БҰЛ ЗИЯЛЫ – ҚАЙ ЗИЯЛЫ?

ҚАЗАҚ ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯСЫ БАР МА ӨЗІ?

Ұлт басылымы – «Ана тілі» газетінің тарихында классик жазушы, көрнекті публицист Марат Қабанбайдың алатын орны алабөтен. Көсемсөз көшіне ілескен жас буынды журналис­тика ұстаханасында шыңдап, әбден пісіріп барып ақпарат айдынына қосқан қаламгер еңбегі қандай құрметке де лайық. Марат Қабанбайдың сол кезеңде жазған публицистикалық өткір дүниелері мен бетпердесі ашылған қоғам шындығы газет абыройын арттырғаны өз алдына, күні бүгінге дейін миымызда малдас құрып отыр…

«Ана тілі» газетінің 1990 жылдардағы қызметкерлерінің лездемесі.
«Ана тілі» газетінің 1990 жылдардағы қызметкерлерінің лездемесі.

Ежелгі Эллада кентавр Хирон туралы әйгілі мифінде зейін иесі – адам, қарын иесі – жануарды пенде басты, жылқы денелі кентаврға шебер біріктіріп, саналы тіршіліктің кішкене ғана модель, макетін жасап беріп кетті. Яғни әлгі миф кез келген ұлттың басқару пультінде оның зейіні адамның жұдырықтай миы дегенді меңзесе, қалған ұзын сұлбаны қарын, ішіп-жем жағына қия салған ғой. Арғы-бергі заманда мұны мойындамаған ешкім жоқ. Қылышынан қан тамған ­патша Ресей де аристократ иә зиялымен санасуға мәжбүр болған. Санас­паса, ­мойындамаса, империяның түбіне ылғи да су құйып отырған ­Гоголь, ­Достоевский, Чехов, Толстой, тіпті «төңкерістің ­дауылпазы» Горькийдің шығармаларын қайта-қайта жариялауға көнбес еді. Қызық болғанда, олардың бас цензоры Салтыков-­Шедрин сол су құюшылардың нақ жуан ­ортасында болған. Бұлдыр-бұлдыр аңыз, ертегі дүниесі «Аяз биді» алдымызға тартады. Білге қағаныңыз Тоныкөктей дана, білгірді тыңдаған, орта ғасырда ақиық ақын-жыраулар халық тағдырын шешетін кей тұстарда ханнан жоғары тұрған. Абылай – Бұқар жырау ­арасы бәрімізге белгілі, Баймағамбет сұлтанды сөзбен былшылдатып бетке ұрған ­Махамбет сол елім деп еңіреген, оқу-тоқу емес, табиғат-шебер ­жарата салған ­«зиялы». Ендеше, зиялы дегеніміз білімді ғана емес, халық қамын ­жеген, бойындағы барын соған сарқа жұмсаған алғадай екен. Қазақ зиялыны ­осылай ұғады. Кеңестік система да ой өкілдерін «өзінше төбесіне көтерген». Тым тереңдерін, әлеми-қазақы мәдени үлгілеріне сүйенген алашорда өкілдерін атып, асып, қуып тастады да, икемге көнгеннің алдына ас, екі қолын бос қойды. Жалаң социализм казармасының есігін аңқайтып ашып, өз сөзін сөйлеттірді; сөйтіп, жердің астындағыны білемін деп жүрген «мықтыларды» көп ұзамай-ақ кеңестік ырдуан арбаға жегіп, итпектетіп қойды.
Оның үстіне алып дала, арғымақ ат пен алкеуде аңқаулыққа, сал-серілікке негізделген рухани дүниемізді XX ғасыр өркениеті жанын шығарып тұрып жаншыды. Және бұл темір-терсек заманға біз ел соңы боп іліктік. Шығыстың жеті жұлдызына Абай сегізінші болып қосылғаны осы, міне. Ал, Еуропадан сусындаған Шоқан, топырағымыз табанынан тартып тұрса да, біздің мәдениеттің сол кездегі қисындарына, шынын айту керек, қиғаштау ерекше тұлға. Біз мадақтайтын бес арыс пен алыптар тас қайната бастағанда, өзге елдердің сол деңгейдегі марқасқалары бұл кезде көрде-тін. Қалғанымыз кеңестік қара нанға мелдектеп тойғанға мәз болып, соның тоғымен, буымен өз-өзімізді, неге екені белгісіз, зиялы екеміз дедік. Әлі де болса біразымыз сол астам да «асқақ» ойдамыз. Бұ да болса – кәрия тарихтың казақты қытықтап ойнаған зілді әзілдерінің бірі.
Осы мең-зең мастықтан ұлтымыз әлі де айықпай, беліміз шойырылып, жатқан жерімізден үйелеп тұра алмай жатырмыз. Кеңес тұсында мұны: «Іс бітті, мәдениетіміз әлем деңгейіне жетті, енді ішіс, жес керек» деп түсіндірдік. Он шақты жыл бұрын шаң берген жаңа заман бізге, керісінше, «Түйе теуіп, ішің кеуіп, жолда жатырсың!» деп анық айтты. Және, сорымызға қарай, ­онысы рас та.
Әңгіменің басы ашық болу үшін, әуелі зиялы (интеллигент) деген не, соны анықтап алайық. «Казахстанская правда» газетінде (I.IX.94.) жүз жасағыр Шұға Нұрпейісова қарындасымыз «Лағнет» («Анафема») атты мақаласында; «Аристократия – қасиетті ұлағаттар мен ­идеалдарды сақтаушы. Ал, интеллигенция болса, қарапайым адамның көзқарасы, талғамы және пікірінің жарқын болашақ үшін күресіндегі қара-тобыр иеленіп кеткен үні» депті. Бұдан артық айту қиын. Ендігі сөз – сол қара тобырдан сәл қара үзіп, өз ортасына, әлемге сауатты көзбен қарай бастаған білімді топ туралы. Өйткені XXI ғасырдағы қазақ аристократиясын қалыптастыратын осы бүгінгі зиялы.
Біз ең жаман деген ­болжамдарымыз қолма-қол расқа айналып жатқан қысыр да қыңыр уақта өмір сүріп жатқан халықпыз. Ең сорақысы – кеңес тұсында системаның сценарийімен алдымен ұлтымыз, қалды ­зиялымыз бұл дүниеде басы қосылуы екіталай екі топқа дай-дай бөлініп кетіппіз. Енді бұл екі қазақ сыңсып, баяғы қазақ пен ноғай қоштасқандағы «Ел айырылысқанданы» қайталап ­айтуы ғана қалды. Бір шаңырақ астында екі жерден от жағып, қазан асып, бір-бірін менсінбей, тоң-торыс теріс қарап, жауласуға шақ қалған, сөз тыңдаудан қалған бұл марқасқалар. Сырттан не үйреншікті ақылгөй Ресей ағайды, не өзбек, қырғыз бауырды арашаға шақыруға жуықпыз. Сөйтіп, ұлтқа бас болатын, жөн сілтейтін мынау қысылтаяң тұста екі тілде сөйлейтін қазақ зиялылары бір-біріне қас…
Алғашқы топқа қала қазақтарының орысша оқып, жегілген қандастарымыз жатады. Әлем, орыс мәдениеті десе, бізді шеніне келтірмейді. Әттең, табаны топырақ иіскеп, балтырын құс басып көрмеген бұл жүйріктер дәстүрлі қазақ өмірі ­дегенде екі аттап, бір сүрінгіш. Алыстағы ­Америка; «Әй, осы қазақ тілі түбінде бір керек ­болар» деп шұғыл үйреніп жатса, бұлар менсінбейді. Өйткені олар күні кешеге дейін тұғыры кеңестік идеология болып табылатын славяндық кеңістікте еркін қалықтап, биік ұшамыз деген мутант, шата, будан ұрпақ. Дұрысы, империялық саясаттың құлы. Оны өздері білмейді. Кеңес құл болды да, оның орнына қазақы ағаш табақ, керлен кесе аяқастынан дөңгелеп келе қалды. Шанышқы, пышақ, салфеткаға үйреніп қалған олар әлгі табақ құрғырға білек сыбанып, бес саусақты еркін ­салып жіберуге жоқ – жиренеді. Өмірге өкпелегеннің орнына бізге ренжулі. Біздің бүгінгі топалаң өмірге ынты-шынтымен кірісіп кетейін десе, қазақы дүниені екінші, үшінші сорт деп ұғатын эго желкеден тартып жібермейді. Өз-өздерін қайта жасауға кеш. Ондай қоршауды бұзып-жарып шыға бастағандары әзірше аз. Онда да жер жүзі даналығы шығыста басталғанын, «өз жерінде ұлтан бол» дегенді ұға бастағандары ғана.
Біз ол бауырларымыздың бәріне күйе жағудан аулақпыз. Гуманитария, оқыту-тоқыту төңірегіндегілері бұл күнде ауыр ой үстінде. Жас ұрпақты оқыту үшін ең алдымен өздері қазақ аясында қайтадан оқып-тоқуы керек екен. Жатқан бір бейнет, мол михнат.
Орыс тілінің сойылын ары қарай соға беруге ұяты барларының намыстары жібермейді. Сонымен, күнделікті қызмет, пәтер деген шағын ғана жылы ұяларында бұғып-бұғып отыр. Яғни апатия, әрекет­сіздік, үнсіз жиырылу… Оның үстіне ­оларды қазақ тілінен «қамал» жасап алған төл шикілі-пісілі зиялысымақтарымыздың ожарлығы мен қодарлығы қатты шошытады. Сонау Геродот, Страбон айтып кеткен апалас-төпелес, каннибалдық «далалық күрестерімізді» көргенде төбе шаштары тік тұрып, ұйқыларынан шошып оянады. Әйткенмен, қазақ тілді мансапқор мен надандарды жек көреміз деп, оның арғы жағындағы бүкіл халықты тәрк етіп отыр. Ұлттың мынау тар жол, тайғақ кешуі тұсында үнсіз қалу – оған қарсы күресудің бір тәсілі.
Орыс тіліне мемлекеттік мәртебе беру үшін жанын жалдап жүргендері – номенклатураға іліккендері мен капита­лизмнің жас капитандары. Олар орыс тілінсіз өздерінің, қалды Қазақстан бола­шағын көз алдарына елестете ­алмайды. Номенклатура мен жас капиталистер бұл идеяны өз орындары мен ықпалдарын пайдаланып, кең де жарық кабинеттерде нықтап жатса, орыс баспасөзінде Нұрболат Масанов секілді нигилист мырзалар ­жанын салып, «біршімбайлық» танытуда. Бұл майданда, әрине, олардың сүйенгендері «капитандардың» қалың қалтасы. Сөйтіп, аз қолға жиналған қазақтың байлық-шайлығы оның өзіне қарсы қызмет етуде. Оған көз жеткізгіңіз келсе көп қиналмаңыз; Алматының Абай даңғылына шығыңыз. Саптағы солдаттардай сіресіп тұрған шетел, орыс тіліндегі қызыл-жасыл жарнамаларға көзіңіз сүрінеді. Қалталы «господиндердің» Абай аталарының 150 жылдық ­мерейтойына «тарту-таралғыларының» сықпыты осы. Оның орнына Абай ғақлияларын іліп тастаса, бір ашылса аңқалақтап қалатын қазақ бұлардан айналып кетпес пе еді. Яғни өзгеге құлдықты пір тұтқан жаңа ұрпақ өсіп үлгірді. Орыс тілді номенклатура, көзіне ұлт емес, доллар көрініп тұратын «капитандар» және шовинистер үшеуі бір майданға бірігіп, 10 облыстан тұратын Қазақстан Құрама Штаттарын құрғысы келеді. Амал не, тағдырдың тәлкегі осы: олар да, оның ішінде біз жазған да бармыз, бәріміз де «кеңес» атты казармада өскен жетім ұрпақпыз. Хем, Э.Хемингуэй шалдың сән де ащы сөзімен айтсақ, «жоғалған ұрпақ» (потерянное поколение).
Олар бізді орыс тілі, тіні, мәдениеті мен өнері арқылы ұшпаққа шығармақ. Өскен елдің өнегесі біз үшін тәлім екені рас. Одан қашып отырған жоқпыз. Бірақ бұл – ұлттың ішкі дамуы, өз ықтияры, дүмпуінің дегенімен біртіндеп, күндердің күнінде, замандардың заманында барып іске асатын шаруа. Орыс тіліне мемлекеттік мәртебені зорлықпен беріп, күшпен «екінші ана тілі» жасау арқылы ұлт тағдырын жойдасыз жолға салу онсыз да резервациядағы кедей қазақты ашындырады – бір; екіншіден, бұл әдіс – кешегі коммунистік системаның қайғылы эксперименттерінің тікелей заңды жалғасы. Мұндай «мессияның» зардабы бәрімізге белгілі…
Ғылым, ілім, әдебиет, өнер, басқару-жасқару құрылымдарында бірде-бір номенклатурашы: «Мынау қызмет менің тақияма тар еді» деп еркімен тағынан түскен емес. Тек «атып» құлатқаннан кейін ғана жаман мысықтай баж ете қалады. Өте жаман симптом! Асылы, капитализмнің аяуды білмейтін өткір жарығы біз осы кімбіз, оны да ақыры барынша өлтіре көрсетті.
Қай қоғамның болсын, түптеп ­келгенде, тағдырын адам, қоғам мүшесінің сапасы шешкен. Екінші дүниежүзілік соғыстан өлімші болып, әрең шыққан Жапония астық, мал, пайдалы қазбадан ада болса да қазір әлем алдына шығып отыр. Неге? Олар ең алдымен сонау феодалдық заманнан жапондықтардың бойына сіңіп үлгірген синтолық ілімдей тәңіріне, еңбекқорлық, камикадзелік жанкештілік пен самурайлық тәртіптілігіне сүйенді, сол қасиеттерді өшір­меді, қайта пілтелей түсті. Оған қоғам­дық негіз жасап, ұлттық валютаға айналдыра білді…
Қазақ тілді зиялыларымыздың да оңып тұрғаны шамалы. Орыс тілді қандастарды қатарға шақырып, тізе қосып қимылдауға да болар еді, егер оған біз жарасақ… Тіпті сол «жарау»-ға арамызда құлық жоқ па деймін. Өйткені әлгі бес қаруы сай өзге тілді қандастарымыздың қасында одағайлығымыз бен ожарлығымыз, ашқарақтығымыз бірден білініп ­жатыр. Ұлттың қан сорпа тұсында алдыға сол пысықайлар секіріп шықты, «ана батырға ескерткіш, мына биге мазар орнатамыз» деп, аты-жөні белгісіз біреулер халықты алдап, әртүрлі қор құрып, майрағай да тайрағай өмір кешуде. Аз шын зиялы тағы да кеш қалды. Барар Балқан тауымыз қай жерде, оны білмесе де, ұлт тізгінін қолынан өлсе де шығарғысы жоқ. Өйткені ол өмір бойғы – ішіп-жемі.
Санға жүгінсек, ырғынбыз. Сапа жағын қойдық. Социология зиялылық үшінші ұрпақтан басталады дейді. Қайнар бұлағы тұнық, тәлім-тәрбиесі түзу болса… Біз болсақ, қанында ханзадалық пен бектік бар Мұхтар, Қаныш, Әлкей сынды біраз тұлғалардан асқаны – төңкеріске дейін оқыған-тоқығанымызды тып-типыл қырып салған бейбақпыз. А.Д.Лихачев, Л.Н.Гумилев жоқ бізде. Қалғанымыз – құл-құтанның ­балалары. Кеңестің көрінбейтін түрмесінде өскен көргенсіз, жарымаған ұрпақпыз. Біздің ­арамызда Патша лицейінде өскен дворян ­Пушкин де, князь Чаадаев та, ақсүйек Тургеневтің баламалары жоқ. Немесе кітапханаларынан Маркс, Энгельстің толық шығармаларын алып оқуға болатын патшалық Соғыс ­академиясынан білім алған сері де ізгі офицерлер қауымы маңдайға жазылмапты. Пәлсафшыларымыз шетінен коммунизмді кезінде «тыныш жатқан ұйқысынан түртіп оятып жіберген» гегель, қантшылдар. Әдебиетте күні кешеге дейін бай, ­феодал Едігемен алыстық. Ілкі сәт ояна бастағанымыз – осы соңғы қарын аша бастаған төрт-бес жылдың жүзі ғана. Бұл Андрей Платоновтың терең шұңқырынан («Котлован»-ды оқыңыз – авт.) тырмысып шыға бастағандар тек нақты ғылымның (точная наука) өкілдері ғана. Ал әлгі кеңес тұсында өсіп-өрбіген ­гуманитаторларымыз өздері ғана ол қырсық шұңқырда отырып қалса бір сәрі, қолма-қол инкубатор жасап, дәл өздеріңдей мыңдаған түк білместерді дайындап үлгірді. «Бахтин кім?» десең, быттиған мұрнын басып көрсететін дәлдүріштер «егемен ел болып», Жоғарғы аттестация комиссиясының тізгіні өз қолымызға тигесін құмырсқадай қаптады. Түп-түгел ғалым болып кете жаздадық. Қазір Ұлттық Академияға кірсеңіз, амандасуға аспирант таба алмай (бәрі де қорғап кеткен! – авт.) тек кандидат, докторлардың мәлике жүзін көріп, мүбәрек қолын аласыз. Кеше хатшы-машинкеші еді, бүгін – кандидат! Ертең – мүйізі қарағайдай доктор! Бөрінің ­бастауында әйгілі «блат», тамыр-таныстық тұр. Жоғары Білім министрлігі көрші елдер әлдеқашан меңгерген тест әдісін биыл кіргізіп еді, қазекем оны да айналып өтудің жолын тауыпты. Тестің сұрақтары биыл кейбір абитуриенттердің қолынан емтиханнан бұрын табылып жүрді… Әдеби зерттеуде баяғы Мұхтар Мағауин ағамыздай жаңалық ашқан ғалымның атын соңғы ­кезде естісек құлағымыз керең болсын. Әдеби көкжиегімізден жаңа Мұқағали, Бердібек, Төлеген, Оралхан, Сағат, Асқарлар жоғалды. Баспасөзде бүгінгі күннің суретін салудың орнына, қайдағы бір емші, әулие, бақсы, құшынаштардың ұпайын түгендеп, орыс журналистерінің мазағына қалып жүрміз. Ал той-томалақ десе, елдің алдымен ентігіп жетеміз, ертеңінде ішкен-жегенімізді ертегі ғып жазамыз. Халық болса, аштықтың алдында. Қысқасы, рухани дүниеміз теңге сықылды жаппай ин­фляцияға ұшырады. Егер ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаға айналмаса… Тәуелсіздігімізді де сата бастаған сияқ­тымыз. Басы бүтінімен сатып жібермесек…
Жалпы диссертациялар қорғаудың фордтық конвейеріне жаңа көзқараспен қарайтын уақыт әлдеқашан жетті. Қазір ғой кейбіріміз: «Тәркілеу жылдарының Бейімбет Майлин шығармаларындағы бейнеленуі» деген сияқты «мәңгі өлмес» тақырыпта диссертация қорғап жібереміз де, күні ертең университетке барып, әдебиет тарихының кез кезген буынынан сыпыртып лекция оқимыз. Біздей «білімділерге» Орхон-Енесай жазбалары, кеңес әдебиеті ме, бәрібір, «алып та, шалып та жығамыз». Қысқасы, ботқа! Ондай ботқа ұстаздар ботқа шәкірттерді тәрбиелеп жатыр. Бұл көп ботқа жиналып, күні ертең ботқа корреспондент-мүшені, академикті сайлай салады. Өйткені бұрынғы одақтық қырағы бақылау, тексеру жоқ. Өзіміз би, өзіміз қожа болған соң, баяғы кинорежиссер, марқұм Сұлтан Қожықовтың «Қыз Жібекті» түсіріп жүріп, қашай салған кино таңбалы тасынан «әлемдік жаңалық ашып», масқара болған кезіміздей, кейбір кездерде ауадан академик жасап жүрміз…
Ең жаманы – сақалды көрінген жерде сапситып, саудаға салатын болдық. Өлер алдында жиырмаға жуық ақын-жазушыға батасын беріп кеткен ұлы Мұқаңның қадірлі сақалы ұмыт. Біздің кейінгі қазақы сақал – кеңес заманыңда өскен, кеңес қайшысымен күзеліп, түзелген сақалдар. Колбиннің тұсында қырық түрленіп, құлпырған олардың біразы бүгінде: «Өкшемізді басып, жас толқын келе жатыр-ау, олардың халі мына аумалы-төкпелі заманда не болады-ау?» дегенді естен шығарған, ойлағандары – алып қалу, қарпып қалу. Әдебиетке алты жасар талант келсе, баяғыдай алпыс жасына қарамастан орнынан тұрып, сәлем беру қайда, қазір: «Ой, міне біреу рұқсатсыз қайдан кіріп келді? Кәпірдің түрінің жаманын-ай!» деп, қарадай үркіп, көпе-көрінеу жасқаймыз. Қасымыздағы өз бала, інімізден қас іздеп тұрамыз. Оларға салсаң, қолға құман алып, иыққа сүлгі іліп, өмір бақи қызмет етіп тұруға тиістісің. Яғни феодализм, кеңестік құлдықтың жалғасы. Қазақтың ақсақалы – оның зиялысы еді. Талантқа тар, халтурщикке кеңбіз. Жалпы бір ұйықтасақ Алпамыстай қатты кететін халық екенбіз. Кеңестік летаргия әбден меңдеп ­алыпты. «Ұлт» деген кішкене ғана күркешік ­жасап алып, соның ішінде «сәби болғым келеді, сәби болғым» деп, әндетіп қойып, бесіктен беліміз шықпай жата бергіміз бар. Қарттарымызда қадір, жастарымызда жалын қалмай барады. «Әлем әдебиетінен асып бара жатырмыз, тоқтай тұрамыз ба, осы қалай?» деген анау жылғы есепсіз бөспелігіміз әншейін балалық екен. Оған дәлел – «Қайта-қайта қырылған қайран елім, қазағым!» деп зарлағанда әлемнің құлағын тұндырамыз, ал сол ­туралы «үстелге жазылған» бірде-бір шығарма қазақ әдебиетінен табылмады (аға ұрпақты айтып отырмыз – авт.). Қазір құлшына-құлшына жазатын үйреншікті кеңестік «жетістіктер мен табыстар» жоқ. Тарих таусылуға таяу, архив қазуға құйрық үшкір. Кемшілікті қаза жазуға жалған намыс жібермейді, оны көретін көкірек көзіміз әзірге соқыр, шеберлігіміз ­шамалы. Жаңа өскінді мына жынды базар табанының астына топырлатып салып, көз алдымызда аяусыз таптап жатыр. Жазушылар одағы күн көрісімен мұң. Қазандық басында шаң-шұң ұрыс шығарып, қатынбасша атанып, бала-шаға алдында ұятқа қалдық.
Халықтың қалтасына түсіп, алдыға келгенді арпадай асау «ұлттық» қасиетке айналды. Ішінара қанынан, туысынан жаралған зиялыларды тасқын судай коррупция, надандық шайып барады. Орта буын да бұл сырқатқа ұшырай бастаған. Басы мыжылып қалған біздің тұстастар арыстандай ақырып, атандай шақыра алатын емес. Тоқырау заманы өтіп кетті деп жүрсек, рухани тоқырау енді-енді басталған секілді. Джек Лондонның «Өмірге құштарлық» әңгімесіндегі кейіпкердей: «Қарнымыз қайтадан ашып қалмай ма?» ­дегенде үш буынның да қорқынышы сұмдық. Мұның бәрі елдің, ұлттың болашағына күмәнмен қараудан туындап жатыр. Яғни елсүйермендік сезім аз деген сөз.
Қазақ зиялысына бас-көз бола ма ­деген қаламгерлер өстіп жерге қарап отыр. ­Шынымен әлгі «екінші сорт» деген деңгейге жылжып барамыз.
Өзгелер тапа-талтүстегі аталмыш талайсыздықтарымызды көрмей отырған жоқ, себебі біз 360°-тан бірдей байқалатын бас ұлтпыз.
Қысқасы, егемеңдік жылдары біздің рухани дүниеміздің қараша қос күйі желдің өті, жолдың шетінде тәлтіректеп тұрғанымызды мөр соққандай дәлелдеп берді. Қара дүрсін қазақтықтан сәл көтеріліп, өз-өзімізге әлем мәдениеті мен өркениеті биігінен баға беру біздің сор маңдайға жазыла ма, жоқ па?
Тоқ етері: бүгінгі қазақ зиялысы, тұтастай алғанда, қай зиялы десек, бірен-саранын есепке алмасақ, алтыбақан алауыз кеңестік зиялы, мутант, дүрегей, қомағай «зиялы». Көбіміз Абайдың емес, оның ашығын айтқандарының төңірегінен табылып жүрген феодалдық-кеңестік, мырқымбай зиялымыз.
Есімізден екі елі шығармайық, бас-басымызға би болып, бөліп алуымызға казақ аздық етеді. Бүйте берсек мына апан дүниеге тастай батып, судай сіңеміз. Тәжікстан сондай оппада. Өткен ғасырда аюдай ақырған Ресейге 25 жыл бойы қарсы тұрып, ауызбірлігімен әлемді таңғалдырған чечендер де соған тақау. Егер бірлік ежелгі түрктік туысқандық қасиеттерімізді қайта тірілтпесек, күніміз қараң. «Бөлінгенді бөрі жейді» деп халық мұндай мисыздыққа бая­ғыда-ақ қысқа, қатал бағасын нақ ­берген.
Сонымен, әпкем ешкі, жездем теке ме? Негізінен, зиялы – қазақ топырағынан бастап, әлем мәдениетін толық меңгерген, өз ұлтына жөн сілтейтін, асып жатса, өзге ұлыс­тарға да үлгі болатын, қара халық пен болашақтағы аристократияны жалғас­тырушы алтын көпір тұлға. Орыс тілді­міздің басқа жарағы сай болса да, өз ұлтын білмейді. Қазақ тілдіміз өзін білсе де, өзгеден хабары аз. Екеуі де жарым жанды, жарты санды, жартыкеш. Екеуінің де қарны аш. Сондықтан қомағай. «Біз бармыз!» деп өзімізді-өзіміз алдамайық. Бар секілдіміз… «Секілді»-лерден тәлім-тәрбие алған қазақ баласы қазір көшеде сауда жасап, реті келсе кісі тонап жүр. ­Келешек – күңгірт. Қазанның қақпағындай диплом мен интеллектілікті шатыстырып алдық. Ұлтқа бас болу үшін алдымен өзіне қарау керек. Тығырықтан шығатын жол бар ма? Бұл екі сырқаттан аман, жаңа қазақ ­зиялысын әзірлейтін мемлекеттік бағдарлама керек. Әзірше оған мұрша жоқ – қалта таяз. Егер қой емес, ой бақсақ, болашақта нигилис­тер мен феодал-кеңестік төл ­зиялылар «тақтан таяды» да, оның ­орнында бұл «ғасыр шайқасынан» аман қалған ат төбеліндей аз интел­лигент қалады. Жалғыз да қалмайды, оларға бұл күнде Президент стипен­диясына, өз есебінен оқып жатқан тым орыстық, тым қазақылықтан дені сау жастар үсті-үстіне қосылады. Сөйтіп, екі топтың озығы мен шетелдіктерден жаңа үштік одақ – ­сапалы қазақ зиялысы қалыптасады. Оған дейін ұлт «сабыр түбі – сары алтын» деп, жылай-жылай тоса тұра ма деймін – бұдан зорғысына да шыдаған.
Ол көркем заманға дейін «піс, ­аузыма түс!» деп, қарап отырамыз ба? Әрине, ­алдымен барлық буында жариялылық керек. Докторлық тек аса ірі, жаңалық ашқандарға ғана берілуі қажет. Мүше-корреспондент, академик дегенде ұлт ­танып, тік тұрып мойындағандарды ақ шар, қара шар салып емес, ашық түрде бүкіл халықтың алдында үкілегеніміз жөн. Жұрт жылы қабылдаған зерттеу, сын кітаптарға диссертациясыз-ақ ғылыми атақ беріп, талантты қаламгерлерді университеттерге жаппай ұстаздыққа тарту қажет. Өз-өздерін таныта жатса, доцент, профессорлықты неге аяймыз, әкемізден қалған атақ емес.
Бүгінгі 600 жазушының соңғы бір «0»-ін алып тастаса, түгі кетпейді. Қазаққа осы әзірге жетеді. Қайта сапасы жақсарып, сұлулана түседі. Ол 60 кім? Оны үш жүздің ең тәуір-тәуір қаламгерлері бас қосқан үлкен кеңес шешеді. Одақтан тек Әдеби қорды қалдырып, оған «пара» десе түсінен бақырып оянатын өте таза адамды, келесі күні ұрлық жасамасын десек, жалақысын көтере-көтере қою керек. Одақтың үйін тұтас, Шығармашылық үйді жарым-жартылай жалға беріп, әлгі алғыр 60 «Алпамысқа» күн көрістік стипендия төлеген жоқ. Анау батыр, мынау би атындағы қорлар жас ғалым, әдебиетшілерге бір-бірден стипен­дия белгілесе, кәне! Жең ұшынан жал­ғасқан тамыр-таныстық түрде емес, бас­пасөз бетінде атын атап, түсін түстеп тұрып…
Зиялылар партиясын (ол Түркийада бар – авт.), одан қашсақ, Кеңесін құрайық. Ұлттық Академия, Жазушылар Одағы, «Қазақ тілі» қоғамы аясында бола ма, бәрібір. Оған басшы бұрынғы кресло иесі емес, жігерлі, іскер жігіт, қызды сайлап жіберсек… Ол директивалық емес (шы­ғар­машылар әртүрлі «басшылық­тардан» өлесі болып шаршаған) ауық-ауық жиналып, ақылдасып-кеңесетін, бағыт белгілейтін жиын, клуб болса тіпті жақсы. Сыйлық, лауреаттық атақтар осылардың Бас жиылысында жылына бір рет реттеліп жатса… Мемлекеттік дәрежелерді де осы клуб шешсе… Оған Елағасы тек келіскендік райда қаржы жағынан қол қойса, өйткені қаншалықты ғұлама болса да Президент ғылым, әдебиет, өнерді олардың өздерінен жақсы біледі дегенге ешкім де сенбейді. Парламент, Үкіметке деген «тіленшіктеріміз» де осы клуб, партия атынан Президент, Премьер, Кеңес төрағасы кабинетінде айына бір рет айтылса. Қысқасы, оның девизі – қорқыту, үркіту, әкіреңдеу емес, қамқорлық, қамқорлық және қамқорлық!
Елуге келмей еңіреп, ақыл айту ­ұят-ты. Айтатын ақсақал болмаса, қайтейік.

Марат ҚАБАНБАЙ
«Ана тілі» №37 (233)
Қыркүйектің 15-і, 1994, Ит жылы

Ескерту:
Мақала ықшамдалып берілді

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.