Атырау төріндегі әсерлі кеш

Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында облыс әкімді­гінің қолдауымен «Дарын» жастар мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Қазақтың Моцарты» атанған Рахат-Би ­­Әбдісағин­нің «ZYMYRAN ZAMAN» атты симфониялық музыкалық кеші өтті. 

Ол – композитор және пианист, өнертану ғылымының магистрі, 100-ден астам классикалық музыкалық туындылардың, сондай-ақ екі опера­ның авторы. Концерттің шымылдығы кеш иесінің «Жыл құсының зары» атты фортепианоға арналған шығар­масымен ашылды. Әйгілі қаламгер Ш.Айтматовтың аттас әңгімесінің желісіне құрылған бұл туындыға, бүгінгі өмірдің ең өзекті мәселесі арқау болған. Кеш барысында ком­позитордың шығармаларын Қазақ ұлттық өнер университетінің Еуразия­лық студенттік симфониялық ор­кестрі және халықаралық кон­курс­тар­­дың лауреаты Жібек Мусургалиева скрипкамен, «Солистер ­Академиясы» мемлекеттік оркестрінің артисі Бақытжан Жантұрғанов виолончельде ойнады. Залға лық толған көрерменнің ыстық ықыласпен соғылған ду қол шапалақтарынан кештің әсерлі өткенін аңғаруға болады.
Кешке қатысқан облыс әкімінің орынбасары Серік ­Шапкенов: ­«Жү­ректі елжіретер туындылардан ерекше әсер алдық» десе, зейнеткер Тоқ­санбай Сахимов: ­«Теледидардан көріп өнеріне тамсанып жүрмін. Атырауға келеді дегеннен бастап шығармашылық кешке қатысуға асықтым. Осындай бақыттың бұйырғанына қуаныш­тымын. Зал көрерменге толы ­болды. Кеш өте жоғары деңгейде өтті. ­Елі­міздің ­абыройын асырып, әлемге даңқын паш етіп жүрген бозбалаға шығармашылық табыс тілеймін» деді қуанышты жүзін жасыра алмай.

Гүләлия ИГІЛІКОВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.