Шенеуніктер ұлтқа ұлтарақ болып жүр ме?

Сәбит ДОСАНОВ,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

Арғымаққа міндім деп,
Артқы топтан адаспа!
Асан қайғы

«Өмір – өте күрделі. Оның күнгейімен бірге көлеңкесі, тәттісімен бірге ­ащысы да бар. Ащының дәмін татпаған тәттінің бағасын білмейді.
Бірде бал, бірде у беріп өтеді өмір.
Бақты да, қайғыны да көтере біл» депті Фирдоуси. Тарихтың ­дауылдары мен жауындарында тапқанынан жоғалтқаны көп қайран қазақ тәтті мен ащының дәмін тата жүріп, ғасырлар бойы аңсаған арманы – Тәуелсіздікке қолы жеткен отыз жылда бір ғасырға жүк болар игі істерді жүзеге асырып, ТМД елдерінің көшбасшысына айналды. Бұның терең сырын:
– Ырыс қайда барасың?
– Ынтымаққа!
– Бақыт қайда барасың?
– Бірлікке! – дейтін атадан қалған асыл сөзді ту етіп ұстаған Ел мен Елбасының даналығы мен даралығынан табамыз. Иә, дала данышпандары айтқандай:
«Өсер елдің арманы көп,
Өшер елдің жанжалы көп».

Елбасы біреу, қалғанымыз тіреу бола жүріп алған асуларымыз қаншалық көп болса, алда шығар шыңымыз одан да көп. Еліміз қол жеткен табыстарға өзгелермен бірге халық шенеунік деп атайтын мемлекеттік қызметкерлер де лайықты үлес қосып келеді. Осы тұста шенеунік сөзі кейде жағымсыз мағынада айтылып, қолданылып қалатынын, оның түбірінен қате екенін қадап айтқы­мыз келеді. Жақсы мағынасындағы шенеунік – ол халықшыл, мемлекет­шіл, адал, рухы биік, ұлтжанды, іскер, кішіпейіл, ақылман, қарымды қайраткер. Дүниежүзі қазақтарының ІІІ Құрылтайында сөйлеген сөзінде Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ­былай деп атап айтты: « … біз атқарушы билік жүйесін де реформалауды ой­дағыдай жүзеге асырдық. Республика экономикасы мен халық санының ерекшеліктерін ескере отырып, кәсіби үкімет жасақтап, жаңаша жергілікті басқару жүйесін құрдық. Мұның бәрі бізге басталған реформаларды бюрократиялық кедергілерсіз алға апаруға мол мүмкіндіктер туғызды». Мемлекет басшысы айтқан «Кәсіби үкімет пен жергілікті басқару жүйесінде мемлекетшіл, рухы биік ұлтжанды, іскер, халықшыл шенеуніктер аз емес. Олардың қызметін қадағалап, жөн-жоба нұсқап отыратын мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік бар. Мемлекеттік қызметшілердің ар-намыс кодексі қабылданған. Олар арнайы аттестациядан өтіп тұрады. Мемлекет қызметшілерінің бос орнына ашық конкурс жарияланып жүр. Мұның бәріне көңіл толады. Дей тұрсақ та, жақсылығымызды айтумен бірге кемшілігімізді де көріп, дос ниетпен айту – жанашырлықтың бір белгісі, азаматтық парызымыз. Осы орайда ойласар жайлар аз емес.
Жасырып, жабатын не бар, бізде қызмет этикасы үнемі сақтала бермейді. Атқа мінсе атасын танымайтын қазақ емеспіз бе, «Арғымаққа міндім деп, артқы топтан ­адасып жүр­гендер» де кездеседі. Оны әкім-қара­лардың алды мойындап та жүр. Мәселен, Алматы қаласы мен облысын біраз жыл басқарған көрнекті қайраткер, марқұм ­Заманбек Нұрқаділов «Жас Алаш» газетіне берген бір сұхбатында «Әкім болған кезімде көзімді шел басты» деп ашық мойындаған. Өз кемшілігін көре білу – көрегендік, мойындау – ерлік. Бірақ қайраткердің бәрі Нұрқаділов емес, өз қатесін іштей сезінгенмен, сырт­қа сыр шашпай жүре беретіндер де бар.
Кішіпейілділіктен асқан кісілік, қайырымдылықтан асқан қасиет жоқ. Қарапайымдылық ханға да жарасады. Халық соқыр емес, бәрін көріп отыр, біздің елімізде тұрмысы нашар бірде-бір билік иесі жоқ. Әртүрлі дәрежедегі билік иелерінің бәрі де жақсы тұрады, шетелдік көліктермен жүреді, олардың өзін қойып, отбасы да. Жақсы тұрсын, шетелдік көлікті де мінсін. Байдың асын қызғанатын байғұс біз емес. Ал сол кейбіреулердің аста-төк байлығы қай атасынын мұраға қалыпты, қай ең­бегімен келіпті?! Тіпті билік ­ба­сындағылар мен байларды былай қойып, финполицияның қатардағы қызметкерлерінің бәрі болмаса да біразының котедждері мен шетелдік қымбат көліктері бар. Оған олардың айлығы жетпейді. Олардың атында коммерциялық құрылымдар да жоқ. Сонда айлығы шайлығына жетпейтіндерге сонша байлық қайдан келді? Осы тұста айтар нақты бір ұсыныс мынау: Мемлекеттік қызметкер жыл сайын салық органдарына жылжымайтын мүліктері, тапқан табыстары жайлы арнайы декларация тапсыруы қажет. Сол ­декларация нақты, пәрменді болу үшін ол БАҚ-та жариялануы керек.
Мен ХХ ғасырдағы аса көрнекті мемлекет қайраткерлері Д.А.Қонаев, Б.Ә.Әшімов, Е.М.Асанбаев, Е.Н.Әуел­беков сынды ақылмандармен жақын қарым-қатынаста болдым. Олардың үйінде болып, дастарқанынан дәм де таттым. Сонда көргенім мен көңілге түйгенім, олар мейлінше қарапайым тұрады екен. Осынау тұлғасы биік тұлғалар халыққа қалтқысыз қызмет ете жүріп, өздерінің тұрмысы жайлы ойламаса да керек. Бүгінгі шенеуніктер сол кісілерден үйреніп, үлгі алу керек. Димекең Саяси Бюроның мүшесі болып тұрғанда да халық ол кісімен қалалық телефон арқылы да хабарласа алатын. Жұмысы бастан асып жатса да елмен байланысын үзген жоқ, қолы қалт еткенде есігі үлкенге де, кішіге де ашық болды. Өз басым Димекеңмен талай мәрте қалалық телефон арқылы сөйлесіп, талай рет қабылдауында да болдым. Ал, бүгін ше?
Бүгінде:
«Қиын-қыстау заманда осы күнде,
Азаматтың түспейді ісі кімге?» деп Қадыр ақын айтқандай, кейде халықтың қамы, ел шаруасымен, ара-тұра өз шаруамызбен де сирек те болса билік иелеріне баратынымыз бар. Сонда еңбегім, атағым бар менің өзім қырық түрлі кедергіге кездесем. Алдымен хатшы қыз, ­сосын көмекші біраз тергейді. Онан кейін де сан рет телефон шаласың. Сонда да сені жалғай қоймайды. «Сұңқар» атты үкіметтік байланыс бар. Ол халықта жоқ. Қалта ­телефоны бар, онысы өшіп тұрады. Өліп-талып алдына жеткен шенеунік сені ұқса жақсы, ұқпаса ұнжырғаң түсіп, үйге қайтасың. Мұнан соң мұңыңды кімге айтасың? Есімі мен еңбегін ел білетін азаматтардың жағдайы осылай болғанда, бір анықтама алу үшін кемі он есікте ­кезекте тұратын қарапайым халықтың көрген күні тіптен қараң. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де, мен бір облыс әкіміне бір жыл бойы телефон шалып, сөйлесе алмадым…
Кейбір халық депутаттар мен басшылардың қызыл сөз бен құрғақ уәдеге үйірлігі де мемлекеттік қыз­меткердің беделіне нұқсан келтіріп жүр. Орындалмайтын уәде беріп, сөзбұйдаға салғаннан гөрі ащы да ­болса ашығын айтқан жөн-ау. ­Француз ғалымы Пьер Буаст айтқандай: «Лживые обещания раздражают больше, чем откровенные отказы».
Құқық қорғау орындарының шор­тандарға шамасы келмей, шабақтарды аулауы да мемлекеттік қызметкердің беделіне көлеңке түсіреді, ­кейде тіпті күлкілі жайларға апарады. Бір ғана ­мысал. Бір шаруа кісі бір қойын сойып, Астанаға келе жетса «тиісті қағазың жоқ» дегесін екі жүз теңге ұсынған ғой, полицейге. Соны «пара берді» деп, жерден жеті қоян тапқандай көгілдір экран арқылы жарты әлемге жар ­салып айтты. Студенттен азын-аулақ тиын-тебен алған оқытушы жайлы да БАҚ-та ­айтылды. Ол да дұрыс шығар. Әйтсе де, орыс әдебиетшісі Эдуард Севрус: «За мелкие преступления можно попасть в тюрьму, за великие – войти в историюдың» кері емес пе бұл?! Түйені түгімен, вагонды жүгімен жұтып жатқандар жайлы құқық қорғау орындар көбіне неге үнсіз қала береді? «Дүниеге құмарлық жеңген кезде адамға деген сүйіспеншілік жерленеді» (Салюский). Мұны да ұмытпайық, ағайын.
«Ел – әкімнің ажары,
Әкім – елдің базары.
Аз бенен көп теңелер,
Әкімнің болса қажары» депті Кердері Әубәкір. Осындай аталы сөзді мұрат етудің орнына, «өз командамды жасақтаймын» дейтін сылтаумен кадр­ларды оңды-солды ауыстыра беру де мемлекеттік қызметкердің ­абыройын аспандатпаса керек. Біздіңше, өз ­командасын жасақтауға Президент пен Премьер-Министрдің ғана құқы бар. Ол өзгелерге жараса бермейді. Жарасады десек те, шектен шықпау керек. Ал бізде шектен шығып кету фактілері де бар. Бір ғана мысал, ана бір жылы үш жылдың ішінде облыс әкімінің 4 орынбасары, 39 басқарма, департамент, бөлімше бастығы, 11 аудан, қала әкімі, т.б. жұмыстан ­босатылыпты. Осыншама ауыс-түйіс қаншалықты қажет болды екен?
Рас, Фазил Искандер айтқандай: «Власть – это такой стол, из-за ­которого никто добровольно не встает» десек те, биік билік иелері ­Фридрих Прускийдің : «…Не страна ­должна жить для принца, а принц – для ­страны» деген ұлағатты сөзін ұмытпағаны абзал.
Мемлекеттік қызметке келген бетте кейбір басшылар жеке басының мүддесін көздеп, халықтың жағдайын ысырып қояды. Тіптен, кейбір лауазымын отбасымен бірге пайдаланып, асыра сілтеп жүрген жайлары да бар. Ал заң баптары олар үшін аса маңызды да емес пе деп қаласың. Облыс, қала әкімдері жолсапарға шыққанда құдды бір президент келгендей шулатып, жол көліктерін тоқтатып, адамдарды уақыттан қағады. Ал Еуропа мемлекеттерінде мұндай жағдайға жол жоқ. Мемлекеттегі қызметшілердің көпшілігі халық билікке емес, биліктің халыққа қызмет ететіндігін шатыстырып жүрген жайы бар. Меніңше, билік басындағылар ұлтқа ұлтарақ бола білуі керек?! Әрі билік басына келген азамат басқарудың төменгі сатысының барлығында еңбек етіп, үлкен мектептен өткеннен кейін ғана жоғары басшылыққа ұсынылғаны абзал. Сондай-ақ мемлекеттік қыз­меткерлердің бизнеспен айналысуына тыйым салынғаны жөн. Ол бизнеспен айналысса, қызметті кім атқарады? Соңғы кездері мемлекеттік қызметкерлердің ішінде докторлар мен профессорлар да көбейіп кеткендігі жасырын емес. Егер ол ғылыммен айналысар болса, онда мемлекеттік қызметте несі бар? Ол, ол ма?! Субұрқақ салғаны, арка орнатқаны, паркті кеңейткені үшін Мемлекеттік сыйлық алған биік билік иелері де бар. Айта берсек, бүгінгі күнде мемлекеттік қызметкерлер тарапынан асыра сілтеп жатқан кей жағдайларды ешкім жоққа шығара алмас дер едім. Қызметті жеке ­басына пайдаланғаннан гөрі бюджеттің ­жайын ойлаған жөн.
Деректер бойынша, шенеуніктер тарапынан биылғы жылы мемлекетке миллиардтаған теңге зиян келтіріп, жауапқа тартылып жатқандар да, тіпті түрмеге тоғытылғандар да бар. Айта берсек, тізім жалғаса береді. Тағы бір тілге тиек етер мәселе, бізде шенеунік көп. Екі жүз алпыс млн тұрғыны бар АҚШ-тың өзінде он төрт министрлік болса, алпыс млн тұрғын бар ­Англияда жиырма үш министрлік бар. Ал жүз жиырма бес млн халқы бар ­Жапонияда сегіз ғана министрлік жұмыс істейді. Тағы бір қынжылтатыны, біздің шенеуніктердің жиналыстан қолдары тимейді. «Күлтөбенің басында күнде жиын» өткізсек, жұмысты кімдер істейтінін мен түсінбеймін.
Осылайша, мемлекеттік қыз­мет­­кер­лер жайындағы көңіл көн­шітпейтін жайттар тізбектеле тілге орала береді. Билікке келген адам қашанда халықтың, басқарып отырған аймағының жағдайын көздеуі тиіс емес пе? Елбасы мен Президент мемлекеттік саясатты іске асыруға байланысты нақты тапсырмалар бергенімен, ол жергілікті жерлерде үнемі орындала бермейді.
Осы тұста Ататүріктің «Менің күш-қуатым халықтың маған көрсеткен сенімінен құралады» деген сөзі есіме түсіп отыр. Оның ел басқарудағы ­басты құпиясы осы еді.
Тургенев « Россия может жить без нас, но мы не можем жить без ­России» десе, ақын Рафаэль Альберти «Мой народ и я одно и то же» деген екен. Міне, осындай ізгі тілектер ел басқарып отырған әр басшының көкірегінде жүрсе, қоғамымызда орын алып отырған бюрократтық тәсілдерге жол болмас еді. Кезінде, Дінмұхамед Қонаевтың тұсында ­басшы қабылдауына телефон шалып, ешқандай кедергісіз-ақ кіре беруші едік, бүгінде кейбір шенеуніктер ­демократия құндылықтарын бюро­кратиялық әдістермен алмастырып алған сыңайлы. Министрдің де, комитет төрағасының да қабыл­дауына кіру үшін ғана емес, тіпті телефонмен тілдесу үшін де үлкен «Қытай қорғанынан» өтуге тура келеді. Жақында БАҚ-та министрдің қабылдауында болу үшін бір аза­маттың 5 мың доллар пара бергені жайлы жазылды. Сұмдық қой! Бұдан асқан масқара бола ма?
Шенеуніктерге қатысты айта кететін бір жайт, қолына билік тиген кейбір азаматтардың қарапайым­дылық, адамгершілік деген қасиет­терден адасып қалатындығы. Бұл дерт олардың туған-туыстарын да жайлай бастайды. Осы тұста мына бір жағдай есіме оралып тұр. Нигерияның премьер-министрі Адесейе ­Огунлеве ұялы телефонын барша халыққа ­жария еткен екен. Әркім өзін толған­дырған күрделі мәселелерді айтып телефон шалып тұратын болса ­керек. Ал Дж.Буштың қызы Барбара ­болса әкесінің дәулетіне арқа сүйемей, Африканың бір елінде «Қызыл ай» бағдарламасы бойынша жұмыс істейді. Ал Тайландтың басшысының он жеті жасар қызы мейрамханалардың бірінде қара жұмыс істейтін көрінеді. Бізде бәрі керісінше, жоғары оқу орындарына бара қалсаңыз, еңбегі сіңген небір профессорлардан гөрі студенттердің мінетін көлігі көп. Мұнымен қоса, кейбір шенеуніктердің балалары қымбат шетел көліктеріне мініп алып, көшелерде жарыс ұйымдастырып жүретінін қайтерсіз?! Бұл айтылғандардан Қазақстандағы биліктің биік баспалдағында жүр­гендердің бәрі жағымсыз тұлға ­деген ой тумауы керек! Олардың арасында елге етене жақын, кісілігіне кішілігі сай, іскер тұлғалар аз емес. Мемлекеттік хатшы болған Гүлшара Әбдіқалықова, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Конс­титуциялық Кеңес төрағасы Қайрат Мәми, Жамбыл облысының әкімі Асқар ­Мырзахметов, Қостанай облыстық мәслихатының хатшысы Сайлаубек Есжанов, ректорлар Ғалымқайыр Мұтанов, Тілектес Есполов, Тахир Балықбаев, Арқалық қаласының әкімі Қайрат Әбішев, министрлер Нұрлан Ноғаев, Бейбіт Атамқұлов, Дәурен Абаев, т.б. халықшыл, мемлекетшіл, ұлтшыл тұлғалар бар.
Адамды қайғыдан басқа үш ­жағ­дайда сынауға болады. Бірінші, бақ қонып, екіншісі, атақ пен даңққа бө­ленгенде, үшіншісі, байлыққа ­кенелгенде. Қазақ халқын Абайдан қатты сынаған ешкім болмаған шығар, сірә. Қазір сын айта қалсаң басшылар кекшіл болып алады. Сынның ­сирек айтылатындығы да содан болса ­керек. Ғабит Мүсірепов «Туған елімді, туған жерімді жамандай алмаймын, бірақ жаным ашыған соң ашынған сөз түседі ауызға» деп айтып кетсе, Ғабиден Мұстафин «Елді алдаймын дейтіндер түбі өзі алданады» деген екен. Осындай аталы сөз қалдырған ата-бабадан тек халқының жағдайын ойлайтын адал азаматтар көбейсе ­абзал болар еді. Халық – Құдай тектес құдірет. Халықтан қол үзген басшы, арғымаққа мінсе де адасады.
Ертеден жеткен ескі тәмсіл ­айтады: Кезінде тату-тәтті тұрған арманы көп бір отбасы байыған шақта жан-жалы көп шаңыраққа айналып шыға келіпті. Не болғанын ұға алмаған отағасы ақылы асқан абызға келіп, мұңын шағыпты. Сонда сол ақылман әлгі отағасыны терезе алдына алып келіп:
– Қарашы, не көріп тұрсың? – депті.
– Бұлтсыз ашық аспанды көріп тұрмын, – депті отағасы. «Енді мұнда қара» деп, айнаның алдына алып келіпті.
– Енді не көріп тұрсың?
– Өзімді көріп тұрмын.
– Терезеге қараған өмірді, айнаға қара­ған өзін ғана көреді, – депті абыз. – Терезенің де, айнаның да тегі – шыны. Айырмашылығы, айнаның сырты күміспен күптелген. ­Соданда одан өзіңнен бөтен ештеңе көре алмайсың.
Күміспен күптеліп, алтынмен апталған кейбір басшылар мен байлар өзін ғана емес, өмірді де көрсе, халыққа қол ұшын созып қараса, өзгелерге ғана емес, өзіне де пайда емес пе? «Адамның жақсысы өзгелерге пайдасы тигені» депті адамзаттың асыл тәжді ақырғы Пайғамбары Мұхаммед. Кішіліктен асқан кісілік, қайырымдылықтан асқан қасиет жоқ. Мемлекеттік қызметкерді көркейтетін де осы қасиет. Қарапайымдылық ханға да жарасады. Аспандағы Ай мен Күндей айналаңа үнсіз сәуле шашып тұрғаннан артық бақыт жоқ.
Аман болайық.

АЛМАТЫ

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.