АЛҒЫСҚА БӨЛЕНГЕН АНА

Сырдария өзенінің ернеуінен асып, жағалаудағы елді қорқыныш билеп тұрған шақ. Сол жағалауға қоныс тепкен «Новый быт» колхозы көктем мен күз мезгілінде су қаупінен қатты қорғанатын. Дария жиегін қол күші жеткенше биіктетіп, аса қауіпті жерлерін мұқият бекітетін тұрғындар үйлерін биік төбешіктерге салса да ­аулаларын су басып қала ма деген үрей билейтін. Бұл уақыт соғыстан кейінгі алты жыл өткен кезең еді.
Көктемнің қара суығы. Дария бетінде ағылып жатқан мұз легі таусылар түрі жоқ. Колхоз басқармасының төрағасы Тәтікей Тілеубергенов күн қасқарайған кезде ауыл тұрғындарына ескерту жасап, бүгінгі түн сақ болуға шақырды. Өзі бір топ азаматтарды ертіп дамбының үстін жағалауға кірісті. Ай қараңғылығы қолындағы жарық шамдары болса да көп нәрсені көруге мүмкіндік жасатпады. Таң қылаң бере арт жағында қалған бір топ азаматтар айқайға басты. Аумағы екі метрдей мұз дамбының үстіне шығып, топырақты қазып өтіп төменге қарай ысырылған кезде дария суы ағыспен төңкеріле құлаған. Ілезде сол жағалаудың біраз жерін ағынды су жайпап өтіп, ауылдарға бет алған. Басқарма Тәтікей «алдын ала дайындап қойған қайықтарды суға түсіріңдер», ауыл адамдарын, балаларды, малды төбеге қарай көшіріңдер деген тәртіп берді. Сөйтіп, өзі қайыққа отырды.

Дарияға жақын үй салған азаматтың қайтыс болғанына екі жұма асқан күні еді. Сол үйдің әйелі босанып, үш баласымен қалғаны есіне түсіп, қайықты соған қарай бұра жөнелді. Ауласына су кіріп, балаларын ертіп, кішентай сәбиін құшақтаған әйел қуанғаннан жылап жіберді. Тәтікей қайығынан түсіп балаларды және әйелді қайығына отырғызды. Сөйткенше екінші қайықпен адамдар келе бастады. Тәтікей белуардан су кешіп, адамдарды шетінен құтқаруда үлкен ерлік көрсетті.
Ауыл тұрғындары бір аптаға жуық далаға қонғаннан кейін үйлеріне қайта оралды. Қуаныштысы сол, адам шығыны болмаған, малдары да түгел екендігіне көздері жетті. Бұл колхозды бұрын Насонов деген қалмақ ­азаматы басқарған кезде осы ауылдың ­азаматы орыс тіліне жетік, шаруашылықты да жақсы білетін Тәтікейді өзіне орынбасар етіп алған-ды. Насонов басқа жаққа ауысқанда Тәтікей колхоз басқармасының төрағасына ауыл тұрғындары түгелдей дауыс беріп, ­сайлап алған-ды. Колхоз шаруашылығы бірте-бірте алға қарай жылжи түсті. Бірақ көктемгі тасыған судан ­адамдарды құтқару кезінде өзінің денсаулығына сыр білдіртіп алды. Арада үш ай өткенде өкпе ауруынан зардап шеккен Тәтікей өмірден озды. ­Артында әйелі және екі қызы қалды. Сол ­кезде Бибіайшаның жасы небары алты жаста еді.
Бибіайша әкесін өте жақсы көретін. Ауыл балалары күн ұзағына қарауыл төбенің етегіндегі құмға ойнайтын-ды. Бұл жер жұмыстан қайтқан адамдардың ауылға келетін жолы. Кешкілік бірі атпен, енді бірі есекке жегілген арбамен жолдың шаңын бұрқыратып жұмыстан қайтқандар төбенің баурайына жақындағанда ойнап жүрген балалар әкелері мен аналарының ­алдынан жүгіре шығып күтіп алатын. Солардың ішінде Бибіайша да жүретін. Әкесі атпен келе жатқанда алдына мінгізіп жүгенінің тізгінін қолына ұстатып, бетінен мейірленіп қайта-қайта сүйетін. Сол күндер есінен еш кетер емес. Өксігін тыйа алмай «әке» деп жылай береді. Анасы кіші қызының осындай сағынышқа толы жүзіне қайта-қайта қарап, жұбатуға тырысады. Көп ұзамай анасы Бибіайшаны алып, Қазалы қаласында тұрмысқа шыққан үлкен қыздары Күлайшаның жанына қоныс аударды.
Бибіайша сегізінші сыныпты бітіріп, Қызылорда қаласындағы педагогикалық училищеге оқуға түскенде анасы жүрегі ­жарыла қуанған еді. Одан әрі училищені үздік бітіріп педагогикалық институттың шет тілдер факультетіне оқуға түсіп, ағылшын пәнінің мұғалімі деген дипломды 1967 жылы қолына алады. Басқа жаққа берілген жолдамадан бас тартып, өтініш жасап Қазалы қаласына жолдамамен келеді. Қаладағы №17 қазақ орта мектебіне орналасады.
Жас қыз өзінің пәнін жетік білетіндігімен, мектеп оқушыларына өзін сыйлата алатындығымен, қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыра білетіндігімен мектеп ұжымының көзіне түседі. Өз пәнінен тыс әдеби, тарихи кітаптарды көп оқитын. Тәжірибелі ұстаздардың оқушыларға сабақ берудегі әдістерін көбірек зерттеп, солардан үйренуге талпынатын.
Бірде аудандық оқу бөлімінен білікті жас мұғалімнің аты-жөнін сұрағанда, мектеп басшылығы алдымен Бибіайшаның атын атап, оған мінездеме беруді ұйғарады.
Көп ұзамай аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасарлығына сайланды. Жас қызға жауапкершілік одан әрі жүктелді. Ол бұл қызметінде ауданның әлеуметтік және мәдени-көпшілік жұмыстарына басшылық жасау міндеттерін қолға алды. Көбіне әйелдер арасындағы жұмыстарға белсене араласып, көп балалы аналардың жағдайына ерекше назар аударды. Тұрмыс құрып, ­отбасы болған жас жұбайлар ­арасында тәрбиелік мәні зор жұмыстар жүргізді. Бұл жұмыстар облыстық атқару комитетінен қолдау тауып, жақсы жағынан бағаланды.
Араға біршама уақыт салып өзінің сүйікті кәсібі мұғалімдікке қайта баруға өтініш жасайды. Өз мектебіне оқу ісінің меңгерушісі қызметіне барады. Бірақ ­аудан басшылығы қайта шақырып, жауапты қызмет ұсынады. Сол қызметтерде жүргенде аудандық әйелдер кеңесінің жұмысын одан әрі жандандыра түсуге құлшына кіріседі. 1991 жылы аудандық кеңестің төрайымы қызметіне дейін көтерілді. Одан әрі жаңа құрылым – аудандық мәслихаттың депутаттарын сайлауға қатысты. Осы кезде аудандық мәслихаттың хатшылығына сайланды. Бұл жауапты қызметке қатарынан үш мәрте сайланғанын айта кеткен жөн.
Кіршіксіз қызметімен, іскерлігімен көзге түскен Бибіайша жұмыссыз үйде отырған әйелдер қауымын қоғамдағы тіршілікке араластырып, олардың белгілі бір деңгейде өңірдің дамуына өзіндік үлестерін қосуына септігін тигізді. ­Сонымен қатар шетелдік қайырымдылық ұйымдарының Қазалыға келуіне ұйытқы болды. 1994 жылы маусымда БҰҰ-ның қолдауымен Парижде өткен донорлардың бүкіләлемдік саммитіне қатысты. Бұл басқосуда Арал теңізі жөніндегі мәселе талқыланып, кейін Бибіайша Тәтікейқызының ұсынысымен сол аймақта тұратын халыққа түрлі деңгейде көмек көрсету жөнінде бағдарлама жасалды. Қазір сол бағдарламаның ізімен Арал, Қазалы аудандарының тұрғындары кіші теңізден балық аулап, табысқа қол жеткізуде.
1995 жылы Пекин қаласында өткен бүкіл әлем әйелдері қауымдастығының төртінші форумына қатысты. Осы форумда аудармашысыз ағылшын тілінде сөз сөйлеген Бибіайшаға АҚШ президенті Б.Клинтон қазақ қызының ағылшын тілін жетік меңгергеніне таңданысын білдіреді.
Аудандық әйелдер кеңесінің жұмысы 2001 жылдан кейін жандана түсті. Жұмыссыз отырған әйелдерге несие алып беруге және кәсіпкерлікпен айналысуына мүмкіндік туғызды. Әйелдер кеңесінің бизнес ­жоспары жасалынып, шетелдерден грант алуға қол жеткізді. Бибіайша өзінің тікелей қызметімен бірге қоғамдық негіздегі аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы қызметін 27 жыл бойы атқарған уақытта көптеген іс-шаралар атқарылды. Алыс ауылдардағы әйелдердің ынта-жігерін жануда өзіндік қолтаңбасы қалды. Қазақстан ­Республикасы Тұңғыш Президентінің Құрмет грамотасымен ­марапатталды.
Ол мадаққа лайықты жан. Қазірге дейін қазалылық әйелдер Бибіайшаны құрметтеп, алғыс айтып келеді. Ауданның Құрметті ­азаматы атағына ие болуының өзі көп жылғы еңбегінің нәтижесі.
Кейін елінің ардақты азаматына айналған Махат Жансейітовпен тұрмыс құрып, екі бала, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Анасы өмірден өткенше күйеубаласы Махат пен қызына ризашылығын білдірумен кетті. ­Немерелер шетелдерде оқып, қызмет атқарып жүр.
Қазір Бибіайша құрметті зейнеткер. Алматыға қоныс аударса да Қазалы жақтан кішкентай жаңалық естісе, елең етіп, қуанып отырады. Елдің аманшылығын тілейді. Кезінде әкесі басқарған «Новый быт» колхозының «Абай атындағы ауыл» деп аталғанына да жарты ғасырдан астам уақыт өтіпті. Сол ауылдың түлегі Бибіайша бұл күнде бақытты ана, қадірлі әже.

Киікбай Ізетұлы,
дербес зейнеткер

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.