Назерке Жетпісбай: ӘЙЕЛ АДАМҒА ТЕОЛОГ БОЛУ ОҢАЙ ЕМЕС…

Бүгінде діни жат ағымдардың іс-әрекеті қарқынды болып тұрғанда, мұндай ағымдардың жетегінде кеткен адамдардың бетін бері бұру да оңай емес. Оңалту жұмыстарын жүргізетін теологтар әлі де болса жетіспейді. Ал оның ішінде әйел теологтар саусақпен санарлық. Біз Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының жанындағы «Кеңес беру және оңалту орталығының» әйел ісі жөніндегі теолог маманы Назерке Жетпісбайды сөзге тартып, дін аясындағы әйелдер мәселелерін әңгіме еттік.

– Назерке Жетпісбайқызы, жат ағым­ның жетегінде кеткен әйелдердің көбісі өкініп жатады екен. Олардың адасуына не ықпал етуі мүмкін?
– Әйел адамдардың басым көпшілігі сезімге берілгіш келеді. Олар күйзеліске ұшыраған кезде оның орнын толтыру үшін өзін рухани тыныштандыратын нәрсе іздейді. Мұны бізге келіп жатқан әйелдер тәжірибесінен алып отырмын. Бір әйел келген, намаз оқымайды, хиджап кимейді, діни байланысы жоқ. Ал «бұл орталықтың тізіміне ілігіп қалуға не себеп болды» деп сұраған кезде, жоғарыдағы жағдайға ұқсас жауап айтады. Оның отбасында әртүрлі мәселелер туындап, өзі вконтактеге кіріп отырады. Сол кезде «Әйел адамның исламдағы орны» деген топқа тіркеліп, сол жерден ақпараттар алып, өзін рухани тыныштандырады. «Бірақ уақыт өте келе қауіпсіздік комитетінің адамдары келді» дейді. Сөйтсе, ол топ тыйым салынған топтардың ішіне кіреді екен. Екіншіден, ер азаматына да тікелей байланысты.
– Яғни «әйел ер адамға бағынышты ­болуы керек» деген ұстаным ғой…
– Иә. Менің тәжірибемде тіпті үйленбей тұрып, қыз-жігіт болып сөйлесіп жүргеннің өзінде жігіт жүріп жүрген қызына ықпал ете алатындығы көрініп отыр. Бір мысал келтірейін, Атырауда Күмісай (аты-жөні өзгертілді – ред.) деген 9-сыныптың қызы болды. Бізге мектеп ұстаздары қоңырау шалып, қыздың жақсы оқитынын, соңғы кезде өзгеріп жүргенін, орамал тағып, үлгерімі нашарлағанын айтып көмек сұрады. Біз жұмысты бастаған алғашқы кезде ашылған жоқ. ­Ата-анасы күні-түні жұмыста, қыздың жазғы курс­тан діни сауат ашқанын, намаз оқи бастағанынан ғана хабардар. Бірнеше сұхбаттан соң, біз қызбен өз үйінде кездесу өткізуді жоспарладық. Үйіне келіп, шай ішіп, қызбен еркін әңгімеге көшкен кезде, ол тіпті ата-анасына да айтпаған сырымен бөлісті. Әлеуметтік желі арқылы Талғат (аты-жөні өзгертілді – ред.) есімді жігітпен танысқанын, онымен бірнеше ай сөйлесіп, жігіттің Алматыдан Атырауға арнайы келгенін айтты. Ары қарай жігіт қызды өзінің діни ұстанымына иландыра бастаған. Сүйем-күйемін айтып, ­9-сыныпты бітірген соң үйленетінін айтып, неке қидыруға келістірген. Ата-анасынан рұқсат сұраймын дегенде «сенің ата-анаң намаз оқымайды, олардан рұқсат алу міндетті емес» деген. Сөйтіп, қызды Атыраудағы «Дина» деген базарға алып барады. Бұл базардың басым көпшілігі өз дініндегі адамдардың сауда орындары. Сол базардағы «браттарын» шақырып, некесін қиып беруін сұраған. Олар қызды теріс қаратып қойып, сыртынан түсініксіз бір нәрселер оқып, «болды, некең қиылды» дейді. Неке қидырудың қандай болатынын білмейтін жасөспірім қыз некелі болдым деп мәз болып қайтады. Осыдан кейін тиісті орындар арқылы Алматыдағы жігіт туралы ақпарат сұрастыра бастадық. Анықтаған кезде, жігіт қызға өзін 1994 жылғымын деп таныстырған, ал ол 1983 жылғы. Жігіттің бірінші әйелі болған, одан бір баласы бар. Жігіттің ағасы ­Сирияда қайтыс болған екен, соның әйелін әмеңгерлікпен алып отыр, ал мына қыз оның үшінші әйелі болып есептеліп тұр.
Біздің орталықтың теологтары түрмеге де барады. Жұмыс барысындағы есептердің бәрі менен өтеді. Қарап отырсам, Талғат Байбосынов (аты-жөні өзгертілді – ред.) деген кісі тұр екен. ­Дереу түрменің теологтарына хабарласып, ол экстремизм-терроризмді насихаттағаны үшін сотталыпты деген ақпарат алдым.
Сондай-ақ тұрмыс құрған әйелдердің ішінде басым көпшілігі жолдастарының діни ұстанымын қабылдап отырғандар. Өйткені ислам дінінде әйел адам күйеуінің айтқанына бойұсыну керек. Олардың түсініктерінде сол ұстаным қатып қалған. Намазға жығылып жатқандардың да, хиджаб-ниһаб киіп жатқандардың да күйеуінің ықпалы арқылы болып жатқан деректер бар. Мен кездескен бірнеше әйел болды, «мен намаз оқыған жоқпын, бірақ күйеуім намаз оқитын. Кейін ­балаларыма «сенің мамаң дұрыс емес, ол намаз оқымайды, ол құлшылық етпейді, мамаларыңды тыңдамаңдар» деп, маған қарсы қоя бастады. Одан кейін менің ­намаз оқуыма тура келді» деп ­мойындайды. Мұндай мысалдар өте көп.


– Деструктивтік діни ағымдардың қызметінен зардап шеккен әйелдермен жұмыс істеудің қиындығы қандай?
– Оңалту жұмыстарында қиындықтар тудыратын әйелдер – жоғарыда айтқан күйеулерінің діни ұстанымындағы әйелдер. Менде бір отбасы болды: күйеуі, әйелі және 2004 жылғы қызы тізімде тұр екен. Анасы мен қызын әкелген кезде күйеуі толықтай ақпарат берген. Басында қыз үндеген жоқ. Әбден қытығына тигеннен кейін қыздың эмоцияға салынғанын көрсеңіз. «Сіз неге олардың ұстаздарын дұрыс емес деп айтасыз, жоқ Назаратулла дұрыс, Оқтам дұрыс, сіз неге олай айтасыз, менің әкем солай үйретті» ­деген. Осыдан-ақ мен отбасында кім діни тәлім-тәрбие беретінін көріп отырмын. Осындай жағдайда бір-ақ әйел «мүмкін біздікі дұрыс емес шығар» деген ой түйді. Ал қалған басым көпшілігі мына жерден «иә-иә» деп кетіп, шыққан соң өз тірлігін істей береді. Әрине, ортаға бейімделген адамдар бар. Бірақ бұл жылдап істелген жұмыстың нәтижесі. Әрине, оңалту жұмысына ерлі-зайыптылар міндетті түрде бірге келу керек. Егер күйеуінің діни ұстанымы өзгерсе, онда әйелінікі де өзгереді. Ал оларды өзгертетін теолог мамандар. Әсіресе, әйелге теолог болып, психологиясы осындай күрделі адамдармен жұмыс істеу оңай емес.
– Біздің қоғамда орамал тағу дегенді хиджаб, ниһаб кию деп қабылдап кеткен сияқты ма, қалай?
– Әйел адамға қатысты бетті жабу немесе бүркеу, қолға қолғап кию деген сияқты нәрселер белгілі бір парыз, үкім ретінде бекітілмеген. Бірақ әйел адамның әурет жері ретінде жүзі, қолы және аяғының тобықтан төмен қарай ашық, қалған жердің бәрі әурет деп Құранда айтылған. Бұл Асхаб сүресінде де, Нұр сүресінде де айтылады. Бірақ мұны асыра сілтеп ұстанатындар да бар. Мысалы, араб жерінде күн өте қатты ыстық, әйел адамдар ғана емес, тіпті ер адамдардың өздері беттерін тұмшалап алып жатады. Араб жері құмды, ал құм адамның денесіне тиген кезде күйдіріп, кептіріп жібереді. Сондықтан ол жердегі тұрғындардың басым көпшілігі беттерін жауып жүруге мәжбүр. Тіпті ол бет жабу, намаз оқымаса да дәстүр ретінде қалыптасқандары да бар. Мысалы, Түркияда намаз оқымаса да, ­сонымен қатар темекі, кальян ­шексе де, оларда орамал тағу деген салт-дәстүр ретінде қалыпасқан. Намаз оқып дін жолында жүргендер және салт-дәстүрге сүйеніп хиджаб кигендер деп екіге бөлуге ­болады. Сіз сырт келбетпен оларды намаз оқиды немесе оқымайды деп ажырата алмайсыз. Ал біздегі бет тұмшалау, біріншіден, тек қана – еліктеу. Екіншіден, күйеуінің ­талабы. Үшіншіден, өздерінің әрекеттерін жасыру үшін. Мәселен, қайта-қайта тұрмысқа шығуы, бірінші әйелі, екінші әйелі дегендей, қоғам біліп қояды деп ­жасырынуы.
– Өзіңіз «Жусан» операциясымен оралғандардың алғашқы легі келген кезде бірнешеуімен жұмыс жүргізген екенсіз. Осы туралы айтып берсеңіз…
– «Жусанмен» оралған қаншама қазақстандықтар бар, солардың бала­ларының барлығы кәдімгі соғысқа қатысқан балалар. Олар кімді, нені пышақсыз қалай өлтіру керек, пышақпен қалай өлтіру керек, жалпы қалай өлтіріп тастау керек, яғни бүкіл қағидалардың барлығын біледі. Ертең олардың барлығы біздің қоғамымызда біздің балаларымызбен оқиды, араласады-құраласады, ­ойнайды. Сонда ол ойындағысын іске асыруы да мүмкін ғой. Кейін бала ес жиған соң, «сенің ата-анаң, өзің Сирияға барып келіпсің ғой, сенің әке-шешең осындай адасқан екен ғой» десе, ол баланың өшпенділікпен зиян келтірмейтініне кепіл жоқ. Сондықтан бұл өте қиын мәселе. Әсіресе, «Жусанмен» келіп жатқандардың көбісі қоғамға әлі бейімделе алмай жатыр. Мен үш әйелмен кездестім. Солардың өздері ең алғаш келген кезде жүре ­алмайтындарын, бомба тастап жіберетін сияқты, біреу артымнан аңдып жүрген сияқты үркетіндерін айтты. «Жусанның» алғашқы легі келген кезде алматылық бір қызбен кездестім. Қыз ашылмайды, сөйлеспейді. «Иә», «жоқ», «ы» деп ­жауап береді. Ал қазір бейімделіп алған, ішіндегісін айтып, бүкіл сырымен бөлісіп, кәдімгідей байланыс орнатып жатыр. Олардың өкініштісі сол, бірінің күйеуі қайтыс болған, екіншісінің күйеуі із-түссіз жоғалған, үшіншісінің күйеуі жарылыс кезінде қаза тапқан. Үш әйел де жесір оралып тұр. Өте жүректі ауыртатын нәрсе, баласымен не жақындарымен кетіп, ең соңында жалғыз немересімен оралған әйел де бар.
Осындай жұмыс барысында Қаскелең қаласында оқушы кезімде көйлек сатып алатын мұсылман киімдері дүкенінің иесін кездестірдім. Бар жақынынан ­айырылып келген әйелден сұхбат барысында сұрасам, кәсіппен айналыстым, сауда-саттықпен айналыстым дейді. Есіме түсіп, «ой, апай, сізден кезінде көйлек алған едім ғой, тәп-тәуір едіңіз ғой» дедім. «Қайтейін, бұлай боларын қайдан білейін?» деп қалды. Дене жарақаттарын алған, ­бомба үстеріне түскен. Сол кезде қаншама қазақстандық қайтыс болған. Немересі екеуі ғана тірі қалған. Бас сүйектері мен ми жарақаттарын алған, қолы сынған. Ол жерде медицина дамымаған, қолын сол жерде жалғамақ болыпты. Тіпті босанып жатқан бір әйелдің үстіне бомба түскен. Осындай деректер бар.
Шынымен, Сирияда ілігіп кеткен­дердің басым көпшілігі үй тегін, су тегін, газ тегін, барлық жағдай жасалған дейді. Иә, бәрі тегін, бірақ сенің үстіңнен бомбалап жатқанда олардың не керегі бар? Біліп те, білмей де кеткендер бар. Өз еркімен кеткендердің ең жасы 16-17 жастағы бозбалалар екен. Қаншама жетім балалар қалды. Қазақстандық әйелдер күйеулері қайтыс болғаннан кейін арабтарға тұрмысқа шыққан. Қаншама қазақ әйелдері шет жұртта қалды. Барлығы жүректі ауыртатын нәрсе.
– Сириядан келген әйелдердің көбісі зорлық-зомбылық көрдік, еркімізден тыс бірнеше күйеуге шықтық деп келеді. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?
– Иә, әйелдердің көпшілігі «6-7 рет тұрмысқа шықтым, шықпасаң ­болмайды, міндеттейді» деп келеді. Білуімше, әйелдер қауымы, жесірлер, жетімдер бір жерде тұрады. Әйел адамдар көп болған жерде ұрыс-керіс те жиі бас көтереді. Ал ерлі-зайыпты болса бөлек баспана береді. Әйелдердің көбісі осы үшін, өз тыныштығы үшін, жеке тұру үшін күйеуге шығып отырады екен. Ал жоғарыдағыдай жантүршігерлік әңгімелерді әйелдер өздерін ақтап алу үшін айтады.
–Ашық әңгімеңізге рақмет!

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.