Еріктілер – патриоттар!

Қазақ қоғамында қайырымдылық жасау үрдісі ежелден болған. Ол заманда ерікті, волонтер деп ешкім ешкімді атамаса да, жетім көрсе жебей жүріп, жесірін жылатпау,­ қарт адамға қолғабыс жасау сауапты іс саналатын. Асарлатып шөп шабу, мал қырқу, үй салу, кедей-кепшікті жұртта қалдырмай, мініс ат беріп, жайлауға бірге алып шығу, сауын сиыр беріп, бала-шағасының ақ ішуіне мүмкіндік жасау дегендеріңіз волонтерлықтың нағыз көрінісі еді. Енді міне, биыл сол қасиетімізді жаңғыртатын, еріктілер қызметін жаңа сапаға көтеретін жыл болып тұр. Себебі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды «Волонтерлар жылы» деп жариялап отыр. Онда Қ.Кемелұлы былай деген:

«Еріктілер қызметіне азаматтардың, әсіресе жастардың, студенттер мен оқу­шылардың қатысу аясын кеңейту, олардың бойында белсенді өмірлік ұстанымдарға қатысты дағды қалыптастыру – маңызды міндет».
Сонымен, міндет айқын, енді тек орындау қалды. Ал ол қалай жүзеге ­асырылады?
Бұл ретте қазіргі таңда еріктілер қызметін ерекше сапаға көтерген Еуропаның тәжірибесіне үңілсек, біраз жағдайға қанығамыз. Атағы әлемге үлгі БҰҰ халықаралық ұйымы 1970 жылы «Біріккен Ұлттар ұйымының ­волонтер­лары» (UNV) деген атаумен халықара­лық ұйым құрған. Ол бүкіл әлем­дегі еріктілердің ­басын қосып, олардың қызметін жан-жақты дамытуды көздейді. Бұл ұйым құрылған 5 желтоқсан халықаралық волонтерлар күні болып белгіленіп, жыл сайын атап өтіледі. Оған мүше ретінде 17 мемлекеттің еріктілерімен қатар, қазақстандық ­волонтерлар да қатысып, әлемдік тәжірибе жинауда. Жалпы­ еліміздің еріктілері 2000 жылдан ­бастап белсенділік таныта бастапты.­ Осы кезден бастап волонтерлардың түрлі қоғамдық, қайырымдылық ұйымдары құрылған. Әкімдіктер мен Үкіметке өздерінің ұсыныстарын жасап, бизнес өкілдерін демеушілікке тартып, жұмыстарын жүйелі жүргізе бастаған. Соның нәтижесінде Қазақстан 2002 жылы БҰҰ Бас Ассам­блеясының «Халықаралық волонтерлар жылы» жөніндегі резолюциясына демеушілік еткен. Осылайша, халықаралық аренада өздерінің жұмыстарын таныс­тырып, олардың тәжірибесін үйренген қазақстандық еріктілер өз қызметтеріне Үкіметтен де, Еуропалық ұйымдардан да гранттар ала бастайды. Елімізде өткен «Қысқы олимпиада», ЭКСПО секілді халықаралық шараларда отандық волонтерлар белсенді қызмет етіп, өздерін Үкімет пен биліктің өзге де тармақтары алдында біршама дәлелдеді. Еріктілердің жан-жақты қызмет етуі үшін арнайы заңдық құжат ­болуы керектігін Парламенттегі депутаттарға да жеткізе біліп, 2016 жылы «Волонтерлік қызмет туралы» Заң қабылданды. 2020 жылдың еріктілер жылы болып жариялануы да осы жұмыстардың нәтижесі.
АҚШ-тың Мэриленд штатындағы Джон Хопкинс университетінің зерттеуі бойынша бүгінде әлем бойынша еріктілер саны 970 миллионға жеткен. Олардың осы қызметке арнаған уақыты 125 млн адамның толық жұмыс күніне сай келген. Экономикалық әсеріне келсек, еріктілер қызметі 1,348 триллион АҚШ долларымен есептеледі.Бұл ғаламдық экономиканың 2,4 пайызын құрайды. Әлемдік деректерге көз жүгіртсек, волонтерлық қызмет Еуропа елдерінде бізден әлдеқайда алға кеткен. Мәселен, оларда жоғары оқу орнына түсерде, мемлекеттік қызметке тұрарда бұрын ерікті болып жұмыс істеген жастарға басымдық береді екен. Жалпы алғанда кәрі құрлықта қоғамдық жүйе өзгеге көмек беруге мүмкіндік тудырған. Сондықтан оларда еріктілер қозғалысына атсалысатын жандардың саны көп. ­Мысалы, Германияда елдің 34 пайызы, яғни әрбір үшінші неміс волонтерлық жобаларға қатысады. Айына 15 сағатын ізгі іске ­арнайды. Ұлыбританияда 10 адамның 4-еуі ерікті атанып, елдің 20 млн-ға жуық халқы волонтерлықпен айналысатын болған. Бұл деректерден ­Еуропа елдерінде еріктілік әлдеқашан көпті біріктірген қоғамдық идеяға айналғанын көреміз. Жалпы оларда­ волонтерлық туралы түсінік, көзқарас жоғары екенін байқаймыз. Мәселен, ақысыз көмекті өмір салтына айналдырған еуропалық еріктілер мейірімділік пен қайырымдылық жас талғамайды деп есептейді. Ал біздегі көзқарас қандай?
Шындығына келгенде, біздің елде ­волонтерлар қатарында егде кісілер өте аз. Біздің қоғамда «бұл іспен көбіне студенттер, оқушылар, жас мамандар айналысуы тиіс» деген түсінік қалыптасқан. Үлкен кісілер волонтерлықты жастардың ісі деп қабылдап, ондай іспен айналысуды ұят санайды. Еуропа елдері ғана емес, ­Жапония, Корея, Қытайда да еріктілер жас ерекшелігіне қарай жіктелмейді. Ал АҚШ-та­ 24 жасқа дейінгі еріктілер 22,6 пайызды, 25-44 жастағылар 26,7 пайызды құраса, 45-65 жас аралығы мен 65 жастан жоғары еріктілер саны 51 пайыздан асқан. Әрине, бұл елдерде өмір сүру салты да өзгеше. Оларда жастар оқуға түсіп, жұмысқа орналасқаннан кейін ата-анасының үйінен кетіп, өз еркімен өмір сүреді. Мұндай жағдайда екеуден-екеу қалған ата-аналары бос уақыттарын саяхаттауға, ерікті болуға арнайды. Ал қазақтың ата-әжелері зейнетке шыққан соң, алдымен немере бағумен айналысады. Одан кейін қазіргі таңдағы үлкендердің қолы тойға барудан босамайды. Осы той жасау жарысын азайтып, сауапты, қайырымды істерге егде жастағыларды тарту қажет-ақ. Ол үшін оларды ынталандырудың, қызықтырудың бір тетігін тапқан дұрыс.
Тағы да деректерге көз салсақ, жыл өткен сайын еріктілерге қолдаудың артуының арқасында бүгінде елімізде белсенді жұмыс істеп жатқан волонтерлық ұйымдардың саны 222-ге жетіпті. Істеген ізгі істерін жарнамаламай-ақ, қызмет етіп жүрген қайырымдылық ұйымдары баршылық. Ал еріктілерге түрлі министрліктер гранттар бөліп, оларды­ қарыжылық қолдауда. Әрине, еткен еңбектің еленгені еріктілерге жігер сыйлап, өзгелерді де қайырымды істерге ынталандырады. Бұл мәселені ескерген еліміз Үкіметі алғашқы қадам ретінде студенттерді тұрақты түрде ерікті болуға талпындыру үшін қосымша ақы төлеу жүйесін енгізді. Атап айтқанда, өткен жылдың күзінде Білім және ғылым министрлігі мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Әлеуметтік студенттік кредит» жобасын іске асыру­ мақсатында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Ол бойынша балалар үйінен ­бастап, әлеуметтік мекемелерде және әртүрлі ­шаралар барысында ­волонтер болған студенттер аталған жоба аясында­ сыйақы алады.­ Аталған жоба ақылы оқитын студент-еріктілердің оқу ақысын төлеуіне мүмкіндік берсе, грантта оқитындарға қосымша қаржы көзі. Бұл жобаға жекеменшік және мемлекеттік университетте білім алып жатқан әрбір студенттің қатысуға құқығы бар.
Сондықтан биылғы жылдан үміт көп. Мемлекет басшысы Қ.Кемелұлының еріктілер қызметін еңбек өтіліне қосу ­туралы ұсынысы қабылданса, волонтерлікті бір реттік акция емес, көпті біріктірген тұрақты тірлік, игілікті іс ретінде қабылдайтындар көбейері анық. Ал жеке бастың мүддесінен бөлек, қоғам игілігіне қызмет етуге дайын­ азаматтар қатары артса, еріктілік отандастарымыздың өмір салтына айналса,­ оның пайдасын тұтастай қоғам көрер еді. Әсіресе, біз секілді зағип және өзге де мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қызмет көрсететін орталықтар еріктілермен жүйелі байланыс орнатуға дайынбыз.
Қорыта айтқанда, еріктілер елдің ­шынайы патриоты болуы тиіс!

Асхат Байұзақов,
Зағип және нашар көретін
азаматтарға арналған
республикалық кітапхананың
директоры

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.