«Сіздердің еңбектеріңіз бағалы»

«Ана тілі» газетінің ұжымы 30 жылдық мерейтойы қарсаңында Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің Өнер, мәдениет және спорт институтының оқытушы-студенттерімен кездесті. Кездесуді университеттің бірінші проректоры Мақтағали Бектемесов кіріспе сөзбен ашты. «Менің үзбей оқитын басылымдарымның бірі – «Ана тілі». Тіліміздің көсегесін көгертуге қатысты мазмұнды мақала­лар газет бетінде жиі жарияланады. Тіл дегеніміз – ұлттың жаны. Ұлы Абайдың сөзі де бізге ана тілімізде жетті. Тіл үшін күресіп жүрген газет қызметкерлерімен кездесу біз үшін елеулі оқиға» деді ол.

Кездесуде сөз алған «Ана тілі» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Нұрперзент Домбай ұлт газетінің тарихына тоқталып, тәуелсіздіктің елең-алаңында «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шыға­рып» жұмыла еңбек еткен ұжымның бүгінгі күнге дейінгі жүріп өткен жолына қысқаша шолу жасады. Газеттің ұлт басылымы деген мәртебесі болғаннан кейін, «Ана тілінде» қазақ мүддесіне қатысты өзекті мәселелер жиі көтерілетінін сөз етті.
«Осы уақытқа дейін қандай жетіс­тіктерге жеттіңіздер?» деген сауалға басылым Қазақстан ­Журналистика Ака­демиясының «Алтын жұлдыз» сый­­лығымен, бірнеше мәрте Ақпарат ми­нистр­лігінің Құрмет грамотасымен, арнаулы дипломдармен, әртүрлі бәйгелердің бас жүлделерімен марапатталғаны, кезінде басылым жетек­шісіне Елбасы – Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген тақырыпта сұхбат бергені атап өтілді. Газеттің кешегі және бүгінгі бас редакторлары Мереке Құлкенов, Жұмабек Кенжалин, Жанарбек Әшімжан ­Президент сыйлығының иегері атанғаны, қызметкерлер арасында Мәдениет қайрат­керлері, Журналистер одағы сыйлы­ғының лауреаты, Ақпарат саласының үздігі секілді атаққа ие әріптестер бар екені айтылды. «Бізде оқырманмен арада тығыз байланыс бар. Күніне кем дегенде жиырмадан астам хат келеді. Осының өзі бізді қуантады. Біз үшін сыйлықтың да, құрметтің де ең үлкені – оқырманның бізге көрсеткен қолдауы деп есептейміз» деді Н.Домбай.
Жиналғандар өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойып, оған жан-жақты, толыққанды жауап алды. Студенттердің өмірге құлшынысы, болашаққа ұмтылысы, ізденістері мен жігер-қайраты сүйсіндірді. Оларды қоғамдағы қазақ тілінің бүгінгі жай-күйі, құрбы-құрдастарының кітапқа, газет-журналдарға деген ынта-ықыластары толғандыратыны байқалды. Өзекті мәсе­лелерді шешудің жолдары ортаға салынды. «Тіл туралы» заңдағы кейбір олқылықтар да сөз болды.
«Өнер тақырыбын жақсы көтеріп жүр­сіздер. Бұл бағытта жазылған материалдар көңілімізден шығады. Біздің арамызда да талантты азаматтар жетерлік. Олар ­жайлы жазылған дүниелерді де газет бетінен көргіміз келеді» деді өнертанушы Оңал Әбішева.
Басқосуға қатысқан Әлеуметтік мәселелер және ақпарат бөлімінің редакторы Бағдагүл Балаубаева, Білім, ғылым және мәдениет бөлімінің редакторы Ақбота Мұсабекқызы көтерілген тақырыптарға байланысты өз ойларымен бөлісті. Газет туралы аталған институт директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Еркін Базарғалиұлы, ақын Болат Шарахымбай және басқалар жылы пікірлерін білдірді.
Полиграфия бөлімінде оқитын ­Шахноза Рүстемова есімді студент «Сіздердің еңбектеріңіз бағалы деп есептеймін. Газеттің бір нөмірін шығарудың өзінде қаншама адамның маңдай тері, еңбегі жатыр. Жұмыс­тарыңыз алға баса берсін, ұлт мүддесі ­жолында жемісті қызмет ете беріңіздер» деген жүрекжарды тілегін жеткізді.
Басқосуды осы кездесудің өтуіне ұйытқы болған «Жас Отан» жастар қанатының белсенді мүшесі, университет студенті ­Айбол Абашев шебер жүргізе білді. Шара аясында «Ана тілі» газетінің тыныс-тіршілігі­нен слайд көрсетілді. Өнер қайраткері Өмірәлі Дүйсенбектің ­орындауында әсем ән шырқалды.

Б.Мұратқызы

Суретті түсірген: Азамат Құсайынов

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.