біраз болған жас жұбайлар Алматыға аттанады. Қызылорданың әуежайында поэзия әлемінің ақтаңгері Мұқағали Мақатаевқа жолығып қалады. Ел қоршап, ақын өлең оқып тұр екен. Ұшаққа отырған соң, Күләш пен Қайырбектің отау тіккенін естіген ақын айрықша тебіреніп: «Қайырбек! Сен қарағым, көп қыздың бірін алып отырған жоқсың. Күләш – ақын. Ендеше, оның тағдыры, жыр тағдыры саған аманат. Ақынды сақта, бауырым!» деген еді. Сонда­ Мұқағали Күләш ақынды Қайырбекке, өлеңді Күләшқа аманаттағандай ма, қалай? 1976 жылы Мұқағали өмірден қайтқан күні Күләш түс көреді. «Сағымды сайын далада бір сырлы бесік тұр екен. Мұқағали маған қарап: «Бұл бесікті енді сен тербет» деп аманат арқалатқандай болды» деп еске алады Күләш ақын. Ақындықты Алланың берген сыйы деп қабылдаған ақындар арасында көпшілік біле бермейтін рухани байланыс болады дегенге осыдан кейін қалай иланбассың. Бұл рухани байланыс Қайырбек аға мен Күләш әпкенің шығармаларынан бөлек, отбасылық бақытты ғұмырының бағдарына айналғаны тағы анық.
Қалам ұстаған қос ақынның шаңырағында өлең мен өмірдің шырағы осылай қатар жанды. Әлі де жанып келеді. «Сыңғырлап өңкей келісім» демекші, сын сағаттарда да, шаттыққа толы бақытты күндерде де бірін-бірі сүйді, түсінді, кешірді. Өмірдің жолы тақтайдай тегіс болмаса да, Қайырбек пен Күләш ақынның отбасылық өмірі түсіністік пен келісімнің, дәстүрдің шаңырағына ­айналды.
Жүргенің де әдемі шай қайнатып,
Жыр оқисың, өмірді, елді ойлантып,
Басқа байлық, мансаптың керегі жоқ,
Менің сені тапқаным қандай бақыт?! – деп жырлады Қайырбек. Күләш ақынның да гүлдей нәзік шумақтары жазыла береді.
Қандай бақыт тағы да таң атқаны.
Тамылжытып құс әнін таратқаны.
Қандай бақыт жанымда сен тұрғаның,
Бөлмемізді махаббат толтырғаны.

Қандай бақыт өріктер гүлдегені,
Қамығуды, ойлауды білмегені.
Қандай бақыт жылда жаз келетіні,
Қандай бақыт өзіңе сенетінім.
Қандай бақыт жапырақ билегені,
Қандай бақыт басқаны сүймегенім.
Елу жыл бұрын тамылжыған ­тамыз айында табысқан жас жүректердің лүпілі қателеспеген екен. Ақынға жар болу да оңай емес. Ал екі ақынның бір шаңырақтың астында осынша жыл тату-тәтті ғұмыр кешіп, ұл-қыз өсіріп, төңірекке түгел сыйлы болуы – Тәңірдің сыйы болар! Қайырбек аға Күләшті жар деп, ақын деп құрметтеді.
Бүгінде бұл отбасы мемлекетіміздің мерейлі шаңырағына айналды. Жырдан шырақ жаққан шаңыраққа барған сайын самайын ақ шалған қос ақынның көздерінен әлі де албырт, әлі де тым балаң әдемі сезімді байқайсың. Ол Күләш ақынның нұрлы жанарында, Қайырбек ағаның жарқын күлкісінде жасырынып тұрғандай. Түн көзінде күллі әлемнің күдігі мен үмітін тарқатып отырып, өлең тербейтін ақындардың бірін-бірі толықтырып тұратын нұрлы жүзі ғана емес, үйлесімін тапқан сұхбатынан да әңгімесі таусылмаған, таусылмайтын жұп екенін аңғарасың. Титтей жақ­сылыққа баладай қуанады, болмашы өкінішке данадай қайғырады. Қайырбек аға Күләш ақынды алақанына салып еркелетіп отырғаны.
Ақындар Таразға келгелі Қайырбек ағам зиялы қауымның қатарында, қоғамдық шаралардың бел ортасында жүр. Күләш ақын жырға қосқан Тараздың күннен-күнге тотыдай таранып, ажарланып келе жатқанына жас баладай қуанады. Қайырбек ақынның да Таразға арнаған жырлары жастардың жүрегінде жаттаулы. Ақын ағаның жүзіндегі жылы күлкі жүректі жылытып тұрады. Ал Күләш ақын жарын жақсы көру арқылы Қайырбек ағаның елін, Қызылорда жерін, дариясын, туған-туысын жақсы көрсе, Қайырбек те ақын Күләшты сүю арқылы – Тараз, Талас елін құрмет тұтатынын мақтанышпен айтады. Қос ақын тағдырға риза пейілдерімен сыр ашады. Тыңдаған сайын біз де марқайып, масаттанамыз. Қанша әңгіме естісең де, жалықпайтының тағы анық. Қайырбек ақын Талас елінде, Күләштің туған ­ауылы Үшаралда, қайын жұртында ­талай болды.­ Алаш ардақтысына айналған ­аяулы ақынның кіндік қаны тамған Талас топырағының киесі Қайырбекті шабыттандырмай қойсын ба. Балдыздарына еркелеген ерке ақын «Қайын жұртқа барғанда» деп, былай жыр төгіпті.
Қайын жұртым, қызығы мол көктемім,
Ол ауылға орны болмас өкпенің.
Сөз дегенде ұстарадай тілі өткір,
Үшаралда балдыздарым көп менің.

Ақын жүрек бір соғады халқымен,
Балдыздарым, неткен сұлу жарқын ең!
Ойнап қалам орайын бір келтіріп,
Әзілдесіп ата-дәстүр салтымен.
Кейде олар да жібермейді есесін,
Айтылады өзіме де неше сын.
Жездеке деп еркелеген кезінде,
Бір керемет сезімдерді кешесің.

Жезде менен балыздардың арасын,
Жарастырған, дәстүр қандай данасың!
Жастығыңды аңсағанда кей шақта,
Балдыздармен шер тарқатып қаласың.

Кей балдызым тіл қатуға ерінер,
Кей балдызым ашық-жарқын көрінер.
Қайын жұрттан қайтқың келмей қалады-ау,
Назданып бір күлгенде сол перілер.
Еркелей келген күйеуді төріне оздырып, құрметіне бөлеген жұртына арнаған арнауда Қайырбек ақынның алғысы да бар. Ал Күләш ше? Сыр еліне, жыр еліне келін болған ақын қыздың да қайын жұртына мәңгілік махаббаты да жырмен төгіледі.
…Неше жыл жүрсем-дағы жерді басып,
Жайнайды сайын дала сан гүл ашып.
Жыр сүйдім, жігіт сүйдім, ұрпақ сүйдім,
Келінімін Сыр Еліне мәңгі ғашық, – дейді сырдың келіні ақын Күләш!
Иә, ақындар отбасында жиі ­болып тұрамын. Қазаны оттан түспейтін берекелі үйге еркін кіріп, емен-жарқын отырып, әдебиет, қоғам туралы әңгіме айту бір ғанибет! Қас-қабағыңды бағып, сөзіңді қағып алады. Әңгіме үзілмейді. ­Тараз шаһарына қоныс аударғанға дейін ­Алматы төрінде қазақтың талай жақсы-жайсаңдары, әдебиеттің марғасқаларымен сырласып, сыйласып, жарасқан, жарты ғасырдың шежіресін кеудесіне жиған ақындардың айтары да, байқары да көп. Айтарына айызың қанып мақұлдайсың, байқарына, байқампаздығына бас шайқайсың. Ал жыр оқығанда жүрегің мейірімге бөленеді. Бұл шаңырақтың әр кірпіші өлеңмен қаланып, өлеңмен өрілгенін сезінесің. Әртүрлі ауыр оймен келіп, Күләш әпкенің бір кесе шайына ерін тигізсең болғаны, күйбең тірліктің көлеңкесіндегі кірбіңнің бәрі ұмытылып, көңіл кірің тазарып, жансарайың ашылады.­ Ал Қайырбек ағаның жарқын күлкісі жаныңды жадыратып, шабыттандырып жібереді. «Қайырбегім!», «Күләшім!» деп жар қадірін асырып, жарты ғасыр махаббат­ бесігінде тербеліп келе жатқан сері сезімнің қоңырауына құлағыңды тоса бергің келеді, тоса бергің келеді… Сөйтіп, үйге жеткенше­ асығасың. Жарыңа жылы сөз айтқың келеді, жақыныңа өмірге ғашық етер жыр жаттатқың келеді…
Танытса да тағдыры қаталдықты,
Әйел үшін отбасы – Отан құтты.
Қазан менен қаламның қолыңызға,
Күйесі мен сиясы қатар жұқты,
– деп дарынды ақын Қалқаман Сарин жырлағандай Күләш ақын отбасы құнды­лы­ғының құнын жар сыйлаумен биіктетіп келеді. Қайырбек – ақын әйелдің жүрек жылуын, жауқазын жырларын, жан тебіренісін жүрек көзінен өткізіп, көңіл желкенін еш түсірген емес. Бұл отбасының өз заңы бар. Ол заң – әдеп заңы. Артық сөз, ерсі қылық бұл үйге жат. Әсемдік қана салтанат құрып, ұят пен ардың ғана төрге озуға құқы бар мұнда.
Қазақтың маңдайына біткен қос ақын – Қайырбек Асанов пен Күләш Ахметова атақ, құрметтен кенде емес. Қара өлеңінің қадірі – қос ақынның даңқын аспандатып жібергелі қашан. Қарапайымдылықтары аңыз болған ақындарын елі де еркелетіп келеді. Қос жақсы, қос ақынның төбесі көрінсе төңірек түгел қадірлеп, төріне шығарады, құрметтейді. Ал асып-тасуды­ білмейтін ақындардың елге алғысы өлеңмен өріліп, жыр болып тарап жатыр.
– Күләштің біреуді жамандап, сыртынан ғайбат сөз айтқанын, біреудің көңілін қалдырғанын халық білмейді. Жақсы адамдар сирек қосылады деп ­жатады. Бір тәмсілде «Жаратқан Иеміз бір жақсы, бір жаманнан қосып отырады» деп айтылады. Құдіреттің көзі қалғып кеткенде екі жақсы қосылатын болса керек. Күләш пен Қайырбек те сол соңғылардың қатарынан. Көз тимесін, бір-біріне сай қосылған. Жазира мен Жарқындай алтын перзенттерінен ­немере сүйіп отыр. Менің бір күнделігімде: «Жұрт немере тәтті дейді. Иә, немере тәтті, бірақ ол шөбере сүймегендердің сөзі. Шөбере одан да тәтті» деп жазғаным бар еді. Күләш пен Қайырбекке жақсы қартайыңдар, елдің алдында қол ұстасып, жұптарыңды ­жазбай, баянды ғұмыр кеше беріңдер деген тілек айтпақшымын, – депті ақын Күләш Ахметова 70 жасқа толғанда тілеуқор ағасы, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков.
Бүгін ақындардың шаңырағында тағы болдым. Шабыт алдым, өмірдің шаттыққа, ғибратқа толы сәттерін тағы көрдім. Өмір осындай ізгі ниетті ақындармен, отбасына жылылық ұялаған шат көңілмен сүйкімді!

Ерман ӘБДИЕВ
Жамбыл облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.