Дінмұхамед Қонаев: «МЕН ХАЛҚЫМА ҚЫЗМЕТ ЕТТІМ…»

– Қазақ тарихындағы қайғылы, қаралы кезеңдердің бірі – 1932 жылы Сіз 20 жастағы жігіт екенсіз. Осынау халық басындағы ауыртпалық және Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, ­Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Құдайберген Жұбанов сияқты арыс­тарды отаған 1937 жыл туралы көзбен көрген куә ретінде не айтар едіңіз?
– Ол кезеңдерде халыққа жасалған қиянат, зұлматтарды бір ауыз сөзбен айта қою қиын болар. Жас та болсақ талай жайдың куәсі болдық қой ол кездерде. Мен Тұрардың үлкен азаматтық істері туралы сол кезде де біраз естігенмін. Ол 50-ші жылдардың ортасында ақталды ғой. Сол секілді қиянатқа ұшыраған талай азаматтар кейіннен ақталып жатты, әйткенмен талайлардың атын атау беріге дейін қиын болып келді. Ол сондай кезең еді, уақыт қиын болатын. Әйтеуір кеш те болса тіл ғылымы саласында болсын, әдебиет, жалпы ұлтымыздың келешегі үшін талай еңбектер тындырған ­Ахмет, Мағжан секілді азаматтардың қатарымызға қайтып оралғанына шүкіршілік. Мұндай жандардың есімдерін халықтан жасырып, мәңгілік түнекте ұстау мүмкін де емес қой және олай ету тарихқа жасалған үлкен қиянат болар еді.
– 50-ші жылдардан бергі уақыт – қазақ мектептері, балабақшалары жаппай жабылған уақыт. Деректерге сөз берсек, 1957-67 жылдар аралығында үлкенді-кішілі 900-дей қазақ мектебі, 1967-84 жылдар аралығында 631 қазақ орта мектебі жабылыпты. Рас, кейінгі кездері ұлттық білім ұялары көптеп ашылып жатыр. Бірақ тек 1957 жылғы деңгейімізге қайта жету үшін бізге жаңадан 468 орта мектеп ашу керек екен. Енді осынау ана тіліміздің аясы Арал теңізіндей тартылып бара жатқан кезде Дінмұхамед Ахметұлы қайда ­болды ­демей ме халық?
– Кейде тек құрғақ санға жүгін­ген­нен гөрі оның астарына да үңілу қажет болар. Қазақ мектептерінің, балабақшаларының орынсыз ­жабылу фактілері кейбір облыстарда болған да шығар, бір кезде уақыт та соны талап етті ғой. Бірақ сол тұстағы ­республика басшылығы ұлттық тәлім-тәрбие ошақтарын қысқарту саясатын ұстанбағаны белгілі. Мәселе мектептердің санында емес, онда оқитын балалардың мөлшерінде. Қазақ мектептерінің көбі бұрынырақта салынған, ескі, құлағалы тұрған тоқал тамдарда болды. Оларда әдетте елу-алпыс қаралы бала ғана оқыды. Міне, осындай мектептер де ол кезде өте көп болды. 60-70 жылдары жаңа үлгідегі мектептер көптеп салынып, шағын мектептердің оқушылары соларға ауыстырылды. Көбінше осындай ­себеппен мектеп саны азайғанымен, оларда оқитын балалар саны артты. Бұл сұраққа менің айтарым – осы.
– Сізді қазақтың тарихын, ­әде­биетін жақсы біледі деген пікір бар. Ең жақсы көретін ақын-жазу­шы­ларыңыз кімдер? Үнемі үстел үстінен түспейтін кітабыңызды атаңызшы.
– Әдебиетті көп оқитыным рас. Жақсы көркем шығарма оқығанда адамның жан сарайы кеңіп сала береді. Ал жақсы көретін ақын-жазушыларыңыз дегенде, не айтуға болады? Бізде жаман әдет бар ғой, «Мынаның шығармасы ұнайды» десең, «Пәленше түгеншенің ­туысы, құдасы болғандықтан да» деп сырғақтата ­салатын. Бірақ қалай ­дегенде де ­адалын айту керек. Өз басым Әуезовтің, Мүсіреповтің, Мұстафиннің, Мұқановтың, ­Нұр­пейісовтің, Олжастың шығар­ма­ларын ұнатамын. Маған бұлталаңы мол тарихымызды көркем сөзбен кестелеп кеткен Есенберлиннің тарихи романдары қатты ұнайды. Оның архивке кіріп, материал жинауына кезінде талай рет қол ұшын бердім де. Ол маған жиі келіп тұратын. Олжастың атышулы «Аз и Я»-сының жарыққа шығуына көмектестім. Ол – менің ұғымымда ірі қайраткер ақын.
– Өкінішіңіз?
– Алда Қазақстанның 70 жылдық торқалы тойы келе жатыр. Соның 42 жылында республика басшылығында болыппын. 25 жыл бірінші хатшы болдым, 7 жыл үкімет басшысы, 10 жыл орынбасары болдым, 3 жыл Ғылым академиясының президенттігін атқардым. Балқаш пен Риддердегі жылдарды санамағанда, бұлардың өзі 45 жыл екен. Халқыма еңбегім сіңбеді демеймін, хал-қадірімше партия мен үкіметтің тапсырмаларын адал орындадым. Адам болған соң сүйініш-күйінішсіз бола ма?! Ендігі тілерім – халқымыздың тұрмыс-тіршілігін көтеру жолында алға қойылып отырған мәселелер көп, солардың оң шешім табуына тілектеспін.
– Республиканың болашағы – ­жас­тар. Олардың қандай болғанын қалай­сыз?
– Жастарымыз жан-жақты білімді, саналы болса екен деймін. Үлкенді үлкен, кішіні кіші деп сыйлай білулері керек. Былық-шылықтан бойларын аулақ ұстағандары жөн. Олардың жақсы азамат болып өсулеріне тілек қосамын.
– «Ана тілі» газетінің мыңдаған оқырмандарының қатарында Өзіңізді де бар деп есептесек, қателеспейміз бе?
– «Ана тілін» үзбей оқып тұра­мын. Маған алған бағыттарыңыз, діттеген мақсаттарыңыз ұнайды. Бір өкініштісі – кезінде жазылмаппын. Бірақ қалай болғанда да алда үзбей оқып отыруға тырысамын. Жұмыстарыңыз сәтті болсын!

Әңгімелескен
Бақыт Сарбалаев,
Бақтияр Тайжанов
«Ана тілінің» арнаулы тілшілері

Шілденің 19-ы, бейсенбі,
1990, жылқы жылы

Ескерту:
Сұхбат ықшамдалып берілді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.