ӘЙЕЛ ӘЛЕМІ ӘДЕМІ

Баласындай дархандығы, пейілінің кеңдігімен пана сұрап келген халықты жақсы қарсы алған қазақ халқы жер аударылып келгендерге бір бөлмелі үйінің бір бұрышын, екі бөлмелі үйінің бір бөлмесін босатып беріп, өздерінен кем құрмет көрсетпей, бүтінін бөліп, жартысын жарып беріп аман-есен бейбіт күнге жеткізгендігін өзге этнос өкілдерінің азаматтары ешқашан да ұмытқан емес. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз де үнемі қазақтай дархан көңілді халыққа алғыс айтудан шаршаған емес. Мереке қарсаңында қазақ елін, кең байтақ жерін бар жүрегімен жақсы көретін саналы ғұмырында салиқалы ой айтып, тынымсыз ізденіспен үлкен іс тындырған Алматы облысының Құрметті азаматы, «Ұлағат» ақсақалдар кеңесінің төрайымы Светлана Гаитовамен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Светлана Зунунқызы, Сіз үшін ­кемел әйел қандай болуы керек?
– Әйел ең бірінші өзінің әйел екен­дігін ешқашан да естен шығармауы керек. Нәзік әрі батыл бола білсе, ол алмайтын қамал, бағындырмайтын белес жоқ. Әйел адамды Жаратқан ерекше етіп жаратты. Мұндағы ­басты ерекшелік – бала сүйе білуінде. Әйелдердің алдымен ана болғандығын жақсы көремін. Әйел заты бүгін – қыз бала, ертең – келін, арғы күні ана атанады. Қоғамның беталысы әйел затының тәрбиесі мен әдебіне тікелей байланысты. Өйткені баланы дүниеге алып келетін, жатырдан бастап негізгі тәрбиені бойына сіңдіретін осы әйел заты. Бұл жаратылыс – нәзік әрі сұлу, іштей күшті, қылықты, сезімтал, ­патриот, айналасын ақылымен және айласымен гүлдендіріп отыратын күшке ие.
Ана үнемі өзін дамыту керек. Егер ананың ішкі рухы мықты, рухани бай болса одан тараған ұрпақ та мықты болады. Сондықтан ана болу – әйел адамның ең негізгі бақыты. Ананың жауапкершілігі де, қиындығы да көп. Сондықтан Алла Тағала анаға мол сауаптан жазады. Ананың басты міндеті – баласына ұлттық тәрбие беру, бала бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, өз тілін, яғни ана тілін сәбиінің бойына сіңіру, салт-дәстүрді үйрету. Жер жүзіндегі әрбір әйел ана болу бақытын сезінсе деймін. Әйел – баласымен әдемі, перзентімен ажарлы. Бұл бақыттан ешбір қыз бала құр қалмаса екен деп тілеймін.
Кемел әйелдің сөзінде даналық, ­рухында нәзіктік пен кіршіксіз тазалық, адамдармен қарым-қатынасында әрдайым өзін еріксіз сыйлататын және құрмет тудыратын қасиетке ие болуы керек деп ойлаймын. Менің түсінігімдегі кемел әйел өзін сыйлап, қоғамды сыйлап, салиқалы ұрпақ тәрбиелеген кез келген әйел. Сұлулық дегеніңіздің өзі әйел адамнан ­басталады ғой. Сондықтан да әрбір әйел сұлу болуы тиіс. Сұлу болу дегенде қымбат киім, қымбат бет бояуларымен емес жан дүниесімен, істеген қылығымен, атқарған ісімен сұлу бола білген жөн.

Қызды тәрбиелеу – ұлтты тәр­биелеу деген сөз. Қыздарымыздың жарлы болса да, арлы болғанын жақсы көрем. Ұлтына тән қасиеттерден ажырамаcа деймін. Әрбір этнос өкілінің қызы – қазақтың қызы. Сон­дықтан да олар қазақ деген әз атқа кір келтірмеуге міндетті. Себебі ол басқа этнос өкілі болса да, оның Отаны – Қазақстан. Сол үшін бізге қиын күнде құшақ ашқан, жарты нанды бөліп берген, қамқорлық танытып, жер бетінен жойылып кетпеуімізге бар жағдайды жасаған қасиетті де қас­терлі елдің атына ұят келтірмегеніміз жөн. Қызға артылған жауапкершілік салмағы ауыр. Ол ұлттың айнасы. Сол үшін қыздар ақылды, ибалы, инабатты болуы үшін үлкен буын оларға жол көрсетіп, ақыл-кеңесімізбен бөлісіп отыруымыз керек. Ұрпақ сабақтастығының нәзік жібін үзіп алмауымыз керек.

– Әйел бақыты дегенді қалай түсінесіз? Өзіңіздің анаңыз жайлы тарқатып айтып берсеңіз
– Әйелдің бар бақыты – бала. ­Отбасында аяулы жар, қоғамда ­айтары бар жан болсаңыз, онда сіз өзіңізді бақыттымын деп есептей берсеңіз ­болады. Мысалы, мен өзімді ең бақытты адам, ең бақытты әйел деп есептеймін. Менің адами тұрғыдағы бақытым – Тәуелсіз Қазақстан ­деген Отанымда тұрып жатқандығым. Біз, қазақстандықтар, өзімізді бақыт­тымыз деп айтуға құқығымыз бар. Себебі сан ғасырлар бойы елі мен жерінің азаттығы үшін күре­сіп, ұрпақ­тарына аманат етіп қалдырған қасиетті қазақ топыра­ғында тату-тәтті ғұмыр кешіп келеміз. Түркі жұртына тән Асан қайғы Желмаясына мініп жұртына жан­­нат жер іздегені жайлы аңыз баршаға белгілі. Сол жерұйық қазақ даласынан табылса, бүгін біз, Қазақстанды мекендейтін барша ұлт өкілдері осы киелі жер­дің бел баласы екендігімізді ерекше мақтанышпен айта аламыз. Отан деген – ұлы сөз. Ол, менің пікірімше, ортақ аумақпен, шекарамен, болмаса қандай да бір заң жиынтығымен ғана өлшен­бейді. Отан – рухтың бірлігі, ниет пен мақсаттың тұғыры. Қазақстан тәуелсіздігін жария еткен кезден бері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ­стан халқы форумында бұл достықтың ғасырлар бойы жинал­ған тәжіри­бесінің негізінде қалып­тас­қанын атап айтқан еді. Әлем­дегі тарихи жағдайларға ­байланыс­ты қоныс аударған өзге этнос өкіл­дерінің бірі тір­шілік жасау үшін келсе, бірі зорлық­шыл биліктің зобалаңына түсіп, жер аударылып, туған жерінен еріксіз түн қатып көшкендер. ­Дегенмен, қазақ хал­­қы олардың барлығын жатсын­бай, жамандық жасамай, тең құқылы өмір сүруіне жағдай туғызды, жоғын түгендеп, барымен бөлісті. Өткен ғасырдың ­90-шы жыл­дарын­да КСРО құрамындағы ­рес­пуб­ликалар тәуелсіздігін жарияла­ған тұста көптеген мемлекеттер бірінші ­кезекке өз ұлтының мүд­дес­ін қойды. Тәуелсіз Қазақстан алғашқы қадам­дарын мұндай өрескел әрекеттермен емес, қайта қазақ жерін мекендейтін барлық ұлттардың алаңсыз, өз мүм­кіндік­теріне сай өмір сүріп, еңбек етуіне жағдай ­жасаудан бастады. Сөйтіп, дүниежүзінде баламасы жоқ қоғам­дық институт – Қазақстан халқы ­Ассамблеясы дүниеге келді. Елімізде ұлттық мектептер ашыл­ды, театрлар өркен жайды, газет­тер шыға бастады. Еліміздің Ата Заңында қазақ жерін мекендейтін барша этнос өкілдерінің тең құқықтығы жария­ланып, бұлжыт­пастан орындалуда. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы: «Өз жерінде, өз елінде жүріп қазақтай зардап шеккен ешқандай халық жоқ» деп айтқаны есімде қалып­ты. Тарихқа көз жүгіртсек, әрісін айтпағанда, сонау азамат соғысы­нан бері қарай байларды тәркілеу, 30-шы жылдары орын алған ашар­­шылық пен қуғын-сүргін, Екінші дүниежүзілік соғыс қазақтың қан­ша­ма азаматтарының қатарын сире­тіп, басын бәйгеге тіктірді десеңізші. Мен сан ғасырлық тарихы, өзіне тән дәстүр-салты, өнері мен мәдениеті бар ұй­ғыр халқының қызымын. Өз ұлтымды сүйіп, танып, өз тілімде сөйлеймін. Алай­да қандай шаруамен айналы­сам десем де кедергі көріп отыр­ған жоқпын. Қазақтармен құқы­мыз бір­дей, жағдайымыз жақсы. Демек, біз қазақ ұлтының өркендеуі ар­қы­лы өз бақытымызды толық­қан­ды сезіне­тінімізді ойлайтын күн келді. ­Шетелде біз­дегі татулықты «қазақстандық керемет» деп қабыл­дайды. Бірақ біз жайбарақаттыққа, мардымсуға жол бермеуіміз керек. Бір нәрсе айтпас бұрын, әлдебір әрекет жасар алдында бұл қылығым ор­тақ Отанымыздың мүддесіне сай келе ме, ұлтаралық достық пен татулыққа кесірін тигізбей ме деп ойланып алғанымыз дұрыс. Бұл, ең алдымен, еліміздегі ұлт­ара­лық татулықты қалыптастыру­дағы тәжірибемізге мойынсұнған­дық деп ойлаймын. Осы орайда ұйғыр ұлтының өкілі ретінде қазақ халқына деген ізгі ниетімді ерекше айтқым келеді. Мемлекет басшысының өзі үлкен шаңырақтағы ұлттар мен ұлыстар­дың тең құқығын қамтамасыз еткені осыған дәлел. Қазақта «Үй ішінен үй тікпес болар» деген мәтел бар. Сол айт­қан­дай, баршамыз жеке «ұлттық пәтерге» бөлінуді ойламай, ортақ Отанымыздың болашағына алаң­дауға тиіспіз. Ол үшін әрқайсы­мыз­дың жүрегімізде қазақстандық патриотизм, ел мен жерге деген кір­шік­сіз сезім болуы ­керек. Ағаш тамыр­сыз болмайды. Егер ұрпақ­тар арасындағы айрандай ұйыған татулық үзілсе, онда мемлекеттің болашағы да бұлыңғыр. Бұл жерде мен ана, әже және «Ұлағат» ақ­сақал­дар кеңесінің төрайымы ретін­де аға ұрпақ өкілдерінен балаларды елжандылыққа, достық пен тату­лық­қа тәрбиелеуге, ұлт­ара­лық келісімді ана сүтімен бойға сіңіруге үндер едім.
Ал, екіншіден, мен ең бақытты анамын. Ұлымды жалғыз өзім өсір­сем де, өмірге еш өкпе артпадым. Тағ­дырдың басқа салуымен баламды жалғыз тәрбиелеуге мәжбүр болдым. Мен сол кезде бала тәрбиесінде қателесіп қалмасам екен деп қатты қорқатынмын. Әкем мен анам маған үлкен көмек берді. Әсіресе, әйел ­затын терең түсінетін марқұм анамның жасаған жақсылығын мен ешқашан да қайтара алмаспын. Ол кісі өте шымдамды, сабырлы кісі болатын. Балалықпен бір затты сындырып я болмаса бүлдіріп қойған балама ұрыссам, анам маған «Света, ертең сенің бір шетіңе шығысатын да, сені іздейтін де, артыңнан жоқтайтын да осы бала ­болады. Ұл бала тәрбие­леу, әрине, оңай емес. Бірақ сен мықтысың, ақылдысың ең әуелі өзіңді ойла. Балаға дені сау ана керек. Балаға ақылды ана керек. Сонда ертең сенің өсірген ұлың да сондай болады» деп айтатын. Ал балама барып: «Балам, анаңды ренжітпе. Ол жалғыз өзі сені асырап, бағып жүр. Оған оңай емес. Анаңды ренжітсең, сен жақсы азамат болмайсың» деп ақылын айтатын. Қараңызшы, менің анам әр нәрсеге асқан жауапкершілікпен қарайтын, шыдамды, сабырлы кісі болған. Ал біз анамдай бола алмаспыз.
Әйел бақытын өзі дүниеге алып келген перзенттерінен көреді. Неме­релі, шөберелі болып, оларды бауырыма басып, маңдайынан сүйгенде өмірдің осындай тамаша екенін терең түсініп кетемін. Ал ұлымның: «Мама, Сіз мені жалғыз өзіңіз қалай жеткізгенсіз. Сіз мықты анасыз. Сізге рақмет» деген бір ауыз сөзі маған жетеді. Ал көпшілік маған: «Светлана Зунунқызы, ұлыңызды қалай жақсы тәрбиелегенсіз. Нағыз азамат. ­Қи­налған жандарға көмектеседі, жақ­сылық жасауға асығып жүреді, өз жұмысын жақсы білетін мықты маман. Ең бірінші, ана тәрбиесін алған нағыз патриот азамат» деп ризашылықтарын білдіріп, рақметтерін айтады. Мен үшін осыдан артық құрмет, осыдан артық марапат жоқ. «Балаң жақсы болса жердің үсті, балаң жаман болса жердің асты жақсы» деп қазақ аталарымыз біліп айтып кеткен. Сол үшін әрбір ана тоғыз ай көтерген, өмірін сол балаға арнаған шақта баладан алғыс арқаласа, осының өзі үлкен бақыт. Әрбір ана әйел бақытын сезіну керек. Себебі қандай ана болсын бар бақытқа, бар жақсылыққа лайықты.

Әйелдің бар бақыты – бала. Отбасында аяулы жар, қоғамда айтары бар жан болсаңыз, онда сіз өзіңізді бақыттымын деп есептей берсеңіз болады. Мысалы, мен өзімді ең бақытты адам, ең бақытты әйел деп есептеймін. Менің адами тұрғыдағы бақытым – Тәуелсіз Қазақстан деген Отанымда тұрып жатқандығым. Біз, қазақстандықтар, өзімізді бақыт­тымыз деп айтуға құқығымыз бар. Себебі сан ғасырлар бойы елі мен жерінің азаттығы үшін күре­сіп, ұрпақ­тарына аманат етіп қалдырған қасиетті қазақ топыра­ғында тату-тәтті ғұмыр кешіп келеміз. Түркі жұртына тән Асан қайғы Желмаясына мініп жұртына жан­­нат жер іздегені жайлы аңыз баршаға белгілі. Сол жерұйық қазақ даласынан табылса, бүгін біз, Қазақстанды мекендейтін барша ұлт өкілдері осы киелі жер­дің бел баласы екендігімізді ерекше мақтанышпен айта аламыз. Отан деген – ұлы сөз. Ол, менің пікірімше, ортақ аумақпен, шекарамен, болмаса қандай да бір заң жиынтығымен ғана өлшен­бейді. Отан – рухтың бірлігі, ниет пен мақсаттың тұғыры. 

– Қазіргі қыздардың аяқ алысына көзқарасыңыз қалай?
– Қыз – жайқалған гүл. Қалай баптасаң, сондай болып өседі. Қыз­дың бойында ұят, намыс, инабат, адамгершілік, ұяңдық болуы тиіс. Қазақ ықылым заманнан қыз баласын намысым, арым, ұятым деп қадірлеген.
Қызды тәрбиелеу – ұлтты тәр­биелеу деген сөз. Қыздарымыздың жарлы ­болса да, арлы болғанын жақсы көрем. Ұлтына тән қасиеттерден ажырамаcа деймін. Әрбір этнос өкілінің қызы – қазақтың қызы. Сон­дықтан да олар қазақ деген әз атқа кір келтірмеуге міндетті. Себебі ол басқа этнос өкілі болса да, оның Отаны – Қазақстан. Сол үшін бізге қиын күнде құшақ ашқан, жарты нанды бөліп берген, қамқорлық танытып, жер бетінен жойылып кетпеуімізге бар жағдайды жасаған қасиетті де қас­терлі елдің атына ұят келтірмегеніміз жөн. Қызға артылған жауапкершілік салмағы ауыр. Ол ұлттың айнасы. Сол үшін қыздар ақылды, ибалы, инабатты болуы үшін үлкен буын оларға жол көрсетіп, ақыл-кеңесімізбен бөлісіп отыруымыз керек. Ұрпақ сабақтастығының нәзік жібін үзіп алмауымыз керек.
– Сіздің  қазақ  тіліне деген шексіз құрметіңізге тәнтіміз. Тілімізді сүю үшін бізге тағы не жетіспейді? Қазақ жастарына қандай ақыл айтар едіңіз?
– Бізде ана тілі деген бар және мемлекеттік тіл деген бар. Ана тілі бұл әрбір ұлттың тіршілігі үшін, қарым-қатынасы үшін, бір-бірін түсіну үшін, өзінің әдет-ғұрпын, салтын ұрпағымен жалғастыру үшін қажет. Ал, мемлекеттік тіл деген – бұл сол мемлекеттің, тұтас ұлттың тілі. Елбасымыз Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында: «Мемлекеттік тілді, қазақ тілін дамыту үшін барлығымыз күшімізді салып күресуіміз керек, өз мәртебесіне бірге жеткізейік» деп басып айтқан еді. Ал біздің басты кемшілігіміз – мемлекеттік тілді өз тұғырына қондыра алмай отырмыз. Ана тілі – бұл жалпы ұғым. Ал, мемлкеттік тіл – қазақ тілі. Мәшһүр Жүсіптің: «Дүниедегі ең асыл тіл – араб тілі, одан кейін түрік тілі, түрік тілінің ішіндегі гауһары – қазақ тілі» деген ­керемет қанатты сөзі бар. Шындығында, түркі тілдерінің ішіндегі ең гауһары, ең асылы – қазақ тілі. Сондықтан да қазақ тілін меңгеру, қазақша сөйлеу – бәріміздің алдымыздағы негізгі міндетіміз. Өз ­басым қазақ тілін 68 ­жасымда үйрендім. Тіл орталықтарында қазақ тілін білмейтін қазақ жастарымен бірге оқыдым. Қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқандықтан, қазақ тілін меңгерсем деп мақсат қойдым. Араға біраз жыл салғанда медресеге барып, араб тілін үйрендім. Қазіргі таңда Қасиетті Құран кітапты түпнұсқадан оқи алатындай дәрежеге жеттім. Биыл 80 жасқа толамын. Бірақ әлі де білмейтінім көп. Сол жолда тынбай еңбек етіп келемін. Мәселе адамның жасында я ұлтында емес. Егер ниет, Отанға деген махаббат болса, барлық қиындықты жеңуге ­болады. ­Жалпы адам көп дүниені білуі керек. үнемі ізденісте жүрген адамнан ғана жақсы адам шығады. Ал тілге келер болсақ, әр адам ана тіліне ­деген құрметін барлығынан биік қойса, елін, жерін сыйласа, оны өзге тілмен шұбарламауға міндетті. Ұлы Даланы ата-бабаларымыз біздей ұрпаққа білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап, аманат етті. Біз үшін жан қиды. Біз үшін барынан айырылды. Бірақ жерді өзгеге бермеді. Әлемде мүлде жойылып кеткен қаншама ел бар. Олар жайлы еш дерек те жоқ. Ал бізде ең қымбат қазына – Тәуелсіздігіміз бар. Мемлекеттің мемлекет болуы үшін тілді білу міндет. Сол үшін қазақ және басқа да этнос өкілдерінің азаматтарына қазақ тілінің мәртебесін арттыру керек деп кеңес берер едім. Біз қазаққа мәңгі қарыздармыз. Елбасы Қазақ­стан халқы Ассамблеясының сес­сия­сында тіл үш бағытты болу керек, қа­зақ тілін білу керек, орыс тілін сақтау керек, ағылшын тілі – экономи­ка­лық тіл, оны меңгеруіміз қажет деген болатын. Осыған мен қуанып, мем­ле­кеттік тіл басымдыққа ие болсын, баршамыз оны білуіміз керек деп айтқанмын. Жергілікті халықтың тілін білу сол халыққа деген сыйластығыңды, құрметіңді білдіретінін ұмытпаңыздар дегім келеді отандастарыма.


– Қазақ халқын жаныңыздай жақсы көретіндігіңізді жақсы білеміз. Қазақ еліне, оның ішінде нәзік жандарға арнаған аналық тілегіңіз бар шығар
– Әрине, тілек айтқанды жақсы көремін. Себебі жақсы сөз айту арқылы адам өзіне көп жақсылық алады. Өзгені жатсынбай бауырына басқан, өзінде болмаса да өзгені ойлап тұратын ­ерекше халықты айту керек болса мен ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫ ҚАЗАҚ ЕЛІН айтар едім. Біздің жеріміз байтақ. Сол жердің сәні – ел. Еліміз аман болсын деп тілеймін. Бәріміздің бір ғана тілегіміз – тыныштық. Тыныштық болған елде ғана татулық, бірлік, ­береке орнайтыны анық. Ал сол елдің бар байлығы – ХАЛЫҚ. Ал халықтың тілекшісі – АНА! Жаратқаннан Ананы баламен, баланы анамен сынамаса деп тілеймін. Қазақтай елдің болашағы жарқын болуы керек. Себебі олардың тілеуі, ниеті, жүрегі таза.
Әйел – әлемнің ажырамас бөлігі. Әйел – адамзаттың анасы. Әйел – тір­шіліктің бастау бұлағы. Әйел – отбасының өзегі. Әйел – шаңырақтың шамшырағы. Әйел – сұлулықтың символы. Әйел – әдеміліктің асыл тәжі. Әйел – нәзіктіктің хас үлгісі. Әйел – Алланың ұлы аманаты. Бұл тізімді жалғастыра берсек, сөз жетпейтіні анық. Әлем әйел арқылы әдемі. Сондық­тан өмірге нәр беріп жүрген әрбір нәзік жанға әйел бақытын, ана бақытын тілеймін.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Еңілік Сағындықова

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.