Ғибратты ғұмыр

Қазақта нәрестесін әлдилеп, отағасына ­ерекше құрмет көрсетіп, алған білімін келешек ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне жұмсап, отбасының да, қоғамның да ырысының артуына өзіндік үлес қосып жүрген ұстаздар аз емес. Солардың бірі – ұзақ жылдар ұстаздықтың ұлы жолында өзінің айшықты еңбегімен дараланған Анар Досанова. Білім беру кеңістігінде тәжірибелі де білімді, өз мамандығының хас шебері атанған кәсіби ұстаз жайлы ерекше ілтипатпен айтуға болады.

Ол – ұлағатты ұстаз, аяулы ана. Ғибратты ғұмырының 40 жылға тарта уақытын болашақ буынды оқыту мен тәрбиелеу ісіне арнаған Анар Досанова 1944 жылы 2 мамырда қазіргі Түркістан облысы, Төле би ауданы қасиетті Қазығұрт жеріндегі Әңгір Ата ауылында туған. Көп ­балалы, қарапайым отбасында дүниеге келді. 1950 жылы Абай атындағы орта мектепке барады. Он жылдық мектепті аяқтап, Шымкент қаласындағы тігін училищесінде екі жыл білім алып, тігінші мамандығы бойынша бітіреді. Ұстаздық жолы он алты жасында өзі оқыған Абай мектебінде еңбек пәнінің мұғалімі болудан басталады. 1964 жылы Алғабас (қазіргі Бәйдібек) ауданының Бірлік ауылына тұрмысқа шығып, ата-енесінің алдында келіндік қызметін атқарып, сол ауылдағы А.Нысанов атындағы мектепте бастауыш пәнінің мұғалімі болып қызметін жалғастырды.
«Келін қайын ененің топырағынан» деген ұғым бізде кең таралған. Өткен күндерін еске алып, естеліктерімен бөліскен кейіпкеріміз ата-енесі жайында жылы лебізін білдіріп, өткен шаққа көз жүгіртіп өтті. «Енем өте таза, пысық адам еді. Атам Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан, ауыл басшысы, еліне қадірлі азамат болғандықтан, отбасымыздан қонақ үзілмейтін. Сәлем салу, үлкеннің алдын кеспеу, үлкен кісіге қарсы сөз айтпау, отағасын сыйлау секілді ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбиемен өстік. Өзім отағасына сен деп сөйлеген емеспін. Ол сыйластық пен тәрбиенің белгісі деп білемін. Мұндай сыйластықты көрген бала да жақсы азамат болып өседі. Өз басым келіндеріме де ризамын. Олар тәрбиелеп жатқан немерелерім де отбасында қалыптастырған құндылықтарға берік. Қазақтың келіндері – ұлттың ұяты, халықтың шырайы, отбасының тұтқасы» деп, ­отбасы тірегінің бір ұшы ибалы келінге байланысты екенін меңзеді.
1972 жылы Шаян селосындағы М.Әуезов атындағы орта мектепке бастауыш ­сынып мұғалімі қызметіне ауысып, мектеп табалдырығын алғаш аттаған жеткіншекке қалам ұстатып, әріп үйретті. «Мектепте қаталдау мұғалім болған секілдімін. Барлығы баланың санасына жетсе, бір нәрсе ұғып кетсе, білім алса екен деген ниет қой. Қазір сол шәкірттерім кездесіп қалса алғыс білдіріп, өз жетістіктерімен қуантып жатады. Ұстаз үшін нағыз бақыт шәкірттерінің жетістігін көру» деп тебірене отырып, дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық екенін, әсілі, мұғалім – барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып-үйрететін мейірімді абзал жан екенін, ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді болатынын әңгімелеп, «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы» екенін жеткізді.
Өмірлік жолдасы Әлібек Татубекұлы аймаққа қадірлі азамат, ағарту саласының озық қызметкері, көптеген марапаттардың иегері болды. Ағарту саласында жүріп, мектеп-интернатының директоры, кәсіптік-техникалық училище директоры қызметтерін атқарды. Қабілеті мен өз жұмысына деген сүйіспеншілігінің арқасында өмірінің соңына дейін ұстаздық қызмет жолында жүрді.
Ұстаздар отбасы төрт ұл, бір қыз тәрбиелеп, білімге баулып, өмір жолына жетеледі. ­Балалары: Қалдыбек, Мұрат, Мэлс, Ерлан мен қызы Гүлнәр, бәрі де мектепті үздік бітіріп, ­Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін жоғары бағамен аяқтады.
«Балаларым білімге өздері ұмтылып, жоғары оқу орнында оқыған кезде де бізге салмақ салмады. Үздік шәкіртақы алып, өз күндерін көрді. Үй шаруасында бөлінбей қолқабыс жасайтын. Ұлдарым әкелерімен бірге кірпішін құйып, есік, терезесін жасап, үйді өздері салды. Жаздық ­демалыс кезінде қасыма отырып, кілем тоқитын, киіз басатын. Соларды сатып, жыл сайын балалардың қажеттілігін алып беретінбіз. Өңірге еңбегімен, азаматтығымен абыройлы болған әке үмітін ақтаған балаларыма ризамын. Алдарынан ақ күн тусын деп, амандығын тілеп отырамын» дейді Анар әже.
Өнегелі тәрбие көрген балалары ата-аналарының ізін жалғады. Бірі жоғары оқу орнының ректоры, енді бірі мектеп директоры, жоғары санаттағы мұғалім сияқты абыройлы қызметтер атқарса, немерелері оқу үздіктері, алды шет елде «Болашақ» бағдарламасымен білім алып, Назарбаев университетінде ұстаздық еңбек етеді.
Бүгінде еңбек демалысында бейнетінің зейнетін көріп отырған Анар Досанова Алла алдында құлшылығын жасап, қасиетті ­Мекке ­сапарына барып қажылығын өтеп келді. Әрдайым еліміздің амандығын, балалардың сапалы білім алуын, ел болашағының жарқын болуын тілейтін кейіпкеріміз ұстаздардың жай-күйіне алаңдайтынын айтады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Педагог мәртебесі туралы» заң бүгінде қоғамның барлық мүшесіне айқын бағдар беретін мұраты биік мұғалімнің қадір-қасиетін арттыруда өзекті мәселелердің шешімі болары анық. Бұл құқықтық құжат ұстаздың ұрпақ санасын білім нәрімен сусындатқан ­маман ғана емес, ұлттың тағдырына әсер етуші, ел болашағын даярлайтын жауапты тұлға екендігінің дәлелі. Күнделікті жаңалықты теледидардан, газет-журналдардан қарап, танысып отырамын. Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген нақыл сөзін келешек ұрпақ біліп өсуі тиіс. Тәртіп болмаған жерде кез келген істің берекесі қашып, кетеуі кететінін жастар түсінгені жөн. Ал ұстаздық өте жауапты мамандық екені баршамызға белгілі. Ол – мектептің де, қоғамның да айнасы деуге ­болады. Оқушының алдында жайдары мінез таныту, әрдайым жинақы, ұстамды болу, ­шешен сөйлей білу, т.б. асыл қасиеттер ұстазға тән десек артық айтқандық емес. Алдындағы шәкіртінің кез келген сауалына жан-жақты зерделі жауап беру де білімділікті, тереңдікті аңғартса керек. Ұстаздың адалдығы, батылдығы, сөзі мен ісінің бір-бірінен алшақ кетпей, біте қабысуы, жан сұлулығы мен тән тазалығы, жүріс-тұрысы, киім киісі, бәрі-бәрі оқушының бойына сіңетін ұлттық құндылықтармен астасып, қазақы тәрбиенің бастау көзі болары сөзсіз. Мұғалімінің мінез-құлқын бақылап, бағдарлап отыратын шәкіртке барлық мейірімі мен сүйіспеншілігін, жан ­жылуы мен махаббатын бере білген ұстаз ғана бала жүрегінен орын алары хақ. Ал ол үшін жас ұстаз білім деңгейін көтеріп, ­заман талабына сай үнемі ізденісте болу қажет. Сондықтан өз басым «Педагог мәртебесі» ­туралы заңның қабылданғанына қуаныштымын. Себебі өзім ұстаздық ­жолда қызмет еткен соң бұл кәсіптің үлкен жауапкершілікті, үнемі ізденісті талап ететін жұмыс екендігін жақсы білемін. Ұлт болашағын тәрбиелейтін ұстаздардың мәртебесін көтеріп, алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасап жатқан мемлекетіме ризашылығымды білдіремін» деп сөзін қорытындылады.
Иә, өмірде де, қоғамда да айналасына үлгі-өнеге көрсетіп, елдің мақтанышына айналған ұстаз-аналарымыз аман болсын.

Бағдагүл Балаубаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.