«ҒАЖАЙЫП ТРАГЕДИЯСЫНДАҒЫ» ҺАКІМ БЕЙНЕСІ

      Халқымыздың ұлы ойшылы, кемеңгер ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында Президентіміз Қ.Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарық көрді.  Мақалада: «Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды», – деп ақынның  ұлт жадына сіңіріп кеткен ойлары мен өсиетін келешек ұрпақтың өсіп-өркендеуіне, рухани кемелденуіне бағыт беретінін жан-жақты талдап берген болатын. Біртуар  ақынның мерейтойын лайықты атап өту үшін ел аумағында және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Мемлекет басшысы тарапынан болған үлкен бастамаға республикамыздағы театр ұжымдары да белсене араласып, Абай туралы спектакльдер қоя бастады. Осының жанды айғағындай Семей қаласының «Дариға-ай» жастар театрында М.Әуезовтың «Абай» пьесасының желісі бойынша қойылған  «Ғажайып трагедиясы» спектаклінің  премьерасы өткен еді.       

Режиссер Гауһар Адай аталған трагедияның Айдар мен Ажар тағдырына қатысты тұсын алып, оған ақынның «Ғылым таппай мақтанба!», «Балалық өлді білдің бе?», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым!», «Махаббатсыз дүние бос» өлеңдері мен қара сөздерін (1,3,4,7,8,24,41) қосып, сахналық жүйе жасаған. Режиссердің жеке дара көркемдік ойынан туған бұл спектакльде мазмұн мен форманың үндестігі өзара үйлесім тапқан. Нақтылап айтқанда, спектакльде «Абай» трагедиясындағы Айдар мен Ажар махаббатына қатысты ушығатын үлкен дау ақынды өмір бойы мазалаған басқа да әлеуметтік мәселелерге ұштасады. Өзінің режиссерлік мақсатын дәл анықтап алған Г.Адай авансценада (үстел басында) қолына қауырсын қалам ұстап білім мен ғылымның терең мұхитына сүңгіген Абайды алдыңғы кезекке шығарып даралап көрсеткен. Режиссердің сахна кеңістігін парадоксалды қолдануы ұтымды шешілген. Бір мезетте екі басқа мағынадағы оқиғалар параллельді көрсетіліп отырады. Біріншісі, елдің қамын ойлап, ақыл-нақыл сөздер жазып отырған ақынның тыныс-тіршілігі; екіншісі оның ту сыртында қарағылық шырмауында маталған қара халықтың әрекеті қатар өрбиді. Осы арқылы режиссер Абай әлемі мен оның замандастарының келбетін контрастты бояумен әрлеп, адамгершілік пен қатыгездіктің тайталасын көрсетуге мән берген.
Спектакльде Абайдың даналығы мен парасаттылығын ол өмір сүрген қоғамның түсінбеуі «автор-режиссер-актер-көрермен» сұхбаттастығы жүйесімен берілді. Ақынның қолына қалам алып, ілім-біліммен айналысуына көптеген кедергілердің болуы, оның жанын шырқыратып, әртүрлі көңіл-күйге жетелеп отырады. Айталық, спектакль басында «Ғылым таппай мақтанба!» өлеңін жазып отырған Абай – Еркебұлан Нұғмановтың қасына оның Жаны – Г.Адай келеді. Лек-легімен түйдектелген өлең сөздерін қағаз бетіне мұқият түсіріп отырған ақынның ойын Айдар мен Ажардың жағдайы алаңдатып жібереді. Ол амалсыздан тасқындап келген шабытын тежеп, жанжал іздеген Жиренше мен Оразбай бастаған қатыгез топқа төрелік айтуға барады. Осылайша солармен алысуға көп өмірін кетіріп алған Абайдың оңаша қалған сәттерде Жаны– Г.Адай шарқ ұрып ғылымы мен мәдениеті озық басқа елдерге кетіп қалуға шақырады. Жаны армандаған әлемге қиялымен самғаған Абайдың өзге елдерге «саяхатын» режиссер бейнепроекциямен көрсеткен. Бірақ жанының қалауын тыңдамаған Абай – Е.Нұғыман халқын өзгелермен терезесі тең ел болуға шақырып, ұрпақтан-ұрпаққа жететін өнегелі асыл сөзін жазуға бар ғұмырын сарп етеді. Спектакльдің негізгі идеясы осы ойға бағындырылып, ақын өсиетінің мәңгілігі дәріптеледі.
Актер Е.Нұғыман Абайдың ақындық қырын ашу үшін біраз ізденістерге барған. Әсіресе, өлең жазу сәтіндегі шығармашылық толғанысын нанымды бере алды. Орындаушының сахналық әрекетінде асқан сабыр, басы артық қимылға бармайтын ұстамдылық басым. Дегенмен де, Абайдың өз жанымен сырласатын және көпшілік алдына барып қорғансыз екі жастың тағдырына араша түсетін сахналарда әділдік үшін арпалысқан күрескерге тән өршіл, өжет мінезін көрсету жағы кемшін соғып жатты. Біздіңше, алдағы уақытта «сегіз қырлы, бір сырлы» адамгершілік қырлары мол «мыңмен жалғыз алысқан» ғұлама Абайды кемел тұлға дәрежесіне көтеру үшін актер әлі де көп еңбектенуі керек.
Ал, Абайдың жанын ойнаған Г.Адай ақынның әр сөзінің астарына үңіліп, кейіпкерінің ішкі психологиялық толғаныстары мен сыртқы пластикалық әрекеттеріне сай келетін көңіл-күй таба білді. «Соқтықпалы соқпақсыз» өмір кешкен ақынның бұралаң драматизмге толы қиын сәттердегі қызуқандылығын, қуанышы мен күйінішін сыршылдықпен жеткізіп, Абай бейнесін толықтырып отырды.
Спектакльдегі Жиренше, Оразбай, Айдар, Керім Абаймен қарым-қатынасқа түскен кезде қалың топтың арасынан суырылып шығып, көптің арасына сіңіп кетіп отырады. Пендешіліктің құлына айналған қара халықтың бейнесін бастарын аппақ дәкемен орап алған актерлер сомдайды. Бұл арқылы режиссер ғұлама дананың сөздері елдің құлағына жетпегенін символды түрде көрсеткен. Әдемі актерлік ансамбльге құрылған көпшілік сахнасындағы орындаушылардың ойыны мықты динамикаға негізделіп, Абай ойларының терең ашылуына мұрындық болды. Халық ақын ұсынған даңғыл жолмен жүрмей, тіпті оның орыс пен шетел ғылымын насихаттағаны үшін келеке етіп, сынап-мінеп, сыртынан өсектеп күлкіге айналдырады. Оларды қамшымен үйіріп, айтқанын жасатып отырған билік өкілдері Жиренше – Абдрахман Алмас пен Оразбай – Рауан Бейсенұлының аузынан Абайға қарсы оқтай атылған әрбір сөз қара күшке толы қимыл-әрекетке ұласып, ерекше қуатпен ойналды.
Абайдың тәлім-тәрбиесін бойына сіңірген Керім – Әділжан Серікқалиев Айдардың ақындық дарынын көре алмай Оразбай жағына шығып кетеді. Осылайша жалғыз қалған Абай өз жанымен бірігіп қазақ жесірлерін қорғайтын заң жазып, қос ғашықты ақтап алады. Сөйтіп, спектакль соңында адам болып қалудың бес қасиетін жазып кетеді.
Спектакльдің кеңістіктік-уақыттық композициясында актерлердің өзара әрекеттестігі ерекше маңыз алатынын жадына тұтқан режиссер сөз бен қимыл-қозғалыс бірлігіне қол жеткізген. Абай өлеңдері мен қара сөздерінде айтылып кеткен халқымыздың бойындағы келеңсіздікті, надандықты, жалқаулықты актерлердің пластикасымен және музыкалық интермедиямен мағыналық мазмұн бере отырып ашқан. Данышпанның күрделі ойларының символдар мен метафоралар арқылы өрнектелуі де орындаушылардың жанды дауысымен (бүркіттің шаңқылы, қарғаның қарқылы, иттердің үруі, т.б.) жүзеге асырылған. Бұл тұста дыбыс қоюшы Серәлі Мұхаметсадықовтың еңбегін айрықша атап өткен орынды.
Спектакльдің музыкалық партитурасы көп дауыста хормен Абайдың «Желсіз түнде жарық-ай», «Сегіз аяқ», «Татьянаның хаты», «Көзімнің қарасы» тәрізді төл әндерімен бірге қазақ халық әні «Елім-айды» орындаудан тұрады. Бұл әндерді актерлердің бірнеше дауыстарға бөліп сауатты айтуы олардың музыкалық орындаушылық мүмкіндіктерінің жоғары екенін көрсетті. Бұдан хормейстер Олжас Тезекбаевтың да жемісті жұмысын көруге болады.
Режиссер мен қоюшы суретші Гульдана Журкабаева кейіпкерлердің киім үлгісін белгілі бір дәуір аясымен шектемеген. Абайдың үстіндегі ақ шапан мен басына киген ақ тақияның өзінде ешқандай ою-өрнек жоқ. Күнделікті өмірде киіп жүретін қарапайым киім. Ал, басқа қатысушы кейіпкерлердің барлығы да (ерлер мен әйелдер) бірыңғай сұр матадан тігілген, ұзындығы тізеден түсетін түсетін киім киген. Бұл орындаушылардың дамылсыз қимыл-әрекет жасауына өте ыңғалы. Дегенмен де, спектакльдің декорациясы плакаттық сипатта қалған. Трапеция пішініндегі баспалдақтарға әртүрлі тілде жазылған Абай өлеңдерінің спектакль соңында жарқырап жануы кемеңгер ақын мұрасының жалпыадамзаттық құндылыққа айналып, дүниежүзін шарлап кеткенін ұқтырады. Бірақ дәл осы спектакльге психологиялық драманың табиғатын тереңірек ашатындай бейнелі шешімді әлі де қарастыруға болар еді.
Ойымызды жинақтап айтқанда, театр ұжымының Абай әлеміне өзіндік көзқараспен келіп, бүгінгі жаңа театрлық тілмен спектакль қоюға деген талпынысын көрермендер жылы қабылдады. Ал, спектакльді сахнаға шығарған Г.Адай кесек тұлғалы, көп қырлы кейіпкерлер мінезін ашуға заман тынысына сай режиссерлік ой-тұжырыммен келе алатын ізденгіштігін таныта алды. Алдағы уақытта аталған спектакльдің театр репертуарына тұрақтап, табыспен жүретін спектакльдер қатарынан орын алатына сенім білдіреміз.

Бақыт НҰРПЕЙІС,
өнертану докторы,
Т.Қ.Жүргенов атындағы
Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.