ҚОС ШЫНАР

ХХ ғасырдың 80 жылдары қазақтың қара баласы бүгінгідей АҚШ-ты армандамайтын. Арманның ұлысы ару қала Алматыға жетіп, Қазақ руханиятының ордасы Қазақ ұлттық университетінде оқу еді. Бізде ауылдан үлкен арманмен аттанғанмен, бірнеше қайтара жолымыз болмай әскерге кеттік. Әскерден келіп 1984 жылдың күзінде дайындық курсына тұяқ іліктірдік. Дайындық курсына мектеп бітіріп, бір-екі жыл ауылда еңбек етіп, буыны қатқан қыздар мен бірнеше жылдық еңбек өтілі бар тіс қаққан жігіттер жиналып қалыппыз. Кеудесі арманға толы, партаға отыруды ұмыта бастаған арындаған жігіттерді сабаққа ұйытқан, анамыздай тәрбиелеген қазақтың дана қызы Алма апай еді (Алма Қыраубаева). Келесі жылы маңдайымыз жарқырап бәріміз оқуға түсіп, біріміз филфактің, біріміз журфактың студенті болып шыға келдік. «Қазақ тілі мен әдебиеті, араб тілі» бөлімінде оқығандықтан ба қазақ филологиясының корифейлері Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішевтердің дәрісін тыңдауға бірден қолымыз жете қоймады. Керісінше, алғашқы курстарда сол мықтылардың жолын қуған шығыстанушы Әбсаттар Дербісәлиев, сырбаз Жанғара Дәдебаев, талап қойғыш Зинол-Ғабден Бисенғали сияқты білгір жігіт ағаларының дәрісін тыңдадық. Білмейтініміз көп екенін осындай мықты ұстаздардың алдында отырып ұқтық. Біліктілігінен енші алып өстік.
Марқұм профессор Серікқали Шарабасов әдеби мәжілістерде «Мен білетін Зинолдардың бәрі мықты» деп мәз болып отыратын. Оларыңыз кім тағы деп өтірік білмегенсиміз. Сәкең саусағымен санамалап көрсететін: «Біріншісі – ұлы Зинол – Зейнолла Қабдолов, екіншісі – дара Зинол – Зейнолла Серікқалиев, үшіншісі – өзіміздің Зинол – Зинол-Ғабден Бисенғали.
Бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері – Ш.Айтматов атындағы халықаралық академияның академигі, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор, өзіміздің Зинол-Ғабден Бисенғали. Серікали ағайдың өзіміз дейтіні ол – жан досы. Біздің де өзіміздің деп айтуға құғымыз бар сияқты. Өйткені ағай қадірлі ұстазымыз, ғылым жолындағы жақсы ағамыз. Ағайдың өзі еңбекқор, өзіне де, өзге де талап қойғыш. Еш уақытта студентке артық баға қоймайтын. Ұстазымыздан қандай баға алсақ та ренжімейтін едік. Әділ бағаға кім не десін. Бірақ шәкірттерінің білгеніне, бір нәрсе игергеніне шын қуанатын. Әсіресе ағайға курстық жұмыс тапсыру қиынның қиыны болатын. Студенттер өз қолдарымен ақ қағазға жазып келген жұмыстарын (әрине, біреудің жазуы тәуір болса, біреуінің жазуы нашар) ерінбей түзеп, күзеп, қызыл сиямен жазып, сызып қайтарып беретін. Ұстаздың ақылын тыңдап болып, ұлттық кітапханаға қайта жол тартамыз. Мұның өзі үлкен мектеп, ғылымға баулу екенін кейін түсіндік.
Ал Зинол-Ғабден ағайдың ұстазы – қазақ әдебиеті ғылымының еңбек торысы, асықпай жүріп үлкен істер тындырған – Бейсенбай Кенжебаев екен. Ғұлама профессор жұрт мұрнының астынан аса алмай жүргенде қиырға көз тастады. Талабы тау қопаратын қыз, жігіттерді шәкірт етіп, баулып, томағасын сыпырып ғылымның басы ашылмаған күрделі қалың шұбарларына салды. М.Жолдасбеков көне түркі әдебиетін, М.Мағауин жыраулар поэзиясын, А. Қыраубаева Алтын Орда әдебиетін зерттеп, қазақ әдебиеті тарихының тың беттерін ашты. Зинол-Ғабден Қабиұлы Бейсенбай Кенжебаевтың жетекшілігімен Қазан төңкерісіне дейінгі «ХХ ғасырдың басындағы қазақ прозасының қалыптасуы» деген тақырыпқа түрен салды. Империялық тұжырым дәуірлеп тұрғанда мұндай күрделі тақырыпқа барып, зерттеу жүргізу оңай емес еді. Шешінген судан тайынбас дегендей, Зекең мұрағаттарды, қолжазбаларды ақтарып, «Айқап» сияқты журналдар жарияланған проза үлгілерін саралап зерттеп, көз майын тауысып, 1984 жылдары «қазақ прозасы ХХ ғасырдың басында-ақ үлкен көркемдік деңгейге көтерілді» деп тұжырымдаған кезінде сынаушылар да, күлгендер де, күңкілдегендер де көп болды. Тек сұңғыла ұстаз Бейсенбай Кенжебаев қана шәкіртін қолдап, қанаттандыра түсті. Қансонарда ізге түскен аңшыдай ізденгіш ғалым одан сайын ізерлей зерттеді. ХХ ғасырдағы қазақ прозасының тез өркендеуіне ықпал еткен негізгі факторларды атап көрсетті: Біріншіден, Қазақстандағы саяси-әлеуметтік жағдайлар мен экономикалық өзгерістер, екіншіден, баспа мен баспасөз өнерінің дамуы, үшіншіден, қазақ жұртының ел қатарлы мәдениетке, өнерге, білімге ұмтылуы, төртіншіден, кітап, газет ісімен айналысатын зиялы адамдар тобының пайда болуы. Сөз жоқ, осындай қоғамдық сілкіністер ХХ ғасыр басындағы қазақ прозасының дамуына игі әсер етті. Проза жанрлық тұрғыдан байыды, көркемдік тәсілдері ұшталды, кейіпкерді бейнелеудің ішкі иірімдері дамыды.
1997 жылы Зекең «ХХ ғасыр басындағы қазақ романы» тақырыбында докторлық диссертациясын табыспен қорғады. Әрине, кедергісіз болған жоқ. Тұлпардың дүлдүлдігін бір емес, бірнеше бәйгеден озып келгенде ғана мойындайтын біздің жұрт, ғалымның білгірлілігін, зерттеу еңбегінің құндылыған да мойындауға сараңдау. Бірақ уақыт төреші. Мықтыларға биікте орын көп. Дегенмен көп жылдар бойы М.Дулатов, Ж.Аймауытов, Ш.Құдайбердиевтердің шығармалары қамауда жатып, кеңес заманына дейін қазақта роман болған жоқ деп қатып қалған сеңді бұзу үшін мұз жарғыш кемедей болмасаң да, қатепті қара нардай болуың керек еді. Ғалым өз тұжырымдарын нақты деректермен дәлелдеп шықты. ХХ ғасырдың басындағы романдардың пайда болуының негізгі көздерін, арналарын ашып берді. «Қазақ жаңа романы өз құрылымы мен бейнелеу құралдарын ұштауда дәстүрлі әдебиетке, ауыз әдебиеті мен халық прозасына, романдық эпосқа сүйенді. Содан нәр алды». ХХ ғасыр басындағы қазақ романдарындағы ой еркіндігін, өзіндік өрнек-әдемілігін, ұлттық бояу-нақыштарын ерекше талдап, көрсете отырып, 1925 жылдардан кейін Кеңестік идеологияның қыспағына түсе бастағанын да ашық айтады. Қазақ романының қалыптасу жолына ұлттық деңгейде қарау керек екенін, оны роман жанры ерте қалыптасқан халықтар әдебиетімен бірдей салыстыра қараудың қажет еместігін баса көрсетеді. Ғалым терең зерттеулердің нәтижесінде «….қаншама қисық теориялар тезінен өтіп, ресми идеология тарапынан қытымырлық көрсе де қазақ романы өз тарихында талай тамаша туындыларды дүниеге әкелді» дей отырып, роман жанрының дамуына қоғамдық санадағы өзгерістердің ықпалын, шығармалардың бейнелеу ұстанымдарын, көркемдік тәсілдерін, қазақ қаламгерлерінің тақырыптық-идеялық ізденістерін, ХХ ғасыр басында елдік сананың оянуын, шығарманың әлеуметтік мазмұнын жан-жақты талдап, қазақ романының тұтас тарихын жасап, қазақ әдебиеттану ғылымына сүбелі үлес қосты. Әдебиет тарихына арналған монографиялары мен оқу құралдары қазақ, орыс, түрік тілдерінде жарияланды.
Зинол-Ғабден Қабиұлы әдебиетті зерттеп қана қоймайды оның болашағын ойлап, алдағы күндердің, тіпті жылдардың көкжиегіне көз жібереді. Ол: «ХХІ ғасыр басындағы әдебиет дегенде мұқият ойланатын бір мәселе – әдіснама. Бұрынғы маркстік, материалистік методологияны тастаған тәріздіміз, алайда заман талабына жауап беретін жаңасын таптық деп айта алар ма екенбіз? Ұлттық идеология мен эстетикалық, көркемдік ұстанымдар жаһандану жағадан алған заманда іргелі еңбектерде тіреу болардай іргетас бола ала ма…, мәселе осында» дейді. Міне, бұл ұлттың, ұлттық әдебиеттің алдында тұрған күрделі мәселе. Қолына қалам ұстаған жанның ойланбаса болмайтын басты проблемасы да – осы.
Зекең ардың ісі әдебиеттің қамын ойлап жүрегі ауыратын қазақ. «Менің ойымша, – дейді ол, – енді қазақ әдебиетінің болашақ тарландары, негізінен, ауылдардан шығады. Өйткені, қазіргі қала қазақтарының тілі –кәдімгі қатынас құралы ғана – жұтаң. Бұларда қазақ тілі дүниетаным «мен» деңгейіне жеткен жоқ. Бұған бірінші кінәлі ата-ана, екінші мемлекет». Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде қашан тұғырына қонады деген сұрақ бәрімізді мазалайтыны шындық. Ғ.Мүсірепов «Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде ұлт та ұлы бола алмайды» деген.
Зинол-Ғабден Қабиұлы қара шаңырақ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде көп жылдар бойы ұстаздық қызмет атқарып келеді. Оқу ісін ұйымдастыруға, кафедраның күнделікті күйіп жататын қара шаруасына, қандай да бір университет үшін атқарылатын іс болса білек сыбанып кірісіп кететін Зекеңнің еңбекқорлығы, қоғамшыл қайраткерлігі бір төбе. Ең сүйікті ісі шәкірт тәрбиелеу, көкірегінде көзі бар жанның санасына сәуле құйып, ғылымға баулу. Қазақстанның әр қиырынан, тіпті алыс-жақын түркі жұртынан келіп жататын шәкірттер, аспиранттар, докторанттар ағайдың төрінен, Жамал апайдың дастарханынан табылып жататынын көзімізбен көріп жүрміз. Зекең досқа адал, шәкіртке пейілі ақ, қарапайым, қонақжай қазақ. Талай қазақтың жақсылары мен жайсаңдары дүниеге келген Құрманғазы топырағында туып өсіп, арманға толы жүрекпен білім-ғылым қуған, сонау жылдары тұрмыс тауқыметін тартып, пәтерден пәтер ауыстырып жүрсе де ұрпақтарын ана тілде тәрбиелеп, рухани астанамыз Алматыны тастамаған, мақсат-мұратынан жаңылмаған ұлтжанды атпал азамат.
Ал әрбір мықты еркектің артында ақылды әйел тұратыны аян. Ағамыздың асыл жары, жүрегінің ақжамалы, балалардың анасы, ақ әжесі, қазақтың дана әйелдерінің бүгінгі жалғасы, филология ғылымының докторы, профессор Жамал Айтқалиқызы Манкеева. Сыңғырлап аққан Шыңғырлау өзенінің бойында дүниеге келіп, ғылым шыңына шыққан қазақтың дара қызы.
1967 жылы ауылдан арман қуып шыққан бойжеткен С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, үздік бітірді, аспирантураға қабылданып, ғылым жолын таңдады. Жамал Манкееваның бар саналы ғұмыры қазақ тіл білімінің қара шаңырағы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтымен тығыз байланысты. Осы ұжымға 1977 жылы жұмысқа келіп, академиктер І.Кеңесбаев, А.Қайдар, Р.Сыздық, Ш.Сарыбаев бастаған ұлы көштің соңына ерді. Бүгінде қазақ елі ғана емес, түркі әлемінде тарихи морфология, лексикология салалары бойынша жетекші ғалымдардың бірегейі.
Кеңестік тіл ғылымында тіл тек қарым-қатынас құралы ретінде қаралып, ұлттық дүниетанымдық қыры зерттеуден тыс қалған еді. Егер тіл шын мәнінде ұлттың жаны болса, тіл бойындағы көне тамырлы сөздерде тұтас ұлттың салт-дәстүрі, ой-жүйесі, дүниетану әлемі жатыр. Осы бағыттағы кешенді ғылымдар, атап айтсақ тіл тарихы, этнолингвистика лингвомәдениеттану, ономосиология, когнитивтік линвистика Ж.Айтқалиқызының атымен тығыз байланысты. «Жамал Манкеева алдымен теоретик ғалым. Әу бастан-ақ, оқу жылдарында қазіргі қазақ тілінде тамыры тереңге кететін сөздерге үңіліп, зерттеу жұмысын бастаған ғалым соңғы онжылдықтарда тіл білімінің жаңа бағыттарын игеріп, дүниежүзілік лингвистика ғылымының үлкен көшінде қазақ тілтанымының шаң жұтып, артта қалмағанын, қалмайтынын танытып отыр» деп академик Рабиға Сыздықованың берген бағасының маңызы зор.
Қазақ тіл білімі ХХ ғасырдың соңғы онжылдықтарында структуралистік бағыттан (тілдің құрылымын зерттеу) антропоөзектік (антропоцентристік) бағытқа ауысты. Бұл бағыттағы зерттеулердің күрделігі тіл арқылы адамның ішкі әлеміне үңілу еді. Лингивистикалық ізденістерді жалаң қарамай, философия, тарих, психология, логика, мәдениет, этнография салаларымен тығыз сабақтастықта қарастыру қажет. Ж.Манкееваның 2008 жылы жарық көрген «Қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың танымдық негіздері» атты монографиясы осы антропоөзектік бағыттағы терең зерттеу болды. Ғалым қазақ халқының ұлттық және материалдық мәдениетін бойына сақтаған этномәдени тілдік бірліктерді жинап, зерделеу арқылы ұлттың ішкі әлемін, рухын, дүниетанымын теориялық тұрғыдан танытты. «Әрбір тіл өз өзгешелігімен «әлем бейнесін» өзгеше қалыптастырады» деген антропоөзектік бағытқа сай қазақ дүниесін, қазақ әлемін, қазақ санасын, қазақ тұрмысын, қазақ танымын қазақ тілі деректері арқылы дәлелдеді. Бес бөлімнен тұратын күрделі зерттеу ұлт мәдениетінің алтын қорына қосылған маңызы зор дүние.

Мұрат Бөкенбайұлы,
филология ғылымының докторы, профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Нуржан

    Оте тамаша жазылган макала. Казирги жакандану заманында осындай маселелерди коп жазып калын журтка жеткизу маселенин масилеси.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.