БАЛАЛАРҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ

Орал қаласы іргесіндегі Желаев ауылында 2000-нан астам тұрғын бар. Жыл сайынғы есептік жиындарда тұрғындар тарапынан мектепке дейінгі ұйымның қажеттілігі көтеріліп келеді. Осы орайда бұрынғы мектептен тыс жұмыстар орталығының ғимараты қайта бейімделіп,  шағын орталық ашылып отыр. Ал Мектептен тыс жұмыстар орталығы мектепке орналастырылған.

Ғимарат шағын орталыққа қажетті жиһаздармен жабдықталып, қажетті құралдар алынған. Барлық коммуникациялық құрылымдар тартылған. Жаңарған орын 100 бүлдіршінді қабылдауға дайын.

Шағын орталықтың ашылуына қатысқан қала әкімі Абат Шыныбеков желаевтық бүлдіршіндердің қуанышына ортақ екенін білдіріп, ауыл тұрғындарына құтты болсын айтты. Қала басшысының сөзінше, шаһарда 3-6 жас аралығындағы балғындар 100 пайыз мектепке дейігі тәрбиемен қамтылып отыр. Дегенмен, ата-аналардың сұранысы бойынша 1,5-2 жас шамасындағы балғындарды мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдау үшін жаңа жұмыстар атқарылуда.

– Биыл қала бойынша мектепке дейінгі ұйымдардың желісін кеңейту жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта бос тұрған ғимараттарды бейімдеу қолға алынды. Осы жылдың І тоқсанында шамамен 1300-ге жуық жаңа орын ашылады. Сондай-ақ жақын күндері жеке инвестиция есебінен қала орталығында 280 орындық балабақша бүлдіршіндерді қабылдайтын болады, – деді Абат Абайұлы.

Қазіргі уақытта Орал қаласы бойынша 135 мектепке дейінгі ұйым бар. Олардың 50-і мемлекеттік, 50 жеке балабақша. Қалғаны мектеп жанындағы шағын орталықтар. Мектепке дейінгі ұйымдарда  15 мыңнан астам бүлдіршін тәрбие алуда.

zhaikuni.kz

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.